Дәріс тезистері №1 дәріс. Тақырыбы: Мектепке дейінгі білім берудегі инновациялық технологиялар оқу пәні ретінде



бет1/30
Дата08.04.2023
өлшемі142.98 Kb.
#471933
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   30
Дәріс Инновация 2023

    Бұл бет үшін навигация:
  • «techne»

ДӘРІС ТЕЗИСТЕРІ
1 дәріс. Тақырыбы: Мектепке дейінгі білім берудегі инновациялық технологиялар оқу пәні ретінде
Мектепке дейінгі білім берудегі инновациялық технологиялар пəнінің нысаны, пəні, мақсаты, міндеттері.
Қазіргі кезде егемен елімізде білім берудің жаңа жүйесі жасалып, әлемдік білім беру кеңістігіне енуге бағыт алуда. Қазір білім мен ғылым саласында инновациялық педагогикалық технологиялар қаншалықты маңызды болса, мектеп жасына дейінгі балаларды оқыту мен тәрбиелеуде де педагогикалық технологиялар ұғымы кеңінен қолданылатын ұғымдардың біріне айналды.
Білім беру саласы қызметкерлерінің алдына қойылып отырған міндеттердің бірі-оқытудың әдіс-тәсілдерін үнемі жетілдіріп отыру және қазіргі заманғы педагогикалық технологияларды меңгеру. Бұл педагогтардың мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында балалардың жеке басының қалыптасуы мен дамуында педагогикалық технологияларды қолдана білу сауаттылығына да байланысты.
Педагогикалық технологияны қолдану негізінде келешек ұрпақтың еркін дамуына, жан-жақты білім алуына, белсенді, шығармашыл болуына жағдай жасау қазіргі таңдағы әрбір педагогтың міндеті.
Білім беру саласындағы оқытудың озық технологияларын меңгермейінше, сауатты, жан-жақты маман болу мүмкін емес.
Бәсекеге қабілетті білім кеңістігін құруға бағытталған қазақстандық білім беру реформасының басты мақсаттарының бірі - инновациялық технологияларға сүйене отырып, баланың бойында шығармашылық ойлауды, бастамашылдықты дамытуға мүмкіндік жасау, тұлғаның үйлесімді дамуына қолайлы жағдай туғызу - ең негізгі міндеттер деп айқындалған.
Курстың нысаны: мектепке дейінгі білім берудегі инновациялық технологиялардың мазмұны 6В01201 - Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу мамандығы бойынша Қазақстан Республикасы мемлекеттік стандарты талаптарына сəйкес жоғары кəсіби білімнің құрамдасы ретінде.
Курстың пəні: 6В01201- Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу мамандығы бойынша ҚР Мемлекеттік стандарты талаптарына сəйкес болашақ тәрбиешілердің педагогикалық технологияларды қолдана алуға қажетті білім, білік жəне дағдыларын қалыптастыру барысы.
«Мектепке дейінгі білім берудегі инновациялық технологиялар» пәнінің мақсаты болашақ мектепке дейінгі ұйым тәрбиешілерінің қазіргі білім беру технологияларын игеріп, оларды педагогикалық іс-әрекетінде пайдалана білу, ұйымдастырылған оқу қызметін жоспарлау және ұйымдастыру біліктіліктерінің қалыптасуына қажетті жағдайлар жасау болып табылады.
«Мектепке дейінгі білім берудегі инновациялық технологиялаы» пәнінің негізгі міндеттері:

  • мектепке дейінгі ұйымда педагогикалық технологияларды қолдану арқылы тәрбие және білім беру жұмыстарын ұйымдастырудың ерекшеліктеріне талдау жасау;

  • инновациялық технологияларды қолдану арқылы мектепке дейінгі ұйымда білім беру үдерісін жүзеге асыруды қамтамасыз ету;

  • мектепке дейінгі білім беру мазмұнын жаңарту мақсатында мектепке дейінгі ұйымдардың жұмысына заманауи білім беру бағдарламалары мен технологияларын ендіру қажеттілігін негіздеу;

  • мектепке дейінгі ұйымдардың жұмысына заманауи білім беру бағдарламалары мен технологияларын ендіру процедуралары туралы түсініктеме беру;

  • мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының тәрбие және білім беру үдерісінде заманауи білім беру бағдарламалары мен технологияларын қолдану аясында болашақ тәрбиешілердің кәсіби құзыреттілік деңгейін арттыру: болашақ мектепке дейінгі ұйым тәрбиешілерінде әртүрлі қызмет түрлерінде (ойын, танымдық-зерттеу, коммуникативтік, еңбек және т.б.) мектеп жасына дейінгі балалармен жұмыс жасаудың заманауи интерактивті нысандары туралы біртұтас білім қалыптастыру;

  • мектепке дейінгі ұйымдардың білім беру үдерісінде интерактивті нысандарын (диалогтық технологиялар, ТРИЗ технологиялары, денсаулық сақтау технологиялары және т.б.) қолдану дағдыларын дамыту;

- мектепке дейінгі ұйымдардың тәрбиешілерінде мектеп жасына дейінгі балалармен интерактивті өзара әрекет ету үшін ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану қабілетін қалыптастыру;
- мектепке дейінгі білім беруді жаңғырту жағдайында мектепке дейінгі ұйымдардың тәрбиешілерінде өзіндік білім алу қажеттілігін қалыптастыру.
Осы пəннің шеңберінде қарастырылатын тақырыптар: Мектепке дейінгі білім берудегі инновациялық технологиялар оқу пəні ретінде, педагогикалық технологиялар классификациясы, ойын технологиялары, жобалау технологиясы, ТРИЗ технологиясы, денсаулық сақтау технологиясы, дамыта оқыту технологиясы, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, М.Монтессори технологиясы, тәрбиелеу-оқыту барысында инновациялық технологияларды интерактивтік жабдықтар негізінде қолдану әдістері.
Қазіргі кезеңде психологиялық және педагогикалық әдебиеттерде «технология» ұғымы кеңінен пайдаланыла бастады. Бұл термин өмірге компьютерлік техниканың келуімен және білім беру саласында жаңа компьютерлік технологияның енуімен сипатталады. Ғылымда дамудың жаңа бағыты - технологиялық бағыт өмірге келді. Ғылымдағы осы технологиялық бағыттың пайда болуы және оның педагогикада тереңірек зерттеле басталуы кездейсоқтық емес. Себебі педагогика ғылымы ежелден ақ білім беру, тәрбиелеу, оқыту саласындағы ең тиімді әдіс-тәсілдерді табуға, оны өмірде пайдалануға, жоғары нәтиже алуға талпынады, оқытудың жаңа формалары мен әдістерін табуға ұмтылады.
«Технология» ұғымының мағынасы не? Технологияға негізделген оқытудың мақсаты неде? Педагогикалық технологияның құрылымы қандай? Педагогикалқ технологияны оқу-тәрбие үдерісіне қалай ендіруге болады? Оның нәтежиесі қандай болмақ? Міне, осы сұрақтарға жауап іздеп көрейік.
«Технология» сөзі грек тілінен енген және 2 сөз тіркесінен құралған:
- «techne» - өнер, шеберлік, іскерлік дегенді білдірсе;
- «logos» - ғылым, ілімді дегенді білдіреді және «өнер туралы ілім» немесе «шеберлік туралы ілім».
Ал осы технология ұғымына оның қолдану саласын қоссақ, онда нақты технологияны қарастыруға болады. Мысалы «педагогикалық технология» педагогикалық өнер жайлы немесе педагогикалық шеберлік туралы ілім дегенді білдіреді.
Әлемдік педагогикалық тәжірибеде «технология» ұғымының ену тарихына көз жіберсек, бұдан 15-20 жыл бұрын отандық педагогикада технология ұғымы мүлдем дерлік қолданылған жоқ. Дәстүрлі педагогика өкілдері «технология» терминіне үрке қарады, себебі оған дейінгі түсінік бойынша технология деп белгілі бір объектінің өзгерісін айтатын еді, яғни технологияның барлық шарты орындалған кезде нәтижеге кепілдік берілетін. Бірақ педагогтар бұл категорияны педагогикалық құбылыс ретінде қарастыруды қажет деп таппады. Жалпы, технология идеясы өте жаңа ұғым емес. Оқу үдерісін технологияландыру туралы ойды осыдан 400 жыл бұрын Я.А.Коменский айтқан болатын. Оның ойынша оқыту «техникалық» болуы қажет, яғни нені үйретсе де, нені оқытса да табыссыз болмауы керек. Оқытудың мұндай тетігін, яғни нәтижеге қол жеткізетін оқу үдерісін Я.А.Коменский «дидактикалық машина» деп атады. Оған мақсат қою, осы мақсатқа жетудің құралдарын іздестіру, бұл құралдарды қолданудың ережелерін табу маңызды болды. Сөйтіп, мақсат-құрал -оны қолдану ережелері - нәтиже модулі шықты. Бұл - білім берудегі кез-келген технологияның өзегі. Я.А.Коменскийден кейін педагогикалық технология элементтерін Г.Песталоцци еңбектерінен кездестіруге болады.
Алғашында «технология» ұғымы өндіріс саласында қолданыла бастады да ғылымда «технологиялық үдеріс» термині ендірілді. Технологиялық үдеріс деп бұған дейін ашылған ғылыми заңдылықтар негізінде белгілі бір реттілікпен орындалатын операциялар жүйесінен тұратын жәй басқарылатын өндірістік үдерісті атайды.
Педагогикалық үдерісте «технология» терминін қолданудың нақты кезеңдері бар. В.И.Боголюбов, Г.А.Бордовский, В.А.Извозчиков, Т.А.Ильина, М.В.Кларин, Ф.Янушкевич және т.б. ғалымдардың зерттеулеріне сүйенсек, «педагогикалық технология» ұғымының эволюциясында шартты түрде бірнеше кезеңдерге бөліп қарастыруға болады.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   30




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет