ауданға барған кісі бір айда жұмысын бітіріп қайтса, округке барған
кісі екі айда қайтса, үш айда барлығы Кіндік комиссияға қайтып
оралса – яғни бір жерге үш айда жиналып болады екен. Сонсын бір
айдай тап-тапқа бөліп, өңдеп жазса, төрт айда баспаға берілуге
болады екен. Екі айда баспадан шықса, сонда тармағы 5-6 айда
баспадан шығып, 10 жылдық тойға үлгереді екен. Бұл менің
айтқаным қиял емес, өлкелік орындар шұғыл кіріссе, осылай үлгерілуі
мүмкін-(ақ). Әрине әдебиет тарихы сияқтылар біте де қоймас.
Осылай қызу кіріссек, істей алатын бұл жұмысты қолға алатын
кезге жеттік», - дейді [46,4
б.
]. Міне, 1930-шы жылдардағы қазақ
фольклортану ғылымында: фольклорды қалай жинау керектігі, оның
басты бағыт-мақсаттары да, не үшін жинау қажеттігі де т.б. – сөз бола
бастады. Сөзден іске кешу керектігі айтылуымен қатар, халық ауыз
әдебиетін автор тек әдебиет деп санап, фольклордың өзіндік
ерекшелігін ескермей, жанрды «тап» деп қарастыруы – бәрі
фольклорды тек әдебиеттану тұрғысынан бағаланған, мақала авторы
Т.Жиенғалидің арнайы фольклортанушылық білімінің болмағандығын
діттейді.
Мұндай еңбектердің кезең ерекшелігін сипаттаумен қатар,
фольклордың ел арасынан тездетіп жиналып, баспадан жинақ түрінде
шығуына септігін тигізді. Сонымен қатар баспасөз беттерінде
фольклордың ауызба-ауыз, әрі кітап түрінде жиналу керектігі де,
фольклорды
жинаудың
экспедициялық
тәсілінің
өзіндік
артықшылығы да (неғұрлым мол, жан-жақты, әрі тез т.б.) сөз болады.
Дегенмен бұларда жинау әдіс-тәсілдерінің талаптары т.б. ескерілмей
қалған. Яғни мәтін паспортын толтыру үшін қажет:қашан, қай жерде,
қай уақытта, кімнен, үлгінің қай тәсілмен қағазға түскендігі т.с.с.с
хақындағы дерек көздері сөз болмаған. Сонымен бірге фольклорлық
мәтінді баспадан шығаруды, қандай ғылыми талаптар негізінде іске
асыру қажеттігі сарапталынбаған. Сондай-ақ мәтіндермен
текстологиялық жұмыс жүргізу; қалай сұрыптау, жүйелеу, іріктеу
т.с.с. жұмыстарын жүргізу керектігі; әр мәтінге берілетін
түсініктемелер, анықтамалар, сілтемелер т.б. мәселелері де сөз
болмайды. Ендеше бұл мақалалар, негізінен, науқаншылдық үшін
ғана жазылғанға ұқсайды.
Әбділда Тәжібаевтың «Ел әдебиетін жинауға кіріселік» деген
мақаласы [47], негізінен, қазақтың халық ауыз әдебиетін жинау
мәселесіне арналады: «Әбубәкір Диваев, Халел Досмұхаметұлы, тағы
басқалардың жинаған өлең, әңгіме, жоқтау, ертегі, боқауыз өлеңдер
36
жинақтары да бар. Аз да болса Жансүгірұлы Ілияс өтірік өлеңдердің
біразының басын құрайды.
Сәкен, Сәбиттер де хат жазып, хабар беріп, іске
кіріскендіктерін көрсетіп жатыр. Енді мұның бәрі сүйсінерлік іс.
Бірақ сырттан сүйсініп, тек қол құсырып отыруға болмайды. Қолмен
санарлық 4-5 адамға сеніп отыра берсек, етек-жеңімізді жинай
алмай қаламыз», - деп автор фольклорды жинау ісіне көпшілікті тарту
керектігін айтады [47].
Одан әрі мақала авторы жеркепе, құрым үйлердің орнына жаңа
қалалар, мектеп, больницалар т.б. салынбақ, ауыл тегісінен жаппай
коллектив, жаңа тұрмысқа көшеді дей отырып т.б. - бәрі халық
әдебиетін жасап, тудырып келген ортаның құруына әкелетінін, яғни
фольклордың табиғи өмір сүру ортасының бұзылуына соқтыратынын
ескертеді. Сондай-ақ мақалада: халық әдебиетін жинаушылардың
фольклорды қалай, қандай жолдармен жинағаны; қазақ әдебиетінің
кімнен басталатыны; халық әдебиетінің басын құрау; жинау мәселесі;
өткен ақын-жазушылардың мейлі діншіл, мейлі ұлтшыл болсын,
бәрібір еңбектерін қарастырып, өмір тарихтарын тексеру керектігі
т.с.с. мәселелер қамтылған.
Сонымен қатар Ә. Тәжібаев Қазақ университеті жанынан осы
көтерілген мәселелермен шұғылданатын, қазақ әдебиеті мұрасын
жинаумен айналысатын, қазақ білім қызметшілері бастарын құраған
топтың жұмыс істейтінін, оған профессор Фатовтың (Н.Н. Фатов –
Н.Ж.) жетекшілік жасайтынын т.б. мәлімдеген. Топтың алдында қазақ
әдебиетін жинау, тексеру ісімен шұғылданып жүрген азаматтарды
көбірек тартып, Қазан төңкерісіне дейінгі, әрі Қазан төңкерісінен
кейінгі әдебиетті тегіс жинап тексеру керек деп, сол кездің өзінде
фольклорды таптық тұрғыдан емес, жалпы ұлттық мұра ретінде
түсінетінін көрсетеді.
ХХ ғасырдың Қазан төңкерісінен кейінгі бірінші жартысындағы
Кеңес үкіметі тұсындағы қазақ баспасөз беттерінде фольклорды
жинау, жариялау, зерттеу мәселесіне келетін болсақ: бірінде кеңестік
қоғамда фольклорлық мұраны пайдалану жөніндегі ой-пікірлердің
үстем болғаны жария етілсе [48]; екіншісінде, белгілі ғалымдар:
В.В.Радлов, Ә.Диваев, М.Ж.Көпеев, І.Жансүгіров, Х.Досмұхамедұлы,
М.Әуезов, С.Сейфуллиндердің т.с.с. ел арасынан жинаған фольклор
мен ауыз әдебиеті нұсқалары басылады[49]. Ал, үшіншілерінде, баспа
беттерінде қазақ фольклорын қалай тездетіп жинау қажеттігі
жұмыстарының мәселелері көтерілді [50]. Төртіншісінде, газет-
журнал беттерінде жиналған фольклорлық мұраларды сараптау,
зерттеу жұмыстары сөз болады [51]. Бесіншісінде, баспасөз жүзінде
37
фольклорды әрі жариялау мәселесі көтерілсе [52], әрі жарияланған
фольклор мен ауыз әдебиеті нұсқаларына қатысты сын пікірлер де[53]
беріліп тұрды.
Ауыз әдебиетінің мұрасын жинау мәселесі баспасөз жүзінде,
әсіресе «Еңбекші қазақ» газетінің бетінде талай рет көтерілген-ді.
Дегенмен жинау жұмысының кең түрдегі бағдарламасы 1920
жылдардың бас кезіндегі Жетісу, Сырдария экспедицияларының іс-
тәжірибесінен кейін ғана барып жасалған [54]. Мұндай бағдарлама
жасауда Ә.Диваев елеулі еңбек етті. Ол экспедицияға қатысушы
адамдарға
арнайы
нұсқау
беріп,
қазақтың
фольклорлық
шығармаларының Қазан төңкерісіне дейінгі және Кеңес дәуіріндегі
барлық жанрларын жинау жөнінде басшылық жасаған. Сондықтан да
жинаушылар қазақтың халық поэзиясының ұсақ жанрларына дейін
хатқа түсіріп отырған.
ХХ ғасырдың 1917 жылғы Қазан төңкерісіне дейінгі газет- журнал
беттеріндегі фольклортану мәселесіне келсек, оның басылым көрген
фольклорлық үлгілерді хабардар етумен; халықтық мұраларды
жинаушылар төңірегінде ақпараттар таратумен; фольклорлық,
этнографиялық т.б. үлгілерді жинау қажеттігі мәселесі көтерілуімен
көзге түсті. Бұл кезең ғылыми ізденістердің неғұрлым қарқынды
жүргізілгендігімен де белгілі. Сонымен қатар 1920-шы мен 1930
жылдар аралығы– бір жағынан, Қазан төңкерісіне дейінгі фольклорды
жинаушылық жариялаушылық және зерттеушілік дәстүрдін әрі қарай
дамуымен қатар, ішінара сапалық өзгерістерге де ұшырауы, екінші
жағынан, заман, кезең өзгерісіне қарай Кеңестік идеологияның жаңа
бағыттары дүниеге келе бастауы т.б. – бәрі сол кездегі Кеңестік қазақ
фольклортану ғылымының даму өрісін негіздеді.
Көптеген мұражай құжаттары мен басылым беттерінен Кеңес
үкіметі тұсында фольклортанушы ғалымдардың жаңа тарихи
жағдайда фольклордың жекелеген жанрларын сараптауы өскені
байқалады. Сол кездегі ізденушілік жұмыстардың көбі жаңа қоғамдық
қатынастармен халық арасындағы жаңадан орныға бастаған салт-сана,
дәстүр т.б. негізінде іске асырыла бастады. Осындай алмағайып
уақыттағы фольклортанушылық жұмыстардың өзіндік ерекшелігі- бұл
іске тек таңдаулы мамандар емес, сонымен қатар маман емес
зиялылар, студенттер т.б. еңбек ұжымдарының жаппай тартыла
бастағаны дер едік.
ХХ ғасырдың 20-30-шы жылдарында фольклор мәтіндерін
жинау, көбінесе екі бағытта жүргізілді: бірі- бұл дәстүрлі фольклорды
жинаумен қатар, Кеңес үкіметі саясатына сай делінген, «нағыз
халықтық» делінген үлгілерді жиыстыру, оларды көбейтіп дабыралау
38
болып табылады. Екіншісі- халық арасында, белгілі фольклорды
жеткізушілердің жекелеген жанрды орындаудағы шеберлігі мен
репертуарына т.б. көңіл бөлу өсті. Бұл тұста фольклорды
жинаушылық қызмет жоспарлы түрде жүргізіле бастады және оған
өзіндік ғылыми-зерттеушілік міндеттер қойылды. Елдегі саяси,
экономикалық, әлеуметтік сипатта болған түбірлі өзгерістер өз
кезегінде халықтың салт-санасына, тұрмыс-тіршілігіне, әдет-ғұрпына
т.б. үлкен ықпал жасағаны мәлім. Сол себепті де елде жоспарлы түрде
ғылыми ізденістер қолға алынып, олар жергілікті жердегі халықтың
өміріне,
тарихына,
тұрмысына,
әдет-ғұрпына,
халықтың
шығармашылығына
т.б.
қатысты
деректер
жинауға
деген
белсенділікті тудырды.
1920 мен 1950 жылдар арасындағы жиналған фольклор
материалдары, көбінесе хрестоматия үлгісінде басылым көріп
отырды. Фольклорды жинау жұмыстарының тездетіліп жүріп, қажет
делінген түсініктермен таратылуына сол кездегі баспа бетінде
жарияланған түрлі мақалалар тізбегінің рөлі ерекше болды.
1930 жылдар – бұл қазақ фольклортану ғылымын дамуындағы
ерекше кезең болып табылады. Мұнда көптеген ғылыми ізденістер
бастамаларының негізгі қаланды. Фольклорды жинау жұмыстарының
дамытылып, сапалы жүргізілуіне жаңа қадам жасалынды. Ғылыми
фольклорлық экспедициялардың ұйымдастырылуына мүмкіндік
кеңейді т.б. Осының негізінде фольклордың жан-жақты жиналуы, әрі
түрлі жанр үлгілері қамтылуы жүзеге асып, қазақ фольклортану
ғылымының мұрағаттық қоры жаңа нұсқалармен толықтырылып, байи
түсті.
1920 жылдардың алғашқы кездерінде-ақ Қазақ оқу халық
комиссариаты, Қазақ өлкесін зерттеу қоғамы сияқты бірнеше
мекемелер құрылып, жұмыс істей бастайды. Қазақ халқының
мәдениетін, тарихын, этнографиясын зерттеуге және халық ауыз
әдебиет үлгілерін жинауға зер салынып, ғылыми экспедициялар
ұйымдастырылады. 1920 жылғы Сырдария, 1921 жылғы Жетісу
экспедицияларына Ә.Диваев, А.В.Затаевичтер қатысады.
1920 жылдардың аяғына таман қазақ совет фольклорының қоры
жасалып, Қазақтың ғылыми-зерттеу институтының қарамағына
беріледі. Бұл кезде халық поэзиясын жинасуға мамандығы жағынан әр
түрлі мұғалімдер, мәдениет қызметкерлері, ақын-жазушылар,
музыканттар мен артистер тобы қатысады. 1930 жылдардан бастап
қазақ фольклоры Қазақстан Республикасы Білім және ғылым
министрлігінің Орталық ғылыми кітапханасына жинақталады.
Кейінірек қазақ халық ауыз әдебиеті үлгілері М.О.Әуезов атындағы
39
Әдебиет және өнер институтының қолжазбалары қорына жинақталып
отыр. Аталмыш қолжазбалар қорына түсетін материалдардың
көпшілігі арнаулы ғылыми іссапарға барған институттың ғылыми
қызметкерлері немесе институт тарапынан ұйымдастырылған ғылыми
экспедициялар арқылы жиналды. Мәселен, «Алты жасар Алпамыс»
атты қолжазба нұсқасының 1920 жылы ұйымдастырылған Сырдария
облысының
экспедициясы
кезінде
қағазға
түскені
белгілі.
Экспедицияны фольклортанушы Ә.Диваев басқарған. Бұл қолжазба
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Орталық
ғылыми қолжазба қорында сақтаулы, араб әрпімен бір жолды сарғыш
қағазға түсірілген, сиясы көк, парақ беттері араб цифрымен
нөмірленген [55].
Сондай-ақ «Тоқсан үйлі тобыр» атты жыр нұсқасы да 1920 жылғы
Сырдария
облысының
экспедициясы
кезінде
Жұманазар
Үрімқұлұлынан жазылып, ҚР. Білім және ғылым министрлігінің
Орталық қолжазба қорына табысталған [56]. Ал, осы экспедиция
кезінде қағазға түскен «Қобыланды батыр ертегі» үлгісі кімнен
алынғаны белгісіз екендігі ескертілген [57]. Сонымен қатар осы
экспедиция кезінде қолға түскен «Құламерген» жазбасы Әлімбайұлы
Жұмабай қолжазбасынан көшіріліп алынған [58]. Экспедиция кезінде
«Жүсіптің жеңге алған әйелімен айтысқаны» үлгісін де [59], «Бай
баласы» [60] мен «Кедейдің тас тауып алуы» [61] атты ертегісін де
Ә.Диваев жиып тапсырған.
Бұлардан басқа ұйымдастырылған 1921 жылғы Жетісу
экспедициясы; 1935 жылғы Қостанай экспедициясы; 1939 жылғы
Қазақстан зерттеу қоғамының ғылыми экспедициясы мен Маңғыстау
экспедициясы; 1940 жылғы Арал мен Семей экспедициясы; 1942
жылғы Арал экспедициясы; 1943 жылғы Торғай экспедициясы; 1946
жылғы Көкшетау-Ақмола, Қарақалпақ, Семей экспедициялары; 1947
жылғы Қостанай экспедициясы; 1949 жылғы Гурьев экспедициясы
мен 1950 жылғы Көкшетау экспедициялары жұмыстарының
нәтижесінде- алғашқы Ұлт мәдениет институтының қорына, кейіннен
Қазақ ССР Ғылыми академиясы Тіл мен әдебиет институтының
Халық творчествосы бөлімінің қорына жүздеген баспа табақ халық
шығармалары материалдары жиналды.
Қорға алынған материалдардың ішінде «Өтірікші тазша»,
«Жақсылық пен жамандық», «Құйыршық бала», «Қара мерген»
ертегілері, бидің кедеймен айтыстары т.б. бар. «Қобланды» жырының
алты нұсқасы, «Қамбар» жырының жеті нұсқасы жазылып алынған.
Осылармен қоса фондыға «Телағыс», «Төрехан», «Ер Қосай»,
«Қойкелді батыр», «Көрұғлы» сияқты эпикалық шығармалар да
40
қабылданған. Мұның бәрі халық ауыз әдебиетін жинау саласында
біраз жұмыс істелгендігін көрсетеді.
Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Білім және ғылым
министрлігінің Орталық ғылыми кітапхана қорына әр кезде түрлі
жинаушылардың да қолжазбалары өткізіліп отырылған. Мәселен,
М.Ж.Көпеев жинаған «Ер Көкше» нұсқасы сақталған «Қара мес»
жинағы Қазақ ССР Ғылым академиясының қорына 1934 жылы түскен
[62].
Қолжазба жолсыз сары қағазға Мәшһүр-Жүсіптің өз
қолтаңбасымен араб әрпімен, бидай сиямен жазылған. Сырты жасыл
түсті мұқабамен тысталған, кейбір беттеріне су тиіп жайылғандықтан
қағаздары сарғайып, түптелген шеті сөгілген.
Ал, «Базар батыр» атты нұсқаны 1935 жылы Шығыс Қазақстан
облысы Күршім ауданында Жангөдей қарттың айтуы бойынша жазып
алған, әрі ҚР. Білім және ғылым министрлігінің Орталық қолжазба
қорына тапсырған Б.Тұрсынбаев еді [63]. Қолжазба арабша бір жолды
қағазға көк және жасыл сиямен түсірілген, сырты қалың картонмен
тысталған. Орталық ғылыми кітапханаға 1935 жылы түскен «Ер
Тарғын» жырының бір нұсқасын Семей облысы Шұбартау ауданында
Нұрғали Нұрқасым деген жыршыдан Ысқақұлы Әміре жазып алғаны
[64] туралы дерек сақталған. Қолжазба 11 буынды қара өлең үлгісіне
құрылған. Араб әрпімен ескірген жолсыз сарғыш қағазға жай
қарындашпен жазылған.
Енді бір «Көрұғлының қиссасы» атты жыр 1929 жылы Қызылорда
жерінде жазылса да, Орталық ғылыми кітапханасына 1940 жылы
түскені анықталған [65]. Нұсқаны жинаған Айдарханов екені жазылса
да, мәтінді кімнен жазып алғаны көрсетілмеген. Қолжазба бір
сызықты ақ қағазға қара, көк сиялармен араб әрпінде қағазға түскен.
Міне, осындай Қазақстанның түкпір-түкпірінен де әр түрлі
жинаушылардың көмегімен кейбір фольклорлық үлгілер жиналып,
Орталық ғылыми кітапхана қорына өткізіліп келгені мәлім.
Дегенмен халық ауыз әдебиетін жинауда жекелеген кемшіліктер
де болмай қойған жоқ. Мұғалімдер, саяси-ағарту мекемелері мен
аудандық газет қызметкерлері жұмысты қызу түрде қолға алғанмен,
халық ауыз әдебиетін жинайтын ғылыми орындардың басқару ісінде
салақтық та байқалды. Халық ауыз әдебиетінің шығармаларын білетін
және оны айтып бере алатын адамдар жөнінде деректер жоққа тән еді.
Сондықтан да жинау жұмысының түбегейлі бағдарламасын жасап,
белгілі бір жобаға келтіру қажет болды. Дегенмен қолжазба қорында
біраз жұмыстар істелді. Халық ауыз әдебиетінің түрлі жанрлары мен
ақындардың шығармашылығына арналған жинақтарға жеткілікті
түрде материал жиналды. Ал, жергілікті жердегі ғылыми кадрлардың
41
өсуі халық ауыз әдебиетін жинау жұмысына сөзсіз ықпалын тигізді.
Сондай-ақ бұл кездегі фольклорды жинаудағы, жариялаудағы,
зерттеудегі т.б. фольклортанушылар ұстанған негізгі бағыт:
фольклорлық мәтіндердің идеялық-көркемдік сапасына айырықша
көңіл бөлу болды.
ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы Кеңес өкіметі тұсында
қазақ фольклорының барлық жанрлары жиналды десек те, біраз
халық
үлгілері
«кеңестік
идеология»
тарапынан
қолдау
таппағандықтан, өкінішке орай жиналмай қалды. Бұлар, көбінесе діни,
ұлт-азаттық көтеріліс т.с.с. тақырыптары еді. Мәселен, тұрмыс-салт
жырлары ішінен ескі діни наным-сенімге байланысты түрлері, яғни
бәдік, бақсының сарыны, жарапазан т.с.с. жиналмаса, ал айтыс
жанрынан өлі мен тірінің айтысы т.б. тәрізді үлгілері қағаз бетіне
түскен жоқ. Ал, тарихи жырлар арасынан ұлт-азаттық көтеріліске
байланысты «Кенесары-Наурызбай» сияқты нұсқалар жинаушылар
назарынан тыс қалып отырды.
Сөйтіп, Қазан төңкерісінен кейін: фольклор үлгілері көптеп
жинала бастады, мектеп, оқу орындары бағдарламаларына т.б. арнайы
пән, факультативтік сабақ т.б. ретінде енгізілді. Сондай-ақ фольклор
әдебиеттану ғылымының бір саласы ретінде зерттеле бастады.
Ғылыми- зерттеу орталығы негізінде түрлі фольклорлық ұйымдар,
қоғамдар, экспедициялар т.б. фольклорды жинау жұмыстарына
тартылды. Белгілі дәрежеде ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы
қазақ фольклортану ғылымында фольклордың жиналу, өңделу,
жариялану, зерттелу мәселесі баспа бетінде біршама қарастырылды.
Сонымен қатар ол кезде фольклордың жеке-жеке жанрларына қарасты
монографиялар, оқулықтар, т.б. жарық көрді. Қорыта айтқанда, Кеңес
дәуірінде қазақ фольклорының ең көркем жанрлары барынша мол
жиналды, зерттелді.
Достарыңызбен бөлісу: |