Мінездемені А.Байтұрсынұлы – әуезе әңгіменің төртінші тобына жатқызады. «Адамның, елдің, жұрттың, таптың, ұлттың сырын, мінезін танып көрсету мінездеме болады». Мінездеме жеке шығарма ретінде кездеспейді. Ол көбінесе, өмірбаянның, заман хатының немесе тарихи шығарманың бір бөлігі болып есептеледі. Мінездеме тек жеке бір адамға ғана берілмейді. Кейде бүкіл бір қоғамға, елге, не бір заманға да мінездеме берілуі мүмкін. Мінездеме беру үшін автордан сол өзі айтып отырған мәселені терең білуді, сараптама, талдау тәсілдерін толық меңгеруді талап етеді.
А.Байтұрсынұлы тарихқа зор баға береді. Оны әуезе әңгіменің ең бір «Ұлысы әрі сипаттысы» деп бағалайды. «Тарихты қазақша ұлы дерек деуге, әуезе тобына жатқанмен, айғақты әуезе болады» деп жазды. Тарих ғылымының мақсаты бүкіл адамзат баласының өткені мен бүгінгісін ақиқаттап көрсету екендігін баса айтады. «Тарихтың мақсаты – бүтін адам баласының өмірі нендей табиғат заңымен өзгеретінін білу. Тарихшылар халық басынан кешкен түрлі уақиғалардың мағлұматын, сымға тартқандай, сынға салып, мінсіз етіп, дұрыстап өткізеді». Ахмет Байтұрсынұлы «тарихшылар құр істегенімен қанағаттанбай, рас, өтірігін тексеріп, расын ғана алады» – дей келе олардың биік мәртебесін ашып көрсетеді. Тарихтың тарих жазудағы әрекетін ғалымның еңбегімен салыстырады. Оның тарихтың әр салаларынан хабардар екенін көреміз.
Ойшыл бабамыз Ахмет тарихи әңгімелерді әуезенің соңғы тобына жатқызады. Оны әңгімелердің басқа түрлерімен салыстыра келе «жұрт аңыз қылып айтып жүрген әңгімелердің өтірігі көп болады. Тарихи әңгіме тарих асасына сүйенетін шын әңгіме болады» – деп тұжырымдайды.
Қорыта айтқанда, халық көсемі дәрежесіне жеткен Алаш көсемдерінің бірі Ахмет Байтұрсынұлы тарих ғылымының биік мәртебесін ұға білген, оның халықтың ұлттық санасын оятудағы қасиетті құрал екендігін түсіне білген ғұлама. Оның жоғарыда айтқан пайымдаулары мен тұжырымдары тарихтану теориясына қосылған үлкен үлес. Өкінішке орай, маркстік–лениндік әдіснама ғылымының кейбір ұстанымдарына қайшы келетін ұлы ойшылдың тарихи ілімдері іске аспай, сынға ұшырады. Тәуелсіздіктің туы астында жазылып жатқан ата тарихымызды жазу барысында осы айтылған ойларымызды жүзеге асырсақ нұр үстіне нұр болары анық.
Диваев Әбубәкір Ахметжанұлы (1856 –1932) – фольклортанушы, этнограф. Орынбор кадеткорпусының Азия бөлімін бітірген (1876). Алғашында Түркістан өлкесіне әскери қызметпен келіп, кейін Ташкент қаласында Әскери–халықтық басқармада қызмет еткен. А.Диваев өзбек, тәжік, парсы тілдерін меңгерген. Кадет корпусында оқып жүріп қазақ тілін үйреніп, қазақ халқының тұрмыс–салты, әдет–ғұрпына қатысты құнды материалдар, ауыз әдебиеті үлгілерін жинаумен шұғылданған. Диваевтың қатысуымен 1895 жылы Қожа Ахмет Иасауи мешітінен табылған көне жазулар Түркістан өлкесі тарихын зерттеуге қосылған елеулі үлес болды. Ол тапқан көне мөрдің ортасындағы шеңберде Қожа Ахмет Иасауи есімі жазылып, «хижраның 1212 жылы» деген белгі бар, ал шеңбердің шетінде мөрді жасаушы шебердің есімі (Қожа хан) көрсетілген.
Халық аузынан Асан Қайғы, Алаша хан, Әмір Темір, Қараш батыр, т.б. туралы деректер мен қазақ халқының бесік жырын, беташарын, құдалық салтын, мақал–мәтел, толғауларын, бақсы сарынын жазып алып жариялады. Диваев жинаған нұсқалардың тағы бірі – ежелгі күнтізбе, астрономия туралы халық ұғымдары. Ол Сырдария қазақтарының өмірінен көлемді этнографиялық материалдар жинады. Қорқыт Ата бейітінің су шайып, жоғалып кету алдында тұрғанын айтып, жергілікті әкімшіліктен адамзат мәдениеті тарихындағы қымбат ескерткішті қорғауға алуды сұраған.
Диваев Шу мен Талас өңіріндегі сәулет өнері ескерткіштерін зерттеуге де зор үлес қосты. Ол «Көк кесене мавзолейі» атты еңбегінде баяндалған аңызда Ақ кесене мен Көк кесене өңірін бұдан 300 жылдай бұрын Ұса мен Зеринг бастаған қалмақтар билеп–төстегені, ал Ақ Кесене мен Көк кесене ескерткіштері қалмақтардың билігінен де бұрын болғаны, оның әскери қарауылшылар тұрақ-жай ретінде пайдаланғаны жайында аңыз–әңгімелер барлығы жайында жазады. Сондай–ақ Саңырық батыр жайында да мәліметтер келтіреді. Диваевтың ғылымға сіңірген еңбегін П.М. Мелиоранский, В.А. Гордлевский, В.В. Бартольд, т.б. ғалымдар жоғары бағалады. Оның кітаптарының біразын Қазан университеті бастырып шығарған.
Достарыңызбен бөлісу: |