Бұл ойқы-шойқы, шимай-шытырық жазбалар көпшілік жұрт үшін елеусіз, бәлкім мүлде белгісіз қаламгер, шын мәнінде бұрынғы-соңғы алаш руханиятындағы ең алып тұлғалардың бірі Иман Қазақбайдың архивінен табылды



бет12/15
Дата16.06.2016
өлшемі7.42 Mb.
#139372
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   15

37
Апта өтпей аяғымнан тік тұрдым. Демеуші сәлем-хат әсері ме, шет елдік қымбат дәрілердің күші ме, құлан-таза сауыққаным өз алдына, қайрат-күшім қабындап тұрғандай. Жармағым еске салған "өмірлік еңбегімді" біржола тиянақтап, жеріне жеткізу керек екен. Соңғы жеті-сегіз жыл орайындағы бар тіршілігіме мән берген ұлан-асыр жұмысымды бір жүйеге түсіріп, теледидардағы тұрақты соңғы хабар, өкімет шешімі, парламент мәжілісі, келген мен кеткен төңірегіндегі, дәл мен үшін қажетсіз, тіпті зиянды ақпарат атаулыдан аулақтап, тек көне кітап, ескі құжат, ала қағазбен ғана отырам. Жұмыстан тыс уақытта көзді жұмам, құлақты тарс бекітем. Бар уақытым жазу, ойлану, толғану, арасындағы ұйқы, тамақпен ғана шектеледі. Ақыры, айналасы тоғыз айда біржола жүйелеп, жинақтап, саралап, салғастырып, артығын алып, кемін толықтырып, ең соңғы редакциясында дайын қылдым. Жалпы көлемі бір мың үш жүз қырық бет, екі томдық түбегейлі еңбек – "Тарихтағы қыпшақтар" деген ғұмырлық кітабым баспаға дайын болған еді. Уһ, жалған, бұл күнге де жетіппін!..
38
Мен қатаң қадағалау астында ғұмыр кешіп жатқанымды бұрын да білген едім. Ал әлгі, кенеттен келген дәрігерлерден соң, сырттағы көзеу ғана емес, іштегі көрнекі әрі толық телебақылау шеңберінде екеніме күмән қалмады. Яғни, жүргенің, тұрғаның не, ваннаға түссем де, туалетке отырсам да қырағы көз жанарындамын. Әуелде тіксінсем де, тезінен бой жидым. Көрсін, қарық болсын, жасырын ештеңем жоқ. Жұмыс жасап жатқанымды онсыз да біледі. Қайта, жасы келген, жалғызбасты кісі, әлгіндей ауырып, сырқап қалсам, ешқандай қатер жоқ. Әйткенмен, басқан ізіңе дейін біреу сырттан көріп отырса, үнемі қолайсыз жағдайға түседі екенсің. Ең аяғы еркін түшкіре де алмайсың. Тым құрса, қақыратын, түкіретін дегендей жерлер азат болса ғой. Жоқ, бәрінен де көрінем. Әлдебір саңылау қалса, түбегейлі бақылауда мән де болмас еді. Десе де, көргіш тетіктер қай бөлмеде, қай тұста, қалай орналасқан – ешбір белгі, нышанын таба алмадым. Ақыры, аман-есен, ешқандай көлденең кесел, бөгесінсіз аттай бес жыл тұрған құтты үйімді жатырқаудың өзі сөлекет көрініп, ол да бүгін ғана басталмаған жіті бақылауды әдепкі нәрсеге балап, өзгеше жағдайыма көнуге тура келген. Әйтсе де әуестігім тарқамапты. Тек жүріс-тұрысым ғана емес, бар жазуым да жария сияқты.Төбеден тексеріп әуре болмайды, сірә, компьютерімнің өзі жалғас. Иә, сөз жоқ, жалғас. Күнделікті не жаздым, қалай түзеп, қалай үстедім – бар мәтін алақанда тұр. Яғни... келіп, қолымнан алмаса да, жолынан алуға толық мүмкіндігі бар. Жоқ. Өзі айтқандай, маған ғана керек шимай-шатпақты қайтсін. Әуелде қызықты, атын шығарар жолдың бір тармағына балады, қазір қалай көсілсе де құп, дабырасы жер жарады. Сол атақпен салыстырғанда тарихшы ғалым деген не, тәйірі. Әйткенмен, көз жеткізу қажет еді. Әрі... жұмыстың бітіп тұрғанын айғақтайтын соңғы нүктені ұмытқан екем. Отырдым да, екі томдық мәтіннің ең соңғы бетін ашып, ақыр түбіне: "Тәмам. 1961, февраль – 1999, май" деп белгі соқтым да, дәл осы беттің төменгі жағына сәл түсіріп барып, азат жолдан бастап: "Мәке! Сүйінші! Отыз сегіз жылдық жұмыс сәтімен аяқталды!" – деп жаздым. Келер мезетте... электронды пошта емес, күнделікті зерттеу еңбектің соңы, мен жаңа ғана әзіл үшін жазған сөздеріме тіркесе... күтпеген жазу шықты: "Жарайсың! Мен саған сеніп едім. Сүйіншің – тоғыз миллион теңге және... екі айлық саяхат. Келер аптада Еуропаға сапар шегесің. Германияда – арасан, Италияда – теңіз, Испанияда – бұқа сайыс. Дем ал, қырық жылдық қам көңілден тазар. Кітабыңды содан соң шығарасың. Жаңа зерттеулерге кірісесің... Айтпақшы, саған бұрынғыңа қосымша, тағы бір "Алтын кәртішке" тиесілі – қарымы қай тарапта да ұзын, төрт мұхит, бес құрылықта бірдей жүретін "Америкэн экспресс". Қайырымен болсын бәрі де. Өзің."
39
Ертеңіне көңілім хош, сергек ояндым. Еуропаға сейіл, еркін демалыс қуанышы емес. Соңғы бес-алты жылда төрт рет араладым, мен көрмеген не қалды. Маған кесімді тәбәрік үшін де емес. Қыздарым түгел үйлі, күйлі болған, өзімнің тамағым тоқ, көйлегім көк, соншама мол ақшаға самарқау қараймын. Бас банктегі әуелгі "Алтын кәртішкенің" өзі қалған ғұмырыма артығымен жетеді. Қуаныш – мәңгілік мұратымның үддесінен шығуым. Әлбетте, сонау 61-жылы, арманшыл студент, өркеуде аспирант – талап зор, сенім мол, алғаш бастап кіріскенде белгіленген меже тым жоғары болатын, қазақтың өткен тарихынан кемі сегіз, тоғыз кітап жасамақ едім, нәсіпке жазбапты, кінәсін заманға артқанмен, талайсыздық – өзімнен, әйткенмен тым құрса қалың бір кітап – белгілі кезең, терең тарих таңбаланған түбегейлі зерттеуді ойдағыдай жазып шығудың сәті түсті. Тәуба, шүкір деймін.

Асығыс тұрып, жуынып-шәйініп, күндегі әдетіммен, аш қарынға, бал қосқан жарты тостақ ыстық су іше сала, таңғы тамақты қоя тұрып, жазу столына отырдым. Түнде басынан аяғына, аяғынан басына түсіп, көңілім тоғайып, тамашалап біраз отырғаннан соң, мың үш жүз бірдеңе беттік үлкен еңбекті түгелімен, екі дана қағазға түсіріп, баспаға тапсырар алдындағы бар шаруасын тиянақтап едім. Бірден аңдамаппын, стол үстіндегі сол екі текше қағаз көрінбейді. Сірә, әуелгі қолжазбалар, қосымша дерек, көшірмелер жинақталған шкафтың ішіне қойсам керек. Немесе, тарихқа қатысты кітап сөрелерінің біріне. Уақа емес, қазір табылады, әуелі орнымнан тұрмастан, компьютерімді тағы бір рет тамашалап алайын. Аштым. Жоқ! Қолжазбам жоқ!.. Аудардым, төңкердім, жаптым, қайта аштым – қайткенде де жоқ. Түбір, көлеңкесімен. Түнде ғана тұрған мың үш жүз қырық бет таза мәтін түгелдей өшіп қалғандай. Бәлкім, ауысып астыға түсті, немесе бөтен файлда. Ақыр-тақыр таза шықты. Астыңғы қоржында және ештеңе жоқ. Анда да, мұнда да елесі көрінбейді. Монография ғана емес, күрделі зерттеуге қосымша барлық дерек, көшірме, жазба, әр кездегі әрқилы байлам, түйіндер, әуелгі, мақала кейіпті жеке тараулар – өткендегі бүкіл дайындық жұмыс, өз алдына дербес мәні бар құнды мағлұматтар, ең соңғы қаралай нұсқаға дейін түгел ғайып болған. Қаншама заман бойы сыр бермеген қайран компьютерім бастан-аяқ, жаңа туғандай тыр жалаңаш, құр сүлдер ғана болып шықты. Абалақтап орнымнан тұрдым. Ең соңғы үмітім – қолжазбалар жинақталған арнайы текше және кітап-қабырғалардың төменгі, бітеу сөрелері еді ғой. Жоқ, қойылмаған. Стол үстінен көшпек екі том қайда, қағазға түскен барлық көрнекі жазбалар да тұтасымен, бір парағы қалмай, түгел жоғалған. Қолжазбаларым тұрыпты, бейбіт сөрелердегі Ежелгі Қыпшаққа қатысты бүкіл деректеме, тарихнама қопарыла көшіп кеткен. Бірақ манағы қолжазбалар сияқты, орны үңірейіп тұрған жоқ. Тазарған сөрелерді жаңа әдебиет басыпты. Ескілік емес, осы заман туралы: егемен еліміздің мемлекеттік құрылым, парламенттік жүйесі, көп партиялық феномені, ішкі және сыртқы саясаты, әлемдік беделі... туралы әрқилы жинақтар; елбасының ғұмырбаяны, саяси ұстанымы мен сөйлеген сөздері; еркін республиканың тарихи қысқа мерзімде жеткен жетістіктері, тәуелсіздікке тірек, барлық игі істерге ұйытқы болған тұңғыш президенттің жол-сапарлары, осы орайдағы ұтымды келісімдер жөні, шет жұрттық саяси қайраткерлердің таң-тамаша лебіздері топталған арнайы жинақтар; өрелі елдің елбасыдан соңғы көрнекті тұлғалары туралы анықтама кітап, ең басында, жеке дара әкімдер мен ірі байларға жалғас – Жиған Нұрғазин мен Мүштар Мақановтың түсті суреттері мен толымды өмірбаяндары, бұдан кейінгі жалпы тізімдегі игілердің қатарына біздің Марат Қазыбеков та ілініпті. Бұдан соң ала-құла, әрқилы кітаптар: саясатқа дейін ақындыққа талап еткен Мүштар Мақановтың Қазақстанды алып космос кемесіне, тұңғыш президентті бар тетіктің тілін біліп, бәрін жіті басқарып отырған ұшқыр-космонавтқа теңеген, қара өлең мен ақ өлеңді астастыра, орысша үзіктерді қазақша желдірмеге жалғастыра, кеңінен толғап жазған "Космоформула" атты роман-поэмасы, қарымды қаламгер Кәкен Жүсіповтың парламент депутатығынан дәметіп жүрген бір кезінде көңіл ауанымен жазып тастаған "Хан мен Президент" атты толғау кітабы... және сол қатарлас қаншама қоқыр-соқыр. Ең соңында, соңында емес, төбесінде – біздің Жармақтың өткен қыста, мені шақырусыз қалдырған алпыс жылдық мерейтойына арнап шығарылған, "Алып тұлға" атты суретті, иллюстрациялы, энциклопедиялық үлкен том. Өзімнің нені жоғалтып, нені іздеп жүргенімді бір сәт ұмытып, көлемі