ДӘрістердің комплексі fis 1209


Естің нейрофизиологиялық негізі



бет16/17
Дата25.02.2016
өлшемі1.72 Mb.
#19934
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   17

Естің нейрофизиологиялық негізі

Ес дегеніміз мидың тіршілік әрекеті үстінде жинақталған тәжірибені сақтап, жаңғыртуды, пайдалануды қамтамасыз ететін қасиеті. Ес арқылы организмнің өмір тәжірибесі байыйды және ол пайдаға асырылады. Ес сыртқы дүние құбылыстары мен заттары бейнесінің мида сақталып, қайтадан жаңғыртылып, ұмытылып, ошіп отыруымен сипатгалатын психикалық процесс.

Естің үш түрі болады: қысқа мерзімдік, аралық және ұзақ  мерзімдік. Жүйке жүйесі қабылдаған ақпарат аддымен қысқа мерзімдік ес түрінде бекітіледі. Одан әрі ол тез жойылады (ұмытылады) немесе аралық ес турінде калдырылады. Аралық ес ақпаратты бірнеше минут немесе сағат сақтауға мүмкіндік береді. Егер оқиға маңызды болса және  белгілі эмоция тудырса, онда ол көп уақытқа қалу үшін ұзақ  мерзімдік еске айналып, кейде өмір бойы сақталады.

Әсерді қысқа мерзімге сақтап қалу үшін тиісті нейрондарға импульстердің бір легінің келуі жеткілікті. Мәліметті аралық есте сақтап қалу үшін қозудың біраз уақыт нейроңдар тізбегінде айналуы, жаңғырығуы (реверберация) қажет. Ал ұзак  мерзімдік ес орталық нейрондарда туындайтын құрылымдық және функционалдық өзгерістермен - нейронаралық синапстық байланыстың күшеюімен, синапстық беткейдің көбеюімен, ПСП деңгейінің өсуімен, постсинапстық мембрананың медиаторға сезімталдығының жоғарлауымен, байланысты.

Естің физиологиялық механизмі туралы көптеген болжамдар мен теориялар бар. Мида пайда болатын уақытша баайланыс естің негізінде жататын физиологиялық процестің бірі болып табылады. Морфологиялық мағлұматтарға қарағанда мида нейрондардың тұйықталған тізбегі - тұзақ , болады. Онда импульстер ұзақ  уақыт айналып, жаңғырығып жүре алады. Осыдан қысқа мерзімдік естің жаңғырыгу (ревербация) теориясы ұсынылған. Бұл  теорияға сәйкес бір нейрон қозса, ол келесі нейронды қоздырып, тізбектелген процесс басталады да, импульс бүйір тармақтар, немесе аралық нейрондар, арқылы алғашкы торшаға қайта оралады. Осы процесс жалғаса береді де, қозу процесі тұзақты бойлай ұзақ  уақыт айналып жүреді. Қозу ревербациясын тудыратын мұнда й  әсерлер көп қайталанса, әр айналым сайын есте қалған із нығая түседі.



Электрондық теорияга сәйкес импульстер синапстар арқылы өткен кезде электрондық потенциал пайда болып, белгілі бір синапстар арқылы импульстердің өтуі ұзақ  мерзімге жеңілдетіледі.

Ұзақ  мерзімдік естің механизмін түсіндіру үшін де бірнеше теория ұсынылған. Анатомиялық теорияға сәйкес ақпаратты кабылдап, сақтау процесі нейрондар өсінділерінде жаңа терминалдар пайда болу арқылы, олардың пішіндері мен көлемінің өзгеруі, дендриттер тікенектерінің өсуі, көбеюі нәтижесінде жаңа байланыстардың қалыптасуы негізінде атқарылады. Глиялық теория ұзақ мерзімдік есті нейрондарды қоршай орналасқан глиялық торшалардағы өзгерістермен байланыстырады. Глия торшаларында тузілетін ерекше заттар синапстардан қозудың өтуін жеңілдетеді, нейрондардың қозғыштығын жоғарылатады, олардың дендриттерінің тарамдануын және дендриттер бойындағы тікенектердің ұзаруын қамтамасыз етеді. Аталған болжамдармен қатар ақпарат ізін сақтау және жаңарту үшін арнаулы белоктар қажет деген де болжам бар.


Иллюстрациялы материал Д-ҚДС-13

ӘДЕБИЕТ:

Негізгі:



  1. Сәтбаева Х.Қ., Өтепбергенов А.А., Нілдібаева Ж.Б. Адам физиологиясы. (Оқулық). - Алматы. Издательство «Дәуір», 2005. - 663 б.

  2. Қалыпты физиологиядан тәжірибелік сабақтарға жетекшілік нұсқаулар./ Сайдахметова А.С., Рахыжанова С.О. Семей, 2006 г. - 174 б.

  3. Қанқожа М.Қ. Қозғыш ұлпалар физиологиясы. - Алматы, 2004 ж. - 78 б.

Қосымша:

  1. Организмнің шартты-рефлекторлық әрекеті және оның нейрофизиология-лық тегершіктері. Жоғарғы жүйке іс-әрекетінің типтері. Ибраева С.С., Астана, 2006. - 52 б.

Орыс тіліндегі әдебиеттер:

Негізгі:
1. Физиология человека, В.М. Покровский., Г.Ф. Коротько, М., 2004.

2. Руководство к практическим занятиям по нормальной физиологии. К.В.Судаков, А.В.Котова, М., 2002.

3. Руководство по общей и клинической физиологии. В.И.Филимонов, МИА, 2002, 957 стр.

4. Нормальная физиология, под ред. К.В.Судакова, М., 2000.

5. Агаджанян Н.А., Тель Л.З., Циркин В.И., Чеснакова С.А. Физиология

человека. Санкт-Петербург, Sotis, 2000 г., 528 с.


Қосымша:


  1. Скок В.И., М.Ф.Шуба. Нервно-мышечная физиология. Киев, изд. "Вища школа". 1986., 223с.

  2. Ноздрачев А.Д., Баженов Ю.И. и др. Начала физиологии. Учебник для ст. ВУЗов. 2001.

  3. Покровский и др. Физиология человека. Учебник. В 2-х томах. 1997.

  4. Практические занятия по курсу "Физиология человека и животных".(Айзман Р.И., Дюкарев И.А. и др.) Новосибирск. Сибирское университетское издательство. 2002. 98 с.

  5. Самостоятельная работа студентов по "Физиология человека и животных" с применением ЭВМ. (Айзман Р.И., Чжан-Юшков Н.К.) Методические рекомендации. Новосибирск, 1988.

  6. «Основы физиология человека», 1 и 2 том, Б.И.Ткаченко, С.-Петербург, 1994г.

  7. Атлас по нормальной физиологии А.В.Коробков, С.А.Чеснокова, Москва, Высшая школа, 1987 .

  8. 3. Айзман Р.И., А.Д.Герасев, М.В.Иашвили. Физиология возбудимых тканей. Новосибирск, изд. НГПУ, 1999., 125 с.

  9. Александров Ю.И. и др. Основы психофизиологии. Москва, Инфра-М, 1998., 431с.

  10. Анатомия, физиология и гигиена в таблицах и схемах. Методическое пособие. 1991.

  11. Справочник физиологических и лабораторных показателей здорового человека. А. А. Утепбергенов, 1995 .

  12. Физиология человека. Под ред. М.Покровского, Г.Ф.Коротько, в двух томах, М., 2001, 368 с.


Қорытынды сұрақтары (кері байланысы):


  1. Рефлекстердің қандай түрлерін білесіздер?

  2. Уақытша байланыс деген не?

  3. Естің қандай түрлерін білесіздер?

  4. Зейіннің механизмін түсіндіріңіз.

  5. Қабылдаудың қандай патологиялық түрлері бар?

  6. Дифференциональды тежегіштің негізі неде?

  7. Бағдарлы рефлекс дегеніміз не?

  8. Тез ұйқы рефлекс фазасының негізі объективті белгілерін атаңыз.


«АСТАНА МЕДИЦИНА УНИВЕРСИТЕТІ» АҚ
Қалыпты физиология кафедрасы
Кредит № 2.

8 Дәріс.



Tақырыбы: ЖЖІӘ түрлері. І және ІІ-ші сигналшы жүйелер.

Мақсаты: ЖЖІӘ типтері туралы білім беру,ЖЖІӘ түрлерін,экстра және интравентривтік индивидтерді бөлуді үйрету,жоғарғы психикалық функциялар туралы түсінікті қалыптастыру,ЖЖІӘ типтері мен психикалық функцияларды анықтауды психологиялық тестпен жүргізу.

Дәріс тезисі:

Жоғары жүйке іс-әрекеті

Адам мен жануарлардың үлкен ми сыңарлар қыртысы және оған таяу құрылымдары орталық жүйке жүйесінің жоғары бөлімі болып саналады. Бұл жетекші бөлімнің қызметі - жоғары жүйке ісәрекетінің негізін құрайтын, яғни мінезді бейімдейтін күрделі биологиялық әсерленісті жүзеге асыру.

Жоғары жүйке ісәрекеті туралы мәдилік ғылым төрт қағидаға: рефлекс, доминанта, бейнелеу және мидың жүйелілік қызметіне негізделген.

Рефлекс ұғымы XVII ғасырды алғашқы Рене Декарт (1596-1650) ұсынған әлемнің механикалық көрінісі туралы ілімінде пайда болды.

Жүйке-психикалық себептестік ілімі чех физиологы Йржи Прохазканың (1749-1820) еңбектерінде ерекше орын алды. Ол рефлекс терминін бірінші қолданып, оның биологиялық маңызын көрсетті.

Алғашқы рет орыстың атақты физиологы И.М. Сеченов жануарлардың, адамның мінез-құлығы, оның санасы мен ақыл-ойының ең күрделі көріністері, мидың рефлекстік қызметімен байланысы туралы батыл болжам ұсынды. Оның "Ми рефлекстері" (1863) деген еңбегі жарық көргенше, оқымыстылар психикалық құбылыстарға салалы физиологиялық талдау жасай алмады. Ол анықтаған рефлекс құбылысының негізгі белгілері:

1. Рефлекс организмнің сыртқы ортамен қарым- қатынасының ерек­ше және әржақты қасиеті.

2. Физиологиялық әрекеттерді қозумен бірге тежелу үрдістері ұйымдастырады.

3. Алдыңғы қатарда мидың жоғарғы орталықтарының үйлесімді арақатынысы орын алады. Ең алдымен соларда физиологиялық талдамыс өтеді.

4. Ми орталықтарының қызметі биологиялық беімделіс ретінде қаралады.

5. Бұлшықет сезімталдығы мінез-құлықты себептестік тұрғыда талдауға қатысады.

6. Рефлекс әрі физиологиялық, әрі психикалық (ойлау, сана) әрекеттердің негізін қалайды.

И.М. Сеченовтың ойларын И.П. Павлов ерекше дамытты және I нақтылы тәжірибе жүзінде дәлелдеді. Ол, шартты рефлекстер әдісін енгізіп, жоғары жүйке ісәрекеті туралы осы заманғы ілімнің ірге тасын қалады. Оның зерттеулері рефлекстік ілімнің негізгі: себептестік, анализ және синтез, құрылымдық қағидаларын жасады.

Жоғары жүйке іс-әрекетін зерттеу әдістері

Жоғары жүйке ісәрекеттерін тексеру мінез-құлықты және мидың қызметін зерттеу әдістерінен құралады.

1. Шартты рефлекстер әдісі - мінез-құлықты тексерудің негізгі әдісі. И.П.Павлов шартты рефлексті қалыптастыру жөніндегі тәжірибелерді иттерге сілекей бөлудің шартсыз түрі негізінде жүргізіп, оның бірнеше ережелерін анықтады:

а) шартты және шартсыз тітіркендірулердің әсері бір мезгілде ұштасуы керек;

ә) шартты тітіркендіргіштің әсері бұрын берілуі қажет;

б) шартты тітіркендіу тек бағдарлау рефлексін шығаратын күйде әлсіз және талғаусыз болуға тиіс;

в) орталық жүйке жүйесінің жоғары бөлімінің әрекеті қалыпты жағдайда болуы керек. Өйткені аурулы жағдайда, организмнің жұмыскерлігі төмендесе немесе жүйке жүйесінің ісәрекеті нашарласа, шарт­ты рефлекс қалыптаспайды;

г) тәжірибе кезінде бөтен тітіркендіргіштер әсер етпеуге тиіс. Сондықтан пайдаланатын нысандар (адам немесе жануар) іс жүзінде керексіз бөгде әсерден және тәжірибешіден арнайы бөлмеге оңашалануы қажет. Тәжірибеші камераның сыртында отырып, қашықтан жануарлардың немесе адамның мінездік өзгерістерін тексереді.



2.Қорғаныш рефлексі - мінез-құлықты зерттеудің келесі нақтылы үлгісі. Ол ауыртатын тітіркендіргіш қолданғанда туатын шартсыз қорғаныс әсерленіс негізінде қалыптасады. Мұнда шартты сигнал теріге электр тогымен әсер еткен кезімен ұштастырылса қимыл-қорғаныш шартты рефлексі тұйықталады.

3. Этология әдісі - бостандықта жүрген жануарлардың ерікті мінез-құлығын табиғи ортада бақылау, кино-, видеотаспаларға түсіру арқылы байқау, этограммалар құрастыру, мінездің әртүрлі жағдайларын тәжірибелерде қайта жасап тексеру түрі. Оның бір тартымды саласы мерзімі ұзартылған әсерленіс әдісі. И.С. Бериташвили бойынша, шартты сигналға жануарлардың еркін қимылының белгілі мерзімде кідірісінен кейін, олардың қалыптасқан дағдысының мүлтіксіз сақталуы тексеріледі. Бұл әдіс жануарлар ми қыртысында шартты бейнелістер пайда болатын уақытша байланыстың тиянақтылығын, яғни зердені тексеруге мүмкіндік береді. Зердені тексеру үшін будан басқа ауыртатын тітіркендіргішті, бір рет қолданғаннан кейін жануарлардың амалсыз қашатын сