2.3 Ландшафттарды қалыптастырудағы жер үсті суларының рөлі
Ылғалдылықтың тапшылығына байланысты Қарағанды облысында жер үсті ағыны аз, өзен торлары үзілген, өзендердің суы аз. Облыс өзендері тұйық Теңгіз, Қарасор, Балқаш көлдері мен Ертіс өзені алабына жатады. Жер бедеріне байланысты өзен желісі жиілігі солтүстіктен оңтүстікке қарай сирейді, ол 0,07-0,09 км/км2-ді құрайды. Шамамен 1800 су ағынының ұзындығы 10 км-ден аз, 365-інікі 10-нан 100 км. Облыстағы 11 өзеннің ұзындығы 100 км-ден асады. Негізгі су артериясы – Нұра өзені болып табылады. Басқа да ірі өзендер қатарына Түндік, Талды, Жарлы, Құланөтпес, Терісаққан, Сарыторғай, Қараторғай, Атасу, Сарысу, Тоқырауын, Улыжыланшық, Мойынты, Қалмаққырылған, Жәмші, Қарабұлақ, Құсақ және
тағы да басқалары жатады. Облыстың шығысы және оңтүстік-шығысы төмен таулы бедер болғандықтан, әдеттегі қазақстандық өзендердің қарлы немесе қарлы-грунтты қоректенуімен бірдей болады. Олардың су режимінің ерекшелігі болып сәуірдің бірінші декадасында басталатын көктемгі су тасқынының айрықша көрінуі табылады. Ағынның негізгі бөлігі (70-95%) көктем мезгіліне келеді. Жазда өзендер өте таяз болады, олар иірілімдерге бөлініп кетеді, тұзданады, облыстың оңтүстік және оңтүстік батыс бөліктерінде олардың көпшілігі кеуіп кетеді. суы мол жылдары бірқатар өзендер 0,5-тен 1км-ге құйылады, Нұра өзенінің төменгі ағысында олар 2км- ге дейін жетеді. Ірі өзендердің ені 50-70м-ге, ұсақ су ағындарының ені 15-30м- ге дейін жетеді. Олардың тереңдігі әдетте 3-5 метрден аспайды. Өзендердің қатуы желтоқсанда, ал еруі сәуірде байқалады. Мұздың максималды қалың (70-130см) болатын кезі ақпан айының соңында жетеді, мұз қатып тұруы 110- 160 күндей болады [20]. Территорияның үлкен бөлігі ішкі ағынсыз облысқа жатады. Тек Есіл өзенінің салалары ғана суларын Обь бассейніне жетеді. Орталық Қазақстанның солтүстік бөлігіндегі қалған өзендер Ертіс өзеніне қарай ағады, бірақ ол Батыс Сібірдің оңтүстігіндегі тұйық көлдерге құяды немесе өздерінің шөгінділерінде жоғалады. Көптеген өзендер тұйық алаптың тәуелсіз бассейндерін құрайды. Олардың ең ірісі болып саналатын Нұра өзені Қарқаралы тауларынан бастау алып Қорғалжын көліне барып құяды. Сарысу өзені алабының бастауы ені 20 км-ді құрайды, ал үсті қызыл балшықпен жабылған. Кейбір зерттеушілер (З.А.Сваричевская) жоғары ағысындағы кең аудандарды кезінде көлдермен толтырылған шөгінділер деп болжайды. Төрттік кезеңінде жайылма және құмдақ пен қиыршықтасты-малта тасты материалдан құралған биіктігі 5-6 м болатын жайылма үсті террасалы эрозиялық алқап қалыптасты.
