Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің өңдеу өнеркәсібінде кәсіпкерлік субъектілерін қаржыландыруды қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспарын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 5 желтоқсандағы № 1276 Қаулысы
Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің өңдеу өнеркәсібінде кәсіпкерлік субъектілерін қаржыландыруды қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспары (бұдан әрі - Жоспар) бекітілсін.
2. «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамы (келісім бойынша) «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамымен (келісім бойынша) және «Қазақстанның Даму банкі» акционерлік қоғамымен (келісім бойынша) бірлесіп:
1) Жоспардың уақтылы орындалуын қамтамасыз етсін;
2) 2014 жылғы 15 желтоқсанға қарай Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігіне Жоспардың орындалуы туралы ақпарат берсін.
3. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі 2014 жылғы 30 желтоқсанға дейін Қазақстан Республикасының Үкіметіне Жоспардың орындалуы туралы жиынтық ақпарат берсін.
4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
|
К. Мәсімов
|
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2014 жылғы 5 желтоқсандағы
№ 1276 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкінің өңдеу өнеркәсібінде кәсіпкерлік субъектілерін
қаржыландыруды қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен
іс-қимыл жоспары
Ағымдағы жағдайды талдау
Экономиканы әртараптандыру және оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру арқылы тұрақты және теңгерімді өсуін қамтамасыз ету мақсатында 2010 жылы Үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі 2010 - 2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама (бұдан әрі - ҮИИДМБ) қабылданды. ҮИИДМБ алдын ала қорытындысы оның елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер еткенін айғақтайды. 2008 жылдан 2013 жылға дейін өңдеу өнеркәсібінің жалпы қосылған құны көлемінің өсуі 25,8% құрады (1,8 ден 3,8 трлн. теңгеге дейін). Ұқсас кезең ішінде өңдеу өнеркәсібінде еңбек өнімділігінің нақты өсуі 158,5%, 37,3-тен 57,5 мың АҚШ долл/адам. дейін1 құрады. Бұл ретте 2013 жылы өңдеу өнеркәсібінің өндіріс көлемі 5 852,6 млрд. теңгені құрады, оның ішінде тамақ өнеркәсібі - 1 172,6 млрд. теңге (20%), машина жасау - 859,2 млрд. теңге (14,5%), химия өнеркәсібі - 185,9 млрд. теңге (3%)2.
Өңдеу өнеркәсібінің ЖҚҚ нақты өсуі
|
Қазақстанның ЖІӨ құрылымындағы өңдеу өнеркәсібінің үлесі
|
__________________________
1«Қазақстан Республикасын үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның көрсеткіштері» статистикалық бюллетені (http://www.stat.gov.kz/faces/wcnav_extemalId/publicationsGPFIIR)
2«Қазақстанның және оның өңірлерінің өнеркәсібі» статистикалық жинағы (http://www.stat.gov.kz/faces/wcnav_externalId/publicationsCornpilations)
Әлеуметтік-экономикалық дамудың жоғары көрсеткіштеріне қол жеткізу табиғи ресурстармен қамтамасыз етілу, жағымды макроэкономикалық орта және саяси тұрақтылық сияқты бәсекеге қабілеттіліктің негізгі факторларының арқасында орын алды. Бұл ретте болашақта ел экономикасы бәсекеге қабілеттілігін жоғалтуы және «орташа табыс тұзағында» қалуы мүмкін3. Айталық, оң үрдістерге қарамастан, өңдеу өнеркәсібінің өсу қарқыны төмендеуде (2013 жылы - 1,9%, ал 2010 жылы - 13,9%). ЖІӨ-нің озыңқы өсуі есебінен оның құрылымындағы өңдеу өнеркәсібінің үлесі 2008 жылы 11,8%-дан 2014 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындылары бойынша 10,7%-ға дейін төмендеді. Сонымен қатар, шикізаттық емес өнімнің экспорт құрылымындағы үлесі ұқсас кезеңде 28%-дан 24%-ға дейін қысқарған.
