Баспа ісінің отандық және әлемдік тәжірибелері басылымды жарыққа шығаруда міндетті түрде қажетті мамандардың тізімін атап көрсетеді. Олар – редакторлар, маркетинг мамандары, қажетті баспа-полиграфиялық материалдармен жабдықтайтын маман, полиграфия өндірісінің маманы, басылымды көркемдік безендіруші және техникалық редакциялаушы.
Редактор. Редактор- баспадаға негізгі тұлға, шығармашылық маманы. Редактордың дәстүрлі міндеті – мәтінді редакциялау. Редактор – баспаның басты маманы және оның жұмысы шығарылатын басылымдардың сапалылығын қамтамасыз ететіні белгілі. Редактор (французша redactour, латынша redactum - түзету, жөндеуші) - баспасөз, баспа мекемелерінің қызметкері. Редактор шығармашылық, ұйымдастырушылық қызметтерді атқарады, басылымға бағыт - бағдар береді, басылымның сарапшысы және жетекшісі.
Редактордың міндеті - авторлардан түсетін қолжазбаны қабылдап, редакциялап, оны жарыққа шығаруды басқарады. Ол автордан қабылданған қолжазбаны алғаш оқып, шешімді пікірін жазба түрде беру, рецензент табу, рецензия жазуды ұйымдастыру, оған ақыл-кеңес беру, рецензиядан қайтқан жұмыстың кем-кетігін авторға жөндеттіріп, талапқа сай редакциялап, өндіріске жіберуді, сол жұмыстың жарық көруін басқарады.
Редактор қабылданған жұмыс жөнінде автормен сол шығарманың жазылу барысында кездесіп, оның алғашқы тақырыбына, тарауына не тұтас бөліміне алдын-ала шолу жасап, танысып, оған өз тарапынан нақты жетекшілік кеңес беріп отыруға тиісті. Баспа редакторы автордың жинаған, соған орай жаза бастаған материалдарының жөн-жөнімен, логикалы түрде орналасуына, жазылуына дәйекті бағыт сілтеп отыруы керек.
Әдеби редактор негізінен мәтінмен жұмыс жасайтын болса, көркемдеуші редактор сол дайын мәтінді бейне материалдармен көркемдеумен айналысады.
Көркемдік редактор - басылымдарды көркемдік және техникалық рәсімдеу жобаларын әзірлеуге қатысады, басылымның жоғары полиграфиялық сапамен орындалуын қамтамасыз етеді.
Кітап дизайнері немесе суретшінің міндеті – басылымды көркемдік безендіру, көркемдік редакциялау, болашақ кітаптың көркемдік образын қалыптастыру, авторлық түрнұсқаны баспалық түпнұсқаға айналдыру. Суретші-дизайнердің арнайы білімі болуы керек және кітапты полиграфиялық дайындау технологияларын білуі керек.
Техникалық редактор - әр басылымның безендірілуін таңдап, әр элементін белгілеп полиграфиялық өндірісте басып шығаруға дайындайды. Барлық көркемдік-безендіру талаптары мен техникалық теру және беттеу тәртіптерінің сақталуын қадағалайды. Техникалық редактор түпнұсқадағы әріп гарнитурасын, олардың кегль өлшемдері мен орналасу ретін, теру –беттеу тәсілдерін, кестелерді, суреттердің мәтін ішіндегі өлшемдерін нақтылап оларға сәйкес келетін басу әдістерін таңдайды. Сурет түпнұсқаларын, титулдық беттерді, мұқабаларды, форзацтарды және басқа даярланған қажетті қосалқы бөлшектерді белгілеп, қол қойып баспаханаға өткізеді. Техникалық редактордың тағы бір міндетіне терілген мәтінді безендірілуге қойылатын нормативтік талаптардың сақталуын қадағалау жатады.
Баспадағы редакторлар туралы жалпы ережелерге келер болсақ:
Баспа ісінің редактор мамандары төмендегі талаптарға сай болып, мынадай біліктілікке ие болуы керек:
ғылыми-әдістемелік, ақпараттық және нормативтік материалдарды;
әдеби редакциялаудың әдіс-тәсілдерін;
бейне материалдардың әдеби-техникалық көркемделуін;
баспадағы техникалық құрылымдарды;
әдеби-техникалық көркемдеудің стандарттары мен техникалық шарттарын;
баспаханалық әріптерді және олардың қолданылуын;
бейнелік материалдардың редакциялық өңделуін;
графикалық материалдардың дайындалу тәсілі мен технологиясын;
полиграфиялық және көркемдеу жұмыстарының орындалуына қойылатын талаптар мен келісім-шарттарды;
баспаға келіп түскен әдеби-графикалық түпнұсқалардың сапасын;
қолжазбаны өндіріске жіберу тәртібін
стандартты корректорлық таңбаларды және оларды таңбалау ережелерін;
сызбаларда және басқа да иллюстрациялық материалдарда қолданылатын шартты белгілерді;
полиграфиялық өндірістің технологиясы мен тәртібін;
еңбек тәртібі мен еңбек заңнамасының ұйымдастыру негіздерін;
Бірақ соңғы кездері редактордың атқаратын міндетін ұйымдастырушы – редактор деп те атауға болады. Нарық талаптары редактордың басты міндеті автор жазған мәтінді редакциялаудан тыс, кітап идеясынан бастап, жаңа кітаптарды жарыққа шығаруға басқа мамандармен қатар авторлармен жұмыс істеп, басылымның таратылуы мен нақты баспалық жобаның қаржылық табыстылығына үлес қосады.
Маркетинг маманы. Қазіргі кезде маркетинг ісі маманының маңызы өте зор. Бұл - нарық сұранысын зерттеу, ұтымды жарнамалау экономикалық тиімділік жолдарын зерттеу және жоғарыда жазылған маркетингтік талаптарға сәйкес жұмыстарды ұйымдастыратын маман.
Өндіріс бөлімінің маманы.
Бұл бөлімде жұмыс істейтін маманның міндеті – баспа мен баспаханалардың байланысын қамтамасыз ету. Өндіріс бөлімі маманының міндетіне – кітаптың баспа-полиграфиялық безендірілуі мен рәсімделуіне қойылатын талаптарды қамтамасыз ету, полиграфиялық жұмыс сапасын бақылау, әр басылымның көркемдік және техникалық безендірілуі баспа мен полиграфиялық кәсіпорын арасындағы келісім – шартқа және спецификация шарттарының сәйкес орындалуын қадағалау жатады. Маман сондай-ақ тапсырыстың уақтылы орындалуын, қағаз бен полиграфиялық материалдардың қажетті шығынын есептеп, баспаханада олардың тиімді жұмсалуын бақылайды. Өндіріс бөлімінің маманы тек қана полиграфия өндірісінің технологиясын ғана емес, баспа ісі мен полиграфия саласына тән технико-экономикалық білімі және экономикалық есептеудің әдіс-тәсілдерін жете меңгеруі керек.
Қызмет көрсету бөлімдері.
Жоғарыда аталған мамандардан тыс, баспа ісінің жұмысын басқа да қызметкерлер қамтамасыз етеді. Мысалы, бухгалтерия, экономикалық және құқықтық қамтамасыздандыру. Бәрімізге белгілі, баспалардағы бухгалтерия немесе кіші баспадағы бухгалтер және экономистер дәстүрлі баспа құрылымдарына кіреді де қаржы жағының есеп-қисабына - келісім-шарт бойынша төленетін авторлардың, рецензенттердің, суретшілердің қаламақысын, баспамен бірге жұмыс істейтін мекемелерге төленетін ақша мен баспа қызметкерлерінің жалақысын есептейді. Баспа портфелінің ретімен орындалуын, баспа өнімінің өзіндік құнын шығарып, бағаның қалыптасуына ықпал етеді және қажетті материалдардың шығынын есептейді.
Құқықтық кеңес беру, жарнама, шаруашылық, қорғау, ақпараттық бөлім, техникалық қызмет, компьютерлік техникаларды жөндеу сияқты бөлімдер нарық және заман талабына қарай, баспа мекемесінің кіші, орта және ірілігіне қарай құрастырылады
Достарыңызбен бөлісу: |