Өзінің морфологиялық ерекшеліктеріне байланысты Мойынты өзені алқабы жоғары және төменгі бөліктерге бөлінеді. Жоғары ауданында алқаптың ені 7-10 км-ді құрайды. Оның табаны құрамында галькасы бар каолинделген құмдар, кейде цементтелген құмтасты конгломераттар негіз болатын қызыл түсті шөгінділермен жабылған. Тереңдігі 6 м, жасы – жоғарғы олигоцен. Қызыл балшықтар салыстырмалы түрде жас болатын төрттік кезеңдегі Мойынты алқабымен кесілген және ерте табаны қазіргі арнаның үстіне биіктігі 12-15 м болатын терраса түрінде көтеріледі. Жіңгіл станциясынан төмен алқаптың бифуркациясы байқалады және оның сол тармағы Мыңшұқыр Жәмші алқабының сағасымен бірігеді. Оң тармағы немесе Мойынты алқабының негізі Жіңгіл станциясынан төмен қарай тарылады және оның құрамында қызыл түсті балшықтар жоқ. Бұл жерде төрт терраса байқалады: бірінші және екінші террасалар төрттік кезеңге жатады, ал үшінші және төртінші террасалар (биіктігі сәйкесінше 2 және 10 м) жоғарғы олигоценнің малтатастарынан құралады. Олардың ашылуы алқаптың ерте табанының көтерілуімен байланысты. Төртінші терраса Мойынты өзенінің сағасы Балқаш көліне келетін жерінде сол жақ жағасында дамыған.
Ені 10-30 км болатын Тоқырау өзені мен Құсақ ағынының алабы миоцендік түрлі-түсті сазбалшықтардан құралған. Ортаңғы бөлігінің кең табандары төрттік құрғақ ағынды алаптармен бөлінген. Тоқырау өзенінің жоғарғы бөлігінде жақсы дамыған алқап және төрт аллювиальді террасалар кездеседі. Малтатастардан қүралған арна алқаптың төменгі бөлігіне дейін байқалады және өзінің ксеротермиялық кезеңде қатты шашырап және биіктігі 5-7 м болатын құба топыраққа айналған кең дельтасының аяғында жоқ болады. Балқаш көліне жақын сағасы жоғары төрттік уақытында жылынып, одан кейін тұздала бастаған.
Қазақстан территориясында 48 мыңнан астам көл саналады. Саны бойынша кіші көлдер 94%-ды, ал ауданы бойынша - 10%-ды құрайды; ірі көлдер шамамен 3 мың, ал ауданы 100 кв.км-ден асатын көлдер саны – 22.
Балқаш-Алакөл тобындағы көлдер күрделі эволюциялық дамуда болған және әлі күнге дейін тартыстардың себебі болуда [25]. Облыстың оңтүстік- шығыс шекарасында Қазақстан бойынша көлемі үшінші орынды алатын су айдыны – Балқаш көлі орналасқан. Көл батыстан-шығысқа қарай 614км-ге созылған. Ауданы 18,2 км2, су көлемі 106 км3, теңіз деңгейінен көл 342 м биіктікте орналасқан. Батысында тереңдігі – 6-12 м арасында ауытқыса, шығысында 15м-ге жетеді, ал максималды тереңдігі – 26м. Тұздылығы да біркелкі емес, батыс бөлігінде Іле өзенінің суы арқылы тұщыланса, ал шығыс бөлігі ащы болады, 5 г/л-ді құрайды. Антропогендік әсерге байланысты Балқаш көлінің деңгейі 2 метрге төмендеген, су сапасы да төмендеді. Ең көп таралғаны – аңғар көлдері, ал аласа таулы және жазықты-бедерлі су қоймаларының көлдері, сондай-ақ ағынсыз қазаншұңқырлар аздап кездеседі. Ауданы 0,5-1,5 км2 болатын су айдындары құрғақ жылдары кеуіп кетеді. Судың минерализациясы 1-ден 10 г/л-ге дейін ауытқып тұрады [16].
Л.С.Берг (1904) және З.А.Сваричевский (1952) көзқарастары бойынша Балқаш көлі жас, жағаларының сипаттамасы – ингрессионды. Б.Ф.Мефферт (1912), М.П.Русакова (1933), К.В.Курдюкова (1952) зерттеулері бойынша жағалаудың сипаттамасы – регрессионды. З.А.Сваричевскийдің зерттеулеріне сүйенетін болсақ: а) Балқаш көлінің малтатасты террасалары Мойынты алқабы жоғары олигоцендік төртінші терраса; ә) Балқаш көлінің жағалау зонасы жас болуымен сипатталады; б) жағалауы – қолат, ингрессионды, арасында опырылма.
Солтүстік Балқаш жағалауының формалары көлмен шайылған құрлықтың бөлінуімен анықталады. Сарышаған шығанағы Мойынты өзенінің су басқан сағасында орналасқан. Мыңшұқыр және Жәмші сағаларында анық көрінетін шығанақтың жоқтығы сағаның су басуын толтыратын алқаптардағы аллювийдің көп жинақталуымен түсіндіріледі. Сарышаған шығанағының солтүстік-батыс бөлігінің су басқан қатпарлы гранитті шоқысы өзіндік қалдық бедер құраған, ол Финляндиядағы күрделі бөлшектенген жағалауға ұқса болып келеді. Кейде көл өз деңгейімен шамалас денудациялық жазықтарды су басады, ал кейде жазық күрт кемерлермен үзіледі және абразия іздерін қалдырады. Алайды жағалауды құламалы болуы тектоникалық шығу тегімен
байланысты. Оған Тарғыл тауының етегіндегі 9-12 м биіктікте қалған ерте көлдік шөгінділер және Қашқантеңіз шығанағының жағалауы жас бұзылыстар мен дуалдардың жоғары биіктігі (20 м-ге дейін) дәлел.
Жағалау бойында ұзын сызықты жағажай және жақсы дамыған, кең енді, әрі биік (3-4 м) жағалау дуалдары созылған. Жоғары төрттік жасындағы дуалдар тек сирек кездеседі. Олардың ені де, биіктігі де аласа. Жәмші өзенінің сағасы жағалауында және Балқаштың оңтүстік жағалауында су басқан құба шөлді эолды бедер, арал типті бедер кездеседі. Негізгі су басулар жоғарғы төрттік кезеңіндегі су тасуларға сәйкес келеді. Қазір көлдің жағасы тартылып, ежелгі арал типтес бедер орамалы сортаң жазықты құрайды.
Балқаш көлі деңгейінің өзгеруі болған, әрі әлі күнге дейін орын алуда. Олар мезгіл өткен сайын ауданы не көтеріліп, не төмендеп отырады. Көл өзінің ең төмен деңгейін 40-жылдардың аяғында кешкен. 1952 жылдан бастап күрт көтеріліп, 1962 жылға дейін бұл процесс жалғасын тапқан, одан кейін қайта төмендеу жүрген. 1990-1993 жылдары көл деңгейі 32 см-ге төмендеген, 1993 пен 1995 жылдар аралығында деңгейі 28 см-ге көтерілген. 1995 жылдан 1998 жыл аралығында қайта төмендеулер жүрген және ол 21 см-ді құрады. Қысқа периодты ритмдер Балқаш көлінің ғасыр ішіндегі өзгерістерінде (45-60 жыл) өтеді.
Қарағанды облысының жерасты сулары транзиттік өзендер мен қоршаған тау жүйелерінің жер асты ағыны суының фильтрациясы әсерінен құрылады. Әлсіз дислокацияға ұшыраған әр түрлі жастағы шөгінді жыныстармен байланысты пласты сулар басым. Тереңдігі жүз метр және одан да төмен жатқан жарықшақты сулар палеозойлық пен одан да ерте дәуірлердің жыныстары астында шоғырланған. Қазақтың ұсақ шоқысы аласа тауының және Шу-Іле тауларының етегіндегі жарықтардан жер асты сулары шығады. Барланған тұщы және аз тұздалған артезиан суларының бассейні 100-400 метрден 500-800 метрге дейінгі тереңдікте табылған [21-22].
Кең алқаптардағы сазды және құмды-саздақты жазықтардағы жер асты сулары үлкен тереңдікте жатады және терең қатты су горизонттарында орналасады. Осындай аудандарға Бетпақдаланың батыс бөлігі жатады.
Орталық Қазақстандағы жер асты суларын іздеу және зерттеу аса маңызды болып табылады, себебі республика көлемінде жер үсті су қоры шектеулі, әрі біркелкі таралмаған, сондықтан жер асты сулары көптеген аудандарда негізгі су қорымен қамтамасыз ететін көз болып табылады. Тұщы сулардың негізгі қоры карбонатты құрылымдарда, ежелгі мен қазіргі алқаптарда, құмды массивтерде гранитоидті және метаморфтық жыныстардан көрініс табады.
Жер асты суларының генетикалық типтеріне, олардың таралуына, жиналуына геологиялық, климаттық, гидрогеологиялық факторлармен қатар, геоморфологиялық факторлар да өз әсерін тигізген.
Аса қатты құрғақшылық орнаған облыста жерасты суларының маңызы зор болып табылады. Грунт суларының орналасуы 10-100 метр аралығында өзгереді. Бірақ көптеген аудандарда (шөлейт, шөл) минерализация деңгейі 1
г/л-ден жоғары, көбінесе су кермек, сондықтан ауыз суы ретінде пайдалану үшін шектелген. Облыстың барлық ауданында дерлік 200-600 м тереңдікте жерасты сулары таралған. Алайда, техникалық мүмкіндіктерге байланысты оларды қолдану әзірге мүмкін емес. Бұрыннан мал шаруашылығы үшін бұлақтар пайдаланылған. Олардың тереңдігі 4-10 м, су жиналу қоры 300-500 л/с.
Облыстың аласа таулы және жазықты-бедерлі су қоймалары, әсіресе шығыс және оңтүстік шығыс бөліктерде орналасқан су айдындарының қазаншұңқырлары салыстырмалы түрде жазықтау және аласа жағалауларымен ерекшеленеді. Тереңірек көлдердің (Үлкен көлі) суы жыл бойына сақталып тұрады. Үлкен ағынсыз қазаншұңқырларда орналасқан көлдер жер үсті және грунт суларының базисі болып табылады. Ең үлкені – Қарқаралы қаласынан солтүстік бағытта орналасқан Қарасор көлі жан-жағын қыраттар қоршаған жазық ретінде сипатталады. Оның маңайында 50 шақты (Қарасор, Саумалкөл, Балықтыкөл және т.б.) көлдер есептеледі. Су қоймаларының орташа тереңдігі бір метр, кей жағдайда 4-5 метр. Су минерализациясы 35-41 г/л. Олардың түбінде медицинада қолданылатын және емдік қасиеті бар күкіртсутекті балшық тұнған. Көл суының қолданылуы шектелген.
Облыс бойынша су қорын баланста ұстап тұру үшін су қоймалары мен каналдар маңызды рөл атқарады. Су қоймалары: Самарқан (Нұра өзенінде), Шерубайнұра (Шерубайнұра өзенінде), Кеңгір (Кеңгір өзенінде), Жезді (Жезді өзенінде), сондай-ақ кішкентай су ағынында орналасқан бірнеше су көздері. 1973 жылдан бастап Қарағанды және Теміртау қалаларын сумен қамтамасыз ететін, ұзындығы 458 км болатын ірі гидротехникалық құрылым Ертіс- Қарағанды каналы жұмыс істейді. Каналдың ерекшелігі – су аласадан (теңіз деңгейімен салыстырғанда) жоғары биіктікке беріледі, ол үшін 20-дан астам сорғы станциялары орналасқан [16].
Қарағанды облысы суға тапшы облыстардың бірі болып табылады. Климаттық ерекшеліктеріне байланысты буланушылық жоғары болғандықтан, сонымен қатар геологиялық даму барысындағы процестерге байланысты жер үсті сулары біркелкі таралмаған.
Достарыңызбен бөлісу: |