18
Сүлеймен қарақшы
соңымыздан аттың дүрсiлi естiлмесе, ары қарай малдарды бүлкiл
аяңмен айдап кете барамыз. Ондайда қатты айдауға болмайды.
Өйткенi жылқы iшiндегi жас құлындар, буаз биелер зорығып
қалуы мүмкiн...
— Артта қалып жүретiн екi жiгiттi айтпадың ғой, Көбек, —
дедi Әрiпбай оның сөзiн бөлiп.
— Ә, ол жайында ұмытып барады екенмiн. Үш-төртеумiз
жылқыларды бүлкiл аяңмен қуғанымызда,
екi жiгiтiмiз бiзден
едәуiр артта қалып жүредi. Екеуiнiң мiндетi — егер арттан
қуғыншы шыға қалатындай жағдай болса, олардың жолын тежеу.
Болмаса қашқансып, басқа жаққа қарай бұрып әкету.
Көбек осыны айтып болғанша,
бұлар Аққорғанның шетiне
де жеттi. Кең сайлы шатқал iшi қараңғы тарта бастапты. Шатқал
етегiндегi бұлақты айналып өткенде, оң жақтағы жарқабаққа
шаншыла қадалған үлкен үшкiр тастың үстiне бiреу сопаң етiп
шыға келдi де, бұларға қарап қол бұлғады.
— Бұл қайсысы? Кендiр ме? — дедi Көбек Әрiпбайға.
— Жоқ, Тастан-ау шамасы. Серейген қолдары соныкiне
ұқсайды.
Үшеуi солай бұрылды. Сай табанындағы қиыршық тастарды
кеше жүрiп, Тастан тұрған жерге жеттi. Жаңағы үлкен үшкiр
тастың аржағында сегiз ат қосақталып байлау-лы тұр. Екi аттың
үстiнде теңдеп артылған жүк бар. Бұлар аттарға жақындағанда
тас түбiнен ұңғыларын шошайтып бердеңке мылтық асынған үш
жiгiт шықты.
— Ассалаумағалейкум, Көбеке, — деп үшеуi бiрдей Көбекке
қолдарын созды.
— Уағалейкумассалам! Қалай, жiгiттер? Бiздi көп күтiп
қалған жоқсыңдар ма?
— Уақтылы келдiңiздер. Мына
Әрiпбай артына еңгезердей
қылып бiреудi мiнгестiрiп алғанына қарағанда, қатарымыз тағы
бiр сарбазбен толығатын болған-ау, сiрә, — дедi шеттегi ұзын
бойлы бiреуi.
— Бұл менiң Сүлеймен деген жиенiм. Нағашысына тартса,
бұл да жаман ұры бола қоймас. Бүгiн бiзбен бiрге барады. Ал
өздерiң қалай,
ат-көлiк, құрал-саймандарың түгел ме?