408
Сүлеймен қарақшы
Неге десеңiз, тiке түсiп, алға жүрген соң жертөле үш бөлiкке
бөлiнедi. Оның екi бөлiгiнде қанша қуыс бар екенi белгiсiз.
Әрi онда ордалы жылан көп. Бiрақ берi қарай шықпайды.
Баратын жерiмiзге жету үшiн оңға қарай бұрылғанымызда, тек
сол жақтағы дуалды жағалай жүру ләзiм.
Өйткенi оң жақпен
жүрсеңiз, көз алдау үшiн бетiн қамыс баумен жауып, аздап
топырақ сеуiп қойған ұраға түсiп кетесiз. Бiр түссеңiз, ол жерден
шығу жоқ. Бiздi аңдып келген талай милиция сол жермен жүремiн
деп, қолымызға оп-оңай түскен. Кiшкене баспалдақпен жоғары
көтерiлiп, айналма дәлiзбен өткенде, оң жақтағы дуалға дененi
немесе қолды тигiзбеу қажет. Онда төбеден сарт етiп түсiп, адам
денесiне қадалып қалатын ағаш қадаларға байланған жiптердiң
ұштары iлiнген қазықтар бар. Қазықтардың бiреуiн түртiп
кетсеңiз, өмiрмен қош айтыса берiңiз. Ал ең қиыны —
мереке
өтетiн үлкен бөлмеге кiре берiс есiктен өту. Есiк жақтауында екi
тiреуiш тұр. Тiреуiшке байқамай тиiп қалсаңыз, жоғарыдағы сол
тiреуiштердiң үстiндегi салмағы жиырма-жиырма екi пұттық
кәтта тас құлап, кiм болсаңыз да мыжып тастайды.
— Осының барлығын ойдан құрап айтып тұрған жоқсың ба?
— Өзiмiз құрбандыққа шалатын
адамдардың талайын сол
өткелдерден өткiзiп, көп сынап көргенбiз.
— Осынша пәленi қалай ойлап тауып жүрсiңдер?
— Ойлап тапқан бiз емес. Олар Қоқан хандығы кезiнен бар.
— Ал, жүрейiк, Рахман отырған бөлмеге. Егер менi алдайтын
болсаң, менiмен бiрге сен де өлесiң. Айтқан тiлiмдi алсаң, екеумiз
де қайта аман шығамыз. Одан кейiн өзiңдi қалаған жағыңа
жiберемiн.
Жөйiт алға түстi. Тура жаңа өзi айтқан жерлермен жүрiп,
кең бөлменiң аузына таяды. Бөлменiң ағаш есiгi бар екен. Арғы
жақтан күбiрлескен дауыстар естiледi.
— Рахмандарда мылтық бар ма?
— Жоқ. Қаруымыз — пышақ. Кiре берiстегi есiк жақтауында
екi шоқпар дуалға сүйеулi тұр.
Сүлеймен оның желкесiнен ұстады.
— Есiктi ашып, iшке кiр!