412
Сүлеймен қарақшы
— Ойбай, көке. Ол жақпен жүруге болмайды. Төбедегi
қадалма ағаштарға жалғасып тұрған жiптердiң қазығына тиiп
кетуiм мүмкiн.
— Сондай қазықтардың мен бiрiн де көре алмай келемiн.
Қайда олар?
— Қазiр көрсетем.
Жөйiт дуалға iлiнген шамды алып, жарықты оң жаққа түсiрдi.
— Мiне, көрдiңiз бе? Бiр қазық, екi қазық, үш қазық… Бұл жер
қаракөлеңке болған соң қазықтар көзге онша көрiнбейдi.
Сүлеймен дуалдың ең пәсiне
қағылған жуандау ағаш
қазықтарды ендi көрдi. Оларға байланған жiптер де дуалға
жабысып тұр.
— Осы қазықтарға байланған жiптердiң ұштары жоғарыдағы
қадалма ағаштарға қалай жалғасатыны белгiсiз. Оны Рахманнан
басқа ешкiм бiлмейдi. Бiрде бiр әйелдi осы жақпен әдейi жүргiзiп,
төбедегi қадалма ағаштардың қалай жұмыс iстейтiнiн көргенбiз.
Сонда Рахман бiзге көрсетпей, қадалма ағаштарды қайта орнына
қойып, жiбiн қазыққа жалғаған. Не құдiретi бар екенiн бiлмеймiн,
мынау қазықтарға сәл тисеңiз болды, төбеден iстiк ағаштар сарт
етедi.
— Тиiп көрсең, берi қашып үлгересiң бе?
— Жоқ. Екеумiз де өлемiз.
Себебi қадалма ағаштар осы
дәлiздiң екi шетiн тұтастай ала құлайды.
Айналма дәлiз бiткен кезде жөйiт оң жақтағы дуал түбiндегi
қазықтардың бiрiн түртiп қалды да берi қарай секiрiп кеттi.
Қанша жылдам секiрсе де, сорлы зорға үлгердi. Өйткенi қалай
қазықты түрттi, солай төбеден көлденең қатарласа бекiтiлген,
екi ұштары iстiк бiлектей-бiлектей темiр торға ұқсас қадалма
ағаштар
сарт етiп, әткеншекше ары-берi тербелiп тұрды. Егер
бұл бiреуге қадалса, оның тiрi қалмасы анық.
— Ойпырмай, нәлетiлер. Қалай ойлап тапқан? — дедi
Сүлеймен таңқалып. — Мұның сырын Рахман қалай бiлiп жүр?
— Әкесi үйреткен. Әкесiне атасы айтқан. Бiлуiмше, Рахманның
арғы аталары Қоқан ханы кезiнде
осы қорғанда қызмет еткен
көрiнедi. Қоқандықтар қолға түскен жауларын жаңа бiз шыққан
бөлмеге қамайды екен. Солар қашып кетпесiн деп, олар осындай
пәленi ойлап тапқан да.
Екеуi тағы бiр баспалдақпен төмен түсiп, жертөленiң үш
бөлiкке бөлiнетiн тұсына келдi.
— Сыртқа шығу үшiн қалай жүруiмiз керек?