Азаматтық құқық жалпы сипаттамасы Жоспар


Отбасы мүшелерінің алименттік қатынастары



бет15/20
Дата30.03.2022
өлшемі60.51 Kb.
#456525
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   20
Азаматтық құқық

4.3. Отбасы мүшелерінің алименттік қатынастары.
Ата-аналармен балалардың алименттік міндеттемелері. Ата-аналар өздерінің кәмелетке толмаған балаларын асырап-бағуға міндетті. Кәмелетке толмаған балаларды асыраудың тәртібі мен нысанын ата-аналар дербес айқындайды. Ата-аналар «Неке және отбасы ту­ралы» Заңның 20-тарауына сәйкес өздерінің кәмелетке толма­ған балаларын асырап-бағу туралы келісім (алимент төлеу тура­лы келісім) жасауға құқылы.
Егер ата-аналар өздерінің кәмелетке толмаған балаларын асырап-бағуына алмаса, кәмелетке толмаған балаларды асырап-бағуға арналған қаражат (алимент) ата-аналардан сот тәртібімен өндіріп алынады. Ата-аналардың алимент төлеу туралы келісімі болмағанда, кәмелетке толмаған балалар асырап-бағуға алынбағанда және сотқа талап арыз берілмегенде қорғаншы және қамқоршы орган кәмелетке толмаған балаларға олардың ата-анасынан (олардың біреуінен) алимент өндіріп алу туралы талап қоюға құқылы.
Алимент төлеу туралы келісім болмаған жағдайда сот кәме­летке толмаған балаларға олардың ата-аналарынан алиментті ай сайын мынадай мөлшерде: бір балаға — ата-анасы табысының және (немесе) өзге де кірісінің — төрттен бірін; екі балаға — үштен бірін; үш және одан да көп балаға тең жартысын өндіріп алады. Бұл үлестердің мөлшерін сот тараптардын материалдық немесе отбасылық жағдайларын және назар аударарлық өзге де мән-жайларды ескере отырып кемітуі немесе көбейтуі мүмкін. Ата-аналар өздерінің көмекке мұқтаж, еңбекке жарамсыз кәмелетке толған балаларын асырап-бағуға міндетті. Алимент төлеу туралы келісім болмаған жағдайда еңбекке жарамсыз кәме­летке толған балаларға алимент төлеу мөлшерін сот алимент төленетін кезде қолданылып жүрген айлық есептік көрсеткішке еселенген қатынасыңда, тараптардың материалдық және отба­сылық жағдайлары мен назар аударарлық басқа да мүдделерін негізге ала отырып белгілейді.
Еңбекке жарамды кәмелетке толған балалар өздерінің еңбек­ке жарамсыз көмекке мұқтаж ата-аналарын асырап-бағуға және оларға қамқорлық жасауға міндетті. Алимент төлеу туралы келі­сім болмаған жағдайда еңбекке жарамсыз көмекке мұқтаж ата-аналарға алимент олардың еңбекке жарамды кәмелетке толған балаларынан сот тәртібімен өндіріп алынады. Әрбір баладан өндіріп алынатын алимент мөлшерін сот ата-аналары мен балаларының материалдық және отбасылық жағдайлары мен тарап­тардың назар аударарлық басқа да мүдделерін негізге ала оты­рып, алимент төлеу кезіндегі айлық есептік көрсеткішке еселен­ген қатынастарында белгілейді.
Алимент мөлшерін айқындау кезінде сот, балаларының бәріне, олардың біреуіне немесе олардың бірнешеуіне талап қойылғанына қарамастан, осы ата-ананың еңбекке жарамды, кәме­летке толған балаларының бәрін ескеруге құқылы. Егер сот ата-аналардың ата-ана міндеттерін орындаудан жалтарғанын анықтаса, балаларының өздерінің еңбекке жарамсыз, көмекке мұқтаж ата-аналарын асырап-бағу жөніндегі міндеттерінен босатылуы мүмкін. Балалары ата-ана құқықтарынан айырылған ата-аналарына алимент төлеуден босатылады.
Ерлі-зайыптылардың бір-бірін асырап-бағу жөніндегі міндеттері. Ерлі-зайыптылар бір-бірін материалдық жағынан қолдауға міндетті. Мұндай қолдаудан бас тартқан және ерлі-зайыптылардың арасында алимент төлеу туралы келісім болмаған жағдайда алимент төлеуге қажетті қаражаты бар жұбайдан:
1) еңбекке жарамсыз мұқтаж жұбайының;
2) жүкті кезінде және ортақ баласы туған күннен бастап үш жыл бойы әйелінің;
3) ортақ мүгедек баланы бағып отырған мұқтаж жұбайының бала он сегіз жасқа толғанға дейін;
4) ортақ мүгедек баланы 16 жасқа толғанға дейін бағып-күтіп отырған, сондай-ақ 16 жасқа толғаннан соң ортақ мүгедек балаға І-ІІ топтағы мүгедектік белгіленген жағ­дайда мұқтаж жұбайының алимент төлеуді сот тәртібімен талап етуге құқығы бар.
Бұрынғы жұбайдың неке бұзылғаннан кейін алимент алуға құқығы. Алимент төлеуге қажетті қаражаты бар бұрынғы жұбайынан алимент төлеуді сот тәртібімен талап етуге:
1) жүкті кезінде және ортақ баласы туған күннен бастап үш жыл бойы бұрынғы әйелінің;
2) ортақ мүгедек баланы 16 жасқа толғанға дейін бағып-күтіп отырған, соңдай-ақ 16 жасқа толған соң ортақ мүгедек балаға І- ІІ топтағы мүгедектік белгіленген жағдайда көмекке мұқтаж бұрынғы жұбайының;
3) неке бұзылғанға дейін еңбекке жарамсыз болып қалған еңбекке жарамсыз көмекке мұқтаж бұрынғы жұбайының құқығы бар.
Алименттің мөлшері мен оны неке бұзылғаннан кейін бұрын­ғы жұбайына берудің тәртібі бұрынғы ерлі-зайыптылардың арасындағы келісім бойынша белгіленуі мүмкін. Отбасының басқа мүшелерінің алименттік міндеттемелері. Ағалары мен апаларының өздерінің кәмелетке толмаған және еңбекке жарамсыз, кәмелетке толған інілері мен сіңлілерін (қарындастарын) асырау жөніндегі міндеттері
Кәмелетке толмаған көмекке мұқтаж інілері мен сіңлілерінің (қарындастарының) өз ата-аналарынан қаражат алуға мүмкіндігі болмаған жағдайда өздерінің алимент төлеуге қажетті қаражаты бар еңбекке жарамды, кәмелетке толған ағалары мен апаларынан сот тәртібімен алимент алуға құқығы бар. Еңбекке жарамсыз, көмекке мұқтаж кәмелетке толған ағалары мен апаларына да, егер олар өздерінің еңбекке жарамды, кәмелетке толған балаларынан, жұбайларынан (бұрынғы жұбайларынан) немесе ата-анасынан көмек ала алмаса, осындай құқық беріледі.
Немерелерін асырап-бағу жөніндегі атасы мен әжесінің міндеттері. Өздерінің ата-аналарынан көмек алуы мүмкін болмаған жағдайда, кәмелетке толмаған, көмекке мұқтаж немерелердің өздерінің, алимент төлеуге қажетті қаражаты бар әжесі мен атасынан сот тәртібімен алимент алуға құқығы бар. Өздерінің жұбайларынан (бұрынғы жұбайларынан) немесе ата-анасынан көмек ала алмаса, еңбекке жарамсыз, көмекке мұқтаж кәмелет­ке толған немерелерге де осындай құқық беріледі. Өздерінің кәмелетке толған еңбекке жарамды балаларынан немесе жұбайынан (бұрынғы жұбайынан) қажетті қаражат ала алмаған жағдайда, еңбекке жарамсыз, көмекке мұқтаж аталар мен әжелер өздерінің алимент төлеуге қажетті қаражаты бар кәмелетке толған немерелерінен сот тәртібімен алимент талап етуге құқылы.
Кәмелетке толмаған балаларға нақты тәрбие беруді, асырап-бағуды жүзеге асырушы, еңбекке жарамсыз, көмекке мұқтаж адамдар, егер олар өздерінің кәмелетке толған, еңбекке жарам­ды балаларынан немесе жұбайларынан (бұрынғы жұбайларынан) көмек ала алмаса, олар өздерінің кәмелетке толған, еңбекке жарамды тәрбиеленушілерінен көмек беруді сот тәртібімен та­лап етуге құқылы. Егер тәрбиелеушілер тәрбиеленушілерді бес жылдан аз уақыт асырап-бағып, тәрбиелесе, сондай-ақ өздерінің тәрбиеленушілерін тиісті түрде асырап-бақпаған және тәрбиелемеген болса, сот тәрбиеленушілерді нақты тәрбиеленушілерін асырап, бағу жөніндегі міндеттен босатуға құқылы. Өгей ұлдар мен өгей қыздарын тәрбиелеп, асырап-баққан, еңбекке жарамсыз, көмекке мұқтаж өгей әке мен өгей шешенін, егер өздерінің кәмелетке толған еңбекке жарамды балаларынан немесе жұбайларынан (бұрынғы жұбайларынан) көмек ала ал­маса, осыған қажетті қаражаты бар еңбекке жарамды, кәмелет­ке толған өгей ұлдарынан немесе өгей қыздарынан асырап-бағуды сот тәртібімен талап етуге құқылы. Егер өгей әке мен өгей шеше өгей балалары мен өгей қыздарын бес жылдан аз уақыт тәрбиелеп, асырап-бақса, сондай-ақ олар өздерінің тәрбиелеу және асырау міндеттерін тиісті түрде атқармаса, сот өгей ұлдар мен өгей қыздарды өгей әкесі мен өгей шешесін асырап-бағу міндеттерінен босатуға құқылы.
Қорғаншылық және қамқоршылық. Ата-анасының қайтыс болуы, олардың ата-ана құқықтарынан айырылуы, олардың ата-ана құқықтарының шектелуі, ата-анасының әрекетке қабілетсіз деп танылуы, ата-анасының сырқаттылығы, ата-аналарының ұзақ уақыт болмауы, ата-аналардың балаларын тәрбиелеуден немесе олардың құқықтары мен мүдделерін қорғаудан жалтаруы, соның ішінде ата-аналардың тәрбиелеу, емдеу және басқа да осыған ұқсас мекемелерден өз балаларын алудан бас тартуы, сондай-ақ ата-аналардың қамқорлығы болмаған өзге де жағдайларда, балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау қорғаншы және қамқоршы органдарға жүктеледі.
Қорғаншы және қамқоршы органдар ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды анықтайды, осындай балалардың есебін алуды жүргізеді және ата-анасының қамқорлығынсыз қалудың нақты мән-жайларын негізге ала отырып, балалар­ды орналастырудың нысандарын таңдайды, сондай-ақ оларды асырау, тәрбиелеу және білім беру жағдайларына одан әрі бақылау жасауды жүзеге асырады. Қорғаншы және қамқоршы органдардан басқа, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған ба­лаларды орналастыру жөніндегі заңды және жеке тұлғалардың қызметіне жол берілмейді.
Ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар асырап алынып, отбасына тәрбиеленуге, қорғаншылыққа (қамқоршылыққа) немесе патронат шарты бойынша, ал мұндай мүмкіндік болма­ған кезде, жетім балаларға немесе ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған барлық үлгідегі (тәрбие, емдеу және басқа да) мекемелерге берілуге тиіс.
Қорғаншылық және қамқоршылық ата-анасының қамқорлы­ғынсыз қалған балаларға, оларды асырау, тәрбиелеу және білім беру мақсатында және әрекетке қабілетсіз немесе әрекетке қабілеті шектеулі кәмелетке толған адамдардың балалардың мүліктік және мүліктік емес құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін белгіленеді.
Қорғаншылық он төрт жасқа толмаған балаларға, сондай-ақ психикалық аурудың салдарынан немесе ақыл-есінің кемдігінен сот әрекетке қабілетсіз деп таныған адамдарға белгіленеді. Қорғаншылық қайтыс болған немесе соттың шешімімен өлді немес:е хабар-ошарсыз кеткен деп танылған кәмелетке толмаған адамның, әрекетке қабілетсіз немесе әрекетке қабілеті шектеулі кәмлетке толған адамның мүлкіне тағайыңдалады. Егер қорғаншылық және қамқоршылық белгіленген адамның басқа жерде мүлкі болса, онда осы мүлікті басқару үшін қорғаншы және қамқоршы органдар мүліктің тұрған жерінде қорғаншы тағайындай алады.
Қамқоршылық он төрттен он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмағандарға, соңдай-ақ спиртті ішімдіктерге немесе есірткі заттарға салынуы салдарынан сот әрекет қабілеттілігі шектеулі деп таныған адамдарға белгіленеді. Денсаулығының жай-күйіне байланысты өзінің құқықтарын өз бетінше жүзеге асыра алмайтын және міндеттерді орындай алмайтын кәмелетке толған әре­кет қабілеттілігі адамдардың арызы бойынша оларға қамқоршылық белгіленуі мүмкін.
Аудандық (қалалық) атқарушы органдар қорғаншы және қамқоршы органдар болып табылады. Аудандық және қалалық атқарушы органдар өздерінің қорғаншылық және қамқоршылық жөніндегі міндеттерін халыққа білім беруге, оны әлеуметтік қорғауға және оның денсаулығын сақтауға уәкілеттік берілген органдары арқылы жүзеге асырады, ал поселкелік, селолық, ауылдық атқарушы органдар бұл қызметтерді дербес жүзеге асырады. Қорғаншы және қамқоршы органдар баланың және оны тәрбиелеуге үміткер адамның (адамдардың) тұрмыс жағдайларына зерттеу жүргізуге және зерттеу актісін сотқа табыс етуге міндетті. Қорғаншы және қамқоршы органдар өздерінің міндеттерін осы органдар туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін ереже негізінде жүзеге асырады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   20




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет