Жеке тұлғаның қалыптасуына өскен орта, ұжым, отбасы тәрбиесі ерекше әсер етеді.Әлеуметтік орта мен отбасындағы тәрбие туралы біз халық педагогикасының салт-дәстүрлер бөлімінде де талдап,түсініктеме бергеміз.Ал,ұжым тәрбие ісінің негізгі саласын қамтитын болғандықтан,бұл саладағы біздің тұжырымдамамыз төмендегідей:
Ұжым – ортақ игi мақсаттарды көздейтiн, бiрiн-бiрi қолдайтын, бiрiне-бiрi қамқорлық жасайтын, бiрi бәрi үшiн, бәрi бiрi үшiн қызмет ететiн тiлектес, ниеттес, достас тұлғалардың бiрлестiгi.
Ұжым - жеке тұлғалардың жан-жақты дамуына өте күштi әсер ететiн қозғаушы күш. Қазiргi кезде жастарды ұжымшылдық рухта тәрбиелеу мәселесiне ерекше көңiл бөлу – саяси-әлеуметтiк мiндет болып отыр.
Ұжымда жетекшiлер және ұжым мүшелерi бiрлесiп, алға қойған тәлiм-тәрбиелiк мақсаттарды орындайды. Яғни ұжым сол ұжымның жеке мүшелерiне ықпал жасап, оны ұжым арқылы тәрбиелейдi.
Ұжымның ұйымдасып толық қалыптасуы үш кезеңнен өтедi. Бiрiншi кезеңде ұжым мүшелерi бiрiгедi, бiрақ олардың ұйымшылдығы жетiспейдi. Оларды ұйымдастыра бiлетiн басшылар қажет болады.
Ұжымның қалыптасуының екiншi кезеңiнде ұжымды басқаратын және басқару iсiнде арқа сүйейтiн жеке тұлғалар айқындалады. Сөйтiп, ол басшылар ұжымды басқаруға сайланады, немесе белгiленедi. Олар (басшылар) ұжымды басқаруға ынта ықылас бiлдiрiп, жұмысты жоспарлап, iске кiрiседi (топбасшы, iс жүргiзушi, редактор, ұйымдастырушы т.б.).
Ұжымның ұйымдасып, қалыптасуының үшiншi кезеңiнде, бүкiл ұжым болып қоғамдық пiкiрлер мен сұраныстарға сәйкес тәрбиелiк iс-әрекетке жоспарлы түрде кiрiседi. Ұжымның iсiнде: таяудағы болашақ iс-әрекет (жақын перспектива), бiраз уақыттан соң орындалатын iс-әрекет (орта перспектива), ұзақ уақытқа белгiленген iс-әрекет (алыс перспектива) жоспарланады. А.С.Макаренко: «... мен жеке адамды тәрбиелеу емес, тұтас ұжымды тәрбиелеу керек деп санаймын», - дейдi. Яғни жеке адам ұжым арқылы тәрбиеленедi.
Жеке тұлға мен ұжымның мақсаты бiр болғандықтан, олар бiр-бiрiмен тығыз байланыста болып, бiрiн-бiрi қуаттап отырады.
«Көп түкiрсе – көл», «жалғыз ағаш – орман емес, жалғыз адам – қорған емес», «адамның iсi - адаммен», «көптi жамандаған көмусiз қалады» деп халық жеке тұлғаның тек көп iшiнде ғана адам болып, жасайтынын дәлелдейдi.
Жеке тұлғаға тапсырма беру, талап қою, үлгi өнеге көрсету, көмек көрсету арқылы ұжым оның жан-жақты дамып, қалыптасуына ықпал жасайды.
Ең әуелi ұжым мүшесi сол ұжымның тәрбиелiк ережелерiн, ұжымдық дәстүрлердi бұлжытпай орындауға мiндеттi. Сол мiндеттердi орындау кезiнде ұжым жеке тұлғаның жақсылықтарына тiзгiн болып, кемшiлiктерi мен кедергiлерiне қарсы күрес ұйымдастырылады, сөйтiп жеке тұлғаның адамдық бейнесiнiң толық қалыптасуына ықпалын тигiзедi.
Жеке тұлғаға қойылатын талап пен оған жасалатын ықпал тiкелей емес, ұжым арқылы жүзеге асырылса, ол қосалқы ықпал деп аталады. Яғни жеке тұлғаға тәрбиелеушi тiкелей емес, ұжым арқылы, оның өкiлдерi арқылы ықпал жасайды.
Ұжым мүшелерi ұжым арқылы жеке тұлғаға тәрбиелiк ықпал жасағанда, ұжымның басқа мүшелерi өз мойнында сондай жетiстiктер мен кемшiлiктер бар екенiн сезiнiп, «iштей жанады» (оны «детонация» дейдi).
Жеке тұлғаны ұжым арқылы тәрбиелеу iсiнде ұжымның дәстүрлерiн мүлтiксiз орындау әрекетi жеке тұлғаға зор әсерiн тигiзедi. Ол дәстүрлер: қоғамдық iс (мектеп мерекелерi, олимпиадалар, жиындар т.б.), салтанат өткiзу дәстүрлерi (соңғы қоңырау, сыйлық тапсыру т.б.), дәлдiк дәстүрi, жауапкершiлiк дәстүрi, көмектесу дәстүрi, әдептiлiк дәстүрi, мәдениеттiлiк дәстүрi, имандылық дәстүрi, кiсiлiк дәстүрi, қайырымдылық дәстүрi т.б. жаңаша дәстүрлер. Бұл дәстүрлер ұжымда жүйелi түрде қалыптасады да, жеке тұлғаға тәлiм-тәрбиелiк мол ықпалын тигiзедi.
Мысалы, ұжым жеке тұлғаға қоғамдық iс-тапсырса, оны орындау кезiнде ол еңбекке, жауапкершiлiкке тәрбиеленедi, салтанат құру дәстүрi кезiнде ол қуанышқа бөленiп, ынта-жiгерi артады, қалыптасқан дәлдiк дәстүрi арқылы ол ұқыптылыққа үйренедi, көмектесу, әдептiлiк, имандылық дәстүрлерi арқылы жеке тұлғаның адамгершiлiк сапасы артады, қайырымдылық дәстүрлерi жеке тұлғаның гумандық (кiсiлiк) қасиеттерiн қалыптастырады.
Ұжымдық дәстүрлер – ұжым мен ұжым мүшелерiнiң мәдени, игi iс-әрекеттерiнiң әдеп-ғұрыппен, әдептiлiкпен қалыптасқан қасиетпен, қадiрлейтiн iс-әрекетiнiң көрiнiсi. Сондықтан, бұл дәстүрлерге лайықсыз әрекеттер, ұжымның намысына нұқсан келтiредi. Мысалы, ұжымдық дәстүр бойынша көмектесудiң орнына, «көшiртуге», әдiл баға берудiң орнына «әсiрелеуге» болмайды. Ұжым мүшелерi ұжым намысын, ұжымдық жауапкершiлiктi өз «тiрлiгiнен» жоғары қояды. Өйткенi ұжымдық жауапкершiлiк - әрбiр жеке тұлғаның намысы, ар-ожданы, iс-әрекетiнiң тiрегi.
Ұжымдық дәстүрлер iскер ұстаздың басшылығымен әуелi жеке тұлғаның, содан соң жалпы ұжым мүшелерiнiң санасында қалыптасады. Ол рухани сұраныстар мен шығармашылық бейiм арқылы жеке тұлғаның әдептiлiгiнiң тiрегi болып нықталады.
Ұжымдық дәстүрлер ұжым мүшелерiнiң адамгершiлiк қарым-қатынастары арқылы жеке тұлғалардың психологиясына (мiнез-құлқына) әдептi әсер етiп, олардың адамгершiлiк қасиеттерiн қалыптастырады.
Мысалы, қоғамдық iс-әрекет, салтанат құру дәстүрлерi бойынша жеке тұлғалар ұжымның тапсырмаларын жауапкершiлiкпен орындаса, еңбек жемiсiн, оның қызығын көрiп, рухани, мәдени өсу, дарынын дамыту, iскерлiгiн арттыру сияқты игiлiктерге ие болады, ұжымдық көмектесу, қолдау арқылы ұжым оның ұжымдық мақтаныш сезiмiн арттырады да, ұжым үшiн, ел үшiн, адамзат үшiн қызмет етуге қызықтырады.
Ұжымда өзiн өзi басқарудың мәнi зор. Мектептерде бұл әрекет жұлдызшылар тобы (I-II сыныптар), ұлан ұйымы (III-ҮII сыныптар), жастар ұйымы (ҮIII-ХI сыныптар) арқылы iске асырылады. Оның үстiне iстi шебер ұйымдастыратын тәрбиешi ұстадар мектепте «ынталылар тобы», «жеңiмпаздар тобы», «жетекшi топ» т.б. қозғаушы күшетрдi ұйымдастырады. Олардың ұйымдастырушылық қабiлеттерi, iс-әрекеттегi стильдiк (iс тәртiбi) ерекшелiктерi iсiне шебер ұстаздың басшылығымен жан-жақты дамып, қалыптасады. Ұжымда жеке тұлғаның, ұжым басшыларының жауапкершiлiк мiндеттерi айқын болу қажет.
Ұжымдық қарым-қатынас - ұжымның игi iс-әрекеттерi және ұжымның абыройы. Ұжымның абырой деңгейi сол ұжымды басқарушының әмбебап бiлiктiлiгiне, ұжым мүшелерiнiң ауызбiрлiгi мен жауапкершiлiгiне ынтымағы мен белсендiлiгiне, ықылас-ыждағатына байланысты. Әсiресе ұжымдағы жеке тұлғаның (ұжым мүшесiнiң) ықыласы мен белсендiлiгi ұжымның iс-әрекетiне ерекше әсер ететiн қозғаушы күш болып табылады. Ол - өзiн-өзi жан-жақты тәрбиелей бiлген, ұжым iсiне барынша (жүрегiмен) берiлген, өз iсiне шебер тұлға болу керек. Ол – ұжымның мақтанышы болатындай еңбек етуге мiндеттi. Ұжым мүшесi ұжымға кiрiптар емес, сол ұжымның белдi иесi, абыройлы қызметкерi, жауапты iскерi.
Достарыңызбен бөлісу: |