«050205 Филология. Қазақ филологиясы» (мамандықтың/мамандандырудың шифры және атауы)



бет17/43
Дата22.02.2022
өлшемі0.8 Mb.
#455637
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   43
Айтыс-УМК

Тұжырымдар
1. Ақындар айтысы өлеңнің туу характерлеріне қарай өз ішінен екі түрлі ерекшелікке ие болады: бірінші, айтыс кейде дайын жаттанды немесе жартылай дайын формаға құрылады; екінші бүтіндей ой тапқырлығымен сөз тапқырлығын талап ететін суырып салма айтыстар.
2. Көп жайда айтыстың іріленген нақты тақырыбы бола бермейді. Оның мазмұны ұсақ құбылыстарға құрылып, феодализм, капитализм қайшылығын, саяси тәртіпті сынайды. Кейбір үлгілерінде мал соймаған момынды жер аудартқан болыс, би, сараң бай, молда, қожа, ұрылар мінезі әжуаланады. Айтыс бір ғана сөз жарысы, әйтеуір импровизация емес. Оны айтыстың мән-мағынасы, ондағы өмір суреттері, идеялық мазмұнына қарай бағалау шарт.
Дәріс бойынша әдістемелік нұсқама
Студент айтыс түрлерін, ерекшеліктерін, айтыстың жанрлық ерекшелігі суырыпсалмалылықта, сюжетте, қызықты ситуацияда ғана емес, тіл өрнегінде екендігін ұғынып, қазақ әдебиетіндегі айтыстар мәтінімен танысып, оларды талдай білуге тиіс.
Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Ахметов З. Өлең сөздің теориясы. А., 1973.

  2. Жармұхамедов М. Айтыстың даму жолдары. А., «Ғылым», 1976.

3. Ысмайылов Е. Ақындар. А., ҚМКӘБ, 1956.

  1. Ғабдуллин М. Қазақ халқының ауыз әдебиеті. А., 1958.

  2. Байтұрсынов А. Ақ жол. А.,«Жалын»,1991

  3. Айтыс классификациясы// http://kk.wikipedia.org сайтында



5-дәріс. АЙТЫС ӨНЕРІНІҢ МАЗМҰНЫ МЕН ПІШІНІ
Мақсаты: Айтыстағы мазмұн мен пішіннің бірлігі, ақпараттық құрылымның айтыс өнеріндегі орны мен маңызы туралы мағлұмат беру
Сұрақтар:
1. Айтыстағы мазмұн мен пішіннің бірлігі.
2. Әдет-ғұрып және ақындар айтысы.
3. Қазіргі айтысты ұйымдастырудың, өткізудің жаңа рәсімдері мен салттары.
Тақырып бойынша негізгі ұғымдар тізбесі: сюжет, композиция, мазмұн, пішін, ақпараттық құрылым.
Дәріс мәтіні (тезис)
Төңкерістен бұрынғы өкпесі талмас тұлпар Марабай, Жанақ, Сүйінбай, Әсет, Бақтыбай ақындар әйгілі айтыстары өз алдына, кеңес дәуірінде болған сөз сайысу ішінде 1922 жылы өткен Иса Байзақов пен Нұрлыбек Баймұратов шайқасы Семей халқының есінде ұзақ сақталып қалды. Ашаршылық, репрессия кезінде елдің бас көтерер, хат танитын естияр азаматтарын қынадай қырған қанқұйлы өкімет айтыс ұйымдастырмақ түгіл, жұрт сүйген жүректен жаратылған шығармалардың былай қойғанда, арап қарпімен басылған кітап атаулыны өртеп жіберді.
Соғыс жүріп жатқанда, саяси мақсатпен, халықтың еңсесін көтеру үшін 1943 жылы Бірінші республикалық айтыс өткізілді. Ортада қасқайып – Жамбыл Жабаев отырды. Ұйымдастыру жұмыстарына Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов мұрындық болды. Әрқайсысы бір-бір театр, бір-бір жәрмеңке, ауыздарынан от шашқан арыстан ақындар Шашубай, Нартай, Нұрқан, Қалқалар тартысқа түсті. Ал, 1980 жылы өткен екінші республикалық айтыс төрінде Әбділда Тәжібаев, Мұхаметжан Қаратаев, Жұбан Молдағалиев отырды.
Шынын айтқанда, айтыстың басын көтеріп, қайта тіріліп, төрге шығуы соңғы ширек ғасырдың ішінде болды. Дәстүрлі, үзіліп қала жаздаған өнер аяғын апыл-тапыл басқан кезде түрлі қиындықтарды бастан кешті: қағазға жазып қойғанды әндетіп оқып беру, айтысшылардың ортақ сөз таппай, босқа далақтап екі жаққа шабуы, сөзге қонақ бермей, жауап айтудың орнына үйдеп жаттап келген мәтінінен сылдырлатып, сулатып оқып беруі кезеңі өтті.
Айтыстың жаңаша өрлеуіне ғылыми мекемелер, оқу орындары күш салды. Ғалымдар Мүсілім Базарбаев, Мырзабек Дүйсенов, Рахманқұл Бердібаев, Тұрсынбек Кәкішев те осы күрестің бел ортасында жүрді.
Қазіргі айтысқа деген ұшан-теңіз ықылас-пейілді немен түсіндіруге болады? Соншама көп жұртты біреу үгіттеп, ұйымдастырып, қанша топтаса да, зорлықпен басын қоса алмас еді, бұрынғыдай қорқытып, үркітіп ел жинап беретін, қылышынан қан тамған компартия, оның қолшоқпары шаш ал десе, бас алатын кәсіподақ, комсомол жоқ. Ендеше, айтыс болғанда театр залдарын, кең сарайларды аузы-мұрнынан шығарып, халыққа лық толтыратын қандай құдірет, қандай күш?.
Ең алдымен халықтың тірі сөзге деген сағынышы оянды. Қазақ аналары бұрынғыдай тал бесікті әнмен тербетпейді. Қазақ әжелері бұрынғыдай немерелеріне ертегі айтып бермейді. Қазақ теледидарында қазақша қойылымдар жоқ, қазақша хабарлар сирек. Қазақ радиосы өзге жерді былай қойғанда, республиканың орталығы – Астананың өзінде естілмейді. Қазақтан қонақ болып бас қосқанда бұрынғыдай ән айтылмайды, домбыра тартылмайды. Ұзақ-ұзақ мадақ сөз сөйленеді, тост айтылады. Кинотеатрларда қазақ киносы көрсетілмейді. Қазақша газет-журналдар, кітаптар тиражы әбден азайды. Жұмбақ шешетін жарнамаға тесілетін, оқыс оқиға қуатын, ойлы әдебиетті қолына ұстамайтын тұтас буын қалыптасып келеді. Ақан сері, Біржан сал, Мұхит, Құрманғазы, Тәттімбет, Әміре, Жүсіпбек, Ғарифолла, Манарбектің кім екенін мүлде білмейтін, оның есесіне Майкл Джексон, Эльтон Джон, Энрики Иглесис десең аузынан суы ағып қоя беретін ұрпақ өсті.
Бұрынғы өмірі ежелгі дәстүр арнасында өткен ата буын, аға буын, орта буын бойында халықтық өнерге деген сүйіспеншілігі бар жаңа буын айтыс өнерінен рухани сұраныстарына белгілі дәрежеде жауап табады. Ағайын-туғанмен, дос-бауырмен, құда-жегжатпен тілдесіп, бет-жүз көрісуге, шүйіркелесуге айтыс мүмкіндік береді. Қалың жұрт, мәре-сәре ел қазақ тілін сағынған, қазақ әнін сағынған, қазақ иісін сағынған жұрт бастауға құлаған жылқыдай шұрқырап, айтысқа жиналады.
Қазіргі айтысты ұйымдастырудың, өткізудің бірқыдыру жаңа рәсімдері мен салттары қалыптасты. Ақындардың келген-қайтқан жол шығындарын өтеп беретін, жүйрік шыққандарға аса қымбат бәйге беретін атымтай Жомарт демеушілер – меценаттар шықты. Көптеген аламан жарыстардың барлық салмағын көтеріп алып, жеңімпаздарға қымбат сыйлықтардан бастап, автокөліктерге дейін сыйлаған Мұхтар Құл-Мұхаммед, Амангелді Ермегияев, Нұртай Сәбилянов қатарлас азаматтар бар. Қазақтың талантты ақыны, белгілі тележурналист Жүрсін Ерман соңғы ширек ғасырда күш-қайрат, қабілет дарынын айтыс өнерін төрге шығаруға жұмсады.
Шындап келгенде, мұның бәрі думан, шоу, екінші жағынан ойын, тамаша адамдардың ермегі, уақытты қызықты өткізудің тәсілі. Бұларға биллиард, карта, казиноны қосыңыз. Осы уақытқа дейін айтыстың фольклордағы, сөз өнеріндегі орны, тәрбиелік мәні, әлеуметтік салмағы, көркемдік ерекшелігі, жанрлық формалары, жеке ақындардың, айтыстағы тапқырлығы, шешендігі, шеберлік тәсілдері туралы көп пікірлер айтылып келді. Төңкерістен бұрын қазақ айтыстарын Радлов, Потанин, Шоқан, Диваев, Мәшһүр-Жүсіп жинады. Кеңес дәуірінде Халел Досмұхамедов, Ахмет Байтұрсынов, Сәкен Сейфуллин, Сәбит Мұқанов, Қажым Жұмалиев, Есмағамбет Ысмайылов, Бейсенбай Кенжебаев, Әбділда Тәжібаев айтысты зерттеді. Көптеген мәтіндер басылды. Т.Нұртазин, Б.Имашев, М.Жармұхамедов айтыс туралы диссертация жазды. Бұлардың баршасында айтыс әдеби жанр ретінде қаралды. Ал академик Мұхтар Әуезовтің айтыс, “үлкен жиын топта сайысқа шығарған батырлардай, күреске түскен балуандардай, бәйгеге қосқан аттардай бәсеке жарыс қызуына араластырады. Осы айтылған ерекшеліктердің барлығы ақындар айтысын тыңдаушы көпшілік үшін әр кезде театрлық, формалық қызу әсері бар өнер түріне айналдырады” деген пікір-байламының әрі теориялық, әрі тәжірибелік мән-мағынасы бүгінгі айтыс сипатына назар салғанда анық ұғылады.
Расында қазақ айтысын қазақтың халықтық театрының үлгісі деп қарауға болатын шарттар толық бар. Негізінен айтыс жасырын, жабық жерде, құпия түрде емес, бірен-саран жазып, хат арқылы айтысуды айтпағанда, негізінен топ алдында, көпшілік ортасында, жиын тойда, үлкен аста, қыз ұзату, шілдеханада, қалай болғанда үлкен-кіші, еркек-әйел, көп әулет, көп рулар өкілдері бас қосқан жерде өткен. Айтыстың қашанда көрермені бар.
Айтысушылар – бір ортаның, бір әлеуметтік топтың сөз ұстаушысы. Соның сөзін сөйлейді, сойылын соғады. Өз мекенін, аймағын, тарихын, ірі адамдарын мадақтайды. Қарсыласының мінін, кемшілігін көрсетеді. Осыдан екеуі ұстаса бастайды. Сөзден сөз, даудан дау туады. Таласады. Қарсы пікір айтады. Әр түрлі айла қолданады. Бір елдегі кемшілікті айтысушының кемшілігі етіп көрсетеді. Ортасы, ауыл-аймағы, бота-тайлағы үшін ақын күйеді. Орынсыз, байқалмай айтылған бір ой, бір пікір, бір сөзден мүлт кетіп, құлап қалу оп-оңай. Көрермен бәрін аңдып-бағып отыр. Разылығын да, ұнатпауын да жасырмайды. Қолпаштайды. Күледі. Ренжиді. Айтысушы ақын көп алдында өз дарынына лайық бейне жасайды. Оның шеберлігі, айтқыштығы, тапқырлығы, ойшылдығы, азаматтық нысанасы, өткен-кеткенді білуі, бүгінге көзқарасы, халық, ел, азаттық, Отан туралы толғамдары, домбыра қағысы, дауыс мәнері, бет-жүз құбылысы, қиын тұстарда өзін-өзі ұстауы, қалжың көтеруі, әзілкештігі, түйін жасауы – осылардың бәрі аз уақыттың ішінде-ақ айқындалып қалады.
Структуралық тұрғыдан айтыс композициясы бір қалыпқа түскен деуге болады. Алдымен айтыскер әлеуметке ізет жасап, сәлем толғауын жолдайды. Өзін таныстырып болып, қарсыласына сауға тастауы мүмкін. Бір ілік тауып, екеуі сол төңіректе тартысқа түспек. Әбден ырғасып, талай белден асып, күш сынасып, біреуі басым болуы, не итжығыс түсіп бәтуаға келе алмай, шайнасулары да мүмкін. Бір ырғақ, бір әуенмен толғау, яки ой орайына сәйкес өлең шумақтарын да, домбыра сазын да өзгертіп отыру тәсілдері қатар жүреді.
Бүгінгі айтыстың аудиториясы бұрын-соңды болмаған деңгейде әбден кеңейді. Бұл алдымен елдік, тәуелсіздік, бостандық шапағатынан туған құбылыс. Талантты айтыскерлер ұсақ-түйекті, ауыл-аймақтың кемшілігін қазбалап, қарсыласын жығуды бірден-бір мақсат етпей, үлкен әлеуметтік мәселелерге орай толғай-толғай сөз саптап, қажет жерде, қымсынбай, қорықпай, парламент, өкімет, министрліктер тарапына шыншыл пікір, талап қоятын, табансыз әкімдерді, арсыз жемқорлардың бетін айдай ететін орақ ауыз, от тілді айтыстар өткізді. Сондай шұрай топта айтылған қанатты сөз біреуден-біреуге жетіп, ақиқатқа, әділетке қызмет етеді.
Сатирик айтыскерлер Есенқұл, Шорабек, Айтақын, Балғынбек күлкімен қырса, эпик айтыскерлер Баянғали, Серік, Дәулеткерей ескі ақынша көсіліп шабады, артистік қабілеттері мол Абаш, Оразалы, Әбілқайыр бір төбе. Мұхамеджан, Аманжол, Бекарыс, Айбек аузымен құс тістеген жүйріктер Қыз Жібектің көшіндей болып Ақмарал, Жібек, Кәрима шығады.
Бүгінгі айтыскерлердің бәрі бірдей жарассын жараспасын жалбыратып қалпақ, салпылдатып шапан, жер сыпыртып әлем-жәлем көйлек кие бермейді, өзінің түр-түсін, мүсін келбетін ашатын лайықты сәнді, ықшам киім таңдайтын болды.
Айтыскерлердің көбін де ақындықпен қоса артистік машық-қабілет бар, жап-жақсы дауыс, домбыра-сырнай қатар жүреді, ана бір кездердегі сөйлеп, сыбырлап, шіңкілдеп, мыңқылдап отыратындар енді сахнаға шыға алмайды. Тағы бір үлкен олжа айтыскерлер әбден жасарды. Топ алдына жетелеп, қақырынып-түкірініп, бір сөзден соң бір сөзін ұмытып қалатын, танауынан су аққан шал-кемпірді шығармайтын болдық. Айтыскердің бүгінгі жас өкілі жиырмадағы Ринат Заитов, Мақсат Ақанов Баянғали Әлімжанов, Абаш Кәкеновті көкшулан санауы тегін емес.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   43




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет