Сыртқы факторлар
еңбек нарығы
қоғамның сұраныстары
ЖМББС талаптары
Мақсаты - болашақ педагогтың бәсекеге қабілеттілігін әлеуметтік серіктестік негізінде дамыту
Нәтижесі: бәсекеге қабілетті болашақ маман
Теориялық негіздері: біртұтас педагогикалық процесс үздіксіз және кәсіби педагогикалық білім, тұлғаның шығармашылықпен өзін-өзі дамытуы жайлы теориялар
Әдіснамалық негіздері: құзыреттілік, аксиологиялық, жүйелілік; акмеологиялық, синергетикалық, әрекеттік, теориямен практиканың бірлігі, субъектілік, практикаға бағыттылық
Әлеуметтік серіктестік технологиясы
Сурет - 5. Әлеуметтік серіктестік негізінде болашақ педагогтардың бәсекеге қабілеттілігін дамытудың құрылымдық - мазмұндық моделі
Жұмыс күші – адамның еңбек ету қабілеті, адам өз қызметінде пайдаланатын дене және рухани қабілеттіліктерінің жиынтығы. Еңбек – бұл оны иеленуші адамнан бөлінбейтін жалғыз тауар. Иеленуші-адам сату сатып-алу объектісі болып табылмайды, яғни жұмысшы емес, оның еңбекке қабілеттілігі сатылады және сатып алынады.
Осы тұрғыдан алғанда еңбек нарығы деп жұмыс күшін тауар ретінде сату – сатып алу деп түсінген жөн. Нарықтардың басқа да түрлері сияқты еңбек нарығында жұмыс күшіне деген ұсыныс сұраныстан туады. Еңбек нарығында: жұмыс күші иесі – еңбекті сатушы, жұмыс беруші – еңбекті сатып алушы арасында екі жақты байланыс болады. Жұмыс күшін сатушы мен сатып алушылар арасындағы қатынас заңды түрде – келісім-шарт арқылы және еңбек заңдарына сәйкес тіркеледі. Еңбек ұсынысы нақты жалақы өскен сайын өсіп отырады.
Еңбек нарығының субъектілері–қызметкер мен жұмыс беруші. Экономикалық түсінік ретінде еңбек нарығы бір мезгілде тауарды сатушылар болып табылатын оның иелері (жалдамалы қызметкерлер) мен сатып алушылар (жұмыс берушілер) арасындағы өзара қатынастарды бейнелейді. Қоғам үшін бұл өзара қатынастардың ерекшелігі мен маңыздылығына байланысты олар еңбек заңнамасында заң жүзінде рәсімделеді. Осылайша еңбек нарығының субъектілері кәсіпкерлер (ірі, орта, ұсақ фирмалар, мемлекеттік мекемелер, қоғамдық ұйымдар), жалдамалы қызметкерлер, кәсіподақтар, сондай-ақ өзінің уәкілетті органдарымен бірге мемлекет болып табылады.
Еңбек нарығы басты екі қызмет атқарады. Оларға: әлуметтік қызметке адамдардың табыстары мен жақсы тұрмыс халының әдеттегідей дәрежесінің қамтамасыз етілуі және жұмыскерлердің өндірістік қабілетінің тиісті дәрежеде ұдайы өндіруінің қамтамасыз етілуі жатады. Бәсекелік еңбек нарығының классикалық үлгісінің негізін мынадай ұстанымдар құрайды: еңбекке сұраныс жасайтын жұмыс берушілердің көп болуы жұмысшы күшіне иелік ететін және оның ұсынысын жасайтын жұмыскерлердің көп болуы.
Жұмыс берушілер ұсынатын жұмыс орындары және жұмыскерлер ұсынатын жұмысшы күші біркелкі болады және жұмыспен қамтудың саны мен көлемі жұмыскерлер санымен өлшенеді.
Сөз етіліп отырған мәселелеге қатысты жалпы тұжырымдарды қазіргі педагогтар даярлау саласына қатысты талдар болсақ, ЖОО бітірген педагогтың нарық талаптарына сай болмай жатуы жиі кездеседі. Мысалы: жұмыс берушілердің алғашқы жұмысқа қабылдар кезіндегі сынақтарынан өте алмай жатуы, қарапайым педагогикалық жағдаяттарды шеше білмеуі, тіпті педагог ретінде қабылданған қызметкерлердің (психологтарда жиі кездеседі) жаттап алған бірлі-екілі тренингтері таусылып әрі қарай дағдарысқа ұшырап жатулары т.б.с.с.
Бұл ретте, ЖОО маман даярлауда өз мүмкіндіктерін барынша пайдаланып, тек теориялық тұрғыда білім берумен емес, іс-тәжірибені қатар ұсынатын және студенттердің өз мамандықтары бойынша өндірістік іс-практикадан өтулеріне жағдай жасаулары кезек күттірмейтін мәселе. Сонда ғана педагогикалық оқу
орынын бітіруші болашақ мамандар еңбек нарығындағы сұранысқа сай біліктіліктерді игеріп шығады.
Бүгінде білім саясатының негізі - маманды кәсіби даярлаудың сапасын арттыру, біліммен қаруландырудың ғылыми-әдістемелік жүйесін түбегейлі жаңарту мен қатар, оқу-тәрбие тәжірибелері мен қоғам сұраныстарының алшақтығын жою, болашақ педагог маманның бәсекеге қабілеттілігінің жұмыс берушілер тарапынан сұранысқа сай болуының көрінісі қоғамның әлеуметтік тапсырысы болып табылады.
Болашақ педагогтарды даярлауға қатысты қоғамның сұраныстарына көшпес бұрын жалпы «қоғам» деген сөздің мағынасына тоқталған жөн. Бұл түсінік өте кең: алғашқы қауымдық қоғам, феодалдық қоғам, капиталистік қоғам, демократиялық қоғам т.б. деп тармақтауға болады. Бұл арада алдымен белгілі бір қауымның немесе жеке бір елдің тарихи даму кезеңдері еске түседі. Ал осы сөзді жалпы мағынада алсақ, онда бүкіл адамзат тарихы және оның болашағы туралы ойлаймыз. Бұл - әлемнің барлық халықтарының жиынтығы жөніндегі ұғым. Басқа сөзбен айтсақ, адамдардың өзара қатынас тәсілі және бірігу формаларынан тұратын, табиғаттан ерекшеленген дүниенің бір бөлігі.
Қоғам деп сонымен қатар, бірігіп еңбек ететін жеке адамдардың жиынтығын және олардың арасындағы екі жақты қатынасты да айтамыз. Біріншісі, қоғам - адамның өмір сүру тәсілі. Қоғамсыз адам жоқ, адамсыз қоғам жоқ. Екіншіден, қоғам жеке адамдардан ғана тұрмайды, ол сол жеке адамдардың өзара қатынасын көрсетеді. Жеке адам қоғамға ұжым арқылы енеді. Ол сонымен қатар бірнеше ұжымдардың мүшесі болады (еңбек, партия, кәсіподак,, т.б.). Демек, қоғам - ұжымдардың ұжымы, бірлігі болып көрінеді. Осы қоғам өзінің әрбір мүшесі, алдыңғы қатарлы азаматы, ел басқарушылары, әр саланың мамандарына қойылатын талаптарды реттейді. Қоғамның ілгерілеуі жеке адамдар мен ұжымдардың қоғамға деген көзқарасы мен оның дамуына жауапкершілікпен қарауында.
Болашақ педагогқа деген қоғамның сұраныстарын: мемлекеттік, аймақтық, білімдік ұйым сияқты бірнеше деңгейде қарастыруға болады. Осыларға жеке тоқталсақ, мемлекеттік деңгейдегі әлеуметтік сұранысқа сай болашақ педагог қоғам қажет етіп отырған білімді, дені сау, жаны сау, еркін ойлай алатын, ойын жеткізе, дәлелдей білетін, шығармашыл, өз елінің патриоты, өмірдегі болатын өзгерістерге дайын, өзін іске қоса білетін маман даярлау. Жоғары білім беру жүйесі осы талаптарға сәйкес мұғалімдерді даярлау үшін барлық мүмкіндіктерді пайдалануы көзделеді.
Өңірлік деңгейдегі әлеуметтік сұранысты төмендегіше сипаттауға болады. Мемлекеттің білім саясатын жүзеге асыру, білім беру ұйымдарының дамуын, ұлттық этникалық, мәдени мәселелерді ескеру, тұлғаның дамуына қосымша жағдайлар жасау, сауатты, тәрбиелі, өз елінің барлық байлықтарын қорғайтын азаматтарды қалыптастыруға ат салысатын педагогтарға деген қажеттілік.
Білім беру ұйымдары деңгейіндегі қоғамның әлеумететтік сұранысы дәл осы оқу орынына (балалар бақшасы, мектеп, колледж) оның ішкі талаптарына (ұлты, жасы, кәсібилігі, шеберлігі, коммуникативтілігі, командада жұмыс жасай
алуы т.б.) сай болуы.
Келесі фактор ретінде болашақ педагогтарды даярлауға жоғары педагогикалық білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартындағы талаптарды қарастырамыз. Бәсекеге қабілетті жоғары педагогикалық білімді мамандарды даярлаудың «Білім берудің барлық деңгейінің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарын бекіту туралы» ҚР МЖМБС 6.08.012-2016 ҚР Үкіметінің 13.05.2016. №292 өзгертулерімен [191] білім алушыларды даярлау деңгейіне қойылатын талаптарында: Жоғары оқу орны бітірушісінің негізгі құзыреттері жалпы білімділікке, әлеуметтік-этикалық құзыреттерге, экономикалық және ұйымдастыру-басқару құзыреттеріне, кәсіби құзыреттерге қойылатын талаптар негізінде қалыптасады делінген. Сонымен қатар, Базалық және міндетті пәндердің оқытылуымен бірге, таңдау компонентінің жүргізілу реттілігі аталып көрсетілген. Аталған заңнамалық құжаттың 26-бөлімінде
«Дуальді оқыту элементтерін енгізген жоғары оқу орындары білім беру қызметін жоспарлау мен ұйымдастыруды теориялық оқыту мен өндірістегі практикалық дайындықты үйлестіру негізінде жүзеге асырады», деп атап көрсетілген. Зерттеу жұмысымыздың құралы болып табылатын әлеуметтік серіктестік - дуальді білім берудің негізі ретінде қарастырылады. Ал, дуальді білім беру, теорияны практикамен ұштастыра оқыту. Болашақ педагогтың бәсекеге қабілеттілігін дамытуда, әлеуметтік серіктес мекемелермен бірлесе ЖОО білім беру қызметін жоспарлау мен ұйымдастыруды теориялық оқыту мен өндірістегі практикалық дайындықты үйлестіру болып табылады.
Ұсынып отырған моделіміздің теориялық негізін біртұтас педагогикалық үдеріс теориясы, үздіксіз білім және кәсіби педагогикалық білім, тұлғаның шығармашылықпен өзін-өзі дамытуы жайлы теориялар құрайды.
Достарыңызбен бөлісу: |