ТӨРТІНШІ САРЫН
У әй, ассалаумағалей-кө-ө-ом! — деп, өңешін созып дауыстап, қайрақтай қара жігіт кірген-тін, төрге қарай құлдырап салып келеді. Иланшы Қадырхан тіксіне көз тікті, ішінен: "Мынасы несі тағы?" деп ойлады. Жиырылып отырып қолын берді. "О, тоба!" Қайрақ тастай қара қолын әлі ұстап тұр, жуық арада босатар емес. "Ол заманда-бұл заман ұры тазыдай жылмыңдап келіп ханмен қол қысысқан арсыз елшіні көргені осы. Сұм-ай, енді жаныңдағы Исмаилды жәукемдеп жатыр". Қадырхан таңырқап сақалын салалады, етегін жинап отырды. Әлгі қарсы алдыңа малдасын құрып жайғасып үлгерген. Ә деп аузын ашқаннан-ақ қыпшақшаға балықша жүзетіні білінді.
— Отағасы, мал-жандарыңыз аманшылық па? "Бәтшағар, нақа көрші отырған қоңсысындай кесіледі тегі".
— Шүкіршілік.
— Отағасы, бала-шаға есен-сау ма? "Қайындап келген күйеу жігіт пе дерсің".
— Уәй, Отырарды көрмегелі не ықылым заман өтті. Қорғаны биіктеп, көшесі ұзарып тасболат тамдар көбейген тегі. Дін үйлер мен жәдігерлердің айшығына қарап, таңданғаннан жағамды ұстадым. Қолы алтын қандай шеберлер соқты десеңші. Солар да осы дүниеден өтіп сүйегі қурайды-ау, аруағы опат болады-ау. Көшесінде көк сүңгі ұстаған жасағының көбінші. Қаншықтай бөксесі бұлтыңдаған қас сұлудың көбінші. Ішім өртенді ғой.
Сұңқылдап көп отырар ма еді, Иланшы Қадырхан қабағын шытынды, жаратпаған сыңай танытты. Жөн сұраған.
— Ныспым — Үйсін, жұрағатым — қазақ-қыпшақ. Маңғұл елінің қаһарлы қағаныңа кызмет қылам. Қыпшақ жұртының атағын сырт елге дабырайтам, шашбауын көтерем. Хал-жағдайларыңды біліп, ашына-жай адамша сырласып қайтуды құп көрдім. Қаһарлы қағанның қос шартын әкелдім. Әуелгі шарты; терістіктегі сабырлықтарға қаған жорық жасамақ, сол ізгі тілекті іске асыру үшін Сіз Ертіс бойындағы, Ұлытау үстіндегі қыпшақтарға "атқа қонбасын" деген ,жарлық таратасыз. Бұл жарлығыңызға тайтұяқ алтын жамбы аласыз. Келесі шарты: Бас Жібек жолын қайта ашып, керуен атаулыны кедергісіз өткізетін болсаңыз. Бұл жақсылығыңыз үшін таңғұттың алты бірдей етегі ашылмаған ару қызын аласыз.
Иланшы Қадырхан өз ойымен болып кеткен, сақтиян етігінің басына қараған күйі үңіле ойланды. Даласы қан сасып, ханы ат бауырында кеткелі тұрған сабырлықтарға жаны ашыды. Түңлігін сүңгі түріп, туырлығын жебе түйрейтін; азаматын опат етер, қатының күң қылар күн туарын болжады. Болжады да ара түсер айласын іздеді. Маңғұлдарға қарсы атқа қонар болса, тізе қосар, қол біріктірер Сабыр ханы қайда? Тос қағысып уәделесер елшісі қане? Әлгіде әумесер ноқай Білгіш Тұйық-Оққа ілесіп сүмеңдеп жоғалған жетесіз елшісін қайдан іздесін? Ай жүріп әрең жететін шалғайдағы сол жұртқа кісі жіберіп сөз өндіремін деп жүргенде Отырар тыныштығына қатер тумасын. Қалай қайырылғаны мақұл?
Жалғыз тапқаны: тақауда Хорезм астанасы Үргеніште болатын Дуан-арз мәслихатыңда Хорезмшах Мұхаммедті үгіттеп, сол сұрапылға тосу болар күш көтермекші, жойқын судың алдың бөгемек.
Ақылға салып, ашына ойланған. Тамағы тобарсыды. Сарайға салқын шарап әкелуге жарлық етті. Ішке құмырсқа бел қыздар құмыра көтеріп кірді. Сарайға әдемі жұпар жалбыз иісі жайылды. Қыш зерендерге шүпілдеген алқызыл шарап алдарына келіп кідірген. Бұл шырын шарапты Інжу бойын жайлаған диқандар қарбыз суынан ашытып жасайды; дәмі таңдай соратын, тамаққа жұмсақ шөлге сусын. Тіл үйірер оңаза нәрі бар.
— Уәй, ішімді қуып кетеді. Маған биенің жаңа сауған шикі сүті болса, — деп Үйсін елші шатқаяқтай қашты, зерендерді қолына да алмады. Шикі сүт аңсап құмығып өліп отыр. Қыпшақ қызы сүт әкеліп берді. Сылқылдатып сімірді кеп. Көзінің нұры қайта жанды.
— Тайтұяқ алтын жамбының да, таңғұттың алты аруының да қажеті жоқ, күллісін тәрк қылдым. Шартқа шарт, антқа ант! Қағаныңа қояр менің де қос шартым бар: әуелгісі — қыпшақ жұртына қарсы атқа қонбасқа ант беріп, "ант бұзарын" айтсын; сосынғысы — Бас Жібек жолы қойныңа қанжар жасырған жымысқы жансыз керуенге жабық, ар-намысын арқасына түйген адал саудагерлерге ғана ашық. Осы екі шартты берік ұстауға уәде жасап, төс қағыстыралық. "Ант бұзарға" жанашырын атасын, күндердің күніңде сөз бұзылса — "ант бұзар" әлгі кепілдігін өз қолыммен бауыздап өлтіремін.
Ілгеріде, заманның түзу уағында, ел мен елдің, хан мен ханның арасында "ант бұзар" атты салт болған. Бұл салттың мәнісі, екі жақ бір бәтуаға тұрып келіссе, ант айтысатын. Сосын ант берген жақ ант алушы жаққа кепілге адам өткізіп қояды. Ол кепіл кісісі ант берген адамның ең жақын ет бауыры болады екен. Сол ант бұзыла қалған күнде әлгі кепілдегі кісіні құрбан ететін. Иланшы Қадырхан сол салтты берік уәденің белгісі ретінде және қайталап отыр.
Бірауық күмбірлеп тұрған Салтанат сарайына меңіреу тыныштық орнады. Үйсіннің ішегі ит қыңсылағандай болып құрылдай бастаған. Тыпыршып, жағдайсыз мінезге түсіп ұзақ ойланды.
— Құба-құп, уағда осы.
— Шартқа шарт, антқа ант! — деп Иланшы Қадырхан тағы қайталады,— Олай болса төс қағысыңдар.
Оң жақтан Исмаил тұрып келіп Үйсін елшімен құшақтасып төс қағыстырды. Қайта ажырасып, орындарына барып жайғасты.
— "Ант бұзарын" ата,— деді Иланшы Қадырхан.
— Мұны қағанның қағарына қалдырайық, өзі атасын, — деді Үйсін елші.
— Өстіп, екі жақ та бір ауыз бәтуаға тоқайласты. Tөc қағыстырып берік байлам жасады. Иланшы Қадырхан қырдағы боспа қыпшақтарға "атқа қонбасын" деген жарлық таратады, бұл өз жұртының тыныштығын ойлағаны: соның қарымына Шыңғысхан Темірші Отырар жеріне жебе кеземейді. Иланшы Қадырхан Бас Жібек жолын ашып береді, оның қарымына Шыңғысхан Темірші бұрынғыдай жансыз керуен жөнелтпейтін болады, бейбіт сауда бел алады. Бітім осы.
Салтанат сарайында байласқан бұл бәтуаның енді бір заманда іріген сүттей шайқатылып, шіріген жіптей бырт-бырт үзілерін де, күндердің күніңде төс қағысқан осы екі ер жігіттің бір-біріне қанды азуын басарын да болжаған ешкім жоқ-ты. Ойлауға да мұрсат болмады. Маңғұл елшісі Үйсін орнынан көтерілді, әміршімен хайыр-қош айтысты. Ақырғы мәрте салауат жасап, тағзым етті де, кең адымдап, сарайдан шығып кетті.
Бұл кезде Кіші Күмбез астыңдағы Салтанат сарайында екі арыс ел тағдырын қозғаған пәруана бәтуа жүріп жатқан. Осы мезетте Иланшы Қадырхан мен Жауһарлық тілші. ғұлама Исмаил орындарында әлі тапжылмай отырған. Тағы да шешер іс пен шендесер кісіні күтетін секілді. Күтуші қыпшақ қызының қолынан салқын қымыз ішті, тамақ жібітті, шел қандырды. Артынша тасболат есік қайта ашылды, тақия киген уәзір шал кібіртіктей кірді.
— Үргеніш шаһарынан Хорезм ұлысының ұлы падишасы Мұхамедшахтың атекесі жиеншар жытқыр ләшкар, елші Шихаб ад-Дин Мұхаммед ұлы-Ахмед Несеви ғұлама Салтанат сарайына кіріп, сізге салауат қылуға пұрсат сұрайды, хан ием!— деп уәзір шал дем алмастан айтып шықты. Сөйтті де төбесінен тақиясы түсе жаздағанша иіліп тағзым етті. Келген елшіге көңілі толған сыңайы бұл. Иланшы Қадырхан екі алақаның бір-біріне түйістірді, мұнысы "пұрсат" дегені. Тасболат есік сыртқа серпіліп сықырсыз ашыла берді. Арғы жағынан ұзын бойлы, дағара сәлделі, шапаны шұбалған жігіт көрінді. Жігіт емес-ау, сексеуілдің жұмыр жігері. Ызғарлы жанары сарай ішін сұғанақтана шолып өтті. Мұсылман салтымен қол қусырып, иіліп сәлем берді.
— Уа, Иланшы Қадырхан, найзаңды, тәңірім, дүниенің қақпасын ашар кілті етсін! Салтанат сарайының есігін тыныштық күзетсін! Сұғанақ тағдыр шылауыңа оралсын, жазмыш кеп досың болып қол алсын! — деп салтанатпен тәжім етіп, төмілжіп тұрып алды.
— Мархабат, қадірлі жиен Ахмед! — деп Иланшы Қадырхан қонағына оң қанаттағы сәкіні нұсқады. Бұрынғы елшілер жайғасқан сәкіге отырғызған жоқ, жерлесіне өзгеше ілтифат, қимас құрмет көрсеткісі келді. Бірден жағадан алғандай болып жөн сұрамады. Тыныс алдырды. Сусындауға тәтті шарап, тістемеге қауын келіп жетті, "дәм ал!" деп өзі бастап жол көрсетті.
Салтанат сарайының ішін күтуші құлдар мен қызметші қыздардың аяқ тықыры, зерен сыңғыры, кездік шықылы ғана елеңдетіп тұрды. Кең мекенді сары қымыз бен үгітілме қауын иісі еркін аралады. Көңілге көрік кірді, көз шырайланды. Жол қажытып шаршаған жолаушы серігіп, тыңайып қалды.
Иланшы Қадырхан енді ғана қонағына салауат жасады.
Ахмед елші қызық бір шежіре шерткендей шешенсіп сөйлей жөнелді.
— Қыпшақтың қара шаңырақ иесі, жөн сұрар болсаң, мен дайынмын. Ерте уақытта, осыдан мың жыл шамасы ілгеріде Інжу өзені бұл арадан ақпаған. Бұл Інжу Хорезм жерінен өтеді екен.
Сондағы бектің билігінде болған. Хорезмдік бек арық қаздырып, әуіт жасатып, оған егін салдырған, қисапсыз өнім жинаған. Со заманда Отырарды Шәміл деген дихан жайлапты. Өзі ыза баспас қу, зымыстан көреген көрінеді. Сол Шәміл Хорезм бегінен «Інжу өзенінен бір арық су бер», — деп сұрайды-мыс. Әуелгіде бек көнбеген. Көп жалынады, жалықпай жағдай айтады. Бек бабамыз ақыры аяушылық етіп көнген дейді.
Құлақ, арықты Інжуден жырып алар түс биік қырат екен. Сол қыраттан өтсе арғы жағы суды өзі алып кететін тартпа ой болған. Мұны бек бабамыз білмеген. Дихан Шәміл соңынан көп сунағын ертіп келіп арық қазады. Ай қазады, жыл қазады. Ақыры ат шаптырымдай алапат қыратты қырқып өтеді. Су әлгі қыраттан асқан соң-ақ құлдырап, құлап, кедергінің күллісін орып әкетеді. Хорезм бегі саның соғып, бармағын шайнайды. Халық жинап қанша арпалысып күш қылса да судың алдың бөгей алмайды. Енді он-он бес жыл өткен соң Інжу бұрынғы арнасын мүлде өзгертіп жібереді. Барлық өзен суы Хорезм жерін тастап, Отырарға қарай кетеді, көне арнада ұйық қана қалған. Қазіргі Сор атты ну қамысты ұйық сай кешегі Інжудің сүрлеуі.
— Мұқым белгілі әңгіме ғой, — деді Исмаил.
— Шынтуайтқа келсек, Інжу өзені Хорезмшахтың жеке меншік иелігі екен, соның суы болған, - деді жиеншар жытқыр ләшкар елші Ахмед.
— Су әуелі көктегі тәңірдікі, сосын қай жермен аса сол жерді жайлаған жұрттікі,— деді мына сезікті әңгімеден тіксіне түскен тілші Исмаил.
Бұған мән берген елші болмады.
— Қазір сол Інжу өзенінен Отырар шаһары, оның қол астына қарап, уәлаятына бағынған қырыққа жуық қаласы түгелімен су ішіп, егін егіп, мал суарып дәуірлеп отыр. Асқақтап аспанға қарап барады. Содан өзім тәспінің тасына салып есептеп шықтым; әр жанның жылдық су шығыны бір динар үш жарым дирхемнен тұрады екен. Әр шаһарда қырық оқ халық мекендейді десек; әрине, шах ием, тоғай арасында торғайдай тозып күнелтіп жүрген қаңғыбас қыпшақтарды есепке алмайды, оларға су салығын салмайды... ге-ге, сөйтті... қырық оқты қырық қалаға көбейтіп, одан шыққан халық саныңа әлгі су шығының салып кеп жіберсек, бадырайып шыға келеді. Қырық жеті оқ алтын динар, немесе он жеті, керуен астық болады. Жыл сайынғы сыңғыта ішкен Інжу суы үшін осы бір түкке тұрмайтын шығынды төлеп тұруларыңыз ләзім. Шахтың мерейі үстем, байлығы ұшан-теңіз болғай деп Бұхардың бас сезіміне есеп беріп бата алып тұрарсыздар деп ойлаймын.
Іннен ысылдап шыққан жыландай жиіркенішті әңгімесін шұбалтып айта берер ме еді, Иланшы Қадырхан киіп кетті, әрі қарай тыңдауға дәті жетпеді.
— Құм санаған есепқой, саған салса "жел біздің жақтан тұрды, жұтқан ауаңа зекет бер" деуден тайынбассың!
— Өйдемеңіз. Он жеті керуеннің кіресі өзіңізден болса бек жақсы. Ал, шах иемнен болса, су зекетінің үстіне көлік майы үшін әр керуен сайын үстемеге он үш динар теңгеден төлейсіз.
— Бұдан өтер арсыздық болмас, сірә. Өстіп бақай есеппен тәспі тырсылдатып өнбес дауды өлмес құлдай қуып жүргенде зауал келер. Анталаған дұшпан қазынаңды үптеп, мойныңа қарғы бау тағар, мәстек қып мінер.
— Өйдемеңіз.
— Елдігімізді қойып, есерше егесер болсақ, айтайын: Шәміл дихан сол заманда бектің келісімін аларда оның қорқау көмейін қазынамен бітеген. Сөйтіп барып пұрсатын алған.
Елші Ахмед дәп осы сөзді есітерін алдың-ала болжап қойғандай селт етер емес, әдепкі әңгіменің әуезіне тағы түсті.
— Әр керуеннің көлік майына он үш динардан... он жеті керуен... екі жүз жиырма бір динар болады барлығы... салықтың өзі қырық жеті оқ динар... һәмбесін қосып тасқа салсақ қырық жеті оқ екі жүз жиырма бір алтын динар баданадай болып шыға келеді. Өйдемеңіз, хан ием! Шах ием: "астығы шықпай қалған жылдары мал алуға келісемін", деген. Бұл да үлкен жеңілдік, жанашырлық, туысқанға қол ұшын беру ғой.
"Мұхаммед шахтың жүйке жеген есер елшісімен кермалдасып береке таппаспын", деп ойлады ма, Иланшы Қадырхан көпке дейін сазарып отырып қалды. Шекесіндегі бармактай буылтық бадырайып баттия түсті. Исмаил әміршіден "елшімен жауаптасайын", — деп пұрсат сұрады. Мәулет алды. Екі бәдік әп-сәтте-ақ салғыласып, мақам айтысып қызыл тіл болысты. Иланшы Қадырхан өз ойымен-тұғын, биік күмбездің қызыл алау жұққан кенересіне қадалды. Алысқа, кісінің қиялы болмаса көзі жетпес тұңғиыққа үңілді. Ол тұңғиықтың, аты — тағдыр еді. Қатыгез тағдыр толқындарынан өз жұртының әлдеқашан жүріп өткен ізін іздеді. Таба алмады. Теңіздің асау телегейіндей бірін-бірі бауырға басып, алға асығып жатқан тағдыр ағысы көзін қарықтырды, жүрегін шайқады.
Исмаил мен Ахмед елші арасындағы дау аяқталуға бет алды білем, екеуінің де даусы бәсендеп, солғындап қалыпты. Көздерінің оты сенген.
— "Шәмілден қыруар қазына жедім" деген бектің қолхаты бар бізде, — деді Исмаил.
— Одан бері ғазауат су акты емес пе. Шах нем зекетті биылғы аққан судан бастап алмақшы,— дейді Ахмед елші.
— Құранның жүз сегізінші сүресінде "ұжмақ бұлағы кәусарды иесі сүйген құлына берген" демей ме. Ағып жатқан тәңір суына пендешілікпен салық салу күпірлік қой; "Хадис" кітабынан аттамақпысың?!
Ахмед елші тосылып қалды, бірауқым уақыт өткен соң барып:
— Зекет өнбей, дау өлмейді, — деді.
— Тәңір суына салық өнбейді,— деді Исмаил тілші.
Елшіден көп асып түсер білімін, білгірлігін байқатты.
Оқыған "Хадио, "Тәпсір", "Сияр" кітаптары қазір де әжетіне жарады: жетесіздің санасын торлап, қияли қып топас етсе де, көкірегінде зердесі барға шариғат жолдары да пайдаға асады екен. Шарият кітаптарының да көңілге тұтар сабағы болғаны. Исмаилдың бұған көзі әбден жетті.
Ахмед елшінің қылығы күйдіреді ғой тегі. Сәуегей болмаса қарапайым кісінің есіне түспес баяғы бір ескі әңгімені бетке ұстап, "Шах иесінің" қазынасын көбейтуге дәт қылып, су зекетін сұрап сұңқылдаған елші енді сықырлап орнынан тұрды. Арып-ашып өлеусіреп қалыпты. Келген мезетте жылы шырай, жақсы дәммен қарсы алған Салтанат сарайы қазір оған қасқырдың жатағындай суық сезілді. Абыройдан айырылып, салы суға кетіп, шығуға бет алды. "Зекет өнбей, дау өлмейді", деп күбірлейді. Жай кетіп бара жатқан жоқ, сес көрсетіп, доңыз айбат жасап барады. Күшігендей талтаңдап шығып жөнелді. Тәңірдің құлы деген осы да.
Тыстан уәзір шал кірді, жанары кіртиіп-ақ қалыпты, сақалы дірілдеп кемсендей ме-ау. Әлгі Ахмед елшінің төрткүл есікті қатты жауып кеткеніңе налитын секілді. Өзі де хорезмдік қожа тұқымынан-тұғын, басы құмырадай боп шариятшыл түге, су ақса сайына, жылқы жоғалса үйіріне дегеннің керін танытып тұр.
Иланшы Қадырхан орнынан ауыр көтерілді, қара саны қорғасын құйғандай ауырып құрысып қалыпты. Санасын ой кернеді; әлгіде ғана әр елдің жұлмыт зымыстан елшісімен, жаушысымен, саудагерлерімен сауалдасып шендесуден туған құйындай ұйытқыма қиял еңсесін жаздырмады, жаныңа жайсыз әсерін қалдырды. Енді бойына тілсіз үрей үйірілді,
қорқыныштың үрейі емес, қайғылы құлазудың үрейі. Құжынаған шаһар ішінде өзін жападан-жалғыз сезінді. Сол сезім денесін бір ысытып, бір суытып дерт буғандай сарсаңға салған.
Достарыңызбен бөлісу: |