17-дәрістің тақырыбы: Толықтауыш және оның түрлері, ерекшелігі
Дәрістің мақсаты: Толықтауыш, тура толықтауыштың жасалу жолдары: зат есімді, сын есімді, сан есімді, есімдікті, етістікті, үстеулі, модаль сөзді тура толықтауыштардың мағыналық ерекшеліктері туралы түсіндіру
Қарастырылатын мәселелер:
1.Тура толықтауыштың жасалу жолдары: зат есімді, сын есімді, сан есімді, есімдікті, етістікті, үстеулі, модаль сөзді тура толықтауыштардың мағыналық ерекшеліктері.
2.Барыс және жатыс септік жалғаулы жанама толықтауыштардың мағыналық ерекшелігі.
3.Шығыс және көмектес септік жалғаулы жанама толықтауыштардың мағыналық ерекшелігі.
4.Тура толықтауыштың жалғаулы және жалғаусыз түрде жұмсалу ерекшелігі мен ол туралы қазақ, түркі тіл біліміндегі көзқарастар.
Жай сөйлемді жайылмаға айналдырып, оның іргесін әрі қарай кеңіте беруге діңгек болатын тұрлаусыз мүшенің бірі – толықтауыш. Толықтауыш өзі бағынған сөзбен грамматикалық байланыста тұрып, табыс, шығыс, барыс, көмектес, жатыс жалғауларының бірінде жұмсалады. Толықтауыш – қимыл процесінің объектісі болатын мүше. Толықтауыштар мағынасына, синтаксистік және тұлғасына қарай екі топқа бөлінеді.
1. Тура толықтауыш
2. Жанама толықтауыш
Табыс септігінде жұмсалатын сөйлем мүшесі тура толықтауыш болады. Ол заттың қимыл процесін білдіретін сабақты етістіктермен тығыз байланысты болады. Өйткені сабақты етістіктер сөйлемде қандай мүше болмасын, әр уақытта өзіне басқа затты тура толықтауышты – керек етіп, ілестіре жұмсалады.
Көрдім сұлу Еділді,
Еділдей еркін елімді (Жамбыл)
Тура толықтауыштың грамматикалық тұлғасы – табыс септігі. Одан басқа септік жалғауларда айтылған тура толықтауыш болмайды.
Тура толықтауыш өзі қатысты сөзден қашықтап тұрғанда әр уақытта жалғаулы болады, ал ол сөзбен қатар тұрғанда, кейде жалғаулы, кейде жалғаусыз жұмсалады.
Мысалы. Сәрсен аттарды байлады.
Ол кітапты оқыды.
Табыс септігінде тура толықтауыштардан басқа, барыс, шығыс, көмектес және жатыс септіктеріндегі толықтауыштар жанама толықтауыш деп аталады. Олай аталуы – оның сөйлемдегі басқа сөздерге қатысы қалай болатынымен байланысты: жанама толықтауыштар тура толықтауыштардай сабақты етістіктермен ғана тығыз байланысты айтылмай, негізінде сабақты және салт етістіктермен алшақ байланыста тұрып, оларды жанама түрде толықтайды. Мысалы:
Көзіңді салшы далама
Түкті кілем түріндей.
Тауыма сұлу қарашы
Қыздардың жиған жүгіндей (Жамбыл)
Достарыңызбен бөлісу: |