3. Ішкі ортаның ұлпаларының бәрі онтогенезде мезенхимадан дамиды. Мезенхима негізінде мезодермадан пайда болады. Ұлпалардың бұл тобының эпителийден айырмасы қабат құрамайды және клеткалар мен аралық заттан тұрады. Клеткаларының құрылысы гетераполярлы емес аполярлы. Ішкі орта ұлпаларының негізгі топтары дәнекер ұлпасының өзі, май ұлпасы, қан мен лимфа, шеміршек пен сүйек ұлпалары. Ішкі ортаның ұлпалары әртүрлі функция атқарады. Мысалы, қан мен лимфа және борпылдақ дәнекер ұлпасы, негізінде, бүкіл организм клеткаларының қоректенуін қамтамасыз етеді. Организмнің ішіне түскен инфекциямен немесе бөгде белоктармен күресуде де ерекше рөл атқарады.Ішкі орта ұлпаларының шеміршек, сүйек, сіңір, апоневроз, шандыр сияқты түрлері механикалық функцияны қамтамасыз етеді. Эволюция процесінде ішкі орта ұлпалары эпителий мен бір мезгілде және өте ерте пайда болған. Сонымен, ішкі орта ұлпалары жалпы алғанда мезенхимадан дамыған, клеткааралық затына бай организмнің ішінде орналасқан тіректік – трофикалық және қорғаныш функцияларын атқаратын ұлпалар болып сипатталады.
Мезенхима.Мезенхима эмбриондық дамудың бастапқы кезінде ұрықтық жапырақшалар пайда болғаннан кейін түзілетін жабайы дәнекер ұлпасы. Мезенхима негізінде мезодермадан бөлініп шығатын ұрықтық жапырақшалар мен біліктік мүшелердің аралығын толтыратын тармақтары бір – бірімен ұштасып тор құрайтын жұлдыз пішінді клеткалардан тұрады. Мезодермадан пайда болатын мезенхиманы энтомезенхима деп атайды. Мезенхима қан клеткаларына, алғашқы қан тамырларына, дәнекер ұлпасына, шеміршек, сүйек ұлпаларына жіктеледі. Мезенхиманы түзуге эктодермадан пайда болатын ми қабығы дамитын ұрықтық бастама — эктомезенхиманы немесе нейромезенхиманы құраушы нерв жолағы да қатысады. Бірыңғай салалы бұлшық ет ұлпасы мезенхимадан пайда болады. Мезенхиманың клеткаларының ядросы ірі, пішіні сопақша келеді, цитоплазмасында эндоплазмалық тор жақсы жетілген және митохондриялар көп болады. Клеткаларының арасында белоктармен қосылған мукополисахаридтік клеткааралық зат орналасқан.
Қан – трофикалық және қорғаныш функцияларын атқаратын сұйық дәнекер ұлпа. Ол пішіндік элементтер мен плазмадан тұрады. Пішіндік элеметтерге қызыл және ақ клеткалар жатады. Плазмада қан пластинкалары (тромбоциттер) болады.Қызыл клеткаларды эритроциттер(гректің эритрос – қызыл), ақ клеткалары лейкоциттер (гректің лейкос – ақ) дейді. Қан пластинкалары (тромбоциттер) тұтас клеткалар емес, мембранамен қапталған цитоплазманың бөлігі. Бұлар сүйек майында өте ірі клеткалар – мегакариоциттердің ыдырауының нәтижесінде пайда болады. Қан пластинкаларының ядроның құрылымды бөліктері болмайды. Осы белгісі жағынан сүтқоректілердің қаны құстардың қанынан ажырайды. Құстарда адамның қан пластинкаларының қызметін атқаратын тромбоциттер (грекше тробос – ұю) деп аталатын ядролы кішкене клеткалар болады. Бірақ қан пластинкалары тұтас клеткалар болмаса да тромбоциттер делінеді. Олардың 1 мм3 қандағы саны 250000-300000 деп бағаланады.Эритроциттер мен пластинкалар қызметтерін тікелей қанның ішінде, ал лейкоциттер өздерінің әртүрлі міндеттерін қанда емес, дәнекер ұлпасында атқарады.