Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі «Ғылыми қазына» мақсатты бағдарламасы



Pdf көрінісі
бет28/126
Дата01.11.2023
өлшемі2.92 Mb.
#482164
түріБағдарламасы
1   ...   24   25   26   27   28   29   30   31   ...   126
4100d37a29d9cd8e6f0c6385f1c84be9

Х. СҮЙІНШӘЛИЕВ


98
VІІІ-ХІV ҒАСЫРЛАРДАҒЫ ӘДЕБИЕТ
Әрбір халықтың рухани байлығы – ғасырлар бойы даму тарихында 
жасалған, ұрпақтан-ұрпаққа ауысып отыратын мирас. Басқа халықтар 
сияқты, қазақ халқының да өзіне тән тарихи басынан кешкен кезеңдері, 
өрлеу сатылары, әрбір дәуірге лайық мәдени мұрасы, асыл өнері бар.
Әлбетте, біз мұны айтқанда ерте дамыған көне халықтар жасаған 
мәдениеттің кейіннен дамыған халықтарға өз ықпалын тигізетінін де 
ұмытпаймыз. Мәселен, ертедегі Египет, Вавилон, Рим, Грек, Үнді, парсы 
мәдениеті қазіргі Еуропа мәдениетінің дамуына үлкен әсерін тигізді. 
Бұдан шығатын қорытынды: әрбір елдің мәдениеті – оның басынан кешкен 
тарихи оқиғаларына, қоғамдық санасына байланысты әр дәуірде әр түрлі 
көрінеді. Ол әр халықтың тиісті кезеңдегі талап-тілегі, мұң-мұқтажына 
сай туып, белгілі жағдайға байланысты дамиды. Ерте оянып, мәдениеті 
ерте дамыған ұлы халықтардың адамзат мәдениетіне қосқан үлесі зор, 
оның ілгері дамуында атқарған тарихи рөлі де ерекше. Бірақ бүкіл әлем 
мәдениетінің қазынасы тек бірен-саран ұлы халықтар туындысынан ғана 
тұрмайды. Поэзиядағы ұлылы-кішілі формалар, оны жасаушы талант 
иелері әрбір халықтан шығады. Сондықтан да В.Г.Белинский, әрбір 
халық қаншалықты кенже дамығанымен, өзіне тән поэзиясы болады, ол 
поэзияда сол халықтың салт-санасы бейнеленеді дейді.
Біздің заманымызға дейін дамып, кейін басқа елдерге ықпалын тигізген 
көне халықтар жасаған мәдениет ежелгі кезден басталады. Бұл тұрғыда 
өшпес мұра, ескірмес өнердің бірі – поэзия, халық шығармашылығы. 
Әдебиет – халықпен үнемі бірге жасайды. Ол адам санасының балалық 
шағынан бері қарай сатылап жетіліп, өмір көшінде дамылсыз дамып, 
келешек ұрпаққа рухани нәр береді. Адамға дүние есігін ашатын да, оның 
көзі жұмылғанда ақырғы сапарға шығарып салатын да сол поэзия, өлең 
демей ме, кемеңгер ақын Абай. Поэзия – адамның жан серігі, жүрек қаты, 
дертіне ем, бойына дем берер рухани күш. Олай болса, қай ел, қандай 
халық болса да – өзінің жасаған дәуірінде әдебиетсіз, поэзиясыз, өнерсіз 
өмір сүрген емес. 
Қазіргі қазақ халқының арғы төркіні көне түркі ұлыстары тайпасынан 
шығатыны, олардың бір кезде бірлесе мәдениет жасаған ел болғаны қазір 
ешкімге жаңалық емес. Сөйте тұрса да кейбір батыс ғалымдары Орта 
Азия мен Қазақстан жеріндегі көне мәдениет үлгілерінің қолжазбасы 
араб, парсы халықтар тілінде, әліппесінде жазылып қалуы, оларша, соның 


