Не журналистика кафедрасы



бет41/69
Дата12.12.2023
өлшемі0.98 Mb.
#486228
түріБілім беру бағдарламасы
1   ...   37   38   39   40   41   42   43   44   ...   69
ӘДЕБИЕТ ТЕОРИЯСЫ. КЕШЕН

Қаралатын мәселелер:
1.Өнер дамуының қоғамдық өмірмен байланыстылығы
2.Әдеби даму зандылықгары
3.Әдеби даму және дәстүр жалғастығы


Пайдаланылатын әдебиеттер:




1.Ривкин Д., Райан М.Әдебиет теориясы: Антология [Мәтін]: 1-том / ауд. М.Ибрайымова, О.Кенжебаев, Ж.Қожабекова, "Ұлттық аударма бюросы" қоғамдық қоры.- Алматы, 2019.- 568 б




2.Ривкин Д.,Райан М.Әдебиет теориясы: Антология [Мәтін]: 2-том / ауд. А.Исембердиева, Н.Құдайберген, Ә.Құранбек [ж.т.б.]; "Ұлттық аударма бюросы" қоғамдық қоры.- Алматы, 2019.- 372 б.
3.Ривкин Д.,Райан М..Әдебиет теориясы: Антология [Мәтін]: 3-том / ауд. Ж.Жұмашева, Ә.Исембердиева, М.Төлеген [ж.т.б.]; "Ұлттық аударма бюросы" қоғамдық қоры.- Алматы, 2019.- 440 б

4. Ривкин Д.,Райан М.Әдебиет теориясы: Антология [Мәтін]: 4-том / ауд. А.Шәріп; "Ұлттық аударма бюросы" қоғамдық қоры.- Алматы, 2019.- 452 б.
5.А.Қалшабек. Әдебиеттану ғылымына кіріспе. - Астана, Фолиант, 2016
6.Ғазиз Райыс. Сөз өнері теориясы. ­-Алматы, Таңбалы баспасы, 2010.
7.Г.Пірәлиева. ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеттануы. –Алматы, 2010
8.Ж.Камалқызы. Қазақ әдебиетінің теориялық және әдістемелік мәселелері. – Алматы, 2017
9.С.Мақпыров. Адамтану өнері. – Алматы,Арыс, 2009
10.А.Ісмақова Асыл сөздің теориясы.- Алматы, Таңбалы баспасы,2009
11. Т.О.Есембеков. Көркем мәтін теориясы:оқу құралы.-Алматы: Қазақ университеті, 2015.-186 б.
12.Т.У. Есембеков. Көркем мәтін поэтикасы Оқу құралы. -228 б. 2012; 2020 А. Қазақ университеті

Әдеби даму, әдеби процесс деген ұғымдар өзара мәндес, мағыналас. Екеуі де белгілі бір ұлт, халықтың, кеңірек алсақ, әлем әдебиетінің күнделікті немесе белгілі бір кезең, дәуірлердегі өсу, жетілу, даму сипатына қатысты ұғымдар. Әдеби даму десек, күнделікті әдеби процесс, күнделікті әдебиеттің көркемдік даму мәселесі ұғынылады.


