КӨЗДІҢ ЛИМФА АЙНАЛЫСЫ БҰЗЫЛУЫНАН БОЛАТЫН АУРУЛАРЫ
Көз алмасының лимфа айналысының бұзылуынан пайда болатын көз ауруларына глаукома және көз гипотониясы жатады.
Глаукома – (Glaucoma) – (гипертония) көз камерасына артық сұйық жиналуынан көздің ішкі қысымының шамадан тыс артуы. Бұл ауру көздің көруінің күрт нашарлауымен, тіпті толық көрмей қалуымен сипатталады. Қалыпты жағдайда көз алмасының ішкі қысымы біршама тұрақты және оны ми – жүйке жүйесі реттеп тұрады. Көздің ішкі қысымын арнайы көз тонометрімен өлшейді. Ол 2 – 5 мм сынап бағанасына тең. Көздің ішкі қысымы аяқ астынан немесе біртіндеп артуы мүмкін. Бұл ауру көптеген көз ауруларында байқалады және ол аурулар көздің ішкі қысымының артуының себебі де болып табылады. Глаукоманың жіктелуі: Глаукома пайда болу этиологиясына байланысыты бірінші реттік, екінші реттік сондай - ақ қабынудан пайда болған және қабынусыз (қарапайым) деп бөлінеді. Ал ағымына байланысты жіті және созылмалы болады.
Бірінші реттік глаукомада (қабынусыз өтетін глаукома) көздің ішкі қысымының шамадан тыс артуының негізгі себебі көз алмасының лимфа айналысының бұзылуы. Көз камерасына құйылған сұйық мөлшері одан шыққан сұйық мөлшерінен артық болса көздің ішкі қысымы көтеріледі. Өйткені көз камерасы көлемі тұрақты. Көздің ішкі қысымының әртүрлі аурулар салдарынан тұрақты, ұзақ және патологиялық көтерілуін, қысқа уақытқа және қалыпты физиологиялық жағдайда көтерілуінен ажырата білу қажет. Соңғы жағдай көзді алақанмен басқанда, немесе көзге атропин сульфат ерітіндісін тамызғанда байқалады. Көздің ішкі қысымының көтерілуін алдымен көздің торлы қабығы мен көру жүйкесі бүртігі сезеді. Көздің ішкі қысымы ұзақ уақыт жоғары болса соның салдарынан торлы қабықтың глиозды және дәнекер ұлпалары, көру жүйкесінің жүйке талшықтары өледі, солады (атрофия). Алғашында көздің көру жүйкесі бүртігінде бірнеше кішкене тесіктер (каверна) пайда болып, соңынан олар қосылып үлкен ойыққа - экскавацияға айналады. Тамырлы қабық өзгерістерге ұшырап, онда алдымен капиллярлар қысылып, соның салдарынан семуге ұшырайды. Торлы қабық жарықты қабылдау, ал көздің көру жүйкесі оны миға жеткізу қасиеттерінен айрылып, ақыры көз көрмей қалады. Глаукомада уақыт өте келе патологиялық өзгерістерге көздің барлық құрылымдары ұшырайды. Сондықтан ол көздің барлық құрылымдары мен ұлпалары зақымдалатын ауруға жатады.
Екінші реттік глаукома көз құрылымдарының қабынуы салдарынан жиі пайда болады. Сондықтан оны қабынудан пайда болған глаукома деп те атайды. Ол ағымы жіті серозды - фибринозды иритте жиі дамиды. Оның себебі түсті қабықтың қабынуынан (ирит) пайда болған фибринді эксудаттан артқы синехи (қарашықтың бұршақ денеге жабысуы) пайда болып, көз камераларының сұйықтары бір біріне ауысуы тоқталады. Қалыпта артқы камера сұйығы алдынғы камераға ағады. Көз камерасы сұйығына көз құрылымдарының жіті қабынуынан (ирит, циклит) пайда болған фибринді сұйықтар қосылып, оның қоюлануын туғызады. Осыған байланысты көздің алдынғы камерасының бұрышында орналасқан көз сұйығын сүзіп өткізу қызметін атқаратын көздің фонтан және шлемов каналдары бітеліп, көздің ішкі қысымы артады.
Белгілері. Бірінші реттік немесе екінші реттік жіті глаукома аяқ астынан көздің қатты ауруымен сипатталады. Аурушаңдық бір басылып бір үдейді. Көз алмасының көлемі біршама ұлғайып, көз шарасынан шығады (эгзофтальмо). Қасаң қабық көз шарасынан алға қарай шар сияқты томпайады (кератоглобус). Кейде қасаң қабық бұлдырланады. Ал көздің алдыңғы камерасының сұйығы мөлдір қалпында қалады. Қарашық кеңейген, жарыққа реакциясы төмендеген немесе мүлде жоқ. Офтальмоскоппен зерттегенде торлы қабықтың қан тамырлары жіңішкерген, кейде көрінбейді. Көздің көру жүйкесінің бүртігі солған, ақшыл қызыл немесе ақшыл сары түсті. Көздің ішкі қысымы жоғары болу себепті көзді басса көз алмасы тығыз, тастай қатты және аса аурушаң. Созылмалы глаукомада көзді басса ауырмайды. Көздің көруі нашарлап, көз алмасы солып, көз бірте – бірте толық көрмей қалады.
Емі. Жіті глаукомада емнің негізгі міндеті көздің ішкі қысымын азайту. Ол үшін алғашында көзге қарашықты кішірейтетін пилокарпин немесе 0,25 – 0,5% - ды эзерин дәрілерінің ерітінділері тамызылады. Егер одан көмек болмаса қасаң қабық жіңішке инемен тесіліп, көз камерасы сұйығын сорып азайтады. Сонымен бірге негізгі себебі иритті, циклитті емдеу керек. Созылмалы глаукомада тиімсіз (әсіресе көздің көру жүйкесінің бүртігінің жүйке талшықтары солса (атрофия).
Көздің гипотониясы. Бұл көздің ішкі қысымының қалыптан төмен болуы. Гипотония бір немесе екі көзде бірдей байқалады. Көздің гипотониясы негізінен екінші реттік ауру болып табылады. Алғашында көздің түсті қабығы, кірпікті денесі созылмалы қабынып, көз камерасына көз сұйығы қажетті мөлшерде бөлінбейді. Соның салдарынан көздің алдыңғы камерасындағы көз сұйығы азайып, шыны тәрізді дене кішірейіп, көздің ішкі қысымы кемиді. Жіті серозды, серозды – фибринозды иритте, циклитте алғашында көздің ішкі қысымы көтеріледі. Ал ол созылмалы түрге ауысса (көздің қайталамалы қабынуында), көздің ішкі қысымы біртіндеп төмендеп, гипотония дамиды. Сонымен бірге қасаң қабық, ақ қабық жарақаттарында көз сұйығының сыртқа шығып азаюынан да болады. Гипотония көп қан кеткенде, қатты шаршағанда, ұзақ іш өткенде, аса көп терлегенде, су жетіспегенде, өте арықтағанда, ашыққанда және қарашықты кішірейтетін дәрілерді ұзақ қолданғанда да пайда болады.
Белгілері. Көз алмасы көз шарасына енген. Көз алмасын басып тексергенде жұмсарған. Қарашық кеңейген. Түсті қабық жиегінің дірілі байқалады.
Емі. Себебін жоюға бағытталған емдер жасалады. Мысалы су беру мөлшерін қалпына келтіру, жеткілікті азықпен қамтамасыз ету, тынықтыру, іш өтуді тию, қарашықты кішірейтетін дәрілерді қолдануды тоқтату. Себептері жойылса көздің ішкі қысымы тез қалпына келеді. Ал созылмалы ирит, циклит немесе көздің қайталамалы қабынуы салдарынан болған гипотонияны емдеу үшін алдымен осы ауруларды емдеу қажет. Кейде көздің гипотониясын емдеп жазу мүмкін болмай, көз біртіндеп солып, көруі нашарлап, ақыры толық көрмей қалуы жиі кездеседі.