99
ғана айғағы сияқты. Бірақ тарихымыз бұл сияқты ұшқары пікірлердің 
біржақтылығын дәлелдеп берді.
Қазақстан жерінен табылып жатқан көне дәуір деректері осы өлкені 
мекендеген ежелгі ұлыстардың көне мәдениетінен тиісті мәліметтер 
береді. Олар Қазақстан өз алдына мемлекет болып құрылғанға дейінгі 
мәдениет үлгілерінің сол кездегі тайпалар мен бірлестіктердің бәріне 
ортақ игілік болғанын бейнелейді. Ал қазақ хандығының құрылуы ХV 
ғасырдан, Жәнібек пен Керейдің хандық құрған жылдарынан басталады 
екен. Олай болса, ХV ғасырға дейінгі мәдениет табыстары қазіргі түркі 
халықтарының көбіне (өзбек, ұйғыр, қазақ, қырғыз, қарақалпақ және 
басқаларға) ортақ мұра болмақшы.
К.Маркс арғы заманғы гректердің әдебиеті мен өнері туралы сөз 
еткенде рулық дәуірдің өзінде әдебиет пен өнер мейлінше өркендейді: 
бірді-екілі халықтардың әдебиеті мен өнері өзін туғызған қоғамдық 
құрылыстан әлдеқайдап озып кетеді – деген пікір білдірді. 
Моңғол шапқыншылығына дейінгі Қазақстан жерінде дамыған 
мәдениеті кейіннен қазақ және түркі тілдері құрамына кірген тайпалар 
жасаған. Олардың ішінде кейін қазақ қауымына негіз болған үйсін, 
қаңлы, қыпшақ, түркеш, қарлық, кердері, керей, алшын, байұлы, найман 
сияқты ежелгі тайпалар да бар. 
Ф.Энгельс неғұрлым тарих тереңдеген сайын, соғұрлым тектес 
халықтардың арасындағы айырмашылық жойыла береді деген. Кейін 
әрқайсысы өз алдына ұлт болып кеткен, ертедегі түркі ұлыстарының түбі 
бір арнадан таралуы да заңды. 
Түркі ұлыстарынан шыққан белгілі әдебиетшілер өздері қай ұлыстан 
шықпасын, өз шығармаларын сол кездің ортақ әдеби тілінде, өз 
тұсындағы барлық түркі елдер тайпасы қолданған тілде, көне түркі ескі 
таңба үлгілерінде жазған. Сондықтан, ерте дәуірге жататын кейбір жазба 
деректер мен көне ескерткіштер, әдеби еңбектер қазіргі түркі тілдес 
елдерге ортақ мұра болып табылады. Сөйтсе де орта ғасырлық кейбір дана 
білімдарлар өнерпаздардың туған жеріне, шыққан тайпасына, көркем 
туындыларының сипатына қарап, мұндай көне мұраларды қазіргі түркі 
халықтарының біріне жақынырақ па деп болжаулар жасауға болатын 
сияқты. Мысалы, әл-Фараби, Әл-Қыпшақи, Әл-Бируни, Әл-Сығанақ, 
Әл-Түркістани, Бақырғани, Жүсіп Баласағұни, Махмұд Қашқари, 
Хорезми, Қожа Ахмет Яссауи, Хайдар Дулати, Қадырғали Жалаири және 
басқалары Қазақстан перзенттері, сөйтсе де, бұлардың көбі еңбектерін 
араб тілінде жазған.
М.П.Мелиоранский 1898 жылы «Народное просвещение» 
журналында «Орхон-Енисей құлпытастарындағы жазба ескерткіштер» 
деген мақаласында бұл сияқты көне жазуы бар әдеби мұраларға барлық 
Орта Азия мен Қазақстан жеріндегі түркі елдері ортақ деп жариялады. 


