Төрттік кезеңі бойында Қазақстанның климаты әжептәуір өзгерістерге ұшырады. Ол территорияны периодты су басу мен құрғауы арқылы жер бедеріне әлі күнге дейін өз ізін қалдырған. Климаттың тарихи кезеңде (2000- 3000 жыл) өзгеру бағыты тартыстарға әкелді. Кейбір зерттеушілердің көзқарасы бойынша, соңғы 2000-3000 жыл ішінде климат ылғалданды деп санайды (Л.С.Берг, 1905; К.К.Марков, 1951; М.А.Глазовская, 1953). Э.Хентингтон, Синицын В.М. (1949) және Шнитникова А.В. (1957) бойынша ғасыр ішінде көлдердің деңгейінің өзгергіштігі циклі климаттың периодтық ылғалданғандығын көрсетсе де, бірақ бірнеше ғасырлармен салыстырғанда қазір климаттың құрғақ болуда деп санайды. Сәйкесінше, Қазақстанның территориясы 2600-2700 жылдарда құрғақтанудың максимумына жетеді, одан кейін қайта ылғалдану процесі басталады. 1952-1953 жылдары ылғалдылықтың жоғарылауы көл деңгейінің көтерілуіне, өзен шығынының өсуіне, мұздықтардың бастауына әсер етті, бұл ғасыр ішіндегі ылғалдылық дәрежесінің өзгеру дәрежесіне байланысты [17]. Зерттеулер көрсеткендей Қазақстан аумағында төрттік кезеңде плювиальді және ксеротермиялық кезеңдері алмасып отырған, бірақ қазіргі бедер қалыптастырушы процестер көбінесе ксеротермиялыққа сәйкес келеді. Оны аңғарлар бойымен ағынның азаюы және шоғырланған ағынның жазықтыққа ішінара ауысуы, сондай-ақ көл акваториясының қысқаруы, қазіргі заманғы арнадан алыс тасталған арық жүйелерінің болуы дәлелдейді.
Облыстың климаты шұғыл континенталды және аса құрғақ. Негізгі климат қалыптастырушы факторлардың бірі күннің түсу ұзақтығы жылына 2300-2500 сағатты құрайды, оның максимумы шілде айына келеді. Жылына
жиынтық радиация шамамен 110-120 ккал/см2-ге, ал шашыранды радиация көлемі 50 ккал/см2-ге дейін жетеді. Облыс территориясы 3 негізгі ауа массаларының әсерінде болады: арктикалық, полярлы (немесе қоңыржай белдеуінің ауасы), тропикалық. Жылдың суық маусымында ауа-райын негізінен азия антициклонының батыс жотасы анықтайды, бұл арктикалық суық ауа массаларының еркін енуіне себепші болады. Жылдың ең суық айы – қаңтарда – облыстың солтүстігінде -18°С, ал оңтүстігінде -14°-қа дейін өзгереді. Абсолютті минимум сәйкесінше - 52° пен -44°С-ді құрайды. Көктемде ауа-райының антициклонды режимі сақталып, күндіз ауа температурасы жоғары, ал түнде аязды құрғақ желді ауа-райының қалыптасуына себепкер болады. Көктем мезгілінің ауа райы процесі өзінің тұрақты емес режимімен сипатталады. Жазда Орталық Қазақстанның дала зонасында күннің жерді қатты қыздыруымен байланысты, ашық, құрғақ, ыстық болады. Шілде айында ауа температурасы солтүстігінде +18°-тан, оңтүстігінде +22°-қа дейін ауытқиды, максималды ауа температурасы 40- 43°С. Температура (30°С және одан да жоғары) шілде айында орташа есеппен 7-8-ден 10-15 күнге дейін байқалады. Орташа жылдық ауа температурасы солтүстіктен-оңтүстікке қарай 1,2°С-ден 3,5°С-ға дейін ауытқиды. Жылы периодтың ұзақтығы облыстың көтеріңкі бөлігінде (Қарқаралы, Ақтоғай аудандары) 198 күннен аз, ал облыстың шөлейт аймағында (Ұлытау, Жаңаарқа, Шет аудандары; облыстың оңтүстік және оңтүстік-батыс бөлігі) - 207-220 күнді құрайды. Аязсыз кезең сәйкесінше 90-100 күннен 110-135 күнге тең.
Ауаның салыстырмалы ылғалдылығы ең жоғары болатын кезі – қыс. Қараша-наурызда айлық орташа көрсеткіші территорияның көпшілік бөлігінде 72-82%-ды құрайды. Жылы кезеңде ауаның салыстырмалы ылғалдылығы облыс көлемінде солтүстіктен оңтүстікке қарай төмендейді. Ауаның ең төменгі салыстырмалы ылғалдылық көрсеткіші маусым-шілде айларына келеді (53-58%). Атмосфералық жауын-шашынның орташа жылдық мөлшері территорияның үлкен бөлігінде 200-300мм-ді, шығысында – 330мм- ді құрайды. Жауынның максимумы – шілдеде (40-57мм), минимумы – қаңтарда (8-18мм). Жауын-шашынның жылдық мөлшерінің 25%-ы көктем мезгіліне келеді. Атмосфералық жауын-шашынның мөлшері жазда (маусым- тамыз) 120мм немесе жылдық мөлшерінің 40%-ы. Жаздық жауын-шашын нөсерлі болып келеді. Ал қыркүйекте 23мм-ге дейін төмендесе, қазанда – 27мм болады. Ең алғашқы қар ұшқындары қыркүйектің 1-ші декадасында байқалады.
Желдің орташа жылдамдығы – 5,5 м/с. Жел жылдамдығының орташа жылдамдығы жоғары болатын ай – наурыз (6,8 м/с), одан сәл аздауы ақпан мен желтоқсанда (6,5 және 6,1м/с). Минималды көрсеткіші тамыз айына келеді – 4,3 м/с. Жел режимінің ерекшеліктері жаз айынша қалыптасушы әлсіз барикалық депрессиядан білінеді. Қарашадан наурыз айларына дейін орташа желдің жылдамдығының өсуі байқалады; Қарағандыда жиырма жылда бір рет максималды жылдамдық 37 м/с болады. Территорияның көп бөлігінде қатты
желді күндер (15 м/с және одан да жоғары) саны үштен аспайды. Қарағандыда наурыз айында осындай күндер саны 5-6-ны құрайды. Қыста боранды күндер жиі болып тұрады – 21-ден 38 күнге созылады, кей жерлерде 50-ден асып кетеді. Жылы кезеңде құрғақ ауа райы желді уақытта шаңды дауылдар орын алады. Дала зонасында жылына орташа 1 күннен (Қарқаралы) 12-17 күндей болады. Облыстың шөлейт және шөл зоналарында шаңды дауылдар орта есеппен 20-38 күнге созылады. Облыс территориясында найзағайлы дауыл, нөсер, бұршақ орын алып тұрады – әсіресе, жазда, ал көктем мен күзде сирейді. Найзағайлы күндер саны орта есеппен 20-24, Қарқаралы маңайында жылына 28 күн. Найзағайлы белсенділік, әсіресе, жазда максимумына жетеді (6-18 күн). Найзағайдың орташа ұзақтығы – 1,8 сағат. Ені мен ұзындығы километрге созылуы мүмкін бұршақ жаздың жылы мезгілінде сирек жауып тұрады. Жылына 2-3 күн, кейде 4-8 күнге дейін барады. Мезгіл ауысатын уақытта антицинклонды ауа-райында тұман байқалады. Ол жылына 16-28 күндей, Қарағандыда 37 күн, көбінесе наурыз айына келеді. Облыс климатының ерекше сипаттамасы өте айқын көрінетін құрғақтылық. Қатты құрғақшылық 10-12 жылда бір рет қайталанып отырады. Сәуірден қыркүйекке дейінгі аралықта құрғақ желді күндердің саны – 60-100. Құрғақ желдер жазда арктикалық ауа массаларының әсерінен құрылады. Ол ауыл шаруашылығына үлкен зиянын тигізеді.
Қыс Қарағанды облысында кей жылдары өте қатал, ұзақтығы 5-5,5 айды құрайды. Қар жамылғысы алғаш қарашаның ортасында қалыптасады, 110-150 күнге созылады. Қаңтарда аяздың күшейгені айқын байқалады. Облыс бойынша -25°С және одан да төмен аязды күндер облыс бойынша 10-15 күннен 40-50 күнге дейін өзгереді, кей жылдары айына 20-25 күнге созылады. Қар қалыңдығы солтүстікте 20-26см-ді, ал оңтүстікте 10-15см-ді, таулы аймақтарда қарлы қыста – 40-50см-ді құрайды. Көктем наурыз айының екінші бөлігінде түседі және 1,5-2 айға созылады. 0°С-ға дейін температура, әдетте, 4-10 сәуірде көтеріледі. Қардың ерте еруі 16-28 наурызда, кеш 20-25 сәуірде байқалады. Түнгі аяздар 23-28 мамырда тоқтайды. Жаз құрғақ, әрі ыстық – 3- 4 ай (мамыр-қыркүйек). Күз қыркүйектің басында басталып, жаздан да құрғақ болады. Қыркүйек – жылы, құрғақ, орташа температура солтүстіктен оңтүстікке қарай 10°С-ден 14°С-ге дейін өзгереді. Қыркүйектің бірінші декадасында тұрақты аяздар басталады.
Ылғал және жылу сыйымдылығына байланыста облыс территориясында 4 климаттық аудан білінеді. Олар:
қоңыржай-салқын, құрғақ ұсақ шоқылы;
қоңыржай-жылы, құрғақ ұсақ шоқылы;
қоңыржай-жылы, өте құрғақ;
жылы, өте құрғақ.
Біріншіге Қарқаралы территориясы мен Ақтоғай ауданының таулы бөлігі жатады, алайда бұл жерде де өсімдікті дұрыс өсуіне ықпал жасайтын ылғалдылық жеткіліксіз. Гидротермиялық коэффициент (ГТК) – 0,7-0,8; белсенді температуралар 10°С-тан асып, 2000°С-қа жетеді. вегетациялық
кезең 130 күннен аспайды. Агроклиматтық ресурстар ерте жаздық дақылдардың, қарақұмықтың, қырықжапырақтың, картоп пен қиярдың пісуіне қолайлы. Көптеген шаруашылық жерлер күрделі орографиялық жағдайларға байланысты мал шаруашылығымен, сирек егіншілікпен айналысады. Келесі, қоңыржай-жылы, құрғақ ұсақ шоқылы аймаққа Сарыарқаның ең төменгі бөлігі кіреді. Оған кіретін аудандар: Бұқар Жырау, Абай, Нұра аудандары, Осакаровка ауданының солтүстік-шығыс бөлігі, Қарқаралы ауданының солтүстік-шығыс бөлігі. Гидротермиялық коэффициенті – 0,7- 0,8.Температуралар жиынтығы 10°С-тан 2000-2200°С. Вегетациялық кезеңі 130-135 күнге созылады. Қоңыржай-жылы, өте құрғақ аудан салыстырмалы түрде кішірек ауданды қамтиды: Осакаровка ауданының көп бөлігі, Жаңаарқаның солтүстігі, Қарқаралы ауданының оңтүстік-шығыс бөлігі. Гидротермиялық көрсеткіш – 0,5-0,7. Температура суммалары 10°С 2000- 2600°С. Осакаровка ауданында егін шаруашылығы дамыған. Жылы, өте құрғақ аудан облыстың батыс, оңтүстік-батыс және оңтүстік бөліктерін (жазық бедерлі шөлейт пен шөл зоналары). Гидротермиялық көрсеткіш – 0,5- 0,7. Температуралар жиынтығы 10°С 2200-2800°С. Мал шаруашылығы дамыған [18].
Батыс Балқаш маңында жылдық жауын-шашын 100-110 мм-ден аспайды. Ең ыстық күндер шілдеге тиесілі; орташа температура – 24-28°. Салқын уақыт қазан айында басталып, сәуірдің басында аяқталады. Қысы – қатты, қаңтардың температурасы - -15-16°С; кейде аязды күндерде -40°-қа дейін жетеді. Жауын-шашынның көп бөлігі наурыз-сәуір айларында түседі. Жазда жауатын жауын-шашын толығымен буланып кетеді [19].
Сонымен, облыстың климаты солтүстіктен оңтүстік бағытқа қарай көптеген өзгеріске түседі және әртүрлі сипатта болады. Себебі, Қарағанды облысы үш түрлі табиғи зона бойында орналасқан және олардың ерекшеліктеріне байланысты әртүрлі климаттық жағдайлар орын алады. Солтүстік бөлігі салқын, әрі ылғалды болса, оңтүстікке қарай бұл көрсеткіштер өзгеріске ұшырайды, яғни жазы ыстық және буланушылық деңгейінің жоғары болатыны байқалады.
Достарыңызбен бөлісу: |