3. Арызда жойылған істі қалпына келтіру туралы мәселе бойынша сотқа жүгіну мақсаты көрсетілмеген жағдайда сот арызды қозғалыссыз қалдырады және арыз берушінің оны жазуына қажетті мерзім береді.
Егер арыз беруші көрсеткен жүгіну мақсаты оның құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға байланысты болмаса, сот істі қалпына келтіру туралы іс қозғаудан бас тартады, не, егер ол іс қозғалған болса, оны дәлелді ұйғарыммен қарамай тастайды. Жойылған сот ісін жүргізу мәні бойынша қаралғанға дейін осы тарауда белгіленген тәртіппен қалпына келтіруге жатпайды. Талап қоюшы мұндай жағдайда жаңадан талап қоюға құқылы. Сот ісін жүргізудің жоғалтылуына байланысты жаңа талап қою бойынша іс қозғау туралы сот ұйғарымында осы мән-жайлар міндетті түрде көрсетілуге тиіс.
Істі қарау кезінде сот іс жүргізудің сақталған бөліктерін, іс жүргізу жоғалғанға дейін істен азаматтар мен ұйымдарға берілген құжаттарды, бұл құжаттардың көшірмелерін, іске қатысы бар басқа да материалдарды пайдаланады.
Іс жүргізу іс-әрекеттерін жасау кезінде қатысқан адамдардан, ал қажет болған жағдайларда - жоғалған іс бойынша істі қараған сот құрамына кірген адамдардан, сондай-ақ сот шешімін орындаған адамдардан соттың куә ретінде жауап алуына болады.
4. Іс жүргізуді қысқарту туралы соттың шешімі немесе ұйғарымы, егер олар іс бойынша шығарылса, міндетті түрде қалпына келтірілуге тиіс. Іс бойынша іс жүргізуді қысқарту туралы жойылған сот шешімін немесе ұйғарымын қалпына келтіру туралы сот шешімінде сотқа табыс етілген және жойылған іс бойынша процеске барлық қатысушылар қатысқан сот отырысында зерттелген қандай нақты деректер негізінде сот қалпына келтірілетін сот актісінің мазмұны анықталды деп есептейтіні көрсетіледі.
Жойылған іс жүргізуді қалпына келтіру туралы іс бойынша шешімнің дәлелдеме бөлігінде қандай дәлелдемелерді соттың зерттегені және жойылған іс бойынша қандай іс жүргізу іс-әрекеттері жасалғаны дәлелденгені туралы да сот қорытындысы көрсетіледі. Жойылған іс бойынша сот қаулысын дәлме-дәл қалпына келтіру үшін жиналған материалдар жеткіліксіз болған жағдайда сот ұйғарымымен іс жүргізуді қалпына келтіру туралы арызды қарауды тоқтатады және іске қатысушы адамдарға жалпы тәртіппен талап қою құқығын түсіндіреді.
Жойылған іс бойынша сот қаулысын қалпына келтіру туралы арызды қарау оның сақталу мерзімімен шектелмейді. Алайда орындау мерзімі біткен және сот қалпына келтірмейтін атқару парағын ұсыну үшін оны орындау мақсатында жойылған іс жүргізуді қалпына келтіру туралы арызбен жүгінген жағдайда сот арыз бойынша іс жүргізуді де қысқартады. Егер шешім орындалса, жойылған атқару ісі қалпына келтіріледі.
Сот шешімін орындау туралы акт орындау кезінде сот орындаушысы жасаған және актіде көрсеткен іс-әрекеттердің мәні көрсетіле отырып, сот шешімімен қалпына келтіріледі. Шешім орындалғанға дейін атқару ісі жойылып, атқару қағазының дубликаты берілуі мүмкін жағдайда, сот жойылған атқару ісін жүргізуді қалпына келтіру туралы іс қозғаудан дәлелді ұйғарыммен бас тартады. Жойылған істі қалпына келтіру туралы арыз бойынша сот қаулыларына заңда белгіленген тәртіппен шағым жасалады. Көрінеу жалған арыз берілген жағдайда жойылған іс жүргізуді қалпына келтіру туралы арыз бойынша іс қозғауға байланысты сот шығындары арыз берушіден өндіріліп алынады.
5. Азаматтық іс бойынша толық не бөлігінде жойылған, шешім шығару немесе қысқарту арқылы аяқталған сот ісін немесе атқару ісін жүргізуді қалпына келтіруді сот осы бөлімде белгіленген тәртіппен жүргізеді.
Жойылған сот ісін немесе атқару ісін жүргізуді қалпына келтіру туралы іс іске қатысушы адамдардың не прокурордың арызы бойынша қозғалады.
Сот ісін жүргізуді қалпына келтіру туралы арыз даудың мәні бойынша шешім не іс бойынша іс жүргізуді қысқарту туралы ұйғарым шығарған сотқа беріледі. Жойылған атқару ісін жүргізуді қалпына келтіру туралы арыз атқарылатынжеріндегісотқаберіледі.
Өзін өзі бақылаудың сұрақтары
-
Жойылған сот ісін немесе атқару ісін жүргізуді қалпына келтіру тралы арыз беруге құқығы бар тұлғалар.
-
Арыздың мазмұны, арызды қозғалыссыз қалдыру.
-
Арызды қабылдаудан бас тарту.
Ұсынылатын әдебиет
1. Учебник гражданского процесса / Под ред. М.К. Треушникова. М.: Спарк, 1996.
2.Хрестоматия по гражданскому процессу: Учебное пособие / Под общей ред. М.К. Треушникова. М.: Городец, 1996.
3. Баймолдина, З.Х. Гражданское процессуальное право Республики Казахстан: Учебник для вузов: В 2т. Т1. Общая часть(темы 1-15).-Алматы:КазГЮА,2001
4. Баймолдина, З.Х. Гражданское процессуальное право Республики Казахстан :Учебник для вузов: В 2 т. Т.2. Особенная часть( темы 16-30).-Алматы:КазГЮА,2001
14 Тақырып. Шетелдік құқық субъектілері қатысатын істер бойынша іс жүргізу.
-
Шетелдік тұлғалар қатысатын азаматтық іс жүргізу құқықтары мен міндеттері
-
Шетелдік азаматтар мен азаматтығы жоқ тұлғалардың азаматтық іс жүргізуге әрекетқабілеттілігі
-
Шетелдік тұлғалар қатысатын істер бойынша Қазақстар Республикасы соттары құзіреті
-
Шет мемлекеттерге талап қою. Соттық иммунитет
-
Сот тапсырмалары
-
Шетелдік соттар мен төрелік соттардың шешімдерін тану мен орындау
1. Шетелдік азаматтар және азаматтығы жоқ адамдар, шетелдік ұйымдар мен халықаралық ұйымдар (бұдан әрі - шетелдік тұлғалар) өздерінің бұзылған немесе дау айтылып отырған құқықтарын, бостандықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін қорғау үшін Қазақстан Республикасының соттарына жүгінуге құқылы. Шетелдік тұлғалар Қазақстан Республикасының азаматтарымен және ұйымдарымен бірдей іс жүргізу құқықтарын пайдаланады және іс жүргізу міндеттерін орындайды. Соттарда шетелдік тұлғалар қатысатын істер бойынша сот ісін жүргізу АІЖКодекске және өзге де заңдарға сәйкес жүзеге асырылады. Қазақстан Республикасы азаматтары мен ұйымдарының іс жүргізу құқықтарына арнайы шектеулер қойылатын мемлекеттердің шетелдік тұлғаларына қатысты Қазақстан Республикасы соған сәйкес шектеулер белгілеуі мүмкін.
2. Шетелдік азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдардың азаматтық іс жүргізуге әрекет қабілеттілігі олардың жеке заңы бойынша белгіленеді. Азаматтың жеке заңы өзі азаматы болып табылатын мемлекеттік құқығы болып табылады. Егер азаматта шет мемлекеттің азаматтығымен қатар Қазақстан Республикасының азаматтығы да болса, оның жеке заңы Қазақстан Республикасының заңы болып есептеледі. Мұндай адамда шет мемлекет азаматтығының болуын Қазақстан Республикасының соттары танымайды. Азаматта бірнеше шет мемлекеттің азаматтығы болса, бұл адам неғұрлым тығыз байланыстағы мемлекеттің құқығы оның жеке заңы болып табылады.
Азаматтығы жоқ адамның тұрғылықты тұратын жері бар мемлекеттің заңы сол адамның жеке заңы, ал мұндай болмаған жағдайда - оның әдетте тұрып жатқан мемлекетінің заңы болып табылады. Өзінің жеке заңы бойынша іс жүргізу әрекетіне қабілетті болып табылмайтын адам, егер Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес іс жүргізу қабілетіне ие болса, ол Қазақстан Республикасының аумағында іс жүргізу әрекетіне қабілеті бар деп танылуы мүмкін.
3. Егер Қазақстан Республикасының аумағында жауапкер-ұйым орналасқан болса немесе жауапкер-азаматтың тұрғылықты жері болса, шетелдік тұлғалар қатысатын істі Қазақстан Республикасының соттары қарайды. Қазақстан Республикасының соттары, сондай-ақ шетелдік тұлғалар қатысатын істерді мына жағдайларда:
1) Қазақстан Республикасының аумағында шетелдік тұлғаның басқару органы, филиалы немесе өкілдігі болғанда;
2) жауапкердің Қазақстан Республикасы аумағында мүлкі болғанда;
3) алиментті өндіріп алу туралы және әке екенін анықтау туралы іс бойынша талап қоюшының Қазақстан Республикасында тұрғылықты жері болғанда;
4) мертігу, денсаулыққа өзге де зақым келтіру немесе асыраушысының қайтыс болуы арқылы келтірілген зиянды өтеу туралы іс бойынша зиян Қазақстан Республикасы аумағында келтірілгенде немесе талап қоюшының Қазақстан Республикасында тұрғылықты жері болғанда;
5) мүлікке келтірілген зиянды өтеу туралы іс бойынша зиянды өтеу туралы талап қоюға негіз болған іс-әрекет немесе өзге де мән-жайлар Қазақстан республикасының аумағында орын алғанда;
6) талап қою, оның толық немесе ішінара орындалуы Қазақстан Республикасы аумағында орын алуға тиіс болған немесе орын алған шарттан туындағанда;
7) талап қою Қазақстан Республикасы аумағында орын алған негізсіз баюдан туындағанда;
8) неке бұзу туралы іс бойынша талап қоюшының Қазақстан Республикасында тұрғылықты жері болғанда немесе ерлі-зайыптылардың ең болмағанда біреуі Қазақстан Республикасының азаматы болғанда;
9) ар-ожданды, абыройды және іскерлік беделді қорғау туралы іс бойынша талап қоюшының Қазақстан Республикасында тұрғылықты жері болған жағдайларда қарайды.
Қазақстан Республикасының соттары, егер Қазақстан Республикасының заңдарымен өз құзыретіне жатқызылса, басқа істерді де қарайды.
4. Шет мемлекетке талап қоюға, оны үшінші тұлға ретінде іске қатысуға тартуға, оның мүлкіне тыйым салу мен бұл мүлікті талапты қамтамасаз ету тәртібімен ұстап қалуға және бұл мүлікке өндіріп алуды қолдануға, егер Қазақстан Республикасының заңынды немесе халықаралық шартында өзгеше көзделмесе, тиісті мемлекеттің құзіретті органдарының келісімімен ғана жол беріледі.
Халықаралық ұйымдардың соттық иммунитеті Қазақстан Республикасының заңдары мен халықаралық шарттарында, сондай-ақ бұл ұйымдардың Қазақстан Республикасының құзіретті мемлекеттік органдарымен келісімдерінде белгіленеді.
Шет мемлекеттердің Қазақстан Республикасында тіркелген дипломатиялық өкілдері және Қазақстан Республикасының заңында немесе халықаралық шартында аталған басқа да адамдар Қазақстан Республикасының заңында, халықаралық құқық нормаларында немесе халықаралық шартында белгіленген шекте Қазақстан Республикасы сотының азаматтық істер жөніндегіюрисдикциясына жатады.
5. Қазақстан Республикасының соттары өздеріне Қазақстан Республикасының заңында немесе халықаралық шартында көзделген тәртіппен берілген жеке іс жүргізу іс-әрекеттерін жасау (хабарламалар мен басқа да құжаттар тапсыру, тараптардан, куәлардан түсініктемелер алу, жергілікті жерде сараптама және тексеріс жүргізу және т.б.) туралы шетелдік соттардың тапсырмаларын орындайды, бұған:
1) тапсырманы орындау Қазақстан Республикасының егемендігіне қайшы келетін немесе Қазақстан Республикасының қауіпсіздігіне қатер төндіретін;
2) тапсырманы орындау сот құзыретіне кірмейтін жағдайлар қосылмайды.
Шетелдік соттардың жеке іс жүргізу іс-әрекеттерін орындау туралы тапсырмаларын атқару, егер Қазақстан Республикасының халықаралық шартында өзгеше көзделмесе, заңда белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
Қазақстан Республикасының соттары жекелеген іс жүргізу іс-әрекеттерін орындау туралы шетелдік соттарға тапсырмалар мен өтініш жасауы мүмкін.
Қазақстан Республикасы соттарының шетелдік соттарымен қарым-қатынас жасау тәртібі Қазақстан Республикасының заңында және халықаралық шарттарында белгіленеді
6. Егер Қазақстан Республикасының заңында немесе халықаралық шартында өзара түсіністік негізінде бұл көзделген болса, шетелдік соттар мен төрелік соттардың шешімдері Қазақстан Республикасында танылады және орындалады.
Егер Қазақстан Республикасының халықаралық шартында өзгеше белгіленбесе, шетелдік соттар мен төрелік соттардың шешімдерін танудың және орындаудың шарттары мен тәртібі заңда белгіленеді.
Шетелдік соттың немесе төрелік соттың шешімі шешім заңды күшіне енген кезден бастап үш жыл ішінде мәжбүрлеп орындауға берілуі мүмкін.
Өзін өзі бақылаудың сұрақтары
1.Шетелдік азаматтардың және азаматтығы жоқ тұлғалардың азаматтық іс жүргізу құқықтары мен міндеттері.
2. Шетелдік азаматтардың және азаматтығы жоқ тұлғалардың азаматтық іс жүргізуге әрекетқабілеттілігі.
3.Шетелдік тұлғалар қатысатын істер бойынша Қазақстан Республикасы соттарының құзіреті.
4.Шет мемлекеттерге талап қою. Соттық иммунитет.Сот тапсырмалары.
5.Шетелдік соттар мен төрелік соттардың шешімдерін тану және орындау.
Ұсынылатын әдебиет
1. Баймолдина З.Х. Доказывание и доказательства в гражданском судопроизводстве: Научно-практическое пособие. Алматы: Жеті жарғы, 2001.
2. Баймолдина З.Х. Исковой порядок защиты прав в суде: Научно-практическое пособие. Алматы: Жеті жарғы, 2001.
3. Баймолдина З.Х. Разбирательство гражданских дел в суде первой инстанции: Научно-практическое пособие. Алматы: Жеті жарғы, 2001.
4. Викут М.А., Зайцев И.М. Гражданский процесс России: Учебник. М.: Юристъ, 1999.
5. Гражданский процесс: Учебник / Под ред. В.А. Мусина, Н.А. Чечиной, Д.М. Чечота. М.: ТОО “Фирма ГАРДАРИКА”, 1996.
6. Гражданское процессуальное законодательство: Комментарий / Под ред. М.К. Юкова. - М.: Юрид. лит., 1991.
15 Тақырып. Сот актілерінің және өзге органдардың актілерінің орындалуы.
1.Атқарушылық іс жүргізудің органдары.
2.Атқарудың жалпы ережелері.
3.Атқару әрекеттерін жүргізудің уақыты мен орны.
4.Атқарушылық іс жүргізуді тоқтата тұру және қысқарту.
1.Атқарушылық іс жүргізуге қатысушылардың құрамы мыналар:
- атқарушылық iс (өндiрiп алушы және борышкер);
- атқарушылық iс жүргiзу тараптарының өкiлдерi;
-сотприставы;
- атқарушылық құжатта көрсетiлген талаптарды орындауға жәрдемдесетiн өзге де адамдар (оның iшiнде iшкi iстер органдарының қызметкерлерi, аудармашы, куәгерлер, маман, сот орындаушысы тыйым салынған мүлiктi күзетуге немесе сақтауға берген адам) атқарушылық iс жүргiзуге қатысушылар болып танылады. Өндiрiп алушы мен борышкер атқарушылық iс жүргiзу тараптары болып табылады.Өз пайдасына немесе мүдделерiне атқарушылық құжат берiлген жеке немесе заңды тұлға өндiрiп алушы болып табылады.
Атқарушылық құжатта көзделген талаптарды орындауға мiндеттi жеке немесе заңды тұлға борышкер болып табылады. Атқарушылық iс жүргiзуге бiрнеше өндiрiп алушы немесе борышкер (бiрге қатысушылар) қатыса алады. Олардың әрқайсысы атқарушылық iс жүргiзуге дербес қатысады. Атқарушылық құжат бойынша борышкерге оның өзi ғана орындай алатын мiндеттер (жеке мiндеттер) жүктелген жағдайларды қоспағанда, бiрге қатысушы атқарушылық iс жүргiзуде өз мүдделерiн қорғауды, басқа бiрге қатысушыға оның келiсiмiмен тапсыруы мүмкiн. Атқарушылық iс жүргiзу тараптары атқарушылық iс жүргiзу материалдарымен танысуға, олардан үзiндiлер жасауға, көшiрмелерiн алуға, қосымша материалдар беруге, өтiнiш бiлдiруге, атқарушылық әрекеттер жасауға қатысуға, атқарушылық әрекеттер процесiнде ауызша және жазбаша түсiнiктер беруге, атқарушылық iс жүргiзу барысында туындайтын барлық мәселелер бойынша өз дәлелдерi мен пiкiрлерiн айтуға, атқарушылық iс жүргiзуге қатысушы басқа адамдардың дәлелдерi мен өтiнiштерiне қарсылық бiлдiруге, бас тартатынын мәлiмдеуге, атқарушылық iс жүргiзу мәселелерi бойынша сот орындаушысының әрекеттерiне (әрекетсiздiгiне) немесе шешiмдерiне шағым жасауға, бiтiмгершiлiк келiсiмдi бекiту туралы өтiнiшпен сотқа жүгiнуге.құқылы.
Атқарушылық iс жүргiзу тараптары өздерiне берiлген барлық құқықтарды адал пайдалануға, сондай-ақ осы Заңның талаптарын орындауға мiндеттi.
Борышкер сот орындаушысына атқарушылық iс жүргiзу кезеңiнде жұмыс орнының өзгергенi туралы, сондай-ақ жаңа кiрiс көздерiнiң пайда болғаны туралы хабарлауға мiндеттi.Борышкер қатардан шыққан (азамат қайтыс болған, заңды тұлға қайта ұйымдастырылған, борыш ауысқан) жағдайда сот орындаушысы шешiм шығарған сотқа борышкердi оның құқықтық мирасқорымен алмастыру туралы ұйғарым шығару жөнiнде ұсыныс жiбередi. Ұсыныс сот орындаушысына борышкердiң құқықтық мирасқорлығы туралы мәлiм болған кезден бастап үш жұмыс күнi iшiнде жiберiледi. Құқықтық мирасқор үшiн ол атқарушылық iс жүргiзуге кiрiскенге дейiн жасалған барлық iс-әрекет үшiн борышкер қалай мiндеттi болса, сондай дәрежеде мiндеттi болады.Жеке тұлғалар атқарушылық iс жүргiзуге дербес немесе өкiлдерi арқылы қатыса алады. Атқарушылық iс жүргiзуге жеке тұлғаның өзiнiң қатысуы оны өз өкiлi болуы құқығынан айырмайды. Егер атқарушылық құжат бойынша борышкерге оның өзi ғана орындай алатын мiндеттер жүктелсе, онда борышкер оларды орындау кезiнде өкiлi арқылы әрекет етуге құқылы емес.
Ұйымдардың атқарушылық iс жүргiзуге қатысуы олардың өздерiне заңдармен, өзге де нормативтiк құқықтық актiлермен және құрылтай құжаттарымен берiлген өкiлеттiктер шегiнде әрекет ететiн органдары не аталған органдардың өкiлдерi арқылы жүзеге асырылады.
