Клиникалық көрінісі: жергілікті өте тығыз, ауыратын инфильтрат пайда болады. Оның үстіндегі тері жамылғысы қатайған, сызаттанған, қою-көк түсті. Инфильтраттың бетінде бірнеше іріңді-өліеттенген пустулалар дамиды, олар бір- біріне жалғасып, терінің өліеттенуіне себепші болады. Содан кейін терісі жұқарып, іріңді-өліеттенген өзектермен қапталады да, тесіктер пайда болады, олардан қоймалжың ірің ағады. Бұны «елгезер» белгісі деп атайды.
Жалпы белгілер: қатты ауыру сезімі; дене қызуының жоғарылауы; қалтырау; әлсіздік; шаршағыштық; бастың ауыруы; тәбеттің төмендеуі; ауыздың құрғауы; тахикардия - бұлар іріңді интоксикацияның белгілері болып табылады. Карбункулды сібір ойық-жаралы карбункулдан ажырата білу керек. Оған геморрагиялық сұйықтығы бар пустулалар және сұйықтықтың құрамында сібір ойық-жаралы таяқшалардың болуы тән, инфильтрат ауырмайды және іріңді бөліністер болмайды. Карбункулдың асқынулары сыздауықтың асқынуларына ұқсас болады, бірақ олар жиі кездеседі.
Емі: карбункулдың негізгі емі - хирургиялық әдіс болып табылады. Консервативті емдеу әдісін тек серозды инфильтратты кезеңде және ағымы жеңіл болғанда ғана жүргізеді. Антибиотиктерді парентеральді салу, инфильтраттың айналасына новокаинге сұйылтылған антибиотиктерді енгізу, физиотерапия тағайындалады. 2-3 күннің ішінде жүргізілген ем тиімсіз болса, операция орындалады. Карбункулды наркозбен крест тәрізді тілік жасап, шандырға дейін ашады да, өліеттенген тіндерді кесіп алады. Содан кейін, жергілікті протеолиттік ферменттер, антисептиктер, физиотерапия тағайындалады. Сонымен қатар, антибактериальді және дезинтоксикациялық ем, иммунотерапия, витаминотерапия жүргізіледі. Жара тазарып, грануляциялар пайда болғанда, жергілікті майлы таңғыштар қолданылады. Егер жараның көлемі үлкен және терең болса, қалпына келтіру операциялары орындалады.
Гидроаденит. Түсінік. Этиологиясымен патогенезі, клиникасы және емі.
Анықтамасы: Гидроаденит деп тер бездерінің жедел іріңді қабынуын айтамыз. Тершеңдік кезінде және гигиена ережесін сақтамағанда, инфекция апокринді бездердің өзектері арқылы еніп немесе лимфа жолдары арқылы түсіп, онда қабыну үрдісін тудыруы мүмкін.
Достарыңызбен бөлісу: |