Ел айдау саясаты қалай туды?
Аттанып Шалғырдағы қорға оралдық. Бұл жолы жау армиясының Көктоғайды оңайлықпен бермейтіндігіне көзіміз жетті. Сонымен бұл жолғы мақсат орындалмайтын болғандықтан Үш Көлге қайтып кеттік. Мен жайлаудағы Қарабалшықтағы ауылыма келдім. Оспан Үш Көлдің орта көліне барып орналасты. Ақ Үй Соғыс Комитеті де сол арада болатын. Үш күннен кейін Оспан жиынға шақыртты. Ақ Үй Соғыс Комитетіне жиналдық. Бұл күндерде Соғыс Комитетінің адамдары да молайған болатын. Әріпбай, Дүйсебай, Әлихан, Темірхан, Сұлтан қатарлы саяси комиссарларға лық толы едік. Жиында көп пікірлер ортаға қойылды. Әрі талқыланды. Жиналыстың қорытындысы ел айдау саясатын әкеліп туғызып қойды.76
Шың Сысай бандит үкіметі Жиемасу, Қарамайлы, Дабысын, Сартоғай, Қаратүнке, Көктоғай қаласының шығыс жағында Дөңті, Шіңгіл қаласына дейін сегіз орында үлкен соғыс базасын құрды. Бұл соғыс базасының үлкен орны Дабысын болып, оның өзінде жер қайысып 12.000 армия жатты. Сартоғайда 5.000, Дөңтіде 7.000, Қаратүнкеде 9.000, Көктоғай қаласында 3.000, Шіңгіл ауданында 3.000 әскер бар еді. Кейін онан да арман толықты. Ал Бәйтік Өкпеден Жарынтыға дейін сыртқы Монғолия аузын қаратып 12.000 армия төкті. Өндірқараға Бурылтоғайды бақылатып 5.000 армиясын әкеліп төкті. Алтай Сарсүмбе қаласы мен Көктоғай екі ортасында Сұпты Күртіге қарауыл деп 3.000 әскер әкеліп орналастырды. Дабысында жоғарғы Зұң Бу, Дөңті бір Зұң Бу, Қаратүнке Зұң Бу болды да (109) бұл үш аудан халқын айдап Сарсүмбеден төмен алып кетті де Көктоғай, Шіңгіл, Бурылтоғай иен қалды. Қытай 60.000-нан астам армиясының ат көлігі, түйесі, ет азығы, астығы Алтай халқынан айдап әкеліп жатты. Үрімжінің тоғыз ауданындағы астық Шонжы арқылы Көктоғайға келеді. Оны қазақтың мыңдаған, он мыңдаған түйесімен артып жеткізіп жатыр.
Шонжыдан Көктоғайға дейінгі 1.100 километр шалғай жолдар осы азықты қорғайтын жау армиясымен толып алды. Жау армиясы бізді аз ғана жерге, атап айтқанда Монғолиямен шекараға тастап қойды. Әскери қор алатын елден айрылып қалдық.
Қытайлар он мыңдаған қазақтың жалды аты, өркешті түйесін жинап алып жатты. Қытайдың кәдірі, сақшылары, қатын-балалары, армиясы болып 80 мың адамы қазақтардың он мыңдаған қой, сиырларын айдап әкеліп, қырып жеп жатты. Біздің тынысымыз тарылды. Оның үстіне қытай бандиттері қазақтарды қазаққа салды. Қазақтардың мал-жанын жеп, бізбен соғысты. Мыңдаған Қашқар балаларын әкеліп бізбен соғыстырды. Көктоғай, Бурылтоғай елін тұс-тұсынан асырып, Шіңгіл жеріне әкелу үшін Монғолия жол берді. Елдерді айдап әкелу үшін әскери міндет өтегендер ішінде сол рудың өз адамы барсын деп қаулы шығарылды.
Ол кезде Молқы, Қарақастардың ел шабатын жаман әдеті бар еді. “Итті қонақ жараспайды” дегендей, әскерлер ішінде елді шауып олжа алатын адамдар шығарылып тасталды. Сондай-ақ Оспан:
- Ел шаппайсың, бір адамның бір бүлдіргесін алмайсың, егер осындай әрекет туғызғандарды көрсең атасың, - деп баса бұйрық берді. Ол сонымен қатар
- Жәнтекей ең көп ел. Оларды ашуландырып алсаңдар, ұсақ Абақ зиян тартасыңдар, - деп ерекше ескерту жасады.
Соғыс Комитеті елді айдап көшуге 500 адам беріп мені шығарды. Менің жаныма Кәріп зәңгі, Манат берілді. Артқы шепті сақтау үшін Сартоғайдағы Дөңті қарауылдарын бақылап қоршап тұруға Қапас батыр жүріп кетті. Көктоғайды күзетіп тұруға Мәуітқан, Қиса, екі жас батыр 200 адаммен жүріп кетті. Олар Көктоғай, Қаратүнке екі арасын тілсіз тастауды міндетіне алды. (110)
Әріпбай полковник Жылқыайдар, Құрмаш, Мұқай жүз адаммен Жеменейге жүріп кетті. Ол жерде құрылған Алтай Соғыс Комитетінің бір бөлімшесі бар еді. Олар даламен жүріп кетті. Оларға Жеменей, Қобық, Қаба елдерін жаудан арашалап қалу қажет болды.
Мен әскерлерді алып Бұлғыннан асып, Топшын Көлге бардым. Одан жүріп Делуінге бардық. Делуінде Қошақ Молқы Оразбек інісі Тақыр бар екен. Ол адам бізден он бір адам шақырып қонақ қылды. Олар да бізге жәрдем ететін партизан жинап жатты. Ол жерден шығып Шегіртайды кесіп өтіп, Сарқазды өрлеп, Далакөлге барып түстік. Далакөл толған Ботақара екен. Мен сонау 1931 жылы Қобдада сауда қылып жүргенімде Ботақара Бақат деген адаммен таныс болған едім. Сол үйді іздеп барып амандасып қонып қайттым. Кіші әйелі Қаперіштің қарындасы еді. Ол адам бес ағайынды болып, төрт інісі қолға алынып, сотталып кетіпті. Әйелі бар екен.
- Бақат өлген соң екі байға тидім. Оның екеуі де сотталып кетіп өлген соң мына шалға тидім, - деп өз ахуалын қысқаша баяндап өтті.
Ақтышқан, Шәку ұрқы біртұтас сотталып кетіпті. Адам қалмапты. Көне адамнан Ботақарадан Мұстапа, Қаражан қалыпты. Олар Сарқазда отыр екен. Далакөлден шығып, Сақсайды құлдап, екі күн жүріп, он бір күн дегенде Дайынкөлге жетіп бардық. Сол кезде бүтін Шеруші жайлауда отыр екен.
1928 жылы Қобдадан Алтайға бір қанша Шеруші ауып келген екен. Сәдудің жеті ұлы бар еді. Оның Нәжікен деген ұлы менімен тамыр болып, оның бір жүйрік қара атын алып едім. Сол кезде Нәжікен Мәскеуден оқып келген екен. Баян Өлгейдің уәлиі екен. Нәжікеннің үлкен үйлері туыстарымен Дайынкөл жағасында отырыпты. Біздің хабарымызды естігенде:
- Егер келе жатқан Нұрғожай, Шақабай Нұрғожай болса менімен тамыр дос еді. Шақырып қонақ қыламын, - деп Нәжікеннің ағасы және әйелі мені жол үстінде тосып тұрыпты. Олар мені іздеп келіп танысқаннан кейін ертеңінде жиырма адаммен олардың семьясына қонаққа бардым. Көк қасқа тай сойды. Бір түн тамаша өлеңдер мен қызулы сырластық әңгімелер болып өтті. Жеті күн демалдық. Сегізінші күн Алтайға асып түстік. Алдымен Өрмегейті асуынан барып бізден үш адам, Қалқадан үш адам, барлығы алты адам дүрбі тарттық. Шегарада қытай (111) әскерлері бар екен. Бірақ жақындап барсақ әскерлер қытай емес, қазақ партизандары болып шықты. Осылай межелеп қайтып келдік.
Жәнібек туына мал арнап сойып хатым шығардық. Елге қош айтып жолға шықтық. Күндіз келіп, алып түнделетіп үшке бөліндік. Екі шеткі тауға 30-дан 60 адам, орта қарауылда 30 адаммен жүрдім. Әскерге жақындап келіп айғай салдық.
- Қытай болсаң атысамыз. Қазақ болсаң тіл бер, - дедік.
Жақындап келіп едік. Жер қаратас сылдырлап мен-мұндалап жатты. Олар бізді біліп қойып оқ шығарды. Айғай салып едік, оқ үдемелеп құйып кетті. Азырақ жауын жауды. Аздан соң кеш батып түн болды. Мылтық дауысы тоқтап қалды. Сонда жүгіріп төбеге шығып көрінген төрт адамды атып едім. Біреуі оққа ұшып кетті. Ол қазақ екен. Қалғаны дереу қашты. Артынан қусақ, алдымызда тігулі бес үй иең қалыпты. Бастығы Шеруші Рахым залың мылтықтары перен екен. Біз ел ішіне кіріп алып Саршоқыға дейін бардық. Ел жиын екен. Ел бастықтарын жинадық. Оспанның Жанымханға жазған хатын ақсақ Ыбырай арқылы Сарсүмбеге жіберіп бердім. Манат бүкіл Қыстаубайды Қарағаты басынан асырып айдады. Ел бастықтарын шақырғанда, Жамылиқа келмей қойды. Біз оған:
- Мұбарак ашып бер, - деп едік.
- 40 қара берсең ашамын, - деді.
- Көш, - деп едік.
- 150 үйлік кедейміз. Көлік берсең көшеміз. Үшінші атам өлгенде, жүз жыл ішінде көшер болсаң сүйегімді алып кет деген еді, - деді.
- Көлік берелік, - деп Манатқа тапсырып қойып Ушілікке Бейсінің аулына жүріп кеттік. Сұмдайрық еліне бармадық. Буыршын елін көшуге Қаби полковник Қом басынан асып түсіп кеткен еді. Қаби әскерінің ішінен Қайнолла Капитан Дәлелханның қағазын алып, Арал елінің ел бастықтарына тапсырып беріп, Дәлелхан өз семьясын көшіріп алып жатты. Онда Есағасы Қосай ауылдары, үш-төрт ауыл Шеруші, төрт ауыл Барқылар өз еркімен көшіп асып кеткен болатын. Сондықтан менің әскерім ол елге бармай, Бейсі аулына жүріп кеткен себебіміз сол еді.
Сол жерде Жанымхан хат жазыпты. “Елді айдасаңдар тез айда! Қытай армия шығарғалы жатыр” депті.
Борбыжап әскерлерінің Қыран өзенінен өрлеп шығып, біздің Өрмегейті құйғанына (112) тастап кеткен Құмар бастықты 18 адамымен өлтіріп кеткен хабары жетіп келді. Бұл хабарды Мәнкейдің ұлы Асығат жеткізді. Бір рет жылап сықтасып алдық та алдыға түскен елді Ботамойнынан асырдық. Көктоғай Бурылтоғайдан барған ел түгел кетті. Үш мың үй аман өтіп кетті. Және Борбыжап бандит ел ішінен Әпендіні атып кетті. Ең аяулы атақты мықты қалмақпен бір шайқаса алмай арманда кетті. Елді айдап жыла қонақтатып, 36 күн дегенде Топшын Көлден асырып, Бұлғынға әкеліп түсірдік. Келген ел Үш Көл арқылы Жырғылты, Темірті, Бұлғынның басы, Мерткем, Жандылық, Таушағанқолға тарап орналасып кетті. Тұрғын елімен араласты. Көшіп келген ел ішінде Сүкірбай тәйжі ауылдары бар еді. Дәлелхан үйімен бірге келді. Ол кезде қоғам қауіпсіздендіру жұмысын жүргізіп, Оспан жанында Қалқабай полковник бар болатын. Бұл адам Шеруші еді. Дәлелхан екеуі бір ел болатын. Келген ел бастықтарын Дәлелханды, Мәжік генералды шақырып, тай сойып, қонағасы берді. Жырғылтыда ат шаптырып той жасалды. Біз келсек, Сартоғайдағы Қапас қарауылы қайтып келген екен. Көктоғай қарауылы да қайтып келіпті. Ол жерде Қиса батыр шәйіт болыпты.
Достарыңызбен бөлісу: |