100
Сондай-ақ, көрнекті шығыс зерттеушісі Е.Бертельс те көне заман 
мәдениетінің сол Орта Азия мен Қазақстан жеріндегі тайпаларға ортақ 
екенін әлдеқашан дәлелдеді.
Ш.Уәлиханов Орта Азияны жайлаған ежелгі халықтар қатарына 
қырғыз, үйсіндерді жатқызған. «...Жоңғарияда екі түрлі халық тұрған: 
қырғыздар мен үйсін деп аталатын ұлы жүз қазақтары»
33
– дейді. 
«Қазақтар – деп жазды ол, – Шығыс Түркістанның ескі тұрғындары... 
Есте жоқ ескі заманнан бері қазақтар Әндіжанға жақын атуларды оңтүстігі 
Қашқарға дейін мекендеді». «Таң династиясына дейінгі уақытта қазақтар 
Енисей немесе Қамы бойындағы таулы жерлерді мекендеді»
34
. Зерттеуші 
бұл пікірін Әбілғазы және басқа ежелгі тарихшылар еңбектеріне сүйеніп 
айтады. Шоқанның бұл пікірінің жаны бар. Енисей, Қамы бойында
күні бүгінге дейін түркі тектес халықтар тұрады. Мысалға тува халқын 
алайық. Тувалардың тілі қазаққа өте жақын. Ежелгі тарихшылардың 
баяндауынша VІ ғасырда бүгінгі Қазақстанның көп жері Түркі қағанаты 
атты алғашқы хандық мемлекетке кірген, оның орталығы Жетісу өлкесі, 
Шу өзені бойындағы Суяб қаласына орналасқан, Түркі қағанаты кезінде 
Қазақстанның оңтүстігінде бірнеше үлкен қалалар пайда болады, 
олардың ішінде тайпалар жиі бас қосатын кенттер: Суяб, Тараз, Мерке, 
Құлан, Сайрам, Отырар болатын. Бұл қалалардың көбі қырымнан 
Шығыс Түркістанға баратын «Ұлы Жібек жолының» үстінде тұрды. ҮІ 
ғасырда Түркі қағанатында болған Византия елшісі Земарх талас (Тараз) 
қаласында бірнеше күн тоқтап, оны үлкен астана қала деп суреттейді. 
Кейіннен ол қаланың орнын қазғанда мәдениеттің шын мағынасында 
орталығы болғанын сипаттайтын сан алуан әдемі бұйымдар шықты. 
Түркеш қағандығы үстемдік құрған кезде (VІІ ғ.) Суяб пен Тараз қалалары 
әкімшілік пен мәдениеттің, сауданың орталығына айналған. Мұның 
өзі бұл қалалардың өркендеп өсе түсуіне жағдай жасаған. Бірақ жауап 
алушы басқыншылардың тегеурініне төтеп бере алмай, VІІІ ғасырда 
Түркеш қағандығы да құлайды.
VІІІ-Х ғасырларда Қазақстанның оңтүстік шығысындағы Қарлұқ 
қағандығы құрылады. Бұл кезде қалалар одан әрі өркендей түседі. Талас, 
Шу өзендері бойында – Сүткент, Қасырабас, Джуль, Баласағұн, Іледе 
– Қойлық, Ілебалық, Екіөгіз қалалары пайда болды. Жетісу өлкесінде 
Қойлық (Талдықорған) әкімшілігінің жаңа орталығына айналады. Қол 
өнері, егіншілік, сауда, мал шаруашылғы өркендейді. Ерте тайпалық 
қатынас дамиды. 
Қарлұқтар заманында бұл өлкенің мәдениеті біраз ілгері басады. 
Отырықшы мекендер көбейеді. Шавгард, Манкент, Исфиджаб (Сайрам), 
Яссы (Түркістан) болып Сауран, Сығанақ қалалары арқылы екі жол 
33
Қараңыз: Ш.Уәлиханов. Мақалалары мен хаттары. Алматы. 1949, 82-б.
34
Ч.Ч.Валиханов Соч.т. 1961, Т.І. стр. 447.


101
торабы өтеді (оңтүстік және солтүстік сауда жолдары). Қарлұқтар 
Жетісудан Сайрам өлкесіне дейінгі жерді алып жатады. Сайрамнан 
батысқа қарай ұласып жатқан Сырдария бойындағы кең байтақ өлкелерге 
VІІІ-Х ғасырларда екі мықты тайпа – оғыздар мен қыпшақтар ие болады. 
Бұлардың ертедегі хандық одағына Жанкент, Жент, Отырар, Сауран, 
Баршынкент қалалары кіретін еді. Жаз шыға олар Торғай өлкесін, ұлан 
байтақ Арқа жерін жайлап отырады. Орта Азия, Иран, Қытай, Кавказ, 
Еділ бойындағы елдермен байланыс жасайды...
35
.
Оғыздармен алауыз болған кезде қыпшақтар көбінесе Орталық 
Қазақстан жерлерін (Арқаны) қоныстап, қыстың өзін сонда өткізіп жүрді. 
Бұлардың басым көпшілігі көшпелі мал шаруашылығымен айналысқан 
тайпалар еді.
Белгілі ғалымдар С.П.Толстов пен А.Ю.Якубовский Арал теңізі мен 
Сыр бойынан көптеген ескі қалалардың орнын тауып, бұл қалаларды 
жергілікті қазақ, қарақалпақ, түркімен халықтарының арғы бабалары 
қоныстанғанын анықтады. Олар сол халықтар аңызы мен эпосындағы 
атаулардың өздерінің болжамдарына дәл келетінін ескертті. Мұны, 
әсіресе, В.М.Жирмунский мен А.Н.Кононовтың соңғы зерттеулері де 
айқын көрсете алады.
Атырау бойы, Маңғыстау жері де ел жайлаған ежелгі мекендер. Бұл 
өлкеде жергілікті тұрғындар жасаған ежелгі дәуір мәдениетінің деректері 
табылып отыр. Сисен-ата, Шопан-ата, т.б. ескерткіштер бұл өлкені 
жайлаған ұлыстардың да көне мәдениетінен сыр шертеді. Сондықтан 
болса керек, Шоқан: «Ескі қалалардың қалдықтары мен тастан соққан 
құрылыстарына және тарихи деректерімен қарасақ, барлық моғолстан 
жерін ерте кездерде отырықшы, мәдениетті қалың ел қоныстанған екен. 
Ол елдің сол кездерде жазған кітаптары мен шежірелерінің де болуы 
ғажап емес. Тек біздің өкінішімізге орай, сол кездерден біздің дәуірге 
құлаған мұнара, мешіт, үйлерінің қираған жұрттары ғана жеткен»
36
– 
дейді. 
Х-ХІІ ғасырларда Қазақстан мен Орта Азияны мекендеген қарлұқ және 
яғма тайпалары бірігіп, Қарахан мемлекетін құрады. Оларға сол кездегі 
аса ірі қалалар – Шығыс Түркістандағы Қашқар, Жетісудағы Талас, 
Алатаудағы Баласағұн, Маураннаһрдегі Самарқан қарады. Астанасы 
Баласағұн қаласы болды. Бұл кездегі қалалардағы сауда ісі бұрынғыдан 
анағұрлым ілгері басады. Сонымен бірге рухани мәдениет те өседі. Осы 
кезде Махмұд Қашқари, Жүсіп Баласағұни сияқты әрі ғалым, әрі асқан 
жазушылар өмір сүреді.
Кейіннен бұл қалалар Шыңғысханның қалың қолының жойқын 
шабуылына ұшырады. Сонымен бірге жергілікті билеушілердің өзара 
35
Қазақ ССР тарихы. Алматы, 1957. Т.І. 95-б.
36
Ч.Ч.Валиханов. соч., А., 1961. Т.І. Стр. 447.


102
қырқыстарында шапқыншылықтан күйзеле береді. Көптеген қалалардың 
қираған орны ғана қалды. Қазақстан жеріндегі тайпаларға осындай 
жағдайда өз мәдениетін сақтап қалу үшін күресуге тура келді.
Сөйтіп, моңғол шабуылынан бұрын да, содан кейін де Қазақстан 
жеріндегі тайпалардың мәдениеті тоқырау мен даму дәуірін алма-кезек 
бастан кешіріп отырды. Қала мәдениеті біршама қалыптасып, Отырар, 
Сауран, Сығанақ, Жент, Жаркент, Талас сияқты қалаларда әдемі тұрғын 
үйлер, тамаша ғимараттар, керуен-сарайлар, медреселер, қонақ үйлер 
салынды. Бұған осы күнге дейін сақталып қалған Сауран мұнарасы, 
Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауидің мешіті, Алашхан 
(ХV), Жошыхан (ХVІІІ) мазарлары дәлел. Сөз болып отырған кезеңде 
қала маңында елді қоныстар көркейді: қыстақтарда жүзімдіктер, бау-
бақшалар, егістік жерлер өркен жайды су құбыры, керуен сарайлар, 
қорған қамалдар, күмбезді қақпалары бар бекіністер салынды. 
Қазақтың ескі ұлыстарының біразы сол көне заманның өзінде 
жартылай болса да, отырықшы өмір сүріп келген. Қазақстан өлкесінде 
қала мәдениетінің бір кезде осылай өркендегенін қазақ ғалымдары 
30-жылдардың өзінде-ақ айтқан. Мысалы, қазақ тарихын зерттеушілердің 
бірі, ғалым С.Д.Асфендияров VІ-VІІІ ғасырлардағы түркі халықтары 
мәдениетінен біраз мәліметтер береді
37
.
Белгілі тарихшы Л.Н.Гумилев ескі көшпелі түріктер мәдениетін өте 
жоғары бағалады. Ол көшпенділер басқа елдерден үйренген мәдениетке 
ғана ие болған, өзіндік ешнәрсе бере алмаған тағы ел емес, керісінше 
қолтума іргелі мәдениетін жасаған, көркейген ел болған деген пікір 
айтады. «Көшпенділер мәдениеті, – деп жазады, – құнарсыз, шет қалған 
варварлық бір нәрсе емес, керісінше өзіндік қалыптасу жолы бар» жоғары 
мәдениеті болды. Оның ойынша түркі халықтары мәдениеті, кейбіреулер 
айтқандай, қытай мен Византиядан не соғды мен арабтардан алған 
келімсек мәдениеті емес, қолтума, өзіндік тарихы бар ескі мәдениеттің 
бірі
38
. Тарихшы М.Вяткин қазақ туралы бұрын болып келген теріс 
түсініктерді сынай келіп, қазақ ертеден келе жатқан мәдениеті бар халық 
деп ескертеді. 
Жұмыр жер бетін мекендеген сан халықтар қатарында Қазақстанның 
кең байтақ аймағын жайлаған ежелгі бабаларымыздың сонау есте жоқ 
замандардан бері қарайғы жасаған мәдени мұралары, көркемөнер, әдебиет 
туындылары сан алуан. Олардың бізге жеткен кішкене жұрнақтарының 
өзі баға жеткісіз мирас.
Қазақ халқының заманалар бойы жасаған материалдық және мәдени 
байлықтарының ішінде оның әдебиетінің алар үлесі ерекше. Парасатты 
37
Қараңыз: С.Д.Асфендияров. История Казахстана (с древнейших времен). Т.І. Алма-Ата – 
Москва, 1935, Стр 23-27.
38
Л.Гумилев. Древние тюрки. М., 1967.


103
алыс сөз үлгілері: мақал-мәтелдері, шешендік сөздер, ертегілері мен 
батырлық эпостық, т.б. көркемсөз өрнектері – нағыз халықтық мұра.
Халқымыз санасының ілгері өсуі мәдени жетістіктерге, жаңа 
табыстарға жетелей түспек. Тарихи дәуірден-дәуірге ілгері басқан ел 
өнері әрбір кезең талабына сай дамып, ілгерілемек. Қоғамдық сананың 
даму қарқынына қарай жаңа да жақсы өнер туындылары дүниеге келе 
бермек.
Адам баласының тарихында ою, өрнек, сурет, жазу мәдениетінің пайда 
болуы үлкен құбылыс болса, әдебиетінің нағыз шынайы туындыларының 
туу да халық санасының дамуындағы ілгері басқан бір адым. Ақыл-ойдың 
кемелдене түсуі жолындағы, көркем туындылардың, бейнелі ойлардың 
бой көрсетуі қарсаңындағы жарасымдық. Әрине, жазба шығармалардың 
пайда болуына дейін адам баласы талай дәуірлерді басынан кешті. Әрбір 
ұрпаққа атадан мирас болып қалған мәдениеттің қоламта ұшқынын 
үрлеп, оны жалындатқанша күш жұмсады. Алғашқы жазба туындылар 
да халықтың ауыз әдебиетінің үлгілерінен нәр ала, оның көркемдік 
жетістіктері игере келе пайда болды.
Түйіндеп айтқанда, әдебиет пен өнердің қай бір саласы болсын 
жеке-дара өмір сүрмейді. Олардың пайда болуы, дамуы басқа да өнер 
туындыларымен қарым-қатынаста болады. Мәдениет пен әдебиетке 
қатысты бұл қағидалар қазақ әдебиеті мен мәдениеті тарихын тану үшін 
де ортақ заңдылық.


104


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   24   25   26   27   28   29   30   31   ...   126




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет