Есімдіктер
Тәуелдік жалғауының түбірге кірігуі арқылы пайда болған сөздерді есімдіктер тобынан да кездестіре аламыз. Бұл топқа, негізінен, есімдіктерден тәуелдік жалғауы арқылы пайда болған есімдік сөздер жатады. Олар:
а) Сұрау есімдіктері: қайсы, қайсысы, несі.
ә) Сілтеу есімдіктері: бұнысы, мұнысы, мынасы, онысы, осы, сонысы.
б) Белгісіздік есімдіктері: бірі, бір-бірі.
в) Жалпылау есімдіктері: бәрі, бәрісі, бәрі-бәрі, бәр-бәрісі.
Көрсетілген есімдіктер қатарына А.Ибатов барлығы, баршасы түріндегі есімдіктерді де атап, оларға былайша сипаттама береді:
"Барлығы деген есімдік барлық және -ы тұлғаларынан құралған. Мұндағы -ы III жақ тәуелдік жалғауы да, қ дыбысы ы дыбысының әсерінен ғ болып айтылып тұр. Баршасы деген есімдік барша және -сы III жақ тәуелдік жалғауынан құралған" [16, 53].
г) Өздік есімдігі: өзі, өз-өзі
Бұл есімдіктердің басқа сөз таптарынан бірінші ерекшелігі – барлығы да есімдік түбірлерге тәуелдік жалғауының кірігуі арқылы пайда болған. Яғни, есімдік негізді сөз жаңа мағына алса да, сол сөз табының құрамында қалып қойған. Мысалы; бәрі, қайсы, несі, бұнысы есімдіктерін алар болсақ, бастапқы түбірлері: бар, қай, не, бұл — бәрі де есімдіктер. Туып отырған жаңа мағына да есімдікке қатысты. Бұдан тәуелдік жалғауы есімдіктен есімдік жасауда өнімді қызмет атқаратындығын көруге болады.
Екінші ерекшелігі– бұл топтан тәуелдік жалғауының түбірге қабаттаса кірігу әрекеті арқылы қалыптасқан сөздерді (көб+і+сі, қай+сы+сы, бәр+і+сі) кездестіре аламыз. Басқа сөз таптарына бұл өзгеріс тән емес.
Осы — нақтылықты, дәлдікті білдіретін сілтеу есімдігі. Жасалу жолы: түбірі - "ол", "-сы " тәуелдік жалғауының III жақ көрсеткіші. Тәуелдік жалғауы жалғану кезінде бастапқы түбірдің құрамындағы л дыбысы түсіп қалған, сәйкесінше, тілде осы тұлғасында жиі қолданылуына байланысты тәуелдік жалғау көрсеткіші келе-келе түбірмен бірігіп кеткен. Демек осы тәсілдің негізінде бастапқы түбір - "ол" жіктеу есімдігінен бүгінде де сілтеу мәнді білдіретін сілтеу мәнді есімдік пайда болған. Сөздікте біртұтас сөз ретінде түсініктемесімен беріліп, тілімізде де осы тұлғасында жиі қолданылады.
Несі - сұрау мәнді есімдік. Біртұтас сөз ретінде орфографиялық сөздіктерде берілген. Бастапқы түбір - "не" сұрау есімдігі, ал "-сі" тәуелдік жалғауының III жақ көрсеткіші. Көбіне сұрау мәнді сөйлемдердің құрамында келеді. Несі есімдігі сұраулы сөйлемдердің жасалуына негіз болып тұр, бастапқы түбір "не" мен қазіргі "несі" есімдіктерінің арасындағы мағыналық байланыс жойылмаған, айырмашылық – соңғысы (несі) тәуелдік жалғауының жартылай кірігуінің негізінде сол сұрау мәнін нақтылай түседі. Осы сұрау есімдігінің тілдегі нақ осы тәсіл арқылы, яғни тәуелдік жалғауының түбірге жартылай кірігу әрекетінен пайда болған зат есімдерге ғана қойылатындығы да назар аударар жайт.
"Өздік есімдіктері — өте ерте кезде пайда болған сөздер. Оған негізінде бір ғана өз сөзінен тараған өзім, өзің, өзі сияқты тәуелдік жалғаулы сөздер жатады. Бұл сөздердің тәуелдік жалғаулары олардың бөлінбес бір тұлғасына айналып кеткен, сондықтан әрқашан тәуелдік жалғауларын құрамына ала қолданылады. Өзім, өзің, өзі есімдіктерінің өз-ім, өз-ің, өз-і болып бөлшектелуі және олардың соңғы -ім, -ің, -і бөліктері тәуелдік жалғаулары екендігі – қазір ешқандай күмән келтірмейтін мәселе",- деп ғалым А,Ибатов айтқандай [16, 48], өздік есімдіктері тілімізден тек тәуелдік жалғау тұлғасында ғана кездеседі. Бұл — тәуелдік жалғаудың тілде өздік есімдіктерін қалыптастырудағы негізгі рөлін айқындап береді. Біз өздік есімдігінің тәуелдік жалғауының III жақ тұлғасында келген түрін ғана жалпы тізімде көрсеттік.
Тілде тәуелдік жалғаулары арқылы ғана қолданысқа түсетін өздік есімдіктеріне тән негізгі қасиеттерді Б. Кәтембаева " Өз" есімдігінің өзіндік ерекшеліктері туралы" атты мақаласында ашуға ұмтылған. Автор өз есімдігінің меншіктілік мағынаны білдіру жолдарына, нөлдік формада келу жағдайына және өз есімдігінің тәуелденуіндегі негізгі ерекшеліктеріне тоқталып өтеді. Әрине, мақалада жалғаудың кірігу әрекеті туралы сөз болмайды. Бірақ өздік есімдігінің тілде тек тәуелдік жалғауымен бірігіп қана келуі – оның түбіріне аталған жалғаудың кірігіп келе жатқандығын көрсетеді. Осыны негізге ала отырып, біз өздік есімдігінің түбіріне тәуелдік жалғауы жартылай түрде кіріккен деп айта аламыз. Мысалы: Өзі жоқта қарт әжесі де дүние сапты. Ойлап қараса, өзі де осы даланың шерлеп өскен бір өсімдігі сияқты (Ә.Нүрпейісов).
Үстеу
Тәуелдік жалғауының кірігу әрекеті арқылы қалыптасқан сөздерді үстеу тобынан да кездестіре аламыз. Олар: ақыры, әуелі, ғұмыры, өмірі, жазы-күзі, жазы-қысы, күндіз-түні, күні-түні, қысы-жазы. Аталған сөздердің барлығы да мезгіл үстеулерге жатады.
Қазақ тілінде осы тәсіл арқылы үстеулер тобы толығып отыратындығы туралы қазақ ғалымы М.Томанов айтып өтсе, түркітанушылардан А. М. Щербак, Э. Н. Севортян, Т.Г.Агаева, САслилдинов, А.Г.Гулиевтер еңбектерінде тоқталып кетеді.
Достарыңызбен бөлісу: |