Кез-келген рентген аппараттары мынадай арнайы шарттарға сәйкес келуі қажет:
рентген түтігінің анодына берілетін жоғарғы кернеуді алу және ол кернеу антикатодта рентген сәулесінің қажетті сериясын қоздыруға жеткілікті болуы;
рентген түтігінің катодының қылсымын қоздыратын ток және лампаларын қоректендіретін түзетілген анодтық ток болуы;
рентгендік камера деп аталатын зерттелінетін нұсқа орналастырылатын арнайы орын болуы және дифрактометрден басқа рентген сәулелерін тіркеуге арналған арнайы құрылымдар болуы.
Сонымен рентген түтіктерінен басқа барлық рентген аппараттарының негізгі бөліктері мыналар: жоғары вольтты трансформатор, рентген түтігінің катодының қылсымын қыздыратын трансформатор мен кенотрондар, басқару пульті және тіркеуіш құрылымдар. Рентген аппараттарының қолдану шартына байланысты электрлік сызбалары әртүрлі болады.
Рентгенқұрылымдық сараптама жасауға арналған УРС-1,0 (УРС-55) кенотронсыз рентген аппаратының рентген түтігіндегі шекті қуаты небәрі 1 кВт және ол басқару пультімен қоса стол үстіне қоюға болатындай шағын өлшемді болып келеді. Түзеткіштің рөлін БСВ-2 типті рентген түтігінің өзі атқарады. Ол түтіктің рентген сәулесі шығатын екі терезесі бар, сондықтан оған екі рентген камерасының қондырғысын қатар қосуға болады. Жоғарғы кернеуден қорғану үшін аппараттың жоғарғы вольтті схемасының аноды жерге қосылған.(14 а-сурет). Осындай рентген аппаратының жұмыс режимі мынадай: кернеуі 55 кВ-қа дейін түтіктен өтетін ток – 30мА-ға дейін болады.Ток пен кернеудің уақытқа тәуелділігінің графигі 14 б-суретте көрсетілген.
Жоғарғы вольтты трансформатор салынған арнайы маймен толтырылған бак–жұмыс столының рөлін атқарады. Арнайы трансформатор майы құйылған бак суытқыш ретінде қолданылады. Бактың қақпағына суытқыш бар рентген түтігі, екі рентген камерасының астына қойылатын құрылымдар және суытқыш жүйесі істен шыққанда немесе жоғары вольтты трансформатордың қақпағы ашық қалғанда аппаратты ток көзінен автоматты түрде ажыратқыш құрылым бар. Басқару пульті аппараттың жұмыс режимін тағайындап, оны үздіксіз бақылап отыруға арналған.
14-сурет. Кенотронсыз рентген аппараты:
а) УРС-1,0 аппаратының жоғарғы вольтті бөлігінің сызбасы (схемасы).
б) 1-жоғарғы вольтті трансформатордағы кернеудің; 2-рентген түтігіндегі кернеудің; 3-рентген түтігінен өтетін токтың уақытқа тәуелділіктері.
Пульттың көлбеу бөлігінде мыналар орналыстырылған: сәулелендіру уақытын және түтіктің жұмыс уақытын өлшейтін сағат; кернеуді және аппараттың жұмыс режимін бақылауға арналған вольтметр; анодтық тоқты бақылауға арналған миллиамперметр; аппараттың ток көзіне қосылғанын көрсететін жасыл шам; жоғарғы кернеудің қосылғанын көрсететін қызыл шам; жоғарғы кернеуді қосуға және оны ажыратуға арналған «Пуск» және «Стоп» түймелері; белгі беретін бірнеше неон шамдары («Қосу шарты», «жүктеме артық», «Су жоқ» және т.б. Пульттің горизанталь бөлігінде: бірінен кейін бірін түрліше 7 жағдайда қосуға болатын «сеть» корректор- коммутаторы; 6 жағдайда қосуға болатын «Напряжение» коммутаторы; қылсымды қыздыратын токтың шамасын реттейтін реостат орналастырылған.