Ұйым атынан өкiлдiк ететiн адамдардың өздерiнiң лауазымдық жағдайлары мен өкiлеттiктерiн растайтын құжаттары болуға мiндеттi.
Өкiлдiң өкiлеттiктерi Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес берiлген және ресiмделген сенiмхатпен куәландырылады.Атқарушылық iс жүргiзудегi өкiл өкiлдiк берушiнiң атынан сенiмхат бойынша берiлген өкiлеттiктерi шегiнде атқарушылық iс жүргiзумен байланысты барлық iс-әрекеттердi жасайды.
Өкiлдiк берушiнiң беретiн сенiмхатында өкiлдiң мынадай iс-әрекеттер жасауға:
- атқарушылық құжатты ұсынуға және керi қайтарып алуға;
- өкiлеттiктерiн басқа тұлғаға беруге (қайта сенiм бiлдiруге);
- сот орындаушысының әрекеттерiне (әрекетсiздiгiне) немесе шешiмдеiне шағым жасауға;
- берiлген мүлiктi (соның iшiнде ақшаны) алуға;
- бiтiмгершiлiк келiсiм жасасуға өкiлеттiктерi арнайы ескертiлуге тиiс. Он сегiз жасқа толмаған немесе қорғаншылықта не қамқоршылықта тұратын адамдар атқарушылық iс жүргiзуде өкiл бола алмайды.
Судьялар, прокурорлар, құқық қорғау органдарының қызметкерлерi, өкiлдi органдардың депутаттары, уәкiлеттi органның және оның аумақтық бөлiмшелерiнiң, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты аппаратының қызметкерлерi, олардың тиiстi ұйымдардың уәкiлдерi немесе заңды өкiлдерi ретiнде атқарушылық iс жүргiзуге қатысу жағдайларын қоспағанда, атқарушылық iс жүргiзуде өкiл бола алмайды. Егер мүдделерi өкiлдiк берушiнiң мүдделерiне қайшы келетiн адамдарға осы iс бойынша заң көмегiн көрсетiп жатса немесе бұрын көрсеткен болса, сондай-ақ егер ол сот орындаушысының жақын туысқандары немесе жұбайы (зайыбы) болып табылса, ол адам өкiл бола алмайды.
Ескертпе. Ата-аналар, балалар, асырап алушылар, асырап алынғандар, ата-анасы бiр және ата-анасы бөлек ағалы-iнiлер мен апалы-сiңлiлер, аталар, әжелер, немерелер осы Заңда жақын туыстар деп танылады. Атқарушылық iс жүргiзуде кәмелетке толмаған адамдардың, сондай-ақ сот әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабiлетi шектеулi деп таныған адамдардың құқықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерiн, өкiлеттiктерi тиiстi құжаттармен расталатын заңды өкiлдерi қорғайды.
Заңды өкiлдер iс-әрекет жасау құқығына заңда көзделген шектеулерi бар өкiлдiк берушiге тиесiлi барлық iс-әрекеттердi өкiлдiк берушiлердiң атынан жасайды. Сот хабарсыз кеттi деп таныған адам қатысатын атқарушылық iс жүргiзуге оның өкiлi ретiнде, хабарсыз кеткеннiң мүлкi басқаруға берiлген, Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгiленген тәртiппен өкiл ретiнде тағайындалған адамдар қатысады.
Қайтыс болған немесе қайтыс болды деп белгiленген тәртiппен жарияланған адамның мирасқоры қатысуға тиiстi атқарушылық iс жүргiзу бойынша, егер мұраны әлi ешкiм қабылдамаған болса, мирасқордың өкiлi ретiнде өсиеттi орындаушы немесе мұраны сенiмгерлiкпен басқарушы қатысады.
Заңды өкiлдер атқарушылық iс жүргiзуге қатысуды өздерi өкiл ретiнде таңдап алған басқа адамға тапсыруы мүмкiн. Атқарушылық iс жүргiзуге қатысушылар атқарушылық әрекеттер жасау кезiнде, егер олар атқарушылық iс жүргiзiлетiн тiлдi бiлмесе, өз бастамасы бойынша немесе сот орындаушысының ұсынысы бойынша аудармашы шақыра алады. Кәмелетке толған, әрекетке қабiлеттi, iске мүдделi емес, атқарушылық әрекеттердi жүргiзу үшiн бiлуi қажеттi тiлдi меңгерген кез келген тұлға аудармашы бола алады.
Аудармашының өз еңбегi үшiн сыйақы алуға құқығы бар. Оған төленген сыйақы атқарушылық әрекеттер жасау жөнiндегi шығыстарға жатқызылады.
Көрiнеу дұрыс аударма жасамаған жағдайда аудармашы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады, бұл туралы оған сот орындаушысы ескертедi.Атқарушылық әрекеттер кемiнде екi куәгердiң қатысуымен жасалуы мүмкiн.Мынадай жағдайларда:
- өндiрiп алушының немесе борышкердiң талабы бойынша;
- үйге орналастыру және үйден шығару туралы шешiмдердi, борышкердiң мүлкiн пайдалануға тыйым салуға, алып қоюға және беруге, оның тұрғын үйiн, үй-жайлары мен қоймаларын ашуға, тексеру жүргiзуге байланысты әрекеттердi орындау кезiнде куәгерлердiң қатысуы мiндеттi.
Өзге жағдайларда куәгерлер сот орындаушысының бастамасы бойынша қатысуы мүмкiн.
Кәмелетке толған, iс-әрекетке қабiлеттi, атқарушылық әрекеттердiң нәтижесiне мүдделi емес кез келген азаматтар куәгерлер ретiнде шақырылуы мүмкiн.Куәгерлер қатысатын атқарушылық әрекеттер басталар алдында сот орындаушысы куәгердiң атқарушылық әрекеттерге қатысу тәртiбiн түсiндiредi. Куәгер өзiнiң қандай атқарушылық әрекеттер жүргiзу үшiн шақырылып отырғанын, олар қандай атқарушылық құжаттың негiзiнде жасалатынын бiлуге құқылы. Куәгер жүргiзiлген әрекеттер жөнiнде ескертулер жасауға құқылы. Куәгердiң ескертулерi тиiстi атқарушылық әрекет хаттамасына енгiзiлуге тиiс.
Куәгер жүргiзiлуiне өзi қатысқан iс жүргiзу кезiндегi атқарушылық әрекеттердiң фактiсiн, мазмұны мен нәтижелерiн куәландырады.
Куәгердiң куәгерлiк мiндеттерiн атқаруына байланысты шығарған шығыстарына өтемақы алуға, сондай-ақ толық ала алмаған жалақысын өтетуге немесе уақытын жоғалтуына байланысты ақшалай өтемақы алуға құқығы бар.
Куәгерлерге төленетiн ақша сомасы атқарушылық әрекеттер жасау жөнiндегi шығыстарға жатқызылады. Атқарушылық әрекеттер жасау кезiнде туындайтын, арнаулы бiлiмдi талап ететiн мәселелердi түсiндiру үшiн, сондай-ақ тыйым салынған мүлiктi бағалауды жүргiзу, сату, тасымалдау, сақтау үшiн сот орындаушысы атқарушылық iс жүргiзу тараптарының өтiнiшi бойынша немесе өз бастамасы бойынша тиiстi қаулысымен маманды тағайындай алады. Қажет болған жағдайда бiрнеше маман тағайындалуы мүмкiн.
Қорытынды беру немесе қажеттi әрекеттердi жүргiзу үшiн қажет арнаулы бiлiмi бар, iске мүдделi емес адам маман ретiнде тағайындалуы мүмкiн.
Мамандардың атқарушылық әрекеттер жасауға байланысты жүргiзiлетiн жұмысты орындағаны үшiн сыйақы алуға құқығы бар. Бұл сыйақы және мамандар тартуға жұмсалған басқа да шығындар атқарушылық әрекеттер жасау жөнiндегi шығыстарға жатқызылады.
2. Сот орындаушысы, егер заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актiлерiнде өзгеше көзделмесе, өндiрiп алушының арызы бойынша атқарушылық құжаттың негiзiнде атқарушылық iс жүргiзудi қозғайды.Арызға өндiрiп алушы не оның өкiлi қол қояды. Өкiл оның өкiлеттiгiн куәландыратын сенiмхатты немесе өзге де құжатты арызға қоса бередi. Арызда атқарушылық құжаттағы талаптардың орындалуын қамтамасыз ету мақсатында борышкердiң мүлкiне тыйым салу туралы, сондай-ақ борышкер үшiн осы Заңда көзделген шектеулердi белгiлеу туралы өтiнiш болуымүмкiн. Сот, басқа орган (лауазымды адам) атқарушылық құжатты сот орындаушысына жiберген жағдайларда сот орындаушысы өндiрiп алушының арызынсыз атқарушылық iс жүргiзудi қозғайды.
Сот орындаушысы заңда белгiленген талаптарға сәйкес келетiн атқарушылық құжат өзiне келiп түскеннен кейiн үш тәулiктен кешiктiрмей атқарушылық iс жүргiзудi қозғап, бұл туралы қаулы шығарады.
Сот орындаушысы атқарушылық iс жүргiзудi қозғаумен бiр мезгiлде борышкерге атқарушылық құжатты алған күнiнен бастап күнтiзбелiк бес күн iшiнде атқарушылық құжатты (дереу орындалуға жататын атқарушылық құжаттарды қоспағанда) ерiктi орындау қажеттiгi туралы ұсыныс жiбередi немесе тапсырады және борышкердi ерiктi орындауға арналған мерзiмнiң аяқталуына байланысты одан атқару санкциясын немесе жеке сот орындаушысының қызметiне төлемдi және осы Заңда көзделген атқарушылық әрекеттердi жасау жөнiндегi шығыстарды өндiрiп ала отырып мәжбүрлеп орындату туралы ескертедi.
Бұл ретте сот орындаушысы осы Заңда көзделген атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету жөнiндегi шараларды қабылдайды.
Атқарушылық iс жүргiзу қозғалғаннан кейiн борышкердiң өндiрiп алушы алдындағы мiндеттерiн кез келген орындауы сот орындаушысын мiндеттi түрде хабардар ете отырып жүргiзiлуге тиiс. Сот орындаушысы оған атқарушылық құжат түскен күннен бастап үш күн мерзiмде, егер:
- атқарушылық құжат өндiрiп алушының арызынсыз берiлсе не атқарушылық iс жүргiзу өндiрiп алушының арызынсыз қозғалуға жататын жағдайларды қоспағанда, арызға өндiрiп алушы немесе оның өкiлi қол қоймаса;
- атқарушылық құжат атқарушылық әрекеттердiң жасалған жерi бойынша берiлмесе;
- атқарушылық құжат орындауға ұсынылатын мерзiм өтiп кетсе және сот оны қалпына келтiрмесе;
- құжат атқарушылық құжат болып табылмаса не атқарушылық құжатқа қойылатын талаптарға сәйкес келмесе;
- атқарушылық құжат бұрын орындауға ұсынылған болса және атқарушылық iс жүргiзу осы Заңның 47-бабының 1-тармағында көзделген негiздер бойынша тоқтатылған болса;
- сот актiсi, атқарушылық құжат болып табылатын немесе соның негiзiнде, дереу орындалуға жататын атқарушылық құжаттарды қоспағанда, атқарушылық құжатты беретiн органның (лауазымды адамның) актiсi заңды күшiне енбесе;
- өндiрiп алушы жеке сот орындаушысының ағымдағы шотына атқарушылық әрекеттердi жүзеге асыру үшiн қажеттi соманы енгiзбеген болса, атқарушылық iс жүргiзудi қозғаудан бас тарту туралы қаулы шығарады.
Атқарушылық iс жүргiзудi қозғаудан бас тарту туралы сот орындаушысы қаулысының көшiрмесi аталған қаулы шығарылған күннен кейiнгi күннен кешiктiрiлмей, барлық түскен құжаттардың қосымшасымен өндiрiп алушыға, сондай-ақ атқарушылық құжатты берген сотқа немесе органға (лауазымды адамға) жiберiледi.Жеке сот орындаушысы құжатты өндiрiп алушыға қайтарады. Қайтару туралы қаулыда атқарушылық құжатты қайтарудың негiздерi көрсетiлуге тиiс.
Қайтару туралы қаулыда көрсетiлген кемшiлiктерi жойылмай келiп түскен атқарушылық құжат орындалуға жатпайды және ол жiберген органға немесе адамға қайтарылады.
2. Мерзiмдi өндiрiп алу туралы атқарушылық құжаттарды қоспағанда, сондай-ақ заңнамалық актiлермен орындаудың өзгеше мерзiмдерi белгiленгеннен басқа жағдайларда, атқарушылық құжаттар бойынша сот орындаушыларының орындауы атқарушылық iс жүргiзу қозғалған күннен бастап екi айдан аспайтындай мерзiмде аяқталуға тиiс.
Құрылыстарды бұзумен, технологиялық операцияларды жүргiзумен байланысты атқарушылық құжаттар бойынша, сондай-ақ мамандарды тарта отырып мүлiктi бағалауды, сараптама жүргiзудi, борышкердiң мүлкiн сатуды, iздестiрудi талап ететiн мүлiктiк өндiрiп алу туралы атқарушылық құжаттар бойынша орындау төрт айдан аспайтындай мерзiмде аяқталуға тиiс.
Заңда көзделмеген өзге де мерзiмдер өндiрiп алушы мен жеке сот орындаушысы арасында жазбаша нысанда көрсетiлуi мүмкiн.
Атқарушылық әрекеттер жасауға кедергi келтiретiн мән-жайлар болған ретте сот орындаушысы оларды өз бастамасы бойынша немесе өндiрiп алушының арызы бойынша он күнге дейiнгi мерзiмге кейiнге қалдыра алады, бұл жөнiнде тиiстi қаулы шығарылады, оны мемлекеттiк сот орындаушылары үшiн аумақтық бөлiмнiң басшысы бекiтедi. Атқарушылық әрекеттердi кейiнге қалдыру туралы сот орындаушысы – өндiрiп алушы мен борышкердi, сондай-ақ олардың өкiлдерi атқарушылық iс жүргiзуге қатысқан жағдайда, оларды хабардар етуге мiндеттi. Атқарушылық iс жүргiзу:
- егер құқық қатынасы құқықтық мирасқорлыққа жол берсе, борышкер немесе өндiрiп алушы қайтыс болған, борышкердi хабарсыз кеттi деп тану немесе қайтыс болды деп жариялау туралы сот шешiмi заңды күшiне енген;
- борышкер болып табылатын заңды тұлға қайта құрылған немесе заңда белгiленген тәртiппен дәрменсiздiгi (банкроттығы) туралы iс жүргiзудi қозғау жөнiнде шешiм қабылданған;
- өндiрiп алушыны немесе борышкердi әрекетке қабiлетсiз, әрекет қабiлетi шектеулi деп тану туралы сот шешiмi заңды күшiне енген;
- сот өзiнiң iс жүргiзуiне борышкердiң атқарушылық құжатты сот тәртiбiмен даулау туралы арызын қабылдаған;
- әкiмшiлiк жаза қолданған органдардың (лауазымды адамдардың) әрекеттерiне (әрекетсiздiгiне) немесе шешiмдерiне сотқа шағым берiлген;
- сот немесе атқарушылық құжат бергенде негiзге алынған шешiмнiң орындалуын тоқтата тұру құқығы Қазақстан Республикасының заңнамасында берiлген лауазымды адам қаулы шығарған;
- сотқа атқарушылық құжат бойынша өндiрiп алынатын мүлiктi тiзiмдемеден шығару туралы (тыйым салудан босату) талап қойылған;
- қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттiк орган қаржы нарығында қызметтi жүзеге асыруға берiлген лицензиядан айыру немесе оның қолданылуын тоқтата тұру туралы немесе қаржы ұйымын консервациялауды жүргiзу жөнiнде шешiм қабылдаған;
- сот банктi, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын, жинақтаушы зейнетақы қорын мәжбүрлеп тарату туралы iс қозғаған;
- сот қаржы ұйымын қайта құрылымдау туралы шешiм қабылдаған;
- борышкердiң мүлкiн бағалау нәтижелерiн борышкер немесе өндiрiп алушы сотта даулаған;
- өндiрiп алушы жазбаша өтiнiш жасаған жағдайларда тоқтатыла тұруға тиiс.
3. Борышкердiң жүрген жерi белгiсiз болған жағдайда сот орындаушысы iшкi iстер немесе қаржы полициясы органдары арқылы борышкерге iздеу салуды жариялау туралы ұсыныспен атқарушылық құжаттың орындалу орны бойынша сотқа жүгiнуге мiндеттi. Борышкерге iздеу салу жарияланған және оның өндiрiп алуға жарайтын мүлкi болмаған кезде атқарушылық құжаттың түпнұсқасы өндiрiп алушыға қайтарып берiледi, ол атқарушылық құжатты борышкердiң жүрген жерi белгiлi болған немесе оның мүлкi анықталған кезде мәжбүрлеп орындатуға беруге құқылы, ал көшiрмесi борышкер iздестiрiлетiн кезеңде сот орындаушысының бақылауында болады. Борышкерге iздеу салуды соттың ұйғарымы бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен iшкi iстер және қаржы полициясы органдары жүзеге асырады.Борышкерге iздеу салу жөнiндегi шығыстар атқарушылық әрекеттер жасау жөнiндегi шығыстарға жатады және борышкерден жергiлiктi бюджетке сот арқылы өндiрiп алынуға тиiс.
Борышкерге iздеу салу жөнiндегi шығыстар iздеу салуды жүзеге асыратын iшкi iстер немесе қаржы полициясы органының өтiнiшi негiзiнде айқындалады. Атқарушылық iс жүргiзу өндiрiп алушының арызы бойынша немесе сот орындаушысының бастамасы бойынша оның тоқтатыла тұруын туғызған мән-жайлар жойылғаннан кейiн қайта жалғастырылады. Атқарушылық iс жүргiзу, егер:
- өндiрiп алушы өндiрiп алудан бас тартса;
- өндiрiп алушы мен борышкер бiтiмгершiлiк келiсiмiн жасасса және оны сот бекiтсе;
- шешiмде белгiленген талаптар немесе мiндеттер өндiрiп алушы немесе борышкер болып табылатын азамат қайтыс болғаннан кейiн қайтыс болған адамның құқықтық мирасқорына ауыспайтын болса;
- борышкердi белгiлi бiр әрекеттердi жасауға мiндеттейтiн атқарушылық құжатты орындау мүмкiншiлiгi (белгiлi бiр әрекеттердi жасаудан тартыну) жоғалса;
- тиiстi органның атқарушылық құжатты бергенде негiзге алынған шешiмiнiң күшi жойылса;
- өндiрiп алушы немесе борышкер болып табылған заңды тұлғаны тарату аяқталса, құқықтық мирасқоры болмағандықтан не атқарушылық құжат борышкер болып табылатын заңды тұлғаның конкурстық басқарушысына немесе тарату комиссиясына орындау үшiн жiберiлсе;
- атқарушылық құжаттың өндiрiп алу немесе өзге де талабы толық көлемде орындалса;
- заттарды өндiрiп алушыға беру туралы атқарушылық құжатты орындау кезiнде өндiрiп алушы борышкерден алып қойылған заттарды алудан бас тартса;
- Қазақстан Республикасының Азаматтық iс жүргiзу кодексi 312-6-бабы бiрiншi бөлiгiнiң 2 тармақшасында көзделген негiз бойынша қайта құрылымдауды тоқтату туралы соттың шешiмi заңды күшiне енсе, тоқтатылады. Атқарушылық iс жүргiзу тоқтатылған жағдайларда бұл туралы сот орындаушысы бiр тәулiктiң iшiнде қаулы шығарады. Тиiстi белгi соғылған атқарушылық құжатты не оның көшiрмесiн мемлекеттiк сот орындаушысы - сотқа немесе құжатты берген басқа органға, ал жеке сот орындаушысы - өндiрiп алушыға жiбередi. Сонымен бiр мезгiлде орындауды қамтамасыз ету шараларының күшi жойылуға тиiс. Атқарушылық құжаттың орындауға берiлу мерзiмiн сот қалпына келтiрген не сот орындаушысының iс жүргiзу тоқтатылған атқарушылық құжатты орындау жөнiндегi әрекетi заңсыз деп танылған жағдайларды қоспағанда, тоқтатылған атқарушылық iс жүргiзудi қайта бастауға болмайды.
Достарыңызбен бөлісу: |