24
Сүлеймен қарақшы
IV
Түсi осы тұсқа келгенде, Сүлеймен оянып кеттi. Әдетте бұл
ұйықтағанда екi аяғы мен қолын екi жаққа жайып, шалқасынан
жататын. Бұл жолы қол-аяқтарын бауырына тыға, бүгiле жатып
қалыпты. Алғашқыда қайда жатқанын аңғармаған ол, шалқасынан
аунап түстi де, “уа” деп қолдарын екi жаққа соза берiп едi, оң
қолы бiреудiң бетiне сақ етiп оңбай тидi. Анау: “А-а-а, қуғыншы,
қуғыншы” деп айқайлай ыршып тұрды. Осы сәтте қайда жатқаны
лезде санасына кiрдi:
— Ей, мен ғой.
Қайсысың бұл, сонша айқайлаған? Тастан,
сенбiсiң? Қолым байқаусызда тиiп кеттi.
— Әй, нең бар ұйықтап жатқан адамды сонша ұрып. Енеңдi
ұрайынның қолының соншалықты қаттылығын қарашы, — деп
анау не болғанын ендi аңғарғандай, орнына қайта жатты.
Одан ары ұйқысы келмей, орнынан жайлап көтерiлдi.
Манағыдай емес, үңгiр iшi аз да болса жарықтанып қалыпты.
Шығар есiктi оп-оңай тауып, сыртқа шықты. Тұрған жерi терең
сайлы шатқал болғандықтан уақыттың қай мезгiл екенiн аңғару
қиын. Дегенмен күн төбеден ауа бастапты. Жан-жағына қанша
алақтап қараса да, бағана қай жақтан келгендерiн аңдай алмады.
Жан-жақтың бәрi бiр-бiрiнiң түр-түсi мен бет-бедерлерiн
қайталайтын тұтасқан шың-құздар, тобылғылы жарқабақтар. Тек
өзi тұрған үңгiр аузының алды ғана кiшкене алаңқай. “Адамдар
iште жатыр, ал аттарымыз қайда?” деп iштей ойлана алға қарай
бiрнеше қадам жүрдi. Аздан соң әлденеге үркiп, осқырынып,
тастарды тасырлата тепсiнген
аттардың тұяқтарының даусын
естiдi. Дауыс жаққа бұрылса, алаңқайдан төменiрек жерде
аттар бiр-бiрiне қапталдаса жатқан үлкен-үлкен қойтастардың
арасымен құлақтарын қайшылатқан күйлерi
берi қарай асыға
жүрiп келедi екен.
Әдетте жылқылардың ит-құстан немесе бiр аңнан үрiккенде
ғана осылайша құлақтарын қайшылатып, осқырынатынын
бiлетiн бұл “бұларға не болды екен” деп, соларға қарай жүрдi.
Көбектiң айтуынша, мұнда дәл қазiргi мезгiлде ит-құс болмауы
керек. “Аттар бiз тұрғанша, шығар жолы жоқ үңгiр айналасынан
ешқайда кете алмайды», деген ол тағы. “Демек, аттар әбден