“Әдеби процесс - бұл белгілі бір дәуірде, сонымен қатар, ұлттар мен елдердің, аймақтардың, әлемнің күллі тарихи кезеңдерінде өмір сүріп келе жатқан әдебиеттің тарихи-занды қозғалысы”*.
Әдеби процесс әдеби даму сипатын көрсетеді. Бұл әр кезеңнің өзіне тән әдеби дамуы, өзіндік ерекшеліктері болады деген сөз. Әдеби процестің ерекшеліктері қоғамдық жағдайларға, әдебиеттің жалпы қалыптасу, даму деңгейіне, ақын-жазушылардың шығармашылық-көркемдік ізденістеріне де байланысты. Бүгінгі әдеби процесс немесе даму өзінің жетістік-кемшіліктерімен күні ертең ұлт әдебиеті тарихының жарқын бір тарауына айналады.
Әдеби дамудың тарихи сипаты бар. Бұл эдебиеттің, жалпы өнердің дамуы, өсіп-өркендеуі қоғамдық тарихи жағдайларға байланысты деген сөз. Өйткені өнер - қоғамдық құбылыс.
Әдеби процесс - үздіксіз жалғасатын процесс. Ұлт, халық барда, қоғамдық даму бар жерде, өнерге деген қоғамдық қажеттілік, көркемдік-эстетикалық сұраныс барда өнер дамуы да жалғаса бермекші.
Әдеби даму, әдеби процесс қыры мен сыры мол күрделі ұғым. Әдеби процестің нақтьлы көріністері, формалары бар. Олар - “әдеби бағыт”, “әдеби ағым”, “әдеби мектеп” ұғымдары. Қандай бір әдебиеттің болмасын даму тарихында оны тірі, жанды организм, өсу, жетілу, қалыптасу үстіндегі әдебиет, өнер ретінде танытатын түрлі әдеби бағыттардың, ағымдардың, мектептердің болуы, қатар өмір сүруі - заңдылық, өнер зандылығы.
Бір кезеңдегі әдеби процесс аясында түрліше әдеби бағыттардың, ағымдардың, мектептердің қатар өмір сүруі, дамуы, әрқайсысының өз басымдылығы үшін күресуі әдеби дамудың толыққандылығын, әдебиеттің қоғамдық өмір мәселелеріне белсене араласуын, сөйтіп ұлт әдебиетінің жан-жақты көркемдік ізденіс, өсу, өрлеу үстінде екенін көрсететін ұнамды факторлар. Демек, әдеби дамудың заңдылығы.
Мәселен, XX ғасыр басындағы қазақ әдебиетінде, яғни, осы кезеңдегі әдеби процесте әлденеше әдеби бағыттар, ағымдар болды десек, олардың қай-қайсысы да түрліше көзқарас ұстанып, өмір, қоғам шындығын өзінше бейнелегенімен, түптеп келгенде бәрі де бір қазақ қоғамының жай-күйін, шындығын, тағдырын, өзекті мәселелерін жырлады, айтты ғой. Сондықтан да әдеби процестің, жалпы әдеби дамудың деңгейін анықтау үшін сол белгілі бір кезеңдегі барлық әдеби бағыттар мен ағымдардың, мектептердің ерекшеліктерін, қоғамдық өмір құбылыстарын шынайы, көркем таныту мүмкіндіктерін, ізденістерін қатар алып саралау қажет.
Әдеби бағыт, ағым, мектеп, бұлардың мақсаты ортақ (қоғамдық өмір шындығын таныту) десек те, олар бір ұғымдар емес, бір-бірінен соншалықты алшақ құбылыстар да саналмайды, керісінше бірімен-бірі тығыз байланысты қатар өмір сүретін құбылыстар.
Алдымен, әдеби бағыт пен әдеби ағым мәселесіне тоқталайық. Әдеби бағыт дегеніміз не? Әдеби ағым деп өнердегі қандай құбылысты танимыз? Бұл ретте В.А.Богданортың мына бір пікірі назар аударарлықтай: “Біздің әдебиеттану ғылымымыз әдебиеттің тарихи даму заңдылықтарын зерттей келе бұл дамудың екі жетекші “координаттарын” анықтады: ол әдеби бағыттар (белгілі бір эстетикалық бағдарлама ұстанған жазушылардың шығармашылық бірлігі) және әдеби ағымдар (өмір- болмысты идеологиялық тұрғыдан ұғып-түсінуде ортақ көзқарастағы қаламгерлер бірлігі)*.
Бұл пікірден әдеби бағыт пен ағымның әдеби дамудың жетекші тенденциялары екендігі, олардың айырмашылықтары мен өзара жақыңдығы да айқын аңғарылады.
Әдебиет туралы ғылымда бағыт, ағым жайлы пікірталастары да бар. Соның бірі - әдеби бағыт бірінші ме, әдеби ағым бірінші ме деген мәселе. Орыстың бірсыпыра жетекші әдебиетші, теоретик ғалымдары (Г.Н.Поспелов, Н.А.Гуляев, А.И.Ревякин, В.И.Кулешов т.б.) мәселені орыс, еуропа әдебиеттері тарихымен байланыстыра қарастыра келе, бұл ұғымдардың өзара сабақтастығын, әдеби бағыттың біріншілігін анықтап дәлелдеді. Бір әдеби процесс аясында қоғамдық, көркемдік- эстетикалық сұраныс-қажеттіліктерге орай әуелі әдеби бағыттың туып қалыптасатындығы, оның дами, өркендей келе өз ішінен бірнеше әдеби ағымдарға бөлінетіндігі - өнер заңдылығы.
Әдеби бағыт та, әдеби ағым да - тарихи категориялар, оларды белгілі бір кезеңнің қоғамдық шындығы туғызады, белгілі бір уақытта әдеби бағыт та, ағым да өнер сахнасынан кетеді. Тағы бір ескеретін нәрсе әдебиет зерттеушілері, әдебиет теоретиктері классицизм, сентиментализм, тіпті романтизм сынды мәшһүр әдеби құбылыстарды кейде бағыт, енді бірде ағым деп те атайды.
Белгілі теоретик ғалым Н.А.Гуляев әдеби бағыттың бірінші екенін тұжырымдай отырып XIX ғ. I жартысындағы орыс әдебиетіндегі романтизм бағытының өз ішінде төмендегідей екі ағым болғанын атап көрсетеді:

  1. Кертартпа көзқарастағы ақын-романтиктер ұстанған әдеби ағым (Жуковский, Батюшков т.б.);

  2. Төңкерісшіл-декабристік көзқарастағы ақын-романтиктер ұстанған әдеби ағым (Рылеев, Одоевский т.б.)* Ал Г.Н.Поспелов болса, орыс әдебиетінде XIX ғ. 40-жылдарында “натуралдық мектеп” бағытының ауқымында бірнеше әдеби ағымдар көрініс бергенін айта кеп, Герңен, Огарев, Плещеев, Дуров шығармашьшығы бір ағымды, Некрасов, Салтыков-Щедрин - екінші ағымды, Тургенев, Григорович, жас Панаев үшінші, Достоевский жэне Бутков шығармашылығы тағы бір ағымды құрады”** деп жазады. Зерттеуші бұл жерде Гогольдің “натуралдық мектебін” әрі әдеби бағыт, әрі эдеби мектеп ретінде қарастырып отыр.

  1. ғасырдың II жартысында Абай өзінің шығармашылық ізденістерімен төл әдебиетімізде реалистік жаңа жазба әдебиеттің бағытын қалыптастырды. Бұл бағыт осы кезеңдегі әдеби процесте жетекшілік роль атқарды.

Жалпы кеңірек алып қарастырғанда осы кезенде қазақ әдебиетінде үш әдеби бағыт қатар өркендеп, дамығаны мәлім.
1 .Ыбырай, Абай шығармашылықтары арқылы қалыптасқан ағартушылық һәм реалистік бағыт;

  1. Әнші лирик-ақындар (бұрын осылай аталған, қазір өнер тұтастығы мазмұнындағы ақындар поэзиясы) ұстанған әдеби бағыт (Біржан сал, Ақан сері, Әсет т.б.).

  2. Кеңестік идеология керітартпа, ескішіл деп санап келген ақындар шығармашылығы құраған әдеби бағыт (Дулат, Шортанбай, Мұрат т.б.).

Аталған үш әдеби бағыттың өмір шындығын танытуда көркемдік-эстетикалық, дүниетанымдық.тұрғыдан өзіндік айырмашылықтары болғанымен, негізінен түп мақсаты ортақ, ол халық тағдырын ту етіп көтере отырып замана шындығын шынайы таныту, халыққа бірі сұлулықты, махаббатты, достықты ардақтайтын әнімен, жырымен қызмет етсе, екіншілері ұлт болашағын оқу-біліммен байланыстыра қарастырып, өнер-білімді насихаттап, ұлтын, елін бірлікке, ынтымаққа үндеді, қоғамдық әділетсіздікті пәрменді сынады, үшіншілері отаршылдық ойранына ұшыраған, елдігінен, ұлттық болмысынан айрыла бастаған халқының шерменде күйін көріп оның келешегінен түңілген, еріксіз өткен өмірге үңілген, соны аңсаған жырлар жазды, осы себепті де ескішіл, кертартпа ақындар аталды.
Осы кейінгі әдеби бағыт М.Әуезовтің жіктеуі бойынша өз ішінен мынадай үш әдеби ағымдарға бөлінді:

  1. Діни-ағартушылық ағым (өкілдері Әбубәкір Кердері, Ақмолла т.б.);

  2. Зар заман ағымы.

  3. Діни тақырыптағы қиссалар жазатын ақындар ұстанған әдеби ағым (Жүсіпбек Шайхисламұлы, Ақылбек Сабал, Шәді Жәңгірұлы т.б.).

Келтірілген мысалдардан әдеби процесте әдеби бағыттың біріншілігі, оның белгілі бір кезеңде ағымдарға бөлінетіні нақтылы танылады.
Әдеби бағыт та, ағым да жекелік (яғни, жеке қаламгерге қатысты) құбылыс емес, ақындар, қаламгерлер тобына, олардың бірігу, ортақтық, өмір шындығын таныту ерекшелігіне байланысты анықгалатын құбылыс. Әрбір әдеби бағыттың, сондай-ақ ағымның алдында тұрған мақсат-міндетін тұжырымдайтын, айқындайтын өз платформасы, манифесті немесе бағдарламасы болуы заңдылық (Богданов пікірін еске алыңыз). Мәселен, Абай негізін қалап дамытқан жаңа реалистік бағыттың мақсаты, өмірге, өнерге көзқарасы, яғни ақынның бағдарламасы оның көптеген белгілі өлендерінде (“Мен жазбаймын өленді ермек үшін”, “Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы”, “Адамның кейбір кездері”, “Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа”, “Біреудің кісісі өлсе, қаралы - ол”, “Өзгеге көңілім тоярсың”, “Құлақтан кіріп бойды алар” т.б.) айқын тұжырымдалған.
Ал М.Әуезов алғаш негіздеп, сипаттап берген “зар заман” ағымының мақсаты, өмірді идеологиялық тұрғыдан түсініп-бағалаулары (бұл ағымның бағдарламасы) әсіресе Шортанбайдың (“Зар заман”), Мұраттың (“Үш қиян” т.б.) т.б. туындыларынан жақсы аңғарылады. Отаршылдықтың келуі мен орнығуы кесірінен қазақтың ұлттық-мемлекеттігінің, ел басқару жүйесінің бұзылуы, қазақтың дәстүрлі өмір салттарының жойылуы, отаршылдық танған ұнамсыз құбылыстардың кеңінен етек жаюы, діннен безу, капиталистік қоғам көріністерінің дала тіршілігіне ене бастауы (сауда- саттық, ақша т.б.) осының бәрін “заман азды, халық тозды” деп түңілу және барынша жек көру, мінеу, бұрынғы заманды аңсау сарыны, міне “зар заман” ағымының өмір шындығын бейнелеуінің ерекшеліктері. Мұны ағымның өзіндік бағдарламасы, ұстанымы десе де болғандай. Өйткені өмір құбылыстарын қабылдамау, жек көру, сынау-мінеу, түңілу, бұрынғыны аңсау “зар заман” ақындарының баршасына ортақ сарын болды*.
Бір ескеретін нәрсе көркемдік әдіс мысалы, неғұрлым тұрақты құбылыс болса, әдеби бағыт та, ағым да уақытша құбылыс. Олар қоғамдық дамудың белгілі бір кезеңінде түрлі әлеуметтік, қоғамдық өзгерістерге, себептерге байланысты пайда болып, дамып, өмір шындығын танытуда өзіндік ерекшеліктерімен көрініп, келесі бір қоғамдық-элеуметтік өзгерістерге, жаңалықтарға орай әдебиет сахнасынан кетуі әбден мүмкін. Мысалы, “зар заман” ағымын отаршылдықтың күшеюі, мен орнығуына байланысты қазақтың қоғамдық өмірінде орын алған ұнамсыз құбылыстарға деген қарсылық туғызды, ғасыр соңына қарай ағым дамуын тоқтатты.
Әдеби бағыт, ағымдар нақтылы бір халықтың әдебиетінің белгілі бір даму кезеңінде туып, өркендеп, бір ұлт әдебиетіне ғана тән құбылыс ретінде танылуы да мүмкін. “Зар заман” ағымы айталық, негізінен қазақ әдебиетіне тән құбылыс. Сондай-ақ, енді бір жағдайларда әдеби бағыт, ағым белгілі бір елдің, халыктың әдебиеті аясында пайда бола тұра өркендей, кеңінен дами келе ұлт әдебиетінің шеңберінен асып әлденеше елдің әдебиетіне жайылып, тіпті, әлемдік әдеби құбылысқа (ағымға, бағытқа) айналуы да әбден мүмкін. Бұған әдебиет, өнер тарихындағы классицизмді (ХУІІ ғ. 30-жылдарында француз әдебиетінде пайда болып, өркендей келе Еуропа елдері әдебиетінде кеңінен тараған), сентиментализмді (ағылшын әдебиетінде дүниеге келіп ХУІІІ ғ. II жартысы мен XIX ғ. I жартысында бүкіл Еуропа халықтары әдебиетінде өрістеген) мысалға келтіру орынды болмақшы.
Ал әдеби мектеп те әдеби бағыт, ағым ұғымдарымен сабақтас-байланысты әдеби құбылыс. Әдеби бағыт, ағым бар жерде, әдеби мектеп те бар. Бұлардың қатар өмір сүруі, әдеби процестегі жетекшілік үшін текетіресулері қайталап айтайық, өнер дамуының заңдылығы.
Әдеби мектептің әдеби бағыт, ағымнан өзіндік айырмашылығы бар. Басты ерекшелігі оның жалпы қаламгерлерге, олардың тобына (бірлігін) емес, жеке үздік сөз зергерінің шығармашылығына тікелей қатысты құбылыс екендігінде.
Әдеби мектеп үздік таланттың өнердегі өнегесіне, оның өзгелерге тікелей шығармашылық ықпалы мен ұстаздық жетекшілігіне қатысты айқындалатын мәселе. Орыс әдебиетінің тарихындағы әйгілі Гогольдің “натуралдық мектебін” алайық. Бұл мектеп Гоголь және оның шығармашылық ықпалымен жазатын шәкірт қаламгерлер арасындағы шығармашылық қарым-қатынасты танытады. Сондай-ақ орыс әдебиеті тарихында “Некрасов мектебі”, А.Фет пен А.Майковтың “таза өнер мектебі” т.б. танымал. Қазақ поэзиясында Абайдың ақындық мектебі - әдеби мектеп ретінде белгілі. Әдеби мектеп болғасын, ұстаз қаламгер және оның ақыл-кеңесімен, шығармашылық үлгісімен жазатын шәкірт қаламгер болуы - заңдылық. Осындай ұстаз ақын мен шәкірт қаламгерлер арасындағы шығармашылық байланыс ерекшелігін, жалпы әдеби мектеп ұғымға М.Әуезов: “Әдеби мектеп деген ақынның өзі алған түр, өзі жырлаған тақырыпты ғана тебіндей беруі емес. Сол басшы ақын берген екпін, бағыт, негізгі күйлерінің бетімен тың жол іздеп өсуде.Ұстаз ақынньң өзі айтуға үлгірмеген немесе заманында әдейі айтқысы келмеген жайларды тереңдей үңгіп, бірталай өріске апарып тастауы* деп түсіндіреді.
Абайдың ақындық мектебінің шәкірттері қатарында Көкбай, Шәкәрім, балалары Ақылбай мен Мағауия, сондай-ақ Нармамбет, Әріп т.б. бар. Олардың тақырып таңдау, жазу, машықтану, іздену, ақындық қалыптасу тағдырларында Абайдың ұстаздық жетекшілігінің маңызы зор болғаны белгілі.
Сонымен, әдеби процесс - әдеби даму жанды, үздіксіз үрдіс. Әдеби бағыт, ағым, мектеби процестің формалары. Әдеби процесс ауқымында сан алуан әдеби бағыт, ағымдардың, мектептердің қатар өмір сүруі - өнер заңдылығы.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   37   38   39   40   41   42   43   44   ...   69




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет