Геосаясаттың негізгі ұғымдары: геостратегия, кеңістікті бақылау, күштер балансы, геосаясаттың субъектісі, мемлекеттің аумағы, шекарасы және күші, мүдде.
Геостратегия – мемлекеттің халықаралық аренадағы қызметінің бағытын геосаяси тұрғыдан негіздеуі. Геосаясаттың басты категориясы – кеңістікті бақылау. Мемлекет бақылайтын немесе бақылауға ұмтылатын аумақ орталықтың (мемлекеттің) осы аумақты игеруімен, оның байланыстарының даму деңгейімен сипатталады. Мемлекет немесе мемлекеттер одағы бақылайтын кеңістікті геосаяси алаң деп атайды.
Күштер балансы (күштердің тепе-теңдігі) – геосаясаттың негізгі категориясы. КСРО ыдырағаннан кейін әлемдегі күштер балансы өзгерді. Әлем бұрын екіполярлы еді, енді АҚШ оны бірполярлы етуге, бүкіл әлемге өз ойын ережелерін таңуға тырысуда.
Геосаясаттың субъектісі – мемлекет болып табылады. Мемлекеттің пайда болуымен кеңістіктік-аумақтық фактор мемлекеттер арасындағы қатынастарда маңызды рөл атқара бастады. Саясатта «ел» және «мемлекет» деген ұғымдар тең емес. Мемлекет саяси фактор (билік ұйымы), ал ел (жер, аумақ) кеңістік-географиялық фактор.
Геосаясаттың маңызды категориялары – мемлекеттің аумағы, шекарасы және күші болып табылады. Саяси кеңістік, яғни мемлекеттің аумағы шекара арқылы белгіленеді. Саяси кеңістік – мемлекеттің негізгі белгілерінің бірі. Мемлекеттің аумағын құрлық, мемлекет шеңберіндегі су кеңістігі, су қойнаулары, құрлық пен су үстіндегі әуе кеңістігі құрайды.
Шекара мемлекеттің аумағының қауіпсіздігінің факторы. Мемлекеттердің кеңістігі, аумағы олардың шекаралары арқылы бөлінеді. Неміс ғалымы Ф.Ратцель шекара мемлекеттің шет аймақтық органы, мемлекеттің аумағының ұлғаюын, күшеюінің немесе әлсіреуінің, осы организмдегі өзгерістің көрсеткіші деп тұжырымдады. Мемлекеттер арасындағы шекара, тіпті ол мемлекеттер достық қатынастағы болса да, бұл қашанда олардың мүдделерінің бөліну сызығы. Шекара белгілі бір функцияларды (қорғаныс, сауда-экономикалық, саяси) атқарады: қажет емес адамдардың елге кіруін шектеу немесе оларды мүлдем кіргізбеу, қылмыскерлерді, контрабандистерді ұстау, елге әкелінген және елден әкетілетін тауарларға салық салу, шеттен әкелінетін тауарларға квота қоюды, валютаның жылжуын, әуеде ұшуды бақылау, санитарлық тексеру т.б. Шекараларды табиғи, жасанды, құрлықтағы, судағы, әуедегі деп бөледі.
Геосаясаттың маңызды категориясы – мүдде ұғымы болып табылады. Мүдденің таптық, ұлттық, мемлекеттік деген түрлері бар. Ұлт пен мемлекет біртұтас болса, онда олардың мүдделері сәйкес келеді. Негізгі мемлекеттік мүдделер халықаралық құжаттарда қарастырылған: БҰҰ Жарғысында, Хельсинки Қорытынды актісінде т.б. Оларда елдердің саяси тәуелсіздігі, мемлекеттің ішкі істеріне сыртқы күштердің араласпауы, мемлекеттің шекараларына қол сұқпаушылық т.б. айтылған. Мемлекеттік мүдделер ретінде ресурстарын күшейту, ал оның негізі – елдің экономикалық, әскери, қаржы, ғылыми-техникалық т.б.күші, мемлекеттің геосаяси ықпалының артуы, тұрғындардың тұрмыс жағдайының жақсаруы, қоғамның мәдени, интеллектуалдық прогресі алынады.
Мемлекеттік мүдделер өзгеріп отырады. Басқа мемлекеттердің мүдделеріне нұқсан келтірмейтін мүдделер әділетті мүдделер болып саналады. Мүдделердің әділетті, әділетсіз екендігін анықтайтын төреші ретінде нақты күшке, яғни әскери, экономикалық, қаржы күшіне ие мемлекеттер болып табылады. «Мемлекеттік мүдделердің» мазмұны объективті. Алайда оны елдердің көшбасшылары әртүрлі түсінеді. Олар өз елдерінің мемлекеттік мүдделерін қалыптастырады, елдің басым мақсаттарын, ішкі және сыртқы міндеттерді шешуді анықтайды. Авторитарлық және демократиялық мемлекеттерде мақсаттар мен міндеттерге жету механизмдері әртүрлі. Алайда елдердің басым көпшілігінде мықты қаржы топтары – олигархиялық топтар шешуші рөл атқарады. Қазіргі кездегі олар табиғи ресурстар мен дайын өнімді өткізу нарықтарына мүдделі болып отыр (болашақта бұл мәселе шиеленісуі мүмкін).
Мемлекеттік мүдделерді жүзеге асыруда, қорғауда, тәжірибе көрсеткендей, алдыңғы орынға нормалар, моральдық принциптерден гөрі күш арқылы қол жеткізілетін прагматикалық мүдделер шығып отыр. Геосаяси жағынан күшті мемлекеттер (мемлекеттер топтары) – барлығына бірден қол жеткізгісі келеді, ал екіншілері – бөлік- бөлікпен, бірте-бірте қол жеткізуді көздейді. Біріншілері өз мемлекеттік мүдделерін белсенді экспансия арқылы, ал екіншілері бірте-бірте, жорғалаушы экспансия арқылы жүзеге асыруға тырысады (бұлар шартты түрде алғанда Батыс пен Шығыстың қолданатын әдістері), бұл әдістер ғасырлар бойы қалыптасқан.
Достарыңызбен бөлісу: |