Зерттеудің практикалық мәні болашақ педагогтардың бәсекеге қабілеттілігін әлеуметтік серіктестік негізінде дамыту моделінің жасалуында, еріктілердің «Кемел» ресурстық орталығының Ережесі, тиімді әдістерден түзілген бағдарламасы, оны жүзеге асыруға бағытталған педагогикалық эксперимент жүргізіліп, қорытындылануы мен соның нәтижесінде ғылыми ЖОО оқытушылары үшін ғылыми - практикалық құрал әзірленуінде. Зерттеу барысында алынған нәтижелер болашақ маман дайындау үдерісінде барлық
мамандықтарға бейімдей пайдалану мүмкіндігінің мол болатындығымен сипатталады.
Қорғауға ұсынылатын қағидалар:
Бәсекеге қабілетті тұлғаны дамыту қазіргі заманғы білім берудің нысаналы бағдары болып табылады. Болашақ педагогтардың бәсекеге қабілеттілігін дамытудың теориялық-әдіснамалық негіздері – бұл педагогтарды кәсіби даярлау мәселесіне арналған, маманның педагогикалық әрекетке дайындығын оның қалыптасқан кәсібилігінің құрамдас бөлігі, тұлғаның ішкі белсенділігінің біртұтас көрінісі ретінде қарастыратын философиялық, психологиялық-педагогикалық, әлеуметтік теориялар жүйесі.
Бәсекеге қабілеттілік - әлеуметтік белсенділік, жоғары сапаның көрсеткіші ретінде: нақты мақсаттар мен құндылық бағдарлар, бейімділік, талант, еңбекқорлық, кәсіби міндеттерді сәтті орындау үшін қажетті зиялылық деңгейі, маманның табысқа жетуге тұрақты ұмтылысы сияқты тұлғаның жеке және кәсіби қасиеттерінің жиынтығы.
Әлеуметтік серіктестік негізінде болашақ педагогтардың бәсекеге қабілеттілігін дамытудың құрылымдық-мазмұндық моделі – жоғары кәсіби білім алу барысында болашақ педагогтың табысты кәсіби әрекетке дайындығын қамтамасыз ететін тұғырларды, ұстанымдарды, өзара байланысатын компоненттерді, көрсеткіштерді, құралдар мен әдіс формаларды ашып көрсететін әдіснамалық, теориялық, әдістемелік сипаттағы негізгі қағидалар жиынтығынан түзілген құрылым.
Маман даярлауда білім беру мекемелері мен әлеуметтік серіктестердің өзара бірлестігінің халықаралық тәжірибесіне жасалған талдаулар - университет білімі, озық ғылыми жетістіктер мен кәсіпкерлік ынтымақтастық дәстүрі осы үдеріске қатысушылардың барлығы үшін жоғары нәтижелі деңгейге жетуге мүмкіндік беретін бір мақсаттағы, ұйымдасқан әрекет екендігін көрсетеді.
Болашақ педагогтардың әлеуметтік серіктестік негізінде бәсекеге қабілеттілігін дамытуға бағытталған еріктілерден құрылған «Кемел» ресурстық орталығының жасалған бағдарламаға сәйкес жұмысы, оны жүзеге асыруда қолданылған әдістер мен формалар зерттеліп отырған сапаның жетілуіне ықпал етеді.
Достарыңызбен бөлісу: |