табақтай, қалыңдығы кірпіштей үлкен кітапқа жармасыппын. Түрегеп тұрған қалпымда ақтара бастадым да, бажайлап қарау үшін дәл сол жерге, еденге отыра кетіппін. Алғысөз, ғұмырбаян, қоғамдық қызметі, әріптестер лебізі, ең соңында атаулы жиындарда, әрқилы кездеулерде, парламент мәжілістерінде сөйлеген сөздері. Ғұмырбаян онсыз да белгілі, жұртшылық лебізі – түсінікті, айтылған сөздер... естігеміз, оқығамыз, артынан тағы қарап өтермін, кітаптың бел ортасынан ауа басталатын, жылтыр қағазға түсті бояулармен басылған суреттер еді ең қызығы. Суреттердің соңғы, жаңасы емес, әуелгі, ескілері. Өтірігі жоқ, өсіруі жоқ, таза, табиғи қалыптағы нақты құжаттар. Міне, мынау – менің кәрі әжем. Бауырында өсіп едім... Қайран әкем, бақытсыз анам. Өзімде де жоқ, қырық жыл бойы көрмеген, баяғыда әлгі алаяқ, ұрлықшы сұм алып кеткен суреттер. Әйтеуір жоғалтпапты. Мынау – көкемнің соғыстан бұрын, ҚазПИ-де оқып жүрген кезі. Жап-жас, сымбатты, тұлғалы жігіт. Келесі суретте көкем және апам – басына бөртпе шәлі жамылған, биязы, нәзік келіншек. Сен туардан жарты жыл бұрын, қалаға барып, арнайы түстік дейтін. Енді міне, басқа біреуге телініп тұр. Мен жоқпын. Мұрат. Марат Қазыбековтың әкесі Бейсен, шешесі Жібек... Иә, рас, оның да қатысы бар... Міне, өзім. Яғни мен. Көкем соғыстан оралғаннан соң, 1945 жылы, алты жастамын. Астына... Мұрат емес, Марат деп жазылыпты. "Бала Марат." Міне, студентпіз. Студентпін. Екеу емес, біреу. Ай жүзді Балжан. Он жетіде, он сегізде, он тоғызда. Жиырма. Уылжып тұр. Екеуіміз жаңа танысқан кез. Міне, мынау – екеуіміз! Балжан жаңа толған айдай, көркем келбетті... Тауға барып қайтқан күннің ертеңіне... мәңгілік өмірдің алғашқы сәтінен естелік ретінде түсіп едік. Бірақ бұл жерде де Мұрат емес, Марат деп көрсетілген. "Марат пен Балжан. Үйлену тойы қарсаңында. 1963, көктем, Алматы." Бір-ақ әріп өзгерсе де, дүние асты-үстіне түсе бүлініпті... Міне, енді анық өзі. "Марат. Еңбек жолының бастауы. 1963, жаз." Шатыры дүңкиген, абажадай, жалпақ үйдің алдында тұр. Сірә, әлгі тері-терсек, жүн-қоқыр жинайтын мекеменің орталық қоймасы. Бұдан әрі... жүрегім төңкеріліп түсті. Мақсат! Менің жалғыз ұлым!.. Қырқынан жаңа ғана шыққан, шолақ көйлегі қарнынан түріліп, шүметейі шелтиіп, шалқасынан жатыр. Міне бір жаста. Балжан екеуі, бесте. Шешесіне көбірек тартқан екен. Әне, менен аумайтын бала – кішкентай қыз. Меруерт. Бұл енді... Мараттың өзіне ғана тиесілі. Мақсат, Меруерт, Балжан. Толықсыған келіншек. Міне, салиқалы бәйбіше. Маратпен бірге түскен суреті. Қырық жаста. Әлі де қыздай көрінеді. Тек менікі емес, басқаға тиесілі. İшім алай-түлей болып кетті. Бес-алты бетті қатарынан аудардым. Мен... емес, Марат екен. Заман түзу, яғни мен барымнан айрылып, кедей, кембағал жағдайға әлі түспеген... тәуелсіздік қарсаңындағы сурет. Менің азбаған, тозбаған қалпым. Ешбір айырғысыз. Айырма сол, езіле, елбірей аңсаған өзгеше күннен бастап өркен тартты ғой. Ұлдар төмендеп, ұрылар көтеріліп. Бұдан соң... бағы асқан Марат, Марат, тағы Марат... Мен жоқпын. Бизнесмен Марат, саясаткер, қайраткер Марат... Атаулы топта, отбасында, жекелей... Міне, биік мінберден сілтеп тұр! Кенет менің бұл Маратқа ешқандай қатысым жоғы, қатысым болса... жаңа ғана, жаңа емес, түнде шырт ұйқыда жатқанда, осы Марат барақат тапқан қырық жыл бойы бейнетке батып, ақыры кеше ғана тәмамдаған ғұмырлық еңбегімнің зорлықты ғайыбы есіме түсті. Қол көтере алмаған ауыр, үлкен кітапты сол жерде, еденде қалдырып, тізерлей, әрең тұрып, сүйретіле басып, жазу столыма қайта келдім. Компьютер манағы қалпы, ашық тұр екен. Тек жадағай емес, сұрғылт экранға жаңа таңбалар түзіпті:

"Еңбегің ешқайда кеткен жоқ. Ұрлады деп ойламассың, онсыз да алғашқы таңбадан бергі бар көшірмесі менде. Енді түгелдей алдым. Жарыққа шығару мәселесін ірке тұрған жөн. Мүштар Мақановпен арамыз қайта бұзылды. Надан ғана емес, түйсіксіз пәлеқор екен. Ешбір былғаныштан тайынбайды. Шу көтеруі сөзсіз, кесірі тиюі мүмкін. Сабыр ете тұр. Тым ұзаққа созбаспыз. Әуелі дем ал. Содан соң жаңа зерттеулерге кіріс. Ең ұтымдысы – бүгінгі Қазақстан. Керек әдебиетіңді түгел жеткізем. Қажет етсең, жазып беретін кісілер де табылады. Тек біздің фамилиямен таралуға тиіс. Мәселен, елбасының көреген саясаты туралы. Шағын болса да жеке кітап. Тым құрса, көлемді мақала. Біздің өзіміз үшін. Үлкен кісі мақтауға зәру емес, бірақ оң тілеуді ұмытпайтын мәрттігі бар. Менікі кеңес қана. Сенің орайыңа келеді. Өткенмен шендестіресің ғой. Мәселен, Абылай хан Ресей мен Қытай – жыртқыш екі империяның арасында епті саясат жүргізді. Біздің елбасымыз атқарып отырған жұмыс, жүргізіп отырған саясат одан әлдеқайда күрделі. Ресей – Америка – Қытай. Беріден қарағанның өзінде. Қалғанын айтпаса да білесің. Алдағы уақытта ештеңе тындырмай-ақ, денсаулығыңды күтіп, бос жатсаң да разымын. Ал әзірге... қырық жылдық марафоннан соң екі-үш ай дем аласың. Әуелгі жоспардағы Еуропа емес. Әлемнің басқа бір тарабындағы экзотикалық аймақтар. Айталық, Мысырға барсаң. Ежелгі Египет перғауындарының алып пирамидаларын армансыз тамашалайсың. Суреттен көргендей емес. Мүлде басқаша. Қандай құдірет! Неше мың жылдық тарих. Солар да өткен дүниеден. Сол Египет те құлаған. Үйілген тасы ғана қалды. Немесе, Орталық, Оңтүстік Америка. Әстектер, майя мен инктер. Қандай мәдениет, қандай халықтар! Олар да көшкен жер бетінен. Өмірдің заңы, тарихтың үкімі. Қазақ деген не, осындай ғаламат тарих, ғажайып халықтармен салыстырғанда. Шындықты мойындау керек. Тап сенің жазуыңа қарап тұрған ештеңе жоқ. Жылап, зар төге бермей, бүгінгі күнмен дәурен сүр. Екі қайтара тумайсың, өткен-кеткен және келешек тарих сенің еркіңе бағынбайды, халқыңның тағдыры сенің қалауыңнан тыс шешіледі. Ендеше, бүгінге дейін өнімсіз болса да жұмыстың қызығын көрдің, енді қалған ұзақ ғұмырыңда тұрмыстың қызығын көр. Түсінсең, баянсыз тіршіліктегі жақсылы-жаманды атақ – айтарға ғана. Жұрт жамандағаннан өлген кісі жоқ, мақтап, мадақтағаннан мәңгі жасаған ешкім тағы жоқ. Тіршіліктегі атақ-абырой, тіпті, қисапсыз байлық пен ең үлкен биліктің өзі өмірді жеңілдететін құрал ғана. Қайткенде де сенікі. Ал өлгеннен соңғы даңқ – саған мүлде қатыссыз. Өмірден өштің, кейінгі есімің – шартты белгі ғана. Тарихты танығаның рас болса, осы сөзіме бас қоясың. Үлкен еңбегіңді ойдағыдай тәмамдадың, көңілің жайланды, өмірлік мұратыңа жеттің. Бүгін бақыттысың. Ертең, өзің жоқ болсаң, бұл бақыт қайда қалады? Ақырғы зейнетің мәңгілік емес. Бүгінгі барыңмен салыстырғанда. Жарғақ құлағы жастыққа тимей, тынымсыз тыпырлап жүрген менің де бар қызығым бүгіндік қана. Ендеше, тәубаға кел, ақыл ойла. Өзің."


40
Ежелгі Египеттегі перғауын пирамидаларын көрдім. Менде әуестік жоқ еді. İш тарта таңырқау ғана бар. Содан соң мұң, шер. Бұрын әжептәуір мағлұматым болса да. Көзбен көргендей болмайды екен. Тамашалағам жоқ, жабықтым. Болған, толған, өлген. Тастан тау тұрғызар перғауындар емес, ғаламат мемлекет құрған, мәдениетке, құдыретке жеткен халық. Екі мың, үш, төрт мың жыл жасаған. Сән, салтанат құрған, өкімі жүрген. Ақыры қартайған, тозған, жер бетінен көшкен. Жеке кісілер ғана емес, тұтас халықтар да өледі екен. Тау қопарса да, тас жарса да. Сонда мына ғажайып ескерткіш не үшін. Арттағыға белгі, атаулы мұра деген не. Кейінгілер үшін қызық. Өткендер үшін алданыш емес. Кетті – бітті.

Месо-Америкаға бардым. Майя, әстек... Тағы да жансыз, тілсіз, көне ескерткіштер. Күңіреніп тұр, қаңырап тұр. Иесіз. Халықтан жұрнақ та жоқ. Мезгілімен қартаймаған, тозбаған, уақыты жетіп өлмеген, сырттан келген апат нәтижесінде келтесінен қиылған. Қырылды, жойылды, жоқ болды. Тасқа түскен ізі ғана қалды. Одан өткен жұртқа не пайда. Ал, зерттеп жатыр, ашып, танып, айқындап жатыр. Кеткен ел қайтып орала ма!..

Ойлап тұрсам, біздің халық кешкен жол – осы соңғы нұсқа. Тапады, жаныштады, қырды, тек түгесіп үлгермеді. Ендігі шаруа – уақыт иелігінде. Күтпеген, көлденеңнен сыйға тартылған Тәуелсіздік деген айнадан нақты көрініп тұр – ұлы денең жазылмас сырқатқа ұшыраған. Ұлтсыздық деген. Мый құрты. Өзіңді өзің жұлып жеп бітіретін. Дерттің біржола дендеген пішіні. Үкімің шығарылған, болашағың кесілген. Күмәнің болмасын. Өзін өзі өлтіруге бекінген сырқатты кім тоқтата алады. Он екі мүшесі бүтін, қайраты қабындаған жас жігіт болса да. Ата-ана, ағайын туысы күндіз-түні аңдып отырса да, ерікті өліміне жол табады. Ал сені күзетіп отырған көлденең ешкім жоқ. Серпіл, тіріл, өмірге қайта орал деген кісінің бәрі жау көрінеді. Ендеше, тарихын танытам, еңсесін көтеріп, елдік санасын оятам деп жүрген сенікі бос әурешілік қана емес, есалаң ақымақтық. Өнбесі өз алдына, ғазиз басыңа пәлекет келтірер, ақыры тапа-тал түсте көрге түсірер ғапыл іс.

Екі тараптағы екі айлық сырлы сапардан соң, дүниеден баз кешіп, яғни есім кіріп, біржола сауығып қайттым.


41
Сауықтым деп шамаладым. Жоқ, дертіме дерт қосыппын. Ешқашан оңалмас, қайтсе де жазылмас. Ұлтсыздыққа қарама-қарсы – ұлтшылдық дерті... Ал жарайды, елің – иесіз, азаматың – санасыз екен, халқыңның тағдыры кесімді екен. Сонда... сен не үшін өмір сүрдің? Бар ісің теріс, теріс емес, қажетсіз болса, саналы еңбектегі қырық жыл бойғы бүкіл ғұмырың зая кеткені ғой. Сын кезең, алмағайып сәтте сенен бөлініп шыққан жармақ Мараттың жолы дұрыс болғаны ғой. Келісу қиын еді. Келіспес жөнің тағы жоқ... Жоқ емес. Өйткені сенің бар ісің жөн. Мейлі, халықтың жайын ұмыта тұрайық. Бұл – ғылым ғой. Зерттеу, таным. Көне Мысыр туралы Египтология деген тұтас бір ғылым бар. Адамзаттың ежелгі тарихының бір саласы. Жоқтау үшін емес, білу үшін. Өткенді тірілту үшін емес, өрісіңді кеңейту үшін. Әстек, майя, төлтек, сапотек... Америка құрылығының байырғы жұрттары туралы тағы қаншама зерттеу. Сол халықтарды құртқан жендеттердің бүгінгі ұрпағы тарапынан. Тіпті, Америкаға ешқандай аласы, бересі жоқ, ай даладағы, бейбіт чех халқынан шыққан Мирослав Стингл деген жазушы қызғылықты дерек, байыпты толғамдарға құрылған тамаша кітап қалыптаған. Өтіп кеткен үндістердің рухын көтеріп, жаңадан ту тіккен еркін ел болуы үшін емес. Ғылымның қамы да емес. Өзі үшін. Ендеше, мен келешегі қалай десең де, болған, толған, дәурен сүрген қазақ деген халықтың өткеніне қатысты, көз майын тауысқан қырық жылдық күрделі еңбегімнен неге бас тартам!..
42
Тағы да ойладым. Өзім үшін емес екен. Яғни жеке бастың пайдасы жолындағы есеп немесе азабым. Бас пайдамды ойласам, тіршілік жөні көп еді. Тіпті, Мараттың жолын қумай-ақ, өз тарабымнан. Алдымда тұрды емес пе, бұралаңы, оппасы жоқ, даңғыл жол – докторлық дәрежеге, академик мәртебесіне тура бастар. Қазақтың түбіне жеткен советтік коммунизмнің кез келген тақырыбын ал да, өтірікті жүндей сабап, қарыс сүйем кітап шығар. Бәрін аласың. Ақыры мұзға отырасың. Кешегі шындық – бүгін жалған. Әуелде жалған болғандықтан. Манағы үлкен есеп те қате шықты. Ал менің есебім әуелден түзу, байыбым тыңғылықты. Бес күндік шолақ есеп емес, үш күндік, өнімсіз, өткінші байып емес, алдамшы пайдаға және құрылмаған. Қатесіз есеп, тозбас пайда. Мараттар қалай бағаласын, Мақандар қалай бұрмаласын, ақыр түбі дұрысқа шығар. Анығы сол. Менің өмірлік мұратым, қырық жылдық еңбегім өзінің межелі нәтижесіне жетуі керек. Яғни тасқа басылып, жарыққа шығуға тиіс.
43
Және ойладым. Рас, сенің халқың да мәңгі жасамайды екен. Мәңгі жасайтын кісі де жоқ. Адам өмірі шектеулі. Халықтың ғұмыры мың жылдық дейік. Соған жүз-ақ жыл қалсын. Жеке бір кісінің өмірі одан да кем. Алпысқа жеткен сен енді жиырма жыл жүресің бе, жоқ па. Мүмкін, бес-алты жыл, бәлкім, бес-алты ай. Мейлі, он, отыз болсын. Тіпті, жиырмаға жаңа келген жас екенсің. Сонда, енді алпыс жылдан соң өледі екем деп, өмірден баз кешпейсің ғой. Жоқ. Неше жасқа келіп отырсаң да, өміріңді ұзартар амал іздейсің. Қай межеде тұрсаң да, қанша ғұмырың қалса да, ақыр өледі екем деп, өзіңе өзің көр қазбайсың. Өлім жайын емес, өмір қамын ойлайсың.

Ендеше, аз жасасын, көп жасасын, кез келген этнос өмір шырағын, өмір жарығын қамдауға тиіс. Сен сол алауға қуат берер көп шырпының бірісің. Міндетіңді ұмытпа.

Сөйтіп, кітап туралы ойға біржола бекідім.
44
Қарап тұрсам, күш – менің Жармағымда емес, өзімде көрінеді. Бұған дейінгі тіршілігімді қамтамасыз етіп отырған – Марат деп ойлаушы едім. Сөйтсем, керісінше. Әуелде мен бөлінгем жоқ, ол бөлінді. Мен – бүтіннің негізгі, түпкі жартысы. Ол – бүтіннің қосалқы құрамы. Менің бар болмысым өзіме ғана тиесілі. Егер ол кездейсоқтан, немесе тура келген ажалдан өле қалса, мен осы жарты күйімде жүре берем. Мен өлсем... ол жарты қалпында ғұмыр кеше алмайды. Сондықтан да күш қана емес, билік те менде. Сондықтан да, бар бітімі қарама-қайшы бола тұра, жек көре, тіпті, жирене тұра маған қызмет жасауға мәжбүр.
45
Жармақтың баяғыда, екеуіміз бірге жасаған кездегі ғұмырын жақсы білсем, менен соңғы тіршілігін біршама танығандай едім. Екеуіміз қайтадан кездесіп, жаңадан одақтасқаннан бергі іс-әрекет, қызмет-қарекеті туралы мүлде дерлік бейхабар қалыппын. Ұзын сарын, жалпақ нобайы ғана. Мен өзімнің ескі тарихыма көміліп жатырмын, алды-артыма қарайлауға, үстірт те болса, бөтен бір кептегі ішкі істерін байыптауға уақыт та, ынта да жоқ, әйтеуір арам атақ пен алдамшы мансап жолында тыпырлап жатыр, айла-тәсілдерінің жалпы сұлбасы белгілі, өз тұрғыластарымен қарайлас, тым таза болмаса да, үйреншікті, қалыпты жағдайда шығар деп шамалайтын едім. Енді, екі әлемді аралаған, өзімнің дәл қазіргі сәттегі ахуалымды таразылап, болашақ қимыл жоспарымды ойластырған, көбіне ешқандай әрекетсіз, бос жатқан күндерімде Мараттың алпыс жылдық мерейтойына орай жасалған энциклопедиялық жинағындағы, көзге ыстық, көңілге мұң суреттерді – бәрін емес, Мақсат пен Балжанды сағаттар бойы телміре қараудан жалықпасам да, бір күні негізгі, мәтін бөлігін ақтарыстап отырып, әлдебір тосын тұсына назар аудардым, азғана дағдарыстан соң қайта үңіліп, бастан-аяқ мұқият оқуға кіріскен едім. Оқыған сайын одан әрмен түршігіп, ақыры төбе шашым түгелдей ағарып кеткен. Мараттың қоғамдық қызметі, жаңа бастамалары туралы рет, кезегімен баяндалған мағлұматтар менің Жармағымның кім екенін толық әйгілеген. Күні бүгінге дейін көбін білмеппін. Білгенім – бергі жағы, сыртқы көрініс қана екен. Бұдан үш-төрт жыл бұрын, жатқа беріліп, жалт бұрылған әуелгі қадамынан кейінгі бар сұмдығын танысам... қайтер едім? Ол тоқтамаса, мен молшылықтан бас тартып, қайтадан қайыршы кебіне түсем бе? Ол тоқтамас еді, мен де осы қалпымда жүре берер едім. Пендеде сондай әлсіздік болады. Сол кезде анық аңдасам ғой, өзімнің жетекші жағдайымды. Енді бәрі де кеш. Бәрін өткізіп алдық. Өтіп кетсе де, кеш те болса, жағдайды түзетуге... емес, бұдан әрі былғанбауға мүмкіндік бар. Әйтсе де, ең әуелі өзімнің жеке басыма қатысты шаруаны тындырып алу қажет. Әрі күш-қуатымды сынға салу. Көрейін енді.
46
Электронды пошта арқылы, жаңа билігіме сай, нақты талапқа құрылған шағын жолдама кетті:

"Бардым, көрдім, мәңгілік ештеңе жоқ екен. Халықтар өшеді, адамдар өледі, мәңгілік – артта қалған белгі ғана. Мен де өлем. Артымда қалатын белгі ескерткіш – "Тарихтағы қыпшақтар" атты түбегейлі зерттеу. Тақаудағы екі апта ішінде өзгеріс, қысқартусыз, сол қалпында, бес мың дана таралыммен, сапалы қағазға, қымбат мұқабамен жеке екі том ретінде бастырып шығармасаң, менің жер басып жүруімнің қажеті болмағаны. Өзім."


47
Біздің Жармақ менің айрықша басымдық жағдайымды өзімнен бұрын таныған. Әйтсе де, өзін емес, мені тәуелді санапты. Қарсылық жасайды, бұра тартады, кесе-көлденең бүлік шығарады деп ойламаса керек. Сонымен қатар, туа біткен мінез – алған бетімнен қайтпайтын, табандылық демейін, қиқарлығымды жақсы біледі. Ал шындығында, мен ең үлкен қаруымның шетін ғана шығарғам. Көрді, бірақ қасақана деп ойламауға тиіс. Әншейін, сөздің мысалы. Өмірлік еңбегім жарыққа шықпаса, өмірдің мәні қалмайды деген сарында. Яғни, реніш үстінде айтыла қалған бір сөз. Шындыққа айналып кетуі – екінші бір мәселе. Оның да, іске асатын емес, іске қосылатын күні туады. Әзірше, бірлік кезеңімізде пенделік доңайбаттың өзі жетіп жатыр. Жане талабым да заңды. Жаздық, енді жарыққа шығуы керек.

Марат қалай ұқса да, менің шыдамым шегіне жеткенін аңдауға тиіс. Мүмкін, ашу, ыза үстінде қияли болып кетермін. Есімнен адаспасам да, жүрегім талығып, денсаулығым нашарлап... қараптан-қарап өліп кетуім мүмкін ғой.

Арада жиырма минут өткенде қажетті жауап келді:

"Баспа екі аптада үлгермейміз деп отыр. Үш апта. Өзің."


48
Оншақты күннен соң арнайы шақыру бойынша атаулы баспаға соғып, директорымен бірге типографияға бардым, терімі қалыптанып, басылып біткен, енді табақтары бүктеліп, тігіліп, түптеуге шығарылған кітабымды өз көзіммен көрдім.

– Екі томды қатар жасап жатырмыз, әрқайсысы бес мыңнан, – деді директор. – Сізге авторлық он дана. Қалғаны ақша төлеуші фирмаға тиесілі.

– Ақшасын өзім де төлейтін едім ғой, – дедім мен. – Онда қосымша...

– Болмайды, – деді директор қатқыл үнмен. – Жасалған нақты шарт бар. Қожалық, айттым – "Қазыбек" фирмасында. Біз – орындаушы ғана. Бар кітабыңызды соған өткіземіз. Келісім бойынша. Арғы жағын өзіңіз білесіз.

Хабарласып отырмын. Тағы үш күннен соң мұқабасы әзір болды, түптеле бастады. Одан кейін дайын кітап топ-тобымен қатталған қалпында пресс астында тұруға тиіс еді.

– Қағазы қобырап, мұқабасы қаңсып кетеді демесеңіз, қолыңызға қазір тигізуге болады, – деді менің дегбірсіз жағдайымды аңдаған директор.

– Уақа емес... – деп барып, өзімді әрең тоқтаттым. – Қырық жыл күткен еңбек, – дедім. – Енді төрт күнге шыдармын. Кітап бабына келген соң алармын...



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   15




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет