Бұл ойқы-шойқы, шимай-шытырық жазбалар көпшілік жұрт үшін елеусіз, бәлкім мүлде белгісіз қаламгер, шын мәнінде бұрынғы-соңғы алаш руханиятындағы ең алып тұлғалардың бірі Иман Қазақбайдың архивінен табылды



бет13/15
Дата16.06.2016
өлшемі7.42 Mb.
#139372
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   15

49
Міне, аппақ қағазға баданадай, айқын, әдемі әріптермен басылған, қалыңдығы екі-екі еліден – төрт елі, әрқайсысы алты жүз беттен астам, қос кітап қолымда тұр. Менің бүкіл ғұмырым. Азап пен бейнет, қасірет пен қайғы ақыр түбі қуанышқа бастады. Әсіресіз шыны, Қазақстандағы тарих ғылымы үшін үлкен құбылыс. Көп ұзатпай, орыс тіліне аудартсам, әлемдік ғылыми айналымға түскелі тұр. Бірақ басты мәселе танылуда емес, тындыруда. Қазақ үшін жазылды, қазақтың кәдесіне жараса, одан артық не керек. Әзірге менің жеке үлесіме тигені – он комплект, қос томнан жиырма кітап. Бәрі бірдей болса да, әрбір данасын алып, жаңа еңбектеген сәбише, тістеп көрмесем де, маған соншама жағымды, жұпар есепті типографиялық бояу иісін құмарта жұтып, тап-таза, қалың көк мұқабаны қайта-қайта сыйпап, сыртындағы күмісті, ірі жазуын жүз мәрте, ризашылық, масаттықпен қайыра оқимын, іші сырлы таңбаларға толы кітабымды ақтарып, аударып, төңкеріп қараймын, әрбір сөз, әрбір әріп, үтір, нүктеге дейін, өткен өмірімнің қайта оралған өзегіндей. Әр кітап – жаңа бір ғұмырым сияқты. Жиырмасын түгел жайып, стол үстіне қатарластыра қоям, одан соң қос-қосынан бөліп жинаймын, қайтадан жазамын, екі томды екі бөлек етіп, текшелеп қалаймын. Тағы да столдың бетін толтыра жайып қоямын. Ұзақ өмірдегі ең бір жұлдызды сәтім екен.

Ақыры, үш-төрт күн армансыз қызықтаған соң, өз аяғыммен апарып, қосар екі данасын Ғылым Академиясының кітапханасына, тағы екі жұбын Ұлттық кітапхананың ділгір әдебиет бөлімі мен жалпы оқу залына тапсырдым. Енді бірін тіркеулі қызмет орным – Тарихты зерттеу орталығына, және бірін өзім дәріс тыңдап, ғылымға жол ашқан Университет кітапханасына өткіздім. Дүниенің бар байлығы өз қолыңда тұрғандай, бұл да бір өзгеше мәртебе екен.

Бірақ менің қуанышым ұзаққа созылмады. Күн-түн демей, құнығып, өз кітабымды өзім қайыра оқып отырғанымда, библиографиясынан сырт көзге елеусіздеу бір қате шыққан. Қатарлас тұрған екі нұсқаның сілтеме беттері ауысып кетіпті. Сірә, өзімнен. Мұндай оқыс кінәраттар болады. Және одан ештеңе бүлінбейді. Алайда, маған өз кезегінде сілтеме жасайтын кейінгі зерттеушілер жаңылмауға тиіс қой. Үйдегі кітаптарды қолмен оңдадым, қалғанын да түзей салмақ едім. Бірақ кешегі кітабым бүгін Ғылыми кітапханада жоқ болып шықты.

– Иә, әкеп тапсырғансыз, – деді меңгеруші. – Әйтсе де... орнында жоқ. Сірә, біреу танысуға алған. Бірақ... тіркеуде, тағы жоқ. İздейміз, табамыз...

Ұлттық кітапхана турасын айтты.

– Сондай құнды кітап... біз каталогқа енгізгенше қолды болып кетіпті. Ұяттымыз, әйткенмен амал не. Айтпақшы, өзіңізде бар шығар, тағы біреуін әкеп берсеңіз, ықтиятты боламыз, бүджетте ақша бар, керек десеңіз, әуелгісінің құнын қосып төлейік...

Бұл екі кітапханаға енді біреуден емес, он, жиырмадан әкеп берсем де, ертеңіне ғайыпқа айналарына көзім жетті. Басқа кітапхана, оқу, ғылым мекемелерінің қоймалары да пана болмақ емес. Кітап киллерінің құрығынан қашып құтыла алмайсың... Сөз жоқ, біздің Жармақтың нұсқауы. Енді қалған, өз қолында тұрған төрт мың тоғыз жүз тоқсан жұп – тоғыз мың тоғыз жүз сексен кітапты қайтер екен...

Апта өтті, ай өтті, өзі уәде бергендей, ешбір кітап дүкеніне түспеді. Шеткері түгілі орталықта, Алматыда. Біразы облыстық кітапхана, әр тараптағы жоғарғы оқу орындарына берілуге тиіс еді. Өзім туып-өскен Арқада, Марат бауыр басқан Оңтүстік өңірде ешбір дүкен, кітап қоймаларынан ешқандай дерек шықпады. Яғни, бес мың таралым, бес мың түгел емес, менің қолымда қалған төрт данадан басқа барлық кітап жоқ болған. Біржола жоғалған. Бар ісі маған керағар Жармақтан бұдан басқа не күтуге болатын еді. Қаласа, тіпті, менің қолымда қалған төрт данасын да оп-оңай әкетеді. Бірақ тағы да апта өтті, ай өтті, ең соңғы төрт кітап жоғалмады. Бәрібір, ешқайда қашпайды деген. Әзірше қолында тұра тұрсын. Келіп-кетері шамалы. Тек сыртқа шығармасын. Сөйтіп, менің қырық жылғы еңбегім, бар ғұмырым жоққа сайды. Дүниенің тұтқасы – біздің Жармақтың қолында екен. Менің ғұмыр жіптігім – жалғыз жаннан басқасы.


50
Ойым онға бөлініп, әрі-сәрі кепте пайғамбар жасына жетіппін. Алпыс бір. Алпыс атаусыз қалып еді. Айтатын ештеңесі де жоқ. Енді алпыс бір... ілтипатқа шығыпты. Алпыс бірдің өзі емес, соның кейінгі қырық жылы. Яғни менің ғылыми қызметімнің қырық жылдығы. Біздің Зерттеу орталығының орынбасар төрағасы Қаражұмановтың өзінің басшылығымен арнайы комиссия құрылған екен. Мен марапат атаулыдан бас тартқан соң, сыртында "61 – 40" деген сары-ала таңбасы бар құттықтау қағазды жұмыс орнымда, өз қолыма әкеп тапсырды. Қасында дәл өзіндей тағы бір сұқит бар. Есіктен кірмей-ақ елбіреп, екі жақтап құшақтап, бет-аузымды бұзау жалағандай қылған. Не үшін келгендерін ұмыта жаздап, арқадан қағып, өтірік күліп азғана тұрған соң, басыма тақия кигізіп, қолыма адресін ұстатып, қосарласа тұтығып, әжептәуір мадақ сөз айтып еді. Ертеңіне "Ғылым жолына бағышталған қырық жыл" деген арқандай тақырыппен, әлгі еркін құттықтау негізінде жазылған біршама көлемді мақала, баяғы компартиядан мұра болып қалған, заты сол қалпы, аты азғана өзгеріп, "Социалистік Советстан" орнына "Егемен Нұрстан" – күні кеше ғана мені елден шыққан сұмырай қылып көрсеткен өкіметтік газеттің бел ортасын ойып, осы, Тарихты зерттеу орталығының орынбасар төрағасы, доктор, профессор, еңбегі сіңген қайраткер Алдабек Қаражұмановтың атынан жарияланып еді. Мен білімдар, жаңашыл, зерделі, қажырлы, үлкен ғалым екем. Тарихты терең түбінен бері төңкеріп бітіп, егемен еліміздің жаңа шежіресін жасауға бет бұрыппын. Бүгінгі қазақ руханиятындағы тұрлаулы тұлғалардың бірі көрінем!.. Пай, пай! Мұндағыларға қанша төлеп, андағылардың тілін қалай тапты екен біздің алаяқ бауыр? Кеше ғана менің үстімнен жалақор арыз жазған кісі, алдыңғы күні ғана адамның ақылы жетпес жала жауып, мені жер бетінен аластамақ болған баспасөз! Шынында да, ақшаға сатылмайтын нәрсе жоқ екен. Алпысты ұмытқан Жармақтың алпыс бірге соншама шашылуы – әрине, менің көңілімді аулау. Сонда мені де сатылады деп ойлай ма екен. Иә, баяғыда сатып алған. Кейінгі есебінің сәл-пәл қателігі болмаса. Маған шынымен жағынғысы келсе, кітабымды жарыққа жіберу керек еді. Кітап – атақ үшін деп ойлайды, сорлы. Енді сол атақты тегіннен алып бермек. Негізі, дәйегі қайда. Құр сылдыр сөз. Өйткені мен шынында да ештеңе бітірмегем. Бітірсем – желге ұшқан. Әуелгі зерттеу – жұлмаланып, күзеліп "түзетіліп", ішіндегі бар нәрінен айрылып, шынашақтай ғана кітап болып шығып еді, соның өзі сұмдық көрініп, тарамай жатып кәмпескеге түсті. Яғни, шыққан жоқ, жазылған да жоқ деңіз. Кейінгі, қырық жылға жуық зерттеудің қорытынды түйіні – көрнекті екі кітап, баспадан өте салысымен, өкіметтің қысымы, КГБ-ның тезіне түспей-ақ, ол да жоғалды. Яғни, болмаған есепті. Сонда не қалды? Арыдағы, шектеулі, академиялық басылымдар ішінде жатқан, өзім де ұмытқан төрт-бес мақала, берідегі, тырақай аттанға өзек болған, газет-журналдық тағы бірер шолақ мақала. Әуелгісі – тарих емес, тарихқа кіріспе, соңғысы ғылым емес, танымдық деректеме ғана. Жинақтап келгенде, түк те жоқ екен. Болатын еді – темір тордан шыға алмады, болған еді – жөргегінде тұншықтырылды. Ғылымы тұрыпты, өзінің жарық дүниеде болғаны екіталай. Ендеше, бұдан әрі өмір сүрудің де жөні жоқ.
51
Түгі жоқ тұлдырсыз тарихшы, қалтасы тесік жалған байшыкеш, қатардағы қарапайым пенде мына мен – Мұрат Қазыбеков, көлденеңнен жарты қасық май жұққан қисық ауызым алтын көрініп, осыншама мадақталып жатқанда, мансапты төре, шылқыған бай, жалғыз Алдабек емес, бүкіл Қаражұмандар әулетін ата-бабасының көрдегі сүйегімен қоса сатып алуға мүмкіндігі бар, аузы ғана емес, арам тесігіне дейін алтынмен кемерленген, көрген, естіген жұрттың бәрі менің сыңарым деп білетін арамза Жармақ – Марат Қазыбековтің тоқтау бермес атағы аспанға шығып, мерей, мәртебесі күн озған сайын күшейе түсті. Аталы, текті әулеттен. Әке-шешеден ертерек айрылса да, өзін өзі тәрбиелеп, өзін өзі жеткізген. Жас күнінен-ақ халық ортасына сіңісті. Жалпы жұртқа жұғымды. Алғашқы қадамынан бастап шаруашылық саласында, нақты еңбек жолында қызмет атқарған. Өзінің ерекше қабілетін, айрықша іскерлігін танытса да, тоталитарлық жүйе үнемі алдынан талқы құрып, басқару саласындағы қызметке өткізбеген. Соған қарамастан, алған бетінен қайтпаған. Мансап жолын емес, халқына қызмет жолын ұстанған. Тар заманда, жоқшылық, жаппай дефицит кезінде бұқара жұртты қажетті тұтыну тауарларымен қамтамасыз еткен. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап, ұлттық байлық қорын жасау тарабында жемісті нәтижеге жеткен. Енді міне, алаштың ардагер ұлдарының бірі. Сонымен қатар, шынайы интернационалист. Елдегі елу жұрттың бәріне ортақ қайраткер. Жастарға ұстаз, жалпыға көсем. Адал, шыншыл, әділ. Қамқор, қолдаушы, демеуші. Бар байлығын халқының игілігіне жұмсап жатқан жомарт. Егемендік тұғыры түбіндегі әрі тірек, әрі сая бәйтеректердің бірі. Бүкіл еліміздің мақтанышы...

Иә. Басқасы басқа. Бар ісі туған жұртына қарсы бағытталған жалмауыздың өзі – ұлттың мақтанышы екен. Өз халқына қарсы қылмыскердің сол халықтың ең үлкен құрметіне жетуі – тек бізде ғана мүмкін болған жағдай. Бұл тарапта, шынында да, әлемнің алдында екенбіз.


52
Егемен елдің тірегі, ұлт мақтанышы Марат Қазыбеков тұтас бір жылға созылған, екінші жылға ұласқан мерейтой дабырымен астастыра, жаңа бір бағдар танытты. Жаңа емес, бұрынғыға үстеме. Кейінгі кезде әдебиет, тарих тарабындағы кейбір ұлтшыл, кертартпа элементтердің кесірі біздің күні бүгінге дейін халықтар достығының лабораториясы болып отырған көп ұлтты отанымыздағы халықтар бірлігіне қылау түсіре бастапты; түскен жоқ, түсуге мүмкін. Мәселен, кешегі "Темірқазық" журналының бағдарламасындағы ұлтшылдық біздің халқымыз үшін сырттағы Солженицын мен Жириновскийдің шовинизмінен әлдеқайда қауіпті депті. Өйткені, ол – сырттағы, тыңдамаған құлаққа жетпейтін, әншейін абың-күбің әңгіме, ал мынау – бізді іштен ірітетін, және күн озған сайын асқына беруге мүмкін іріңді кесел. Бұдан әрі біздің Жармақ осындай қатерлі кеселдің түп-негізі, шығу себебі, келешегі мен мүмкіндігі төңірегінде сөз қозғайды. Бізді жағадан алып, етектен тартып, кері қарай әкетіп бара жатқан, бұрын кеңпейіл халқымызда болмаған, болса, анау 20-жылдардың орта тұсында тамырына балта шабылған мұндай келеңсіз құбылыс қайдан шықты десеңіз, бұл – елбасымыз алып берген тәуелсіздікті теріс түсіну және сол кісінің қажыр-қайраты арқасында елімізде қалыптасып отырған демократиялық құндылықтарды аяқ асты етуге тырысу нәтижесі. Бүгінгі қазақ ұлтшылдары егемен жұртымызда тарихи қалыптасқан демографиялық тепе-теңдікті бұзғысы келеді. Ол рас, ұлы орыс халқының ағалық қамқорлығы арқасында, тек үлкен Отан шегінде ғана емес, бүкіл әлем алдында десек артық болмайды, өзгеше теңдік заманда халықтар достығының лабораториясы атанған Қазақстанда, 1959 жылғы халық санағы бойынша, қазақтардың үлес салмағы небәрі отыз пайызға да жетпейтін. Ал содан кеміп кеткеніміз қане? Керісінше, тың көтеру науқанының дәуірлеген кезеңінде үлес салмағы одан да төмендеп, жиырма жеті пайызға түссе де, қазақтың атақ-абыройы көтерілді. Республикадағы барлық халықтың, оның ішінде ұлы орыс халқының қажыр-қайраты арқасында астық молшылығы жасалды, нәтижесінде тұрмысы түзелген қазақ халқы да өсіп-өнді, ақыры, тәуелсіздік қарсаңында жалпы санымыз республика халқының отыз бес пайызына жетіпті. Табиғи өсім нәтижесінде, жолдастар. Бұдан соң, егемендік дәуірде одан әрмен өрлеп жатырмыз. Міне, азғана жылда халқымыз тағы да еселеп өсті. Өссін. Өспесін демейміз. Мен ұзын санын айтып тұрмын, мырзалар. Бізде келмеске кеткен кер заманнан қалған бір дерт бар. Процентомания деген. Күні кеше өздерін еркін, яғни республика заңдарынан тыс деп есептейтін бір газетте "Алақай, қырық бірдеңе пайызға жеттік!" – деп дабылдатып жатыр. Байқайсыздар ма, пәлен миллионға емес, пәлен пайызға. Ал, пәлен пайыз екен. Одан сіздің кішкентай халқыңыздың саны көбейіп кете ме? Неше пайыз болса да, сол қалпында қалмай ма. Яғни, жолдастар, процент қуудың астарында басқа бір жымысқы саясат жатыр. Саның өспесе де, пайызың өсу керек сияқты. Яғни, өзің көбеймесең де, басқалар кемуі қажет! Міне, гәп қайда. Яғни, бағанағы бір көрімге бейкүнә пайыз – егемен елімізді мекендеп отырған басқа жұрттарды, ең алдымен орыс тілді қауымды жаппай қысым арқылы ерікті және еріксіз түрде ығыстырып шығарып, қайткенде де Қазақстан шегінде көпшілікке айналу! Айттық, көбейіңіз, ешкімнің қарсылығы жоқ. Бірақ өз есебіңізден, яғни табиғи өсім арқылы. Басқаларды жылы ұясынан тықсыру нәтижесінде емес. Рас, көпе-көрнеу ешкім де қуып жатқан жоқ. Бірақ көзге көрінбес мәжбүрлеу бар. Сонымен қатар, жұртымызға жала жаба бермейік, объективті себептер де болды. Егемендіктің бастауында, нарықты экономикаға көшер қарсаңда, және көшкеннен соң, бір жағы тұрмыс таршылығы, ең бастысы – болашаққа деген сенімнің азаюы, яғни, қазақ ұлтшылдары ұлы орыс тіліне тыйым сала ма, ұрпағымыздың күні не болады деген қауіппен, тату көршіміз Ресейге қоныс аударуға мәжбүр болды. Көтеріле көшу кейін, мұндағы тұрмыс оңалып, дүние түзелген кезде де тоқтамады. Өйткені мәселенің мәнісі, мана айтқанымыздай, тым тереңде жатқан. Соның айқын айғағы ретінде, енді мүлде керісінше жағдай қалыптаса бастады. Бір күнде емес, егемендіктің алғашқы күндерінен бастап. Менің айтып тұрғаным – кері көш, мырза жолдастар. Бізбен көршілес, бар жағынан артта қалған елдерден дайын асқа тік қасық болып, оралман дегендердің жаппай ағымы басталды. Ал енді көпе-көрнеу нәрсе, жылы орындарын тастап, бізбен достық жағдайда болса да бөтен елге шұбыра көшкен кешегі отандастарымыздың қамын ойлаған кім бар еді? Ешқандай жеңілдік жасалған жоқ, тым құрса көш ақысын беріп, шығарып салмадық, шындығында, мұң-мұқтажын алдынала ескерсек, ешкім көшпейтін де еді. Көшсе де бәрі емес. Енді міне. Сырттағы, көпшілігі совет те емес, алыс шет ел топырағында ғұмыр кешкен, түптеп қарағанда, елімізді қай жағынан алғанда да артқа тартатын тасқынға тоқтау салынбағаны өз алдына, әйтеуір қазақ аты бар екен деп, мемлекет есебінен, яғни осы елдегі барлық халықтарға, оның ішінде арамыздан амалсыз кеткен эмигрант ағайындарға да тиесілі байлықтың ортасынан ойып алып, молынан, тікелей көмек көрсету әдетке айналды. Бұл, біз еміреніп отырған, шындығында елімізді етектен тартатын оралман дегендеріміз кім? Ешкім теріске шығармайды, ұлты қазақ. Бірақ қазақ аты ғана. Шет елдерде туған, сонда өсіп, өніп, қалыптасқан. Менталитеті мүлде басқа. Дүниетанымы жат. Оның үстіне, ащы да болса, шындықты жасырмай айту керек, бұл не қазақ? Бұл сондай қазақ, күні кеше ғана отанын сатып, жат жұртқа қашқан, сол жақта жан бағып, жеке басының пайда, тіршілігінен бөтен ештеңе ойламаған. Нақты өзі болмаса, өткен әкелері, аталары. Енді келіп, мұндағы бар қиындықты өз басынан өткеріп, егемендік мәртебесіне жеткен байырғы, қазақ, орыс, кәріс деп бөлмейік, ежелгі жұртпен тең құқық алмақ. Біз жетпіс жыл бойы жасаған халық байлығынан тегін үлес алмақ. Әділдік қайда? Сырттан келген келімсек тегін үлес алғанда, мұндағы мен неге мүлде сыбағасыз қалуым керек? Күні кеше ғана оның атасы бар малын айдап, Қытайға, Ауғанға өткен. Менің атам елін қимай, өз отанында қалды, кәмпескеге ұшырады. Сонда мен кешегі қашқынның ұрпағының олқысын толтырамын деп неге екінші қайтара жапа шегуім керек? Сонда не болды? Ешкімнің дау-далабасы жоқ, мұндағы байлық – менің еншім, менің сыбағам, жалғыз мен емес, осында қалған қазақ қана емес, осы жерді дәл бүгінгі күні табанымен басып отырған тоқсан ұлтқа түгел тиесілі игілік. Бай екеніміз анық, бар екеніміз рас, бірақ дүниеде тегін ештеңе де жоқ, тегін болса, осы, өз ішіміздегі отандастарымызды жарылқайық. Ақиқатын айтқанда, берісі жетпіс жыл бірге жасадық. Сіз қалаңыз, қаламаңыз, әлі де бірге жасаймыз. Бұрынғыдай ынтымақта, өткендегідей татулықта. Ортақ байлықты ортақ игілікке жұмсау арқылы. Мұндағы жұртпен біздің менталитетіміз ортақ, ал сырттан келгендер, тіпті, қазақ-ақ болсын, шет мемлекет өкілі, менталитеті жат, көзқарасы бөтен, ішкі пиғыл, түпкі ниеттері де бөтен, жат болып шықса, таң қаларлық ештеңе жоқ. Біз жаңа ғана құрылып жатқан жас мемлекетпіз. Еліміздің жарқын болашағын ойласақ, оны іштен кеулейтін теріс ағым атаулыға жол беріп, қарап отыруға болмайды. Оралман тасқынына шектеу қою – ұлттық қауіпсіздіктің бір тармағы. Тергеу, тексерусіз келіп, оп-оңай азаматтық алып жатқан жат жұрттық оралмандар ішінде шет елдердің барлау қызметіне жегілген, сырты момақан, іші дүлей жансыздар болуы және ғажап емес. Өзінің теріс түсінігімен кейінгі жастарды аздырып, ұлтшылдық дертін қоздыратындар шығуы тағы күмәнсіз. Бір сөзбен айтқанда, әйтеуір аты қазақ деген желеумен егемен елімізге оралман келтіру – экономикамыз, әл-ауқатымыз үшін ауыр салмақ екені өз алдына, біздің уыздай ұйып отырған көп ұлттты республикамыздың бүгінгі тыныштығы мен ертеңгі болашағы үшін үлкен қатер. Рас, біздің егемен еліміздегі бүгінгі халқымыздың жалпы саны – жер көлемімен салыстырғанда тым аз. Сонда, бізді осы тәуелсіздікке жеткізген, егемен елімізді бүкіл ғаламға танытқан және бізді жарқын болашаққа бастап отырған көреген саясаткер, сүйікті елбасымыз, осы жақында ғана, өз халқына жаңа жылдық жолдауында белгілеп берген жиырма миллионға қалай жетпекпіз? Міндетті түрде қазақ болсын деген жоқ, мырзалар. Ең үлкен билік басындағы кемеңгер кісінің қарауындағы халқын ұлтқа бөліп алалауы мүмкін емес. Осыны ұғайық. Ал енді, әуелгі әңгімеге қайта оралсақ, мен айттым, аумалы-төкпелі бір кезеңде елімізден, аз-көп демейік, тура екі жарым миллион орыс, нақтылап айтсақ, орыс тілді ағайындар сыртқа кетіпті. Миллионға жуық неміс кетіпті. Жолдары болсын, бір заманда өздері де жер ауып келген, енді тарихи отанына бет түзеген немістердің. Ал орыс ағайындардың жөні бөлек. Бізді білімге, өнерге, ғылым мен техникаға жеткізді, байлығымызды игеріп, кен қазды, жерімізді түрлендіріп, завод, фабрикалар салды, бас-басына бытырап, қаңбақша көшіп жүрген жұртымызды отырықшылыққа үйретті, ең ақыры, бізді фашистік басқыншылардан сақтап қалды, басқа бір шет елдердің отарлауына жол бермеді. Енді Совет Одағы құлағанмен, Ұлы Россия өз орнында қалған бүгінгі заманда сол бауырлар бізден қалайша қол үзіп кетпек? Өз азаматтарымызды өзімізге қайтару керек, жолдастар! Жаңағы жат жұрттық, жат пейілді қауымға берілетін ақша жетпіс жыл бойы бізбен бірге бар қиындықты бөліскен, тағдыры ортақ, мүддесі үйлес совет адамдарына берілсін, бұрынғы, оралман дейтіндерге, жан басына бөлінген жарытымсыз алты жүз доллар емес, қаладан болмаса да, ауылдан үй сатып алатындай, жеткілікті мөлшерде, және шұбырған баласы жоқ, бастары кем, әрбір кісіге емес, әрбір отбасына есептеп, кемі он бес, жиырма мың доллардан белгіленіп, көтерме төленуге тиіс. Ақшалай қаражат үстіне басқадай көмек-жәрдем жергілікті жерде шешіліп жатса, құба-құп. Бірақ өздері шешеді деп қарап отырмай, нақты нұсқау түсіру шарт. Әрине, кешегі отандастардың бәрі бірдей қайта қоймас. Өкпелеп кетті, орнығып қалды. Сонымен қатар, жаңа жұртқа сіңісе алмай, заты орыс болса да, "казах", "кулак", "келгінші" деген атақпен кемшілік көріп, кешегі отанын, яғни мына біздің елді аңсап жүргендер қаншама. Сөз жоқ, олардың бәрі де, арнайы шақыру болса, және құрғақ қасық емес, отанына қайтып келетін шын оралман ретінде тиесілі қаражатпен қамтамасыз етілсе, сырт жақта бір күн де тұрмайды. Сонымен қатар, мына нарық, экономикалық, әкімшілік және саяси өзгерістер заманында сол Ресейдің өз ішінде тұрақтай алмай, әрі-сәрі жүрген тағы қаншама халық бар. Мәселен, Қиыр Шығыс, Сібір. Керек десеңіз, Камчатка мен Сахалин, Якут өлкесі. Бізге белгілі деректер бойынша, бұрынғы, совет заманындағы, жер шалғайлығы, табиғат қиындығына орай көтерме еңбекақы жойылған себепті және өндіріс орындары тоқыраған жаппай қиындыққа орай, ішкі Ресейге қарай лықып тұр. Біразы көшкен, енді біразы буынып-түйініп отыр. Көшкендер түгел орныққан жоқ, түйінгендер қайда барарын білмейді. Міне, осы еңбекші, қарындас қауымның бетін бері қарай бұру қажет. Ол үшін Ресей баспасөзінде және электронды ақпарат құралдарында пәрменді насихат жұмыстарымен ғана шектелмей, әр тарапқа, алыс, жақын демей, өз кісілерімізді аттандыру, көші-қонды жолға қою және осының бәрінің алдында жаңа мигранттарға қатысты шараларды нақты белгілеу керек. Мәселен, қаражат, үй-жай мәселесін шешу үстіне, қалаларда, іргелес аудандарда шектеулі кесімде, шалғай ауылдық аймақтарда егіндік, бақшалық ретінде кеңінен бөлініп, еншілі, меншік жер берілуі қажет, әуелгі бес жылда алым-салықтан босату және басқадай тұрмыстық жеңілдіктер. Сонда біздің республиканың халқы еселеп өседі, экономикамыз, шаруашылығымыз бүгінгіден де зор қарқынмен дамитын болады. Жетпіс жыл бойы халықтар достығының лабораториясы атанған Қазақстан жаңа заманда жаңа сапаға жетіп, қазақстандық деген біртұтас, жаңа ұлт – ХХI ғасырдың озық ұрпағы қалыптасқан, алдыңғы қатарлы, өркениетті елге айналамыз!

Міне, көрнекті мемлекет қайраткері Марат Бейсенұлы Қазыбековтің саяси платформасы, әр тараптан шыққан қолдау арқылы абырой тауып, нақты жүзеге аса бастаған іс-әрекеті осындай еді. Қысқартып, ықшамдап, жұмсартып айтқанда.


53
Мен жүрегім тітіреп, буын-буыным қалтырап, әрең отырмын. Ақыл-есі түзу ме сорлының? Өң бе, түс пе? Бұрынғы компартия тілі, бүгінгі өкіметтік "Ел бастау" партиясының жаршысы "Егемен Нұрстан" газетіне бір, егемен заманда қалыптасқан оппозициялық "Жол бастау" партиясының ұраншысы "Еркін Гүлстан" газетіне бір қараймын. Билікте отырған басылым мен билікке ұмтылған басылым, – қарама-қайшы екі топ, екі партияның үні бір жерден шығыпты. Елді кім басқарады дегенде бітімсіз ағайындар қазақ мәселесіне келгенде алауыздықты қойып, айрықша ынтымақ танытқан. Қатесі жоқ еді. Бұл бақас екі партияның саяси ұстанымдары қарама-қайшы, мүлде кереғар көрінгенімен, бар мұрат басқа тарапта, екі бағдарламаның да ешбір бабы қазақ мүддесін қорғамайтын. Өз мүдделері ғана бар. Яғни билік, оған жалғас байлық. Екі ортадағы қазақ айырбас мәнет дәрежесіне де жетпей қалған. Үлкен есепке енбеген. Онсыз да бар ұпайы түгел. Таң қаларлығы – бұл емес-ті. Совет заманындағы партноменклатураның жазылмаған заңы ғой. Таң қаларлығы – біздің бауырдың екі тараптың тілін бірдей табуы. Яғни, қандай жағдайда да, бәсекелес екі партия бірдей қолдайды деген сөз. Сонда қазақ... қазақ қайтпек? Ол кімді қолдап, кімнің сөзін сөйлейді? Сөйлесін, сөйлемесін, ертеңгі күні не болады? Мәңгіріп, езіліп біраз отырған соң, электронды поштаға жүгініппін. Сыпайы саясатты жиып қойып.

"Әй, Жармақ! Ауысып кеткенсің бе? Сонда, бұдан жүз елу жыл бұрын ата жұртында жүз пайыз болған, содан соң отарлық кепке түсіп, жаппай қырылған, шекараға жақын жұқанасы сен айтқандай, мал айдап емес, жан сақтап, жалаңаш-жалпы жер ауған, мұндағы қажыған, тозған қауымы жат жұрттың топаны астында тұншыққан, өз елінде өгей күн кешкен қазақ тәуелсіздіктен кейін де көрінгеннің аузына қарап, мәңгібақи азшылықта, кемшілікте қала беруі керек пе? Бұрын құл болып, табанда жатса, енді біржола тозып, құрып бітуі керек пе? Бұл не масқара? Қайдан ойлап таптың осының бәрін? Әлде сырттағы қожайындар сенің атыңды пайдаланып, немесе әлденендей кіріптарлыққа түсіріп, мәжбүрлеп отыр ма? Қайткенде де терістеме бер. Райыңнан қайт. Әйтпесе, аруақтың шамына тиесің, халықтың қарғысына қарасың. Мен – нағыз Қазыбек."

Бес минут өтпей, шұғыл жауап келді. Ол да әбден ыза болғандай, айылын жимапты:

"Ширек сорлы! Төбеден түскен тегін көжеге тойған екенсің. Бүгінгі тіршілігің кімнің арқасы? İш, же, жат! Менің де саған ешқандай бөгетім болмайды. Мен – бай Қазыбек, бар Қазыбек."



Намыстан жарылып, шарасыз қорлықтан құтырып кете жаздадым. Жаңа бір амал табу керек екен. Айтқан сөзінен қайтпайды, әрине. Бірақ тоқтату қажет. Ол үшін... Әуелі өзім тоқтап, сабырға келейін. Иә. Қазіргі нарықтық әрі бейпіл заманда кім не деп сандырақтамай жатыр. Мәселен, бүгінде ұлттың рухани көсемі танылып отырған атақты ақын, белгілі саясаткер Мүштар Мақанов күні кеше ғана қазақта тарих болған жоқ, Жәнібек пен Керейден Абылай, Кенесарыға дейінгі барлық хан – қазақ емес, яғни қазақта сіз айтып жүргендей, мемлекет те болған жоқ деп жар салды. Жалғыз өзі емес, әуелде тілектес, пікірлес он бес академикті, одан соң қатарлас, қанаттас жиырма сегіз парламент мүшесін бастап. Еңбекшілердің хатын, жеке тұлғалардың пікірін ұйымдастырып. Тура төрт жыл бойы республикалық барлық ақпарат құралдары арқылы жер-дүниені дабылдатты. Ешкім тіксінген жоқ, жан адам намыстанған жоқ, сенен басқа бір кісі бір ауыз қарсылық айтпады. Біледі, түсінеді деген азаматтарыңның өзі: "Әй, соның сөзін қойшы. Жүрген бір әулекі. Ат шығару үшін адам не істемейді" – деп, мүлгіп отыра берді. Қалған он бес пен жиырма сегіз туралы: "Қолын қоя салған да. Әйтпесе тәп-тәуір кісілер," – десті. Сол әулекіңіз бастап, тәуір кісілеріңіз қостаған, бүгінгі бағдарлама ғана емес, келешекке нұсқау есепті есалаң тезистер баспасөз арқылы жүздеген мың таралыммен аңғал халқыңның оянбаған санасына у болып құйылып жатқаны есеп емес. Тасқа басылған сөз атаулының бүгінгі қоғамдық ой, ұлттық сана, интеллектуалдық деңгейіңнің көрсеткіші ретінде тарихта таңбаланып қалатыны қаперге кірмейді. Мейлі, не болсақ та сонымен тоқтасақ қой. Жоқ. Енді арада үш-төрт жыл өтпей, сол Мүштар Мақанов ежелгі қазақ тарихы, әуелгі қазақ хандары, қазақ мемлекетінің орнығуы, өрлеуі турасында үлкен дастан жазыпты. Әуелгі пікірінен қайтты, қатесін түсінді деп ойлайсыз ба? Бұрында жоқ пікір енді қайдан келеді. Ол кезде солай айту тиімді көрінді, тым құрса, бес күндік дау-дамайда сөзін өткізу үшін. Енді басқаша сайраған тиімді. Ертең, хандығыңыз не, халқыңыздың өзі болған жоқ деп жарияласа несі бар. Ең қызығы, немесе ең сұмдығы ол емес. Кеше алай тартып еді ғой, бүгін былай тартыпты, мұнысы қалай деп айтатын ешкім жоқ. Өйткені кешегі сөз ұмытылған. Бүгінгі сөз де ұмытылады. Советтен қалған бір рәсім – сөзде байлау жоқ. Алай деп ойлады, бірақ былай деп айтты, ақыры, алай да, былай да емес, солай істеді дегендей. Совет адамдары – гомо-советикус деген өзгеше нәсілге тән, қалыпты мінез. Бүгінгі қайраткерлеріңнен – қара шаруаңа дейінгі аралықтағы. Айтқаннан шошынбайды, қайтқаннан жиренбейді. Біздің Жармақтың да сасық сандырағы енді екі жыл, жыл емес, ай, енді екі-үш айдан соң, тіпті, екі-үш апта өтпей ұмытылары анық. Бірақ сол сөз арқылы алған бедел бойында қалады. Бедел ғана емес. Манағы сөздің зардабы. Өзі үшін емес, басқалар үшін. Халық құрбанға шалынды. Нақты іс. Ал кім шалды, неге шалды – есеп емес. Ұмытылған. Бірақ мен ешқашан ештеңені ұмыта алмайды екем. Қайткенде де бір амалын табу керек мына сатқын сұмның... Амал тапқам жоқ, байыз тапқандай едім. Ит жемеде, өнімсіз ашу, нәтижесіз әрекет үстінде өліп кетпеуім керек екен. Шекем шыңылдап, қарақұсым ауырлай бастапты. Ұмытыла бастаған қан қысымы. Жазу столымның астыңғы тартпасын ашып, көп қораптың ішінен әсері тез энап деген дәріні алып, екі түйірін қатарынан таңдайымның астына салдым. Бір амалын табу керек мына сұмырайдың... Аһа! Иә, менің қолымда еді ғой!..

Сол мезетте жаңа бір жолдау жеткен.

"Ағасы, айыптымын. Мен сәл-пәл қызыңқырап кетіппін. Өзің білесің, саясат – былғаныш әрі өте ауыр кәсіп. Дау-дамай, талас-тартыс. Бірақ сенікі жөн. Демографиялық саясат төңірегінде артығырақ сілтеппін. Артық емес, мүлде қате байламдар. Мұрат-екесі! Түсінсеңші!.. Қайткенде де қазақта болашақ жоқ. Болса да, бүгінгі күні билік тұтқасы басқада. İште ғана емес, сыртта да. Шәйт деп көрші, тапап тастайды. Қудалаумен ғана шектелмейді, қылтаңды қияды. Заманға, тіршілік жайына ыңғайлану керек. Қандай да жетістік – баянсыз. Байлықты ұстау үшін билік керек. Билікті ұстау үшін байлықпен қатар – епті саясат. Біздің бүгінгі жетістігіміз – әуелгі басқыш қана. Сенен риясыз қолдау көріп отырсам, яғни көлденең бөгет келтірмесең, мен көп ұзамай-ақ бұдан да биігірек шыңға шығам. Осындағы зор мансап, қисапсыз байлыққа жеткен әкім, алпауыттардың барлығы да ақылды, айлакер ғана емес, іскер, білімдар деп ойлайсың ба? Біздің ширегімізге келмейді. Сенің етегіңді сүртуге жарамайды. Қай жағынан алғанда да. Қолайлы жағдай, қисынсыз қолдау нәтижесінде жеткен бәрі де. Мен жағдайымды өзім жасадым, қолдауымды өзім қалыптадым. Енді, үлкен айдынға шыққан екем, неге төрдің төбесінде отырмасқа? Айтпасам да ұғарсың, ол – кейін, талай өткелектен соңғы, ең үлкен мақсат. Ал әзірше, бауыр басқан жеріме басқа бір тұрғыда қайтып оралғым келеді. İстің сәтіне қарай. Қисыны келе жатыр. Бір бастасам, қалғаны оңай... Мен жарты болсам да сенен бөліндім. Жалғыз тірегім болса – ол сенсің. Риясыз жақсы көретінім онсыз да түсінікті. Өзіңнен аярым жоқ... Иә, айтпақшы, біздің Мақсат министрдің орынбасары болды. Қабылет, дарын өз алдына, қолдау, демеусіз өсіп жатқан ешкім де жоқ. Дүние орнында тұрса, бұдан соңғы жолы даңғыл. Тек кезінде ойламаппыз, қазақ тілі деген пәле алдынан шығып, бөгесін болмаса. Қазір, әрине, орыс тұрыпты, ағылшынға жетік. Енді өрісі кең деп, испан тілін үйреніп жүр. Қазақшасы да жетіліп кетер, аман болсын тек қана. Біздің Балжанның бар тілеуі осы балада. Жалғыз ұл деп қана емес, тұңғышым, жастық жүрегімнен жаралды деп, айрықша жақсы көреді. Мені қойшы. Сенің де тілеуің оң шығар деп ойлаймын. Әзірге жарар. Тағы да хабарласам. Өзің."

Мына сұмға дауа жоқ шығар. Мақсатымды араға салғанда... жүрегің қалай жібімес. Енді өзі де ұғынған шығар. Осымен тоқтайды.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   15




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет