19.2-сурет. Қазақстан Республикасының әуе кеңістігі арқылы өтетін ұшу маршруттары
Қазіргі уақытта көптеген шетелдік әуе компаниялары Қазақстан арқылы жүйелі рейстер атқаруда. Мысалы, British Airways, Cathay Pacific, Lufthansa, KLM, Air France, Аэрофлот, Swiss Air, Азал Карго, Turkish Airlines, EL AL Israel Airlines, Korean Airlines, Crgolux және басқалары. Тасымалдау бағыты батыста Лондоннан шығыста Манилаға дейін алуан түрлі. Қазақстан әуе желісінің ұзындығы 2004 жылы 400 мың км-ге жетті, бұл дүниежүзілік әуе жолдарының 4,2 пайызын құрайды. Қазақстан халықаралық ынтымақтастық саласында әуе қатынасы туралы 40-тан астам келісімдерге қол қойды, олардың ішінде 13-і жақын шетелдермен жасалды. «Казаэронавигация» тәулігіне 250-300 рейске қызмет көрсетеді, оларды 90 пайызы транзиттік рейстер болып табылады. Қазақстан Республикасынан өтетін әуе жолдарының ұзындығы 61 мың км-ден асады, олар 72 әуе дәлізіне бөлінген.
2016 жылдың басында Қазақстанда 54 әуе компаниясы қызмет етсе, оның 31-і жолаушылар мен жүк тасымалдады, оның 8-і жүйелі негізде, 28 әуе компаниясы – авиация жұмыстарын атқарды. Тұтас алғанда, республиканың әуе компаниялары 2015 жылы ішінде 1,66 млн жолаушы және 20,4 мың тонна жүк тасымалдады, бұл 2014 жылдың деңгейіне тиісінше 127 және 114,7 % құрады. Жолаушылар айналымы 24,6 %-ға өсіп, 3,3 млрд ткм құрады. Жүк айналымы 1,5 есе артып, 99 млн ткм құрды.
Қазақстан Республикасында 21 әуежай жұмыс істейді. Қазіргі уақытта халықаралық ұшуларды қамтамасыз етуге мынадай 14 әуежайға рұқсат етілген: Астана, Алматы, Ақтау, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Қостанай, Петропавл, Тараз, Орал, Өскемен, Шымкент, Павлодар, Семей.
Қазақстан Республикасының әуежайлары 2005 жыл ішінде 3,4 млн жолаушыға қызмет көрсеткен, бұл 2004 жылдың көрсеткішінен 114 % жоғары. Өңделген жүк, поштаның көлемі 1,5 есе артып, 70,3 мың тонна болды. Мұнда өндірістік көрсеткіштер Астана, Алматы, Атырау, Ақтау әуежайларында барынша артқан.
Жолаушылар тасымалын жүзеге асыруға арналған конкурстық, жүк және кеме жалдау әуе тасымалдарын реттейтін нормативтік құқықтық базаның негізінде былайша дамитын авиация рыногы қалыптасқан: Астана, Алматы, Атырау қалаларында үш «хабты» дамыту Қазақстанның барлық қалаларын тек өзара емес, сондай-ақ алыс шетелдермен байланыстыруға мүмкіндік береді.
Әуе тасымалын мынадай көрсеткіштер бойынша жіктеуге болады: алыстығы, бағыты, көлемі, коммерциялық пайдаланылуы және т.с.с. Бағыттарына қарай әуе тасымалын халықаралық және ішкі әуе тасымалына бөледі.
Ұйымдастырылу түріне қарай әуе тасымалын жүйелі және жүйесіз (кеме жалдау) тасымалға бөледі. Кеме жалдау тасымалы – бұл тасымалдаушы мен тапсырыс беруші арасында жасалатын арнайы келісім-шартқа сәйкес атқарылатын тасымалдар. Әрбір кеме жалдау рейсі тиісті ел өкіметінің ерекше рұқсаты бойынша атқарылады.
Алайда жіктеудің өлшемдеріне қарамастан, қашан да негізгі мақсат жолаушыларды, жүк пен поштаны тасымалдау болып қала береді.
Достарыңызбен бөлісу: |