КӨЗДІҢ БАРЛЫҚ ҚҰРЫЛЫМДАРЫ ЗАҚЫМДАЛАТЫН АУРУЛАРЫ
Панофтальмит – (panophtalmitis, pan - жаппай) көздің ішкі құрылымдарының жаппай іріңді қабынуы. Бір немесе екі көзде бірдей дамиды. Бұл көздің аса қауіпті ауруларының бірі. Панофтальмит көз құрылымдарының ауруларының асқынуынан пайда болады. Сондықтан көз аруларын асқындырмай дер кезінде емдеп, панофтальмитке айналуына жол бермеу керек. Себептері сан алуан. Көз құрылымдарының механикалық жарақаттары мен қабынуларынан бастап (ақ қабық пен қасаң қабықтың тесілген жарақаты, іріңді кератит, ирит, циклит), кейбір инфекциялық аурулар мен (сақау, туберкулез т.б) инфекция салдарынан (сепсис, пиемия, флегмона) пайда болады. Себебіне байланысты панофтальмитте патанатомиялық өзгерістер әртүрлі дамиды. Дер кезінде емдемесе қасаң қабықтың тесілген жарақаты салдарынан пайда болған іріңді кератитте қабыну үрдісі тез түсті қабыққа, одан соң кірпікті денеге, одан әрі негізгі тамырлы қабыққа, шыны тәрізді денеге тарайды. Іріңді қабынуға конъюнктива, қабақтар, көздің көру жүйкесі, қан тамырлары да ұшырайды. Сөйтіп іріңді қабыну бұршақ денеден басқа барлық көз құрылымдары мен ұлпаларына жайылады. Панофтальмит тез өршиді. Іріңді қабынуға ұшыраған шыны тәрізді дене бүлініп, цинново байламы үзіліп, бұршақ дене орнынан таяды. Торлы қабық тамырлы қабықтан ажырайды. Бұршақ дененің қоректенуі бұзылып, ол да өзгеріске ұшырайды, күнгіртенеді. Кейде бұршақ дене көз алмаксы солған кезде де өз қалпын сақтап қалуы мүмкін.
Белгілері. Көзі панофтальмитке ұшыраған жануарлардың жалпы жағдайы нашар, азыққа тәбеті жоқ, дене қызуы жоғары. Көз аумағы аса аурушаң, қабақтары, конъюнктивасы ісінген. Көз алмасы ісініп, ол көз шарасынан шығады. Осыдан көздің қабақтары толық жабылмай, көз қиығы жартылай ашық күйінде қалады. Қасаң қабық бұлдырланған. Түсті қабық іріңді қабынған (іріңді ирит). Көздің алдыңғы камерасы сұйығына ірің араласып, бұлдырланған. Түсі ақшыл сары, кейде сарғыш жасыл. Бұршақ дене күңгірттенген. Цинново байламы қабынып, тіпті үзіліп, бұршақ дене орнынан таяды. Аурудың соңына таман көздің қасаң қабығы, ақ қабығы ыдырап, көз алмасының ішінде пайда болған іріңді сұйық сыртқа ағады. Дегенмен іріңді сұйықтың бір бөлігі көзді қоршаған ұлпаларға, қанға сіңіп, мал сепсистен өлуі де мүмкін. Көбіне көзі семіп, мал соқыр болып қалады.
Емі. Панофтальмитте емнің тиімділігі төмен және уақыт өткен сайын төмендейді. Панофтальмиттің алғашқы кезеңінде жалпы ем ретінде малға антибиотиктер (Нитокс – 200; 10 кг тірі салмаққа 1мл – ден есептеп, бұлшық етке бір рет) егіледі. Ішке сульфаниламид дәрілері беріледі. Бициллин – 3 антибиотигін қосып ретробульбарлық новокаин блокадасын жасаудың тиімділігі жақсы. Асқынған панофтальмитте концервативтік емдер тиімсіз. Организмді сепсистен сақтау үшін көзді офтальмоектомия жасап, толық сылып алып тастайды (көз алмасын экстирпациялау).
Офтальмоектомия техникасы: Ірі малдар арнайы дайындалған орынға, ұсақ жануарлар операция столына офтальмоектомия жасалатын көзі үстінгі жағына қаратып бекітіледі. Наркоз беріледі немесе жалпы ауырсындырмау жасалады. Сонымен қоса көздің ретробульбарлық кеңестігіне ірі сиыр мен жылқыға 20 мл, ұсақ жануарларға 3 – 8 мл 2 % новокаи егу арқылы көз жүйкесіне ауырсындырмаушылық жасалады. Осыдан соң скальпелмен қабақтың жиегінен 0,5 см қашықтықтан көз алмасын айналдыра теріні тіледі. Көз алмасын тілінген қабақ жиегімен, конъюнктивасымен қоса Мюзе қысқышымен қысып ұстап, көтере тарта отырып, скальпелді периорбитаға терең бойлата оны қоршаған борпылдақ ұлпасымен, көз майымен, бұлшық еттерімен қоса сылады. Қан қатты аққан қан тамырларына қан тоқтатқыш қысқыш қойылады немесе байлам салынады. Көздің көру жүйкесін кесіп, көз алмасын барлық қоршаған ұлпаларымен көз шарасынан алып шығады. Жас безін, үшінші қабақты, бар болса зілді ісіктерді сылып тастайды. Көз шарасының іші тазаланып, капиллярлық дренаж қойылып, антибиотик ұнтағы себіліп, фурацилин ерітіндісі сіңірілген стерильді мақта – мәрлі тығынмен тығыздап толтырылады. Қабақ терісі бір – біріне бірнеше жерден түйін тігіспен тігіледі. Тігістердің байламы шешілетіндей және ұштары ұзындау қалтырылады. Екінші күні қабақтардың жиегін фурацилин ерітіндісімен шылап, жұмсартып барып тігістердің байламын шешіп, босатып, мақта – мәрлі тығынды алып тастайды. Көз шарасының ішіне антибиотик ұнтағы себіліп, қайтадан стерильді мақта – мәрлі тығынмен бос толтырылып, тігістер қайта тартып байланады. 8 – ші күні тігістерді шешеді, мақта – мәрлі тығынды алып тастайды. Ары қарай көз шарасының ішіне антибиотик ұнтағы себіліп, таңғыш салынып отырылады. 2 – 3 апта көлемінде көз шарасының іші дәнекер ұлпамен толып, қабақ терісі бітеді.
Көздің сулы домбығуы – (hudrophtalmus) гидрофтальм. Бұл ауруды кейбір ғалымдар глаукоманың бір түрі деп қарастырады. Көздің сулы домбығуының глаукомадан айырмашылығы, көздің алдынғы камерасы ғана емес, тұтас көз алмасына көп су жиналады. Оның көлемі шектен тыс ұлғаяды. Ол туа бітеді немесе жүре пайда болады. Бір немесе екі жақ көзде бірдей болуы мүмкін. Барлық ауылшаруашылық малдарында, оның ішінде жылқыда жиі кездеседі. Туа біткен көздің сулы домбығуының негізгі себебі көздің алдынғы камерасы бұрышында орналасқан фонтан өзегі мен шлемов каналының туа біткен болмауы. Ал жүре пайда болуының негізгі себебі түсті қабықтың, кірпікті дененің және негізгі тамырла қабықтың сулы қабынуға ұшырауы.
Белгілері. Негізгі клиникалық белгісі көз алмасының көлемінің қалыптан тыс ұлғайып, көз шарасынан шығуы. Көз қиығының бұрышы керіліп ашылған, «бақа көзділік» («лягофтальм») байқалады. Қасаң қабық шар тәрізді керіліп (кератоглобус), бұлдырланған. Көздің алдыңғы камерасы терең. Қарашық кеңейген. Кейде көздің аса жоғары ішкі қысымына шыдамай бұршақ денені ұстап тұрған синново байламы үзіліп, бұршақ дене орнынан таяды. Жартылай немесе толық түседі. Сондай ақ басқада көз құрылымдары қабынады, конъюнктивит, блефарит дамиды. Алдымен көздің көруі нашарласа, соңынан ол мүлде көрмей қалады.
28 – ші сурет. Жылқының көзінің сулы домбығуы (К.А Фомин бойынша).
Емі. Туа біткен көздің сулы домбығуының емі ұсынылмаған. Тұқым қуалайтын болғандықтан (біржақты болса да) көзінде мұндай кемістігі бар малдарды өсімге қалдырмайды, етке жібереді. Ал жүре пайда болған көздің сулы домбығуының емі глаукомадағыдай.
Көздің қайталамалы қабынуы – (iridocyclochorioiditis). Бұл ауру көздің тамырлы қабығының барлық бөліктерінің қайталамалы қабынуға ұшырауымен сипатталады Сондықтан бұл ауруды кейде қайталамалы иридо – цикло – хориоидит деп атайды. Жылқы және жылқы тұқымдастар (есек, қашар) ауырады. Көбіне 3 – 4 жастағы жануарларда кездеседі. Таралуы әртүрлі, барлық жерде бірдей емес. Европа елдерінде, Германияда, Прибалтика елдері мен Ресейдің Қиыр шығысында жиі байқалады. Қазақстанда өте сирек тіркеледі. Тамырлы қабықтың қабынуы серозды, серозды – фибринозды, фибринозды және геморрагиялық болатыны белгілі. Көздің қайталамалы қабынуының ерекшелігі бұл қабынулар іріңді қабынуға айналмайды. Сондықтан оны кейде «іріңсіз панофтальмит» деп атайды. Көздің басқа құрылымдары; қасаң қабық, торлы қабық, шыны тәрізді дене, көздің көру жүйкесі де әртүрлі денгейдегі қабынуға шалдығады. Көздің бұл ауруының негізгі ерекшелігі ауық – ауық клиникалық сауығу мен араға уақыт салып қайта қайталануы (рецедив). Аурудың қайта қайталану уақыты мен жиілігі әр түрлі, орташа 6 - 7 аптаға тең. Алғашқа рецедивтен соң – ақ көз алмасы сола бастағаны байқалады. Оның көлемі кішірейіп, көз шарасына түсіп, жоғарғы қабақтың терісінде қатпар пайда болады. Осындай бірнеше рецедивтен кейін малдың көзі көрмей қалады. Кейбір ғалымдар (П. Минчев., М.А. Мальцев) жылқыдан осындай 12 рецедив байқаған. Көздің қайталамалы қабынуының себебі әлі толық дәлелденбеген. Ол туралы бірнеше жорамал – теориялар ғана бар.
Біріншісі инфекциялық теория. Оған дәлел ретінде қабыну кезінде көз камерасы сұйығынан әртүрлі микроорганизмдердің табылғаны келтіріледі. Ол микроорганизмдер көзге қанмен енеді деп болжайды. Вебер деген ғалым ол микробтар көзге эгзогендік жолмен, дәлірек айтқанда қасаң қабықтың, конъюнктиваның микрожарақаттары арқылы енеді дейді. Бірақ ауру малдардың көзінен алынған материалдармен залалданған малдың көзі нақ қайталамалы қабынуға ұшырамаған. Бұл теорияға қарсы дәлел ретінде ғалымдар инфекциялық аурулардың қайта қайталануы сирек екенін және ол тек көздің қабынуымен шектелмейтінін келтіреді.
Екіншісі интоксикациялық теория. Бұл көзқарас бойынша сапасыз азық жеген малдардың асқазаны дұрыс жұмыс істемейді, әсіресе белок толық қорытылмайды, соның салдарынан улы заттар түзіледі. Осы улы заттар қанға сіңіп, көзді қабынуға ұшыратады (П. Минчев). Ал бұған қарсы дәлел ретінде кейбір ғалымдар (К.А. Фомин) кейде сапалы және толық қанды рационмен азықтандырған малдардың да бұл ауруға шалдығатынын айтады.
Үшінші паразитарлық теория. Бұл теория бойынша аурудың себебі паразит құрттар. Оның ішінде көзде паразиттік тіршілік ететін микрофиллярилер (Байер., Папов, 1938). Шынында да Бет және Суперер 1952 – 1954 жылдары осыған байланысты жүргізген зерттеулерінде ауру малдың көзінің түсті қабығынан, кірпікті денесінен және өзіндік тамырлы қабығынан көп мөлшерде микрофиллярилер (onchocerca cervicalis) анықтаған.
Төртінші аллергиялық теория. Оны 1952 жылы Кеменс және Томас деген ғалымдар ұсынды.
Қазір көптеген ғалымдар бұл аурудың себебі сан – алуан, яғни полиэтиологиялы деген көзқарас ұстанады.
Белгілері. Әдетте ауру аяқ астынан пайда болады. Дамуы әрқилы. Бірде тез дамыса, бірде созылмалы дамиды. Алғашында малдың жалпы жағдайы нашарлайды. Азыққа қарамайды. Әлсіз. Жалпы көз ауруларына тән клиникалық белгілер байқалады. Мал жарыққа қарай алмай, көзінен жас ағады. Қабақтары ісініп, баяу қимылдайды (спазм). Көзді сипағанда аса аурушаң. Көз аумағының қызуы көтерілген. Көздің ішкі қысымы да біршама жоғарлайды. Конъюнктивасы ісінген (конъюнктивит), қанталаған. Екінші, үшінші күндері қасаң қабықтың шет жағы бозарып бұлдырланады. Ауыр түрінде қасаң қабық тұтастай бұлдырланады. Қасаң қабықта терең тамырлану (васкуляризация) байқалады. Көздің алдынғы камерасына фибринозды – геморрагиялық эксудат шығады. Уақыт өте көз камерасы түбіне әртүрлі дәрежеде тұнба («шварт») түседі. Ол түсті қабықты, тіпті қарашықты жартылай жауып тұруы мүмкін. Түсті қабықтың түсі қою қоңыр түске дейін өзгереді. Қарашық біршама кішірейген. Жарыққа реакциясы баяу немесе жоқ. Тіпті атропин сульфат тамызғанда әрең қозғалып кеңейеді. Көздің шыны тәрізді денесі де бұлдырланған. Офтальмоскоппен зерттегенде көз түбі анық көрінбейді. Қабыну үрдісі 8 – 12 күндері ең жоғарғы шегіне жетеді. Содан соң ол қайта бастайды да 20 - шы күндері көзде қабынудың сыртқы клиникалық белгілері байқалмайды. Қабыну кезінде бұзылған көздің көруі қайта қалпына келеді. Көзде кейбір өзгерістер қалады. Мысалы қасаң қабықтың, шыны тәрізді дененің бұлдырлануы мен бұршақ дененің күңгірттенуі сол күйінде қалып қояды. Шыны тәрізді дене сұйылып, көздің ішкі қысымы төмендейді (гипотония). Осының салдарынан торлы қабық ажырайды. Түсті қабық семеді. Қарашық бұршақ денеге жабысып («синехи»), пішінін өзгертеді. Кейде бұршақ денеге жабысқан тұсынан түсті қабық ыдырап, жыртылады. Түсті қабықтың ол жері кедір – бұдыр болып көрінеді. Көздегі осы өзгерістерге байланысты малдың көруі бұзылады, төмендейді немесе көзі толық көрмей қалады. Көздің қабынуы араға әртүрлі уақыт салып қайта қайталанады және жоғарыдағы клиникалық белгілер бәсең байқалады, баяу дамиды. Бірақ келесі қабынулар барысында көз біртіндеп сола бастайды. Көлемі кішірейеді, көз алмасы көз шарасының ішіне түседі. Көз көрмей қалады.
Емі. Ем тек алғашқы кезеңінде тиімді болады. Ал қабыну үрдісі екі – үш рет және одан да көп қайталанса тиімділігі күрт төмендейді. Нақты аурудың себебін жоюға бағытталған (этиопатогенетикалық) ем жасау мүмкін емес. Өйткені аурудың себебін дөп басу қиын. Дегенмен жоғарыда қарастырылған теорияларды есепке алып, малдың азығының сапасын жақсартып, іш айдайтын дәрілер (глаубер тұзы) беріп малдың асқазанын тазалайды. Жалпы ас қорыту жүйесінің ауруларын емдейді. Кең ауқымды әсері бар антибиотиктер (бициллин -3, нитокс – 200 т.б), В және А тобындағы витаминдер егіледі. Көзге күніне төрт рет үш – төрт тамшыдан 1% атропин сульфат тамызады. Ретробульбарлық антибиотик – новокаин блокадасын жасауға болады.
Көздің семуі – (atrophia oculi) атрофиясы. Көптеген көз аурулары салдарынан көз алмасының көлемінің біртіндеп кішіреюі. Бұл жағдайда көз құрылымдары сақталғанмен, олар әртүрлі өзгерістерге ұшырап, өз қызметтерін атқаруы бұзылады және бір - бірімен байланыстары үзіледі. Көздің семуінің себебтері әртүрлі. Негізгі себептері көздің түсті қабығының, кірпікті денесінің, негізгі тамырла қабығының асептикалық созылмалы қабынулары, көздің қайталамалы қабынуы және панофтальмит болып есептеледі. Көздің семуі жарақаттар салдарынан көз камераларының сұйығы мен шыны тәрізді дененің көп мөлшерде сыртқа ағып кетуінен де болады. Сонымен бірге көздің қанмен жеткіліксіз қамтамасыз етілуі, жүйке жүйесінің қызметінің бұзылуы, көзде және көзді қоршаған ұлпаларда пайда болған зілді ісіктердің көзді қысуы да көз алмасының семуіне әкеледі.
Белгілері. Көздің семуі әдетте жоғарыда аталған аурулар салдарынан біртіндеп дамиды. Қабыну үрдісі онша байқалмайды. Көздің семуі біртіндеп үдейді. Көз алмасының көлемі кішірейіп, тығыздалады. Көз шарасының ішіне түседі. Конъюнктива кеңейіп, көз алмасы оның ішінде бос қалғандай көрінеді. Конъюнктиваға жас, эксудат жиналады. Кейде бұл эксудат іріңді де болады. Көзді, көз алмасын басқанда ауырсыну болмайды немесе мал әлсіз ғана ауырсынады. Көздің ішкі құрылымдарына дәнекер ұлпа өскендіктен офтальмоскоппен зерттегенде көз түбі көрінбейді. Көздің көруі біртіндеп нашарлап, соңынан көрмей қалады.
Емі. Көздің семуі басталғаннан кейін жасалған емнің тиімділігі өте төмен. Ем аурудың алғашқы сатысында және негізгі ауруларды емдеуге бағытталуы керек. Сонымен қатар көз құрылымдарының асептикалық қабынулары іріңді қабынуға ұласып, панофтальмитке айналуына жол бермеуге бағытталған емдер жасалады.
КӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ БҰЗЫЛУЫМЕН СИПАТТАЛАТЫН АУРУЛАР
Көздің негізгі қызметі қоршаған ортаны көру, дәлірек айтқанда дұрыс және анық көру. Осы қызметін толық атқаруы үшін екі көз де көз ауруларынан толық сау болуы және үйлесімді жұмыс істеуі керек.
Қисық көздік – (strabismus) стрависм. Көз алмасының қалыпты орналасуының бұзылуы. Мұндай қалыптан ауытқу бір көзде немесе екі көзде бірдей болады. Көз алмасы дұрыс орналаспаса екі көздің көру осі қарау нүктесінде қиылыспайды. Оған жетпей, немесе одан асып барып қиылысады. Мүлде қиылыспауы да мүмкін. Сөйтіп көздің қоршаған ортаны анық көру қызметі бұзылады. Өйткені бұл ақауда екі көз екі затты көреді, бірақ екеуі де анық емес, бұлдыр. Көздің бұл патологиясы жылқыда, сиырда, итте, мысықта, қоянда кездеседі. Оның себебі сан алуан. Бірінші себебі көз алмасының жұп бұлшық еттерінің үйлесімді қызметінің бұзылуы. Механикалық әсерлерден, қабыну салдарынан оның бірінің созылуы, қысқаруы тіпті үзілуі мүмкін. Көз бұлшық еттерінің бірінің ұзын, екіншісінің қысқа болуының туа бітуі де жиі кездеседі және ол тұқым қуалайтыны белгілі. Сондықтан көзінде мұндай ақауы бар малдарды өсімге қалдыруға болмайды.
Екінші себебі көз алмасы бұлшық еттерінің бірінің жүйке талшықтарының салдануы. Бұл себепте көз алмасы салданған бұлшық еті жағына қарай қозғалмайды.
Үшінші себебі көз шарасының ішінде зілді ісіктер пайда болуы.
Белгілері. Малдың көзін зерттегенде бір немесе екі көз алмасының да қалыпты орналаспағаны анықталады. Екі көзі екі жаққа, бірі тура алға, ал екіншісі бір жақ бүйірге, төмен немесе жоғары қараған. Көз алмасы бұлшық еттерінің бірінің жүйке талшықтары салданса, көз алмасы салданған бұлшық еті жаққа қарай қозғалмайды. Көзінде мұндай ақауы бар мал еркін жүре алмайды. Сиыр, жылқы үркек, ал ит, мысық қорқақ келеді. Себебі олардың көзіне екі нәрсе қатар көрінеді және олар анық емес, бұлдыр. Жылқы шапқан кезде айналасын дұрыс бағдарлай алмай сүрінеді, құлайды. Қисық көзді жылқыны мініске, жегінге пайдалануға, бәйгеге қосуға болмайды. Бәйгеге қосқан күнде де қисық көзін шапқан кезде жауып, байлап тастайды. Қисық көзді жануарлар басын денесіне қатысты дұрыс ұстамайды. Мойнын бір жағына қисайтып, бір көзімен қарайды. Осыдан олардың көз шарасы мен құлақтары денесіне қатысты асимметриялы орналасады. Олар жүргенде басын көзі қисық жағына бұрып жүреді.
Емі. Емі себебіне қарай жасалады. Егер қисаю себебі көз алмасының бір бұлшық етінің салдануы болса операция жасап, оның антогонисін кесу (миотомия) жақсы нәтиже береді. Медицинада ұзарған бұлшық етті қысқартып тігу операциясы жасалады. Ал көз шарасы ішіне зілді ісіктер өсуінен қисайса, операция арқылы оларды сылып алып тастайды.
Көз алмасының дірілдеуі – (nistagmus) нистагм. Көз бұлшық етінің үнемі бір жиырылып, бір босаңсуы жағдайында болуынан көздің дірілдеп тұруы, көз алмасының «тартуы». Көздің «тартуы», дірілдеуі көлденең, тік бағытта немесе шыр айнала болуы мүмкін. Кейде ол маятник сияқты екі жаққа бірдей тербеліп дірілдейді. Секіртпелі болуы да мүмкін. Мұндай ақау сиырдың, жылқының және иттің көзінде байқалады. Нистагм туа бітеді (аномалия) немесе жүре пайда болады. Бір немесе екі көзде байқалады. Нистагмның негізгі себебі көздің бұлшық еттерін қамтитын жүйке тамырларының дұрыс жұмыс істемеуі, шектен тыс тітіркенуі. Ал өз кезегінде оның да себептері бар. Ол уланудан (жылқыға хлороформмен наркоз жасағанда), ішек құртарының (аскаридалар) бөлетін улы заттарынан, ми – жұлын ауруларынан (менингит, эпилепсия, ит обасының жүйкелік түрі), мидың механикалық жарақаттарынан (соғылу) болады.
Белгілері. Нистагмға көз алмасының біркелкі қайталамалы (ритмді) қозғалысы тән. Көз алмасының бұл қалыптан тыс қозғалысы сиырда минутына 40 – 50 рет, ал ұсақ жануарларда, мысалы итте 70 – 95 рет қайталануы мүмкін. Мұндай кемістіктен көздің көруі бұзылып, жануар қоршаған ортаны анық көре алмайды.
Емі. Туа біткен нистагмның емі ұсынылмаған. Жүре пайда болған нистагмды емдеу аурудың себебін жоюға бағытталған. Малды тыныш, қаракөлеңке қораға қойып, уланудан, ми – жүйке жүйесі ауруларынан емдеу керек.
Достарыңызбен бөлісу: |