3 АДАМ ЖӘНЕ АЗАМАТТАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫНЫҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДЕҢГЕЙДЕ ҚҰҚЫҚТЫҚ РЕТТЕЛУІ
3.1 Қазақстан Республикасының БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесіне мүше болуы
Қазақстан алғаш рет Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам құқықтары жөніндегі кеңесіне мүше болып сайланды. Шешім қарашаның 12 жұлдызында БҰҰ Бас ассамблеясының 67-ші сессиясы барысында қабылданған.
Сайлауда әлем мемлекеттері ішінен 183 ел Қазақстан Республикасының кандидатурасын таңдап, бірауыздан дауыс берген. Ендігі кезекте Қазақстан адам құқын қорғау жолында бірқатар маңызды шаралар қабылдап, осы бағытта халықаралық ұйымдармен бірігіп жұмыс істейтін болады. «Сайлауда бағы жанған мемлекеттер арасында жинаған дауыс бойынша, біздің еліміз бесінші орынға, Азия-Тынық мұхит мемлекеттері қатарынан екінші орынға табан тіреді. Бұл - Қазақстан мен БҰҰ арасындағы 20 жылдық ынтымақтастық тарихындағы ең жоғарғы көрсеткіштердің бірі һәм бірегейі», – дейді ресми өкіл [53, 2 б.]. Оның айтуынша, кеңестегі бес орынға аталған топтан Қазақстан, Пәкістан, Корея, Жапония және Біріккен Араб Әмірліктері сұраныс берген. Аталмыш сайлаудың нәтижесінде БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Кеңесіне бас-аяғы 18 мемлекет жаңадан мүшелікке іліккен. Сайлаудан сүрінбей өткен мемлекеттердің өкілеттігі 2013 жылы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.
Белді ұйымның Адам құқықтары жөніндегі кеңесі 2006 жылғы 15 наурызда құрылған. Кеңес адам құқықтарын қорғау саласындағы жетекші халықаралық орган қатарынан саналады. Құрамына 47 мемлекет кіретін Кеңес жұмысы БҰҰ-ға мүше мемлекеттер үшін ашық түрде өткізіледі. Олар БҰҰ БА мүшелерінің тікелей және құпия дауыс беруі арқылы көпшілік дауыспен үш жылға сайланады.
Қазақстан адам құқықтары жөніндегі Кеңестің жұмысын белсенді қолдайды. Және тұлғаның құқықтары мен бостандықтарын қорғау мен жүзеге асыру саласындағы құқық қорғау тетіктерімен ынтымақтаса жұмыс істейді. Қазақстанның сыртқы істер министрі Адам құқықтары жөніндегі кеңес сессиясының жоғары деңгейлі сегменті жұмысына жыл сайын қатысады. 2010 жылы ақпанда Қазақстан Женевада БҰҰ Адам құқықтарын қорғау жөніндегі кеңестің жаңа құқық қорғау тетігі – Әмбебап мерзімдік шолу аясында өзінің бірінші ұлттық баяндамасын ұсынып, табысты қорғап шыққан болатын. Біздің еліміздің БҰҰ-ның ең ірі құқыққорғау құрылымына сайлануы Қазақстанның адами әмбебап құқықтары мен бостандықтарын дәйекті нығайту мен қорғаудағы жетістіктерінің танылуы және осы саладағы белсенді халықаралық ынтымақтастыққа деген қатаң ұстанымының айқын дәлелі деп есептеуге болады. Кеңеске қабылдану – үлкен жетістік.
Еліміздің БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесіне мүшелікке сайлануы, сөз жоқ, ерекше қуанышты әрі аса маңызды жаңалық. Алайда, бұл мәртебе бізге жайдан-жай беріле салмағанын, мемлекеттің адам құқықтары саласында осы уақытқа дейін атқарған елеулі жұмыстарының бағасы ретінде берілгенін ескеруіміз керек. Тәуелсіздік алғаннан кейін еліміз тәуелсіздігімізді маңызды орынға қойды. Сол үшін атом қаруынан бас тарттық. Бұл әскери маңызды мәселе төңірегінде шетелдің көрнекті саяси тұлғалары жағымды пікірлер білдірген болатын. Яғни адам құқығын қорғау-Тәуелсіздікті қорғаудан, оны баянды етуге бағытталған игі әрекеттерден басталады. Елбасының бастамасымен елде адам құқығын қорғайтын 60-тан астам конвенция қабылданған екен. Осылардың негізінде ұлтаралық келісім заманы орнады. Соның жарқын дәлелі – елімізде өзге ұлт өкілдерінің құқықтарын қорғау үшін Қазақстан халқы Ассамблеясын құрдық. Мұндай институт ешбір елде жоқ. Ұлттар арасында туындаған кикілжің, түсініспеушіліктер туындап жатса, Ассамблея аясында қаралып, шешім табады. Діни конвенция, әйелдерге қатысты кемсітудің барлық нысандарын жою конвенциясы секілді қай-қайсысы болсын, шетелдік бақылаушылардың есебінде тұрғандықтан да, Қазақстан белді ұйымға мүшелікке қабылданды деп ойлаймын. Өз кезегінде бұл мүшелік біздің елге адам құқықтарын қорғау бағытында қазіргіден де зор күш-жігер жұмсауды міндеттеп, халықаралық деңгейде орасан жауапкершілік жүгін артатыны анық.
Негізінен, мүшелікке Қазақстан, Эстония, Германия секілді үш елден тапсырыс болғаны мәлім. Эстония мен Германия Еуропадағы дамыған мемлекеттер қатарынан саналады. Құқықтық жағынан келгенде, оларды көбіне-көп өзімізге үлгі ететініміз жасырын емес. Соған қарамастан, Қазақстанның мүшелікке өтуі үлкен жетістік деп қабылдауға болады. Бұл - Қазақстандағы жалпы адам құқықтары төңірегінде жасалып жатқан шаруалардың негізінен оң сипатта екендігінің және оның халықаралық деңгейде мойындалып отырғандығының бірден-бір белгісі. Әлбетте, бұл – бір күнде келген жетістік емес, жиырма жыл бойы мемлекетіміздің жүргізген ішкі және сыртқы саясатының жемісі. Қуанышты жаңалықтың жүктейтін жауапкершілігі де зор. Өйткені адам құқығы мәселесі төңірегінде белді мүшесі бола отырып, өз тарапымыздан кемшіліктерді мейлінше жою үшін күш салуымыз қажет. Мәселен, ақпараттық қолжетімділік тұрғысынан біраз жұмыс істеу керек. Кейбір билік өкілдері түрлі сылтауларды алға тартып, қоғамға қажетті ақпараттарды беруден бас тартып жатады. Бұл жағы заңдық тұрғысынан реттелуі тиіс. Осы тұрғыдан келгенде, ақпараттық қолжетімділікке қатысты заңның қабылдануын тездетеді деп сенеміз.
Біріншіден, Қазақстан азаматы әлемнің қай түпкірінде жүрсе де, оның құқығы тапталмайды. Себебі дамыған мемлекеттердің басым бөлігі кеңеске мүше. Екінші мәселе, Қазақстан өзіне жауапты міндет алып отыр, өзге мемлекеттердің азаматтарының құқықтары біздің елде де қорғалады. Бұдан соң, заңды сұрақ туады: не себепті таңдауға Қазақстан ілікті? Жиырма жылдың ішінде біздің еліміз экономика, білім, спорт саласындағы жетістіктері мен елдің ішкі және сыртқы саясаты жағынан болсын, әлем мемлекеттерін мойындата білді. Өзімнің жеке пікірімше, хандық биліктің кезінде адамдардың құқықтары жақсы қорғалды. Шыңғыс ханның кезіндегі заңдылықтар, «Қасымханның қасқа жолы, Есімханның ескі жолы», Тәуке ханның жеті жарғысы ұлы даладағы адам баласының құқықтары бұзылмас үшін жасалған. Енді, міне, Қазақстанның кеңеске мүше болуы – сол ата-бабымыздан қалған өмірлік мәні әлі де ескірмеген құнды заңдылықтарды өмірге қайтадан алып келетіндей.
Адам құқықтары саласындағы жүйелі жұмыстардың жемісі Қазақстан Республикасының БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесіне мүшелікке қабылдануы мемлекетіміздің Тәуелсіздік жылдары ішінде жүргізіп келе жатқан, адам құқықтарын қорғаудың ұлттық жүйесін дамытуға бағытталған жоспарлы әрі белсенді жұмысының нәтижесі деп санаймын. Біздің еліміз халықаралық құқық қорғау құжаттарының басым көпшілігіне қосылды. Адам құқықтарын қамтамасыз ету үшін нормативтік және институционалдық база, сондай-ақ азаматтық қоғамды дамытуға жағдай жасалды.
Еліміздің аталған Кеңеске қабылдануы Қазақстанның гуманитарлық саладағы қызметіне берілген халықаралық қауымдастықтың оң бағасын қуаттайды.
Адам құқықтары жөніндегі кеңеске мүшелік Қазақстанға БҰҰ-ның жұмысына оның маңызды құқыққорғау органдарының бірінің аясында мейлінше белсенді қатысуға, халықаралық құқыққорғау қоғамдастығына ықпалдастықты жеделдетуге және осы салада оң тәжірибелермен алмасуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Кеңестегі мүшелік әрбір азаматтың Конституциямен және заңдармен кепілдік етілген құқықтарының тиімді жүзеге асырылуын әрі қарай қамтамасыз ету бойынша жауапкершілікті еселей түседі. 2002 жылы Қазақстанда Омбудсмен институтын құру осы тұрғыдан алғанда, мемлекеттің прогресс жолынан ауытқымайтын мықты ерік-жігерін айғақтайды.
Бүгінгі таңда Омбудсмен Қазақстандағы құқыққорғау ұйымдарының кең ауқымымен ғана емес, шетелдіктермен де сындарлы әрекетестікте. Оның мемлекеттік органдар жүйесіндегі бірегей рөлі елдегі адам құқықтары турасында обьективті көзқарас қалыптастыруға септігін тигізеді.
Қазақстанның ұлттық құқыққорғау мекемесі 2012 жылы БҰҰ-ның ұлттық құқыққорғау мекемелерінің халықаралық үйлестіру комитетінде аккредитациядан сәтті өтті. Бұл оқиғаны да мемлекеттің құқық қорғау тетіктері тиімді жұмыс істеуі үшін жасап жатқан ұмтылыстарын мойындау ретінде қарастырған жөн.
Достарыңызбен бөлісу: |