_______________________
32015 - 2019 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық даму тұжырымдамасы
Өңдеу өнеркәсібі өнімінің өсу қарқынының баяулауы елдегі инвестициялық белсенділіктің төмендеуімен бірге жүреді. Айталық, соңғы бес жыл ішінде негізгі капиталға инвестициялардың жылдық өсу деңгейі 14,8%-дан 6,9%-ға дейін қысқарды4. Бұл ретте 2013 жылы инвестициялық салымдардың ең көп көлемі, өткен жылдардағыдай, тау-кен өндірісіне тиесілі (негізгі капиталға барлық инвестициялардың 29%). Негізгі капиталға инвестицияларды қаржыландырудың негізгі көзі кәсіпорынның меншікті қаражаты болып отыр (59%), ал нарықта ұзақ мерзімді қорландыру көздерінің жетіспеушілігі байқалады.
___________________________
4«Қазақстан Республикасындағы инвестициялық қызмет туралы» статистикалық бюллетені (http://www.stat.gov.kz/faces/wcnav_externalId/homeNumbersInvestment)
Қазақстан Республикасының Үкіметі 2014 жылдың бірінші жартысында қабылдаған шаралар өңдеу өнеркәсібі секторында жағымды өзгерістерге әсер етті. Осылайша, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің (бұдан әрі - ҰБ) ресми мәліметтері бойынша 2014 жылдың жаз кезеңінде өңдеу өнеркәсібіне берілген кредиттердің көлемі өткен жылдың ұқсас көрсеткішінен 2,8%-ға артты. Сонымен қатар, 2014 жылдың маусым - тамыз айларында берілген өңдеу өнеркәсібінің ұзақ мерзімді кредиттері өткен жылмен салыстырғанда 2,2 есеге өсті.5 Дегенмен, жалпы кредит қоржынының құрылымындағы өңдеу өнеркәсібінің үлесіне тек 6,8% сәйкес келеді, ал ҰБ зерттеу мәліметтері бойынша өңдеу өнеркәсібінің кәсіпорындарында кредитке деген қажеттілік тұтастай экономика бойынша алғанда жоғары. Тұтастай алғанда, Қазақстан Республикасын үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі 2010 - 2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама шеңберінде өңдеу өнеркәсібі үшін инвестицияларға деген болжамды қажеттілік шамамен 6,6 трлн. теңгені құрайды.
__________________________
5 ҰБ статистикалық бюллетені (http://www.nationalbank.kz/?docid=310)
Өңдеу өнеркәсібінің жұмыс істеуіне қолдау көрсететін қызмет көрсету салаларын дамыту мәселесі де маңызды болып табылады. Оған көлік және логистика, коммуникация, техникалық сынақтар және ғылыми зерттеулер, мамандандырылған техниканы жалдау, буып-түю және т.б. жатады. 2014 жылғы 9 айдың мәліметтері бойынша бұл секторларда негізгі қаражатқа инвестиция салудың теріс қарқыны байқалады (көлік және қоймада сақтау бойынша - 15%, ақпарат және байланыс бойынша - 17%).
Осылайша, өңдеу өнеркәсібі және өңдеу өнеркәсібі үшін қызмет көрсететін секторлар үшін ұлттық валютада кредит қаражатының қолжетімділігін арттыру қажеттілігіне байланысты кәсіпорынның айналым капиталын толықтыру және негізгі қорларды жаңарту қажеттілігін ескеретін қаржылық құралдарды бөлу бойынша мемлекеттің қосымша шаралар қабылдауының қажеттігі байқалады.
Осы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің өңдеу өнеркәсібінде кәсіпкерлік субъектілерін қаржыландыруды қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспары (бұдан әрі - Жоспар) кәсіпкерлік субъектілеріне мынадай бағыттар бойынша қолдау көрсетуге бағытталған шаралар кешенін айқындайды:
бірінші бағыт: «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамының (бұдан әрі - «Даму» КДҚ» АҚ) қаражатын тізбесін Қазақстан Республикасының экономикасын жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссия мақұлдаған екінші деңгейдегі банктерге (бұдан әрі - ЕДБ) осы Жоспарға 1-қосымшаға сәйкес өңдеу өнеркәсібінде және өңдеу өнеркәсібінде қызмет көрсетуге қатысты көрсетілетін қызметтер саласындағы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін (бұдан әрі - ШОКС) қаржыландыру үшін, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған өндіріс қуаттарын жүктеу үшін кәсіпорынның айналым қаражатын толықтыруға кредит береді (қаражатты келісіп орналастыру жолымен) (бұдан әрі - бірінші бағыт).
екінші бағыт: осы Жоспарға 2-қосымшаға сәйкес өңдеу өнеркәсібінде ірі кәсіпкерлік субъектілерін (бұдан әрі - ІКС) қаржыландыру үшін «Қазақстанның Даму Банкі» акционерлік қоғамының (бұдан әрі - «ҚДБ» АҚ) ЕДБ-ға банкаралық кредит беруі (бұдан әрі - екінші бағыт).
Жалпы ережелер
Мақсатқа қол жеткізу және алға қойылған міндеттерді іске асыру тетіктері
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 14 сәуірдегі № 354 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің өңдеу өнеркәсібіндегі шағын және орта кәсіпкерлік жобаларын қаржыландыруды қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспарын іске асыруды жалғастыра отырып, ҰБ, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамы (бұдан әрі - «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ) өңдеу өнеркәсібінде және өңдеу өнеркәсібіне қызмет көрсетуге қатысты көрсетілетін қызметтер саласындағы ШОКС-ты кейіннен қаржыландыру үшін, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған өндіріс қуаттарын жүктеу үшін және өңдеу өнеркәсібінде ІКС-ті қаржыландыру үшін ШОКС-тың айналым қаражатын толықтыруға ЕДБ-ны қаржыландыру бойынша қосымша шаралар қабылдайтын болады.
2014 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының (бұдан әрі - ҰҚ) қаражатынан жоғарыда аталған шараларды іске асыру үшін ШОКС-ты және ІКС-ті қосымша қаржыландырудың жалпы көлемі 100 миллиард теңгені құрайды.
«Бәйтерек» ҰБХ» АҚ облигациялар айналысы басталған күннен бастап 20 жылға дейінгі мерзімге жылдық 0,1% сыйақы мөлшерлемесі бойынша 100 млрд. теңге сомасына облигациялар шығару жолымен ҰҚ-дан қарыз алуды жүзеге асырады. Облигациялық қарызды өтеу мерзімі - айналыс мерзімінің соңында, 2024 жылдан бастап эмитенттің бастамасы бойынша мерзімінен бұрын өтеу құқығы болады.
Қаражат алғаннан кейін «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ:
1) «Даму» КДҚ» АҚ-ға осы Жоспарға 3-қосымшаға сәйкес жасалған Кредит шартының талаптарына сәйкес мерзім соңында қаражатты бір сомамен өтеу шартымен жылдық 0,15% сыйақы мөлшерлемесі бойынша 20 жылға дейінгі мерзімге 50 млрд. теңге сомасына кредит береді;
2) «ҚДБ» АҚ-ға осы Жоспарға 4-қосымшаға сәйкес жасалған Қарыз шартының талаптарына сәйкес мерзім соңында қаражатты бір сомамен өтеу шартымен жылдық 0,15% сыйақы мөлшерлемесі бойынша 20 жылға дейінгі мерзімге 50 миллиард теңге сомасында кредит береді.
Қаражатты екінші деңгейдегі банктерге шартты түрде орналастырудың шарттары мен тетіктері
1. Қазақстан Республикасының экономикасын жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссия (бұдан әрі - Мемлекеттік комиссия) ЕДБ тізбесін және оларға лимит сомаларын бірінші және екінші бағыттар бойынша мақұлдайды.
2. «Даму» КДҚ» АҚ, «ҚДБ» АҚ-ның және ЕДБ осы Жоспарды іске асыру аясында ҰҚ-дан бөлінетін қаражаттан төлемдерді жүргізу үшін ҰБ-да жеке банктік шоттар ашады.
3. «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ «Даму» КДҚ» АҚ және «ҚДБ» АҚ-ның ҰБ-дағы жеке банктік шоттарына жасалған Кредиттік шарттың және Қарыз шартының талаптарына сәйкес қаржы сомасын орналастырады.
4. «Даму» КДҚ» осы Жоспарға 5-қосымшаға сәйкес ЕДБ-мен мынадай шарттарда Кредиттік келісімді жасайды:
1) Мемлекеттік комиссия мақұлдаған лимиттер шегінде қамтамасыз етусіз ҰБ-да ЕДБ-ның жеке банктік шоттарында кредит қаражатын орналастыру;
2) сыйақы мөлшерлемесі - жылдық 2%-дан аспайды;
3) ЕДБ-ның кредит беру мерзімі - 20 жылға дейін;
4) қаражат ЕДБ шотына түскен күннен бастап ЕДБ-ның кредиттік қаражатты игеру мерзімі:
инвестициялық мақсаттарға берілетін кредиттер бойынша - 12 ай;
айналым қаражатын толықтыру мақсатына берілетін кредиттер бойынша - 6 ай.
5) ЕДБ-ға кредит беру валютасы - теңге;
6) ЕДБ үшін «Даму» КДҚ» АҚ-дан қаражат тарту мөлшерлемесі мен ШОКС-қа кредит беру мөлшерлемесі арасындағы айырмашылық жылдық 4,0%-дан аспауы тиіс;
7) «Даму» КДҚ» АҚ мен ЕДБ арасында жасалған Кредиттік келісім шегінде:
Мемлекеттік комиссия мақұлдаған ЕДБ лимитінің кемінде 50%-ын Жоспарға 1-қосымшаға сәйкес өңдеу өнеркәсібінде және өңдеу өнеркәсібіне қызмет көрсетуге қатысты көрсетілетін қызметтер саласындағы ШОКС-тың инвестициялық жобаларын қаржыландыру мақсатына ЕДБ бағыттайтын қарыздардың үлесі құрайды;
Мемлекеттік комиссия мақұлдаған ЕДБ лимитінің кемінде 50%-ын Жоспарға 1-қосымшаға сәйкес өңдеу өнеркәсібінде ШОКС-тың айналым қаражатын толықтыру мақсатына ЕДБ бағыттайтын қарыздардың үлесі құрайды, оның ішінде ЕДБ лимитінің 25%-ы тамақ өнеркәсібіндегі жобаларды іске асыратын ШОКС-тың айналым қаражатын толықтыру мақсатына жұмсалады.
Бұл ретте Жоспарға 1-қосымшаға сәйкес өңдеу өнеркәсібіне қатысты көрсетілетін қызметтер саласындағы жобаларды іске асыратын ШОКС-қа айналым қаражаты берілмейді.
5. «КДБ» АҚ осы Жоспарға 6-қосымшаға сәйкес ЕДБ-мен мынадай талаптарда Банктік қарыз шартын жасайды:
1) Мемлекеттік комиссия мақұлдаған лимиттер шегінде қамтамасыз етусіз ҰБ-да ЕДБ-ның жеке банктік шоттарында кредит қаражаттарын орналастыру;
2) сыйақы мөлшерлемесі - жылдық 2%-дан аспайды;
3) ЕДБ-ға кредит беру мерзімі - 20 жылға дейін;
4) қаражат ЕДБ шотына түскен күннен бастап ЕДБ-ның кредиттік қаражатты игеру мерзімі - 18 ай;
5) ЕДБ-ға кредит беру валютасы - теңге;
6) ЕДБ үшін «ҚДБ» АҚ-дан қаражат тарту мөлшерлемесі мен ІКС-ке кредит беру мөлшерлемесі арасындағы айырмашылық жылдық 4,0%-дан аспауы тиіс;
7) «ҚДБ» АҚ мен ЕДБ арасында келісілген Банктік қарыз шартының шегінде:
Мемлекеттік комиссия мақұлдаған ЕДБ лимитінің кемінде 100%-ын Жоспарға 2-қосымшаға сәйкес өңдеу өнеркәсібінде ШОКС инвестициялық жобаларын қаржыландыру мақсатына ЕДБ-ға бағытталатын қарыздардың үлесі құрайды.
6. ЕДБ орналастырылған кредит қаражатын мақсатты пайдалану және игеру бойынша «Даму» КДҚ» АҚ мен «ҚДБ» АҚ алдында есеп береді.
ЕДБ-ның есеп беру тәртібі, нысаны және мерзімділігі, сондай-ақ осы Жоспарда көзделмеген ЕДБ-ның кредит беруінің басқа шарттары тиісті Кредиттік келісіммен, Банктік қарыз шартымен белгіленеді.
ЕДБ-ға бөлінетін қаражатты қолданыстағы кредиттерді қайта қаржыландыру және шетелдік валютаға инвестициялау мақсатына жіберуге тыйым салынады.
ЕДБ ай сайынғы негізде кәсіпкерлік субъектілерінің бұрын берілген қарыздарын өтеу есебінен босатылған қаражатты ҰБ-дағы өзінің жеке банктік шоттарына есептеуді жүзеге асырады.
ЕДБ кәсіпкерлік субъектілерін қаржыландыруды, оның ішінде Кредиттік келісімнің, Банктік қарыз шартының және осы Жоспардың осы бөлімінің 8 және 9-тармақтарының талаптарына сәйкес кәсіпкерлік субъектілеріне бұрын берілген қарыздар бойынша қайтарылған қаражат есебінен жүзеге асырады.
7. ШОКС және ІКС жобаларын қаржыландыру шеңберінде жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі ҰБ талаптарына сәйкес анықталады.
Кәсіпкерлік субъектінің қарыз бойынша міндеттемелерді бұзу себебінен алынатын комиссияларды, алымдарды және/немесе басқа төлемдерді қоспағанда, кәсіпкерлік субъектісінің қарызына байланысты комиссиялар, алымдар және/немесе басқа төлемдер алынбайды.
ШОКС және ІКС мүлікті бағалау және сақтандыру бойынша шығындарды төлейді.
8. Бөлінген қаражат мақсатына сай пайдаланылмаған және/немесе уақтылы игерілмеген жағдайда, сондай-ақ «Даму» КДҚ» АҚ мен ЕДБ арасындағы Кредиттік келісімде, «ҚДБ» АҚ мен ЕДБ арасындағы Банктік қарыз шартында көзделген жағдайлар туындаған кезде, «Даму» КДҚ» АҚ және «ҚДБ» АҚ тиісті Кредиттік келісімді, Банктік қарыз шартын мерзімінен бұрын бұзуға және жоғарыда аталған бұзушылықтар анықталған орналастырылған қаражатты кері қайтарып алуға құқылы болады. Босатылған және қайтарылып алынған қаражатты ЕДБ арасында қайта бөлу бойынша мәселе Мемлекеттік комиссияның қарауына шығарылады.
9. Даму» КДҚ» АҚ мен ЕДБ арасында жасалған Кредиттік келісімдер, «ҚДБ» АҚ мен ЕДБ арасында жасалған Банктік қарыз шарттары бойынша қарыздарды ЕДБ мерзімінен бұрын өтеген жағдайда, аталған қаражатты қайталап пайдалану Мемлекеттік комиссияның тиісті шешімінің негізінде жүзеге асырылады.
Өңдеу өнеркәсібінде шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін
қаржыландыру шарттары
1. Нысаналы топ - бірінші бағыт бойынша өңдеу өнеркәсібінде және өңдеу өнеркәсібіне қызмет көрсетуге қатысты көрсетілетін қызметтер саласындағы ШОКС.
2. Мыналар:
1) акцизделетін тауарларды шығаруды көздейтін жобаларды іске асыратын;
2) құрылтайшылары ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар және акцияларының (жарғылық капиталдағы қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы тікелей немесе жанама түрде мемлекетке, ұлттық басқарушы холдингке, ұлттық холдингке, ұлттық компанияға тиесілі ШОКС, сондай-ақ коммерциялық емес ұйымдар қатысушылар бола алмайды.
3. ШОКС-тың мақұлданған өтінімдеріне кредит беру мақсатында ЕДБ ҰБ-дағы ЕДБ-ның жеке банктік шотынан қаражатты есептен шығару үшін қажетті сомаларды «Даму» КДҚ» АҚ-мен алдын ала келісуді жүзеге асырады.
4. Кредиттер ШОКС-қа мақсатты пайдалану, ақылылық, мерзімділік, қайтарымдылық және қамтамасыз етілу шарттарымен беріледі, оның ішінде:
1) бір ШОКС-қа берілетін қаржыландырудың ең жоғарғы лимиті - 1 850 000 000 теңге;
2) кредит беру мерзімі:
инвестицияларға - 10 жылдан аспайды;
айналым қаражатын толықтыруға - 5 жылдан аспайды;
3) ШОКС үшін номиналды сыйақы мөлшерлемесі - жылдық 6,0%-дан аспайды;
4) кредит беру валютасы - теңге.
Өңдеу өнеркәсібінде ірі кәсіпкерлік субъектілерін қаржыландыру
шарттары
1. Нысаналы топ - екінші бағыт бойынша өңдеу өнеркәсібінде жобаларды іске асыратын ІКС.
2. Мыналар:
1) акцизделетін тауарларды шығаруды көздейтін жобаларды іске асыратын;
2) құрылтайшылары ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар және акцияларының (жарғылық капиталдағы қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы тікелей немесе жанама түрде мемлекетке, ұлттық басқарушы холдингке, ұлттық холдингке, ұлттық компанияға тиесілі ІҚС қатысушылар бола алмайды.
3. ІКС-тің мақұлданған өтінімдеріне кредит беру мақсатында ЕДБ ҰБ-дағы ЕДБ-ның жеке банктік шотынан қаражатты есептен шығару үшін қажетті сомаларды «ҚДБ» АҚ-мен алдын ала келісуді жүзеге асырады.
4. Кредиттер ІКС-ке мақсатты пайдалану, ақылылық, мерзімділік, қайтарымдылық және қамтамасыз етілу шарттарымен беріледі, оның ішінде:
1) бір ІКС-ке берілетін қаржыландыру лимиті - 200 000 000 теңгеден 5 000 000 000 теңгеге дейін;
2) кредит беру мерзімі: инвестицияларға - 10 жылдан аспайды;
3) ІКС үшін номиналды сыйақы мөлшерлемесі - жылдық 6,0%-дан аспайды;
4) кредит беру валютасы - теңге;
5) инвестицияларға кредит беру бойынша негізгі қарызды төлеу бойынша жеңілдікті кезең - соңғы қарыз алушының кредитті игеруді бастау күнінен бастап 24 ай.
Екінші деңгейдегі банктерге қойылатын талаптар
1. Халықаралық рейтинг агенттігі берген кредит рейтингінің «В-» төмен болмауы.
2. Қазақстан Республикасының кемінде 5 өңірінде филиалдар желісінің болуы.
3. Негізгі қарыз және (немесе) қарыз қаражатын беру күніне есептелген сыйақы бойынша мерзімі 90 күннен астам өткен берешегі бар, кредит деңгейі 15%-дан жоғары ЕДБ үшін ҰБ-мен жеке келісім жасасу талабы қосымша белгіленеді. Жеке келісімде ЕДБ-ның негізгі қарыз және (немесе) есептелген сыйақы бойынша мерзімі 90 күннен астам өткен берешегі бар кредиттер деңгейін ҰБ белгілеген мерзімде 15%-ға дейін төмендету міндеті көзделетін болады. ЕДБ жеке келісімнің шарттарын орындамаған жағдайда, қаражатты «Даму» КДҚ» АҚ-ға және «КДБ» АҚ-ға қайтару көзделеді.
Мониторинг
1. «Даму» КДҚ» АҚ-ның және «ҚДБ» АҚ тұрақты негізде осы Жоспарды іске асыруға қатысатын ЕДБ қаржылық-экономикалық жағдайына талдауды жүзеге асыратын болады.
2. «Даму» КДҚ» АҚ және «ҚДБ» АҚ:
1) ЕДБ-ның қаражатты мақсатты пайдалануы мен уақтылы игеруіне;
2) ШОКС және ІКС алған қаражаттың мақсатты пайдаланылуына мониторингті жүзеге асыратын болады.
3. ЕДБ «Даму» КДҚ» АҚ-ға, «ҚДБ» АҚ-ға тұрақты негізде қаражатты игеру туралы есептерді жіберіп отыратын болады, есептерді беру нысаны мен мерзімдері тиісті Кредиттік келісімде, Банктік қарыз шартында көрсетіледі.
«Даму» КДҚ» АҚ және «ҚДБ» АҚ осы тармақтың талаптарына сәйкес ЕДБ-ден алынған ақпаратты Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 18 сәуірдегі № 281 өкімімен құрылған ҰҚ-дан бөлінген қаражаттың жұмсалуын бақылау жөніндегі комиссияға (бұдан әрі - Комиссия) және «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-ға тапсырады.
4. ЕДБ қаржыландырылған субъектілерге мониторинг жүргізеді. Бұл ретте кәсіпкерлік субъектісінің қаржыландырылған әрбір жобасы бойынша жеке кредит дерекнамасы жүргізіледі, онда кәсіпкерлік субъектісінің қаражатты мақсатты пайдаланғанын растайтын құжаттар сақталуы тиіс.
5. «Даму» КДҚ» АҚ және «ҚДБ» АҚ осы Жоспар шеңберінде бөлінетін қаражат бойынша ЕДБ-ның төлем тәртібін қадағалайтын болады.
6. «Даму» КДҚ» АҚ және «ҚДБ» АҚ Комиссияға және оның құрамына кіретін мемлекеттік органдар мен ұйымдарға ҰБ қаражаты есебінен ЕДБ-дан қарыз алған соңғы қарыз алушылар туралы ақпаратты, сондай-ақ ЕДБ-ға кредит алу үшін өтініш білдірген кәсіпкерлік субъектілері туралы және ЕДБ-дан кредит беру туралы оң шешім алған кәсіпкерлік субъектілері туралы ақпаратты, оның ішінде «Даму» КДҚ» АҚ мен ЕДБ арасында жасалған Кредиттік келісімнің, «ҚДБ» АҚ мен ЕДБ арасында жасалған Банктік қарыз шартының талаптарына сәйкес ЕДБ-дан алынған банктік, коммерциялық және басқа заңмен қорғалатын құпияны құрайтын ақпаратты береді.
Қазақстан Республикасының
Үкіметі мен Қазақстан
Республикасы Ұлттық Банкінің
өңдеу өнеркәсібінде кәсіпкерлік
субъектілерін қаржыландыруды
қамтамасыз ету жөніндегі
бірлескен
Достарыңызбен бөлісу: |