Лекция сабағының тақырыбы: Бейнелеу өнеріне теориялық кіріспе. Адам мәдениетінде өнердің мәні мен мағынасы Жоспары: Бейнелеу өнеріне теориялық кіріспе



бет23/40
Дата05.10.2023
өлшемі1.3 Mb.
#479915
түріЛекция
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   ...   40
Әлем өнер тарихы

2. Қайта өрлеу дәуірі суретшілері
Қайта өрлеу дәуірінің ең атақты ғимараты-Әулие Петр күмбезі (Римде). Бұл ғимаратты жүз жылдан астам уақыт бойы тұрғызды. Құрылысқа басшылық еткен ондаған басшылар мен сәулетшілердің ішінен ғимараттың алғашқы жобасын жасаған сәулетшілер Браманте (1444-1514) мен Микеланджело есімдерін ерекше айтуға болады. Күмбездің бір ерекшелігі-сәулетші Микеланджело ғажап ойластырған 132 метрлік биіктіктегі өте зор күмбезі. Сонымен қатар күмбез өзінің ғаламат есепке құрылған тепе-теңдігімен, айналамен жымдасқан сәйкестігімен адамды тәнті етеді.
Қайта өрлеу дәуірі ғимараттары бағаналармен, пелястрлермен, арыстан басы немесе сәби мүсіндерімен, гүлдерден жасалған гипсті гүлдестелермен көмкерілді. Терезелерінің жоғарғы ернеулері жартылай арка түрінде жасалынатын болды. Осы кезеңде, әсіресе сұңғат өнері өзінің бұрын-соңды болмаған биігіне көтерілді.
Қайта өрлеу дәуірі өнерінің алғашқы қарлығаштарының бірі-ХІҮ ғасырда өмір сүрген, готиканы бастан өткізіп, жаңа ағымға жол салған ұлы суретші Джотта (1270-1337) болды. Суретші Флоренция маңайындағы Веспиньяно қалашығында дүниеге келді, кедейшіліктің зардабын көрген көп балалы семьяда өмір сүрді. Сол кездегі әйгілі суретші Чимабуэ Джоттаны өзіне шәкірт етіп алады. Джотта күндіз-түні тыным таппай еңбектеніп, ұстазынан мол білім алады. Сонымен қатар ол Флоренциядағы Әулие Мария Новелла шіркеуіндегі бейнелеу өнерімен, Римдегі антикалық өнермен жан-жақты терең танысады. Римде жүріп «Новичелла» атты мозаикалық шығармасын жазады. Джоттаның атағын шығарған еңбегі - «Иуда ишараты» жұмысы. Ол сонымен қатар сәулетші де болды. Өзінің басқаруымен салынған 84 метрлік әппақ мәрмәр тастармен көркемделген Кампанша ғибадатханасы осы күнге дейін сақталған.
Осы дәуір суретшісі, мүсіншісінің бірі-әйгілі Донателло (1386-1466). Ол да Флоренцияда дүниеге келген. Ауқатты семьядан шықса да жоқшылықты, жетімдікті көп көрген. Әйгілі мүсінші Лоренцо Гиберти шеберханасында мүсін өнерінен тәлім алып, жұмыс істеген. Оның атын шығарған шығармасының бірі-Давид мүсіні. Бұл кейіпкер еврейлердің інжіл-діни кітабынан алынған. Аңыз бойынша Саул патшаның еліне қырық күн бойы қырғын салған, өзін ешкім жеңбеген қанішер Голиаф деген сұсты батыр болады. Елді қанқақсатқан Голиафқа қарсы шығар ешкім болмайды. Сол кезде қарапайым бақташы бала-Давид патша сарайына келіп: «Голиафқа қарсы мен шығамын!»-деп, өз тілегін білдіреді. Ақсүйектер оны келеке қылып күледі, бірақ та ақыры амалсыздан бала тілегін қабылдауға мәжбүр болады. Буыны қатпаған жас бала алпауыт, әккі, күш тәңірісі Голиафқа жекпе-жекке шығады. Қолына тек таяқ пен сақпан ұстайды. Баланың бұл мазағына долдана ыза болған Голиаф оған тарпа бас салады. Сонда бала тас салған сақпанды айналдырып келіп, жауына қарсы тартып жібереді. Өткір тас сарт етіп Голиафтың маңдайына тиіп, бас сүйегін күлпарша етеді.
Донателло шығармасына арқау болған осы аңыздағы Давид ерлігі шынайы қалпында мүсінделген.
Тыр жалаңаш бейнелеу Қайта өрлеу дәуіріндегі өнердің айрықша жаңалықтарының бірі еді. Осы дәстүрді бір ғасыр өткен соң атақты мүсінші, әрі суретші Микеланджело одан әрі дамытты.
Алғашқы қайта өрлеу дәуірінің мүсіншісі, өнер тарихында өзінің ізін қалдырған шебердің бірі-Андреа дель Верроккио (1435-1488). Ол Донателлоның шәкірті жолын жалғастырушысы болды. Оның атақты жұмыстарының бірі-аттылы мүсін ескерткіші-әскери қолбасшы, полковник Коллеониге тұрғызылған шығармасы (Венецияда). Верроккионың бұл жұмысы өзінің ұстазы Донателлоның осы тектес аттылы мүсіні-Гаттемеллат мүсінінен біраз ерекшелігі бар. Верроккьюдің ескерткіш мүсіні өте тәкаппар, айбынды, өзінің қатыгездігімен көзге түседі, ал Донателло кейіпкері байсалды, салмақты кейіпте бейнеленген.
Қайта өрлеу дәуірінің алғашқы қарлығашы-Джоттадан кейін бір топ талантты сұңғатшы суретшілер өмірге келді. Олар өздерінің жұмыстарында көбінесе табиғатқа деген құлшыныстарын білдірді, кеңістік, жарық пен көлеңке байланыстарын бояу арқылы беруді меңгерді. Сонымен қатар адам мен табиғат құбылысын керемет жымдастыра, байланыстыра білді. Сол кездегі белгілі қылқалам шебері Мозаччо болды.
Мазаччо қажымай-талмай жұмыс істеп, өнердің тылсым сырларын Джоттадан үйренді. Ол ұлы суретші Джотто болған жерлердің бәрін аралап, оның шығармашылығымен түпкілікті, жан-жақты танысады. Сонымен қатар ол мүсінші Донателло мен сәулетші Брунелескимен шығармашылық байланыста болады, солардың ақыл-кеңестерін зердесіне тоқып өседі.
Мазоччо шығармашылығының өзіндік бояуын танытқан тұс- Бранкачи капелласын көркемдеу тұсы. Флоренциядағы көне шіркеуді білмейтін жан ілуде біреу болатын. Осындағы екі фресканы Мазаччо 1427 жылы ешбір көмекшілерсіз жалғыз өзі салады. Оның біріншісі-«Жұмақтан аластату», ал екіншісі-«Динарий ғаламаты» жұмыстары.
Мазаччо шығармалары бейнелеу өнерінде жаңа дәуірдің көш басшысы іспеттес. Бранкаччи капелласы Италия суретшілерінің көптеген ұрпақтары үшін тәжірибе мектебі болды. Боттичелли, Леонардо, Рафаэль, Микеланджело сияқты атақты өнер шеберлері осында жиі келіп, көп уақыттарын Мазаччо фрескаларымен танысуға арнады, оның жұмысынан үлкен рухани шығармашылық күш алды. Мазаччо өте қысқа өмір сүрді. Ол 1428 жылы Римде қайтыс болып, не бәрі 28 жыл ғұмыр кешті, бірақ өмір тарихында өшпес із қалдырды.
Суретші Мазаччодан кейін іле-шала бір топ қылқалам шеберлері шықты. Олар: Фра-Беато Анжелико, Паоло Учелло, Сандро Боттичелли (1441-1510) болды. Осылардың ішіндегі ерте қайта өрлеу дәуірінің қыл қалам шеберлігінің шыңына жеткені-шебер Сандро Боттичелли болды. Ол әсіресе сұлу да әдемі мадонналарды жазумен әйгіленді. Сондай жұмыстардың бірі-«Венераның тууы» картинасы. Мұнда суретші сұлулық пен махаббат құдайы-Венераның кейпін, әдемі қимыл-қозғалысын шебер бере білген. Тағы да бір картинасы «Көктем» деп аталады. Мұнда тағы ғаламат сұлу қозғалыс, иірім, гармония бар. Дене бітімі, сәйкестік-заңдылығы керемет білгірлікпен берілген. Ол керемет те сұлу мадонналарды жазумен айналысты.


Бақылау сұрақтары:

  1. Қайта өрлеу дәуірі мәдениеті қалай дамыды?

  2. Қайта өрлеу дәуірінің суретшілері және сәулетшілерінің айрықша жаңалықтары?

  3. Қайта өрлеу дәуірінің ең атақты ғимараттары?

  4. Қайта өрлеу дәуіріндегі сәулетшілер

  5. Қайта өрлеу дәуірінің ең атақты ғимараты-Әулие Петр күмбезі

  6. Қайта өрлеу дәуірінің ұлы суретшісі Джоттаның шығармашылығы

  7. Қайта өрлеу дәуірінің суретшісі, мүсіншіс Донателло шығармашылығы

  8. Алғашқы қайта өрлеу дәуірінің мүсіншісі, шебер Андреа дель Верроккио

  9. Белгілі қылқалам шебері Мозаччо шығармашылығы

  10. Қылқалам шебері Сандро Боттичелли шығармашылығы



10. Лекция сабағының тақырыбы: Жоғары қайта өрлеу дәуіріндегі өнер


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   ...   40




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет