§5. Қылмыстардың қайталануы
Қылмыстық заңға сəйкес бұрын қасақана қылмыс жасағаны үшiн соттылығы бар адамның қасақана
қылмыс жасауы қылмыстың қайталануы деп танылады.
Жасалған қылмыстың сипатына қарай қайталануды жалпы жəне арнайы деп екiге бөлуге болады.
Жалпы қайталануда бұрын соттылығы бар адам кез келген жаңа қылмысты жасайды. Мысалы,
алаяқтық қылмысы үшiн соттылығы бар тұлға екiншi рет адам өлтiредi. Жалпы қайталанудың заңдық
мағынасына келсек, ол қылмыстың саралануына əсер етпейдi, бiрақ жаза тағайындау жəне жауаптылықты
жеке даралау кезiнде ескерiледi. Мысалы, ҚК-тiң 54-бабының 1-бөлiгi а-тармағына сəйкес жалпы рецидив
жауаптылық пен жазаны ауырлататын жағдай ретiнде танылады.
Арнайы рецидив – бұрын соттылығы бар адамның жаңа ұқсас немесе бiртектес қылмысты жасауы.
Арнайы рецидивтiң заңдық мағынасы, бiрiншiден, егер ол диспозицияда көрсетiлсе, ауырлататын немесе
аса ауырлататын жағдай ретiнде танылады, екiншiден, жаза мен жауаптылықты анықтау кезiнде ескерiледi.
Жасалған қылмыстардың ауырлық дəрежесi мен қоғамға қауiптiлiк сипатына жəне адамның
соттылығының санына, қылмыстардың санаттарына қарай қайталану жай, қауiптi жəне аса қауiптi
қайталану болып бөлiнедi.
Жай қайталану - бұл қауiптi жəне аса қауiптi қайталану белгiлерiне жатпайтын түрi, яғни бұрын кез
келген қасақана қылмысы үшiн соттылығы бар адамның қайтадан қасақана қылмысты жасауы.
Қауiптi қайталану мына екi жағдайда танылады:
1). Егер адам бұрын қасақана жасаған қылмысы үшiн екi рет бас бостандығынан айыруға сотталған
болса жəне осы адам қайтадан қасақана қылмысы үшiн бас бостандығынан айыруға сотталған жағдайда;
2). Егер адам бұрын қасақана ауыр қылмыс жасағаны үшiн сотталған болса жəне осы адамның
қайтадан ауыр қылмысы үшiн сотталған жағдайда.
Аса қауiптi қайталану мынадай үш жағдайларда болды деп танылады:
1). Бұрын ауыр немесе ауырлығы орташа қасақана қылмыс жасағаны үшiн кемiнде үш рет бас
бостандығынан айыруға сотталған адамның қасақана қайта қылмыс жасауы;
2). Бұрын ауыр қылмысы үшiн екi рет бас бостандығынан айыруға сотталған немесе аса ауыр қылмысы
үшiн сотталған адамның қайтадан ауыр қылмысы үшiн бас бостандығынан айыруға сотталуы;
3). Бұрын ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасағаны үшiн сотталған адамның қайтадан аса ауыр қылмыс
жасауы.
Қылмыстық кодекстiң 13-бабының 3-бөлiгi маңызды ережелердiң бiрiн қамтиды. Бұл нормаға сəйкес
18 жасқа толмаған адамның жасаған қылмысы үшiн соттылығы, сондай-ақ Қылмыстық кодексте
белгiленген тəртiп бойынша алынып тасталған немесе жойылған соттылық қылмыстың қайталануын тану
кезiнде ескерiлмейдi.
Достарыңызбен бөлісу: |