2. Қазақ тарихынзерттеу мекемелерінің құрылуы.
Алғашқы қоғамдық проблеммаларды арнайы зерттейтін ғылыми мекемелердің бірі Қазақ Ұлттық Мәдениеті Ғылыми–Зерттеу Институты1933 жылы 10 қарашада Қазақ Орталық атқару комитетінің Ғылым комитеті жанында құрылды. Бастапқыда институттың құрамына Қазақтың Орталық архиві, өлкелік мұражай, мемлекеттік кітапхана, өлкетану бюросы, педагогикалық зертханалық институты, Қазақ мемлекеттік университетінің ғылыми қызметкерлері біріктірілді.Инситутта тарихи–археологияық, әдебиетжәне фольклор, тіл қатынастарын зерттеу, бейнелеу өнері және музыкалық–театр–хореографиялық секторлары жұмыс істеді. Институт тарихшыларыЖетісудың археологиялық ескерткіштерін зерттеп, Қазақстан тарихы бойынша деректерді жоспарлы түрде жинауға кірісті.
1934–1935 жылы институт ғалымдары қазақтың батырлар эпосының 100–ден астам нұсқасын, 230 ертегі, 4500 мақал–мәтел, т.б. халық шығармаларының үлгілерін жинап, баспаға әзірледі. Абайтану ісі қолға алынды. Арнаулы комиссия “Қазақ тілінің академиялық сөздігін” жасаумен шұғылданды. Бейнелеу секторы қазақтың 300–ден астам ұлттық өрнектерінің түрлерін жинап, зерттеуге кірісті.
1935 жылы 15 қыркүйекте институтқа Қазақстанның Ұлттық көркем сурет галереясын ұйымдастыру жұмысы жүктелді. Осы жылдары институтта “Труды”, «Прошлое Казахстана в источниках и материалах» атты жинақ және бірнеше әдеби шығармалар жарық көрді.
1936 жылы 25 тамызда КСРО ҒА Қазақстандық базасының тарих, қазақ тілі мен әдебиеті секторларына айналдырылды. Ұлттық мәдениет институтымен осы секторлардың негізінде 1942 жылы тіл және әдебиет институты ал 1945 жылы тарих, археология және этнография институты құрылды.
Дегенмен жоғарыдағы ғылыми мекемелер жаңа социалистік идеалогияны пәрменді насихаттауға дәрменсіз болып шықты. Сондықтан билік жаңа мекеме құруды жоспарлайды. 1920 жылғы 21 қыркүйегінде Ресей Кеңестік Федеративтік Социалистік Республикасы Халық Комиссарлары Кеңесінің қаулысымен Ағарту халық комиссариатының жанынан Қазан төңкерісі тарихы және Коммунистік партия тарихы жөнінгі материалдарды жинау мен зерттеуге арналған комиссия құрылды. Бұл бөлім қысқаша «Истпарт» деген атаумен белгілі.
1921 жылдың желтоқсанынан бастап бұл комиссия Ресей коммунистік (большевиктер) партиясы Орталық комитетіне берілді. Оның бөлімшелері губерниялық қалаларда да ашыла бастады. Алғашқылардың бірі болып, 1921 жылдың 24 қарашасында құрылған Семей истпарты қызмет ете бастады. Ал 1924 жылға қарай губерниялық партия тарихы мекемелері Ақмола, Ақтөбе, Орал, Қостанай, Бөкей, Жетісу губернияларында іске қосылды.
Дәл осы уақытта Түркістан АКСР–інің құрамына енген Қазақстан аудандары аумағындағы революцилық қозғалыс тарихын Түркістан партия тарихымекемесі зерттеді. Сондай–ақ аталған мәселені зерттеу ісіне Сібір, Омбы және басқа да шекаралас аймақтардағы осы секілді комиссиялар өз үлестерін қосты.
ХХ ғасырдың 20–жылдары ғылыми–зерттеу жұмыстарын Ғылым академиясының мекемелері де қарқынды жүргізді. Мұндай ғылыми мекемелердің ішінен қазақтардың саны мен орналасуын зерттеумен айналысатын Ресейдің ұлттық кұрылымын зерттеу комиссиясының Түркістан және Сібір бөлімдерін; КСРО ҒА–ның антропологиялық экспедициясының қазақстандық отрядын; Материалдық мәдениет тарихы мемлекеттік академиясын; Шығыс мәдениеті, антропология мен этнография мұражайларын ерекше атауға болады. Бұл кезде ең ірі бөлімі тарихи–этнографиялық бағытта жұмыс істеген Қазақстанды зерттеу қоғамының қызметі ауқымды болды. Қоғамтану бағытындағы жұмыстарды партия тарихы мекемелерімен бірге, ҚазКСР Халық ағарту комиссариатының ғылыми, ағарту және көркемдік саладағы қызметіне басшылық ететін академиялық орталығы да ат салысты. Сөйтіп XX ғасырдың 20–жылдары қазақ өлкесінің тарихын зерттеудің ғылыми және ғылыми–ұйымдық негізі қаланды.
Алғашқы тарихи жұмыстар Қазақстан аумағындағы революциялық проблемаларға, Азамат соғысы тарихына арналды. Бұл тақырыпқа қалам тартқан сол оқиғалардың басы–қасында болған, өздері қоян–қолтық араласқан партия және кеңес органдарының көрнекті қызметкерлері болды. Олардың қаламынан туған мемуарлық сипаттағы материалдардың объктивтілігі мен шынайылығы шек келтірмеуге тиісті.
Бұл авторлардың шығармаларында ХХ ғасырдың басындағы қазақ жеріндегі әлеуметтік–экономикалық және саяси жағдайы, әлеуметтік топтардың сол кездегі саяси ахуалға көзқарасын анық көруге болады.
Азғана қазақ интелигенцисы барикаданның екі жағында болғаны белгілі. Кеңес билігін қолдаған топтың өзі бір бірімен саяси айтысқа түскен еді. Қазақ жерінде орнаған жаңа билік қандай мақсатты орындауы қажет деген сұрақ мазалады оларды.
Ал дәл осы орайдағы мәселені А.Байтұрсынов пен бірқатар Алашорда көсемдері басқаша пайымдады. Мәселен, А.Байтұрсынов өзінің РКФСР Халық Комиссариатының Ұлттар ісі жөніндегі органы «Жизнь национальностей» басылымында жарияланған (1919 жыл, 3 тамыз) «Революция және қазақтар» деген мақаласында: «Қырғыздарға (қазақтарға. – авт.) Ақпан революциясы қандай түсінікті болған болса, оларға Қазан революциясы соншалықты түсініксіз болып көрінді... Олар алғашқы революцияны қандай куанышпен қарсы алған болса, екіншісін сондайлық үрейлі қорқынышпен карсы алуларына тура келді», – деп жазды. Мұны ол Ақпан революциясы қазақтарды «патша үкіметінің езгісі мен зорлық–зомбылығынан азат етті, – деп түсіндіреді, – және олардың өздерін дербес баскару жөніндегі қасиетті арманын жүзеге асыруға деген үміттерін орнықтырды. Ал екінші революцияның қазаққа түсініксіз болатын себебі бар. Өйткені қазақта капитализм де, таптық жіктеліс те жоқ еді, тіпті оларда меншіктің өзі де басқа халықтардағыдай айқын анықталмаған, көптеген тұтыну бұйымдары қоғамдық меншік болып саналады.
Бірақ мұндай пікірлер мен көзқарастар марксистік идеалогияға сәйкес емес еді. 20-30–жылдар мақалаларының ғылыми деңгейі төмен болатын. Көпшілігі Қазақстанның жекелеген, жергілікті аудандарына немесе Азамат соғысы мен Кеңес өкіметінің қазақ жерінде орнығу үрдісінің жекелеген оқиғаларына ғана арналды. Деректер корпусының әлсіздігіне байланысты, фактілердін бүкіл жиынтығын есепке алынбай, асығыс жасалған қорытындылар ғылыми шындықтан тым алшақ еді.
Алаштың ірі қоғам және мемлекет қайраткері, тарихшы, ағартушы, тұңғыш темір жол инженері Мұхамеджан Тынышбаев 1879 жылы 12 мамырда Жетісу облысы Лепсі уезі Мақаншы–Садыр болысында 1900 жылы Верный ерлер гимназиясын, 1906 жылы император I Александр атындағы Петербор темір жол транспорты институтын бітірген.
М.Тынышбаев Жетісу темір жолын жобалау ісіне қатысады. 1907 жылы 28 жасында II Мемлекеттік Думаға Жетісу облысы атынан депутат болып сайланады. Сөйтіп, енді ол биік саясатқа көтеріледі. Алайда II Думаны да патша қуғындап таратады. Дума таратылған соң М.Тынышбаев қайта кәсіби қызметіне кіріседі. Енді ол Түркістан генерал–губернаторлығы қарамағындағы аймақтың теміржол құрылысына инженер ретінде атсалысады. 1907–1914 жылдар аралығында Әмудария үстіне салынған көпір құрылысына, Ұрсат (Урсатьевск) – Әндіжан теміржол құрылысына жетекші маман, бас инженер есебінде қатысады.1914 жылы қайраткер Жетісу темір жол құрылысына қайта ауысады. Бұл жолы ол Арыс – Әулие атаучаскесінің басшысы және бас инженері болып қызмет атқарды.
М.Тынышбаевтың саясат сахнасында аса күрескерлік танытқан уақыты – 1916–1917 жылдар. 1916 жыл оқиғасы тұсында ол «Қазақ» тобында болды. Сол себепті де Қытайға кетуге мәжбүр болған қандастарын елге қайтару жұмысының жуан ортасында жүрді. 1917 жылы сәуірде Уақытша үкімет М.Тынышбаев Жетісу облысындағы комиссары етіп тағайындайды. Түркістан автономиясы 1917 жылы қараша айының соңында Қоқан қаласында жарияланғанда, қайраткер осы автономия үкіметінің төрағасы болып сайланды. Алайда Қоқанда құрылған Түркістан автономиясы бірер ай ғана өмір сүріп, большевиктер тарапынан аяусыз жанышталды. Бірінші жалпы қазақ съезіне де, Алаш автономиясы жарияланатын екінші жалпықазақ съезіне де Жетісу облысы атынан қатынасты. Соңғысында ол Ұлт кеңесі (Алаш Орда) құрамына кірді.
Кеңес үкіметі орнағаннан кейін де оның жұмысына белсене ат салысты. 1921–1922 жылдары Түркістан кеңестік автономиясының Жер–су комиссариатында су шаруашылығын басқарды. Ал, 1925–1932 жылдар аралығында Қазақстан кеңестік автономиясында жаңа астананы (Қызылорда) жасақтау ісінің бас инженері. Түркістан–Сібір құрылысының жетекші маманы қызметін атқарды.
1922 жылы Ташкентте құрылған «Талап» атты мәдени–ағарту ұйымына басқарма мүшесі болып сайланады. Осы шақта ол бірнеше тарихи еңбек жазды. Оның ел алдындағы елеулі еңбегі – Түркістан–Сібір теміржол құрылысына маман ретінде қатынасуы еді. 1932 жылы сәуір айында тұтқындалып, Мәскеу–Донбасс теміржол құрылысына жұмысқа жіберілді. Бұдан қайтып елге келгенде, 1937 жылы қарашада қайта тұтқындалып, ату жазасына кесілді.
М.Тынышпаев қазақ халқының рухани өміріне де белсенді араласқан қайраткер. Өз ұлтының алдыңғы қатарлы елдің қатарында болуы үшін бар күш–жігерін аямады. XX ғасырдың басында Орынборда шығып түрған «Қазақ» газеті төңірегінде топтасқан ұлт зиялыларымен араласып–хабарласып тұрады. Газет бетінде оның «Соғысушы патшалар әскері», «Сүңгуір қайық», «Темір жол һәм Еуропа соғысы», «Соғыс кемелері һәм мина», «Барлыбек Сыртанов», «Садуақас Шалымбеков» т.б. мақалалары жарық көреді. Ел тарихының қилы кезеңдерiн ғылыми тұрғыдан негiздейтiн, дерек көздерi бай, туған халқының тарихының күрделi тұстарын айқындайтын iргелi еңбектер жазды.
Fылыми еңбектерi арасында оның қазақ халқының рулық және тайпалық құрамын, тарихи бастауларын зерттеуге берiк негiздер жасайтын туындылары – “Қырғыз–қазақ руларының шежiресi”, “Қырғыз–қазақтардың шығу тегi”, “Қазақ хандығының құрылуы”, “Қырғыз–қазақтар ХҮІІ–ХҮІІІ ғасырларда” және т.б. маңызы зор. Кәсiби мамандығы басқаша бола тұра өз еңбектерiн сан алуан жазба, заттай деректердi, орта ғасырлық авторлардың шығармаларын, өзiне дейiнгi бүкiл тарихи әдебиеттердi және халқымыздың бай ауыз әдебиетiн деректiк тұрғыдан жан–жақты талдап, орынды пайдалана бiлетiндiгi, деректердi сыни көзқараспен қарап, салыстыра бiлетiндiгi, тарихшылардың бүгiнгi ұрпағын қайран қалдырады. Қазақтардың тарихы туралы негiзiнен отарлық көзқарас тұрғысынан бiржақты жазылған еңбектер басым кезде, халқының тарихи тамыры тереңде, оның шежiресiнен бастау алатындығын, қазақтардың құрама емес негiзi бiр екендiгiн ғылыми тұрғыдан дәлелдеп, Отанды, туған жердi сүюдiң, қадiрлеп–қастерлеудiң үлгiсiн осылай да көрсете бiлдi. Қазақ халқының бiртұтас тарихын жазып шыққан М.Тынышбаев қана десе қателеспеспiз. Ғалымның, халқымыздың жоңғар басқыншыларына қарсы азаттық жолындағы күресiне арналған “Ақтабан шұбырынды” деп аталатын көлемдi еңбегiнiң де зор тағылымдық, елдiк маңызын да айтпай кетуге болмайды. Бұл еңбектер бүгiнгi күнi егемендi елiмiздiң өткенiн зерттеу iсiне үлкен қызмет көрсетiп, қайта жазылып жатқан тарихымыздың мүддесiне жарауда.
Саяси қайраткер ретінде құқы аяққа тапталған ұлтының теңдігі жолында дәйекті іс атқарды;Күрделі кезеңде түрлі саяси–мемлекеттік жүйеде қилы жауапты іс жасаған қайраткердің ұлтқа болысқан еңбегі нәтижесіз емес еді. Мұхамеджанның орасан жұмысын былайша топтап–таразылауға болады. Біріншіден, маман–теміржол инженері ретінде төңкеріске дейін де, одан кейін де шойын жолды салуда ұлт мүддесін бірінші кезекке қойды. Екіншіден, публицист ретінде орыс тілінде шыққан мақалаларында Петербордың зиялы қауымына патша шенеуніктерінің әділетсіздігін жеткізсе, қазақ тіліндегі мақалаларында қандастарына теңдік алудың жөн–жобасын көрсетті. Үшіншіден, тарихшы ретінде қазақ елінің көне дәуірден бүгінге дейінгі шынайы тарихын жасаудың батыл бағыттарын іс жүзінде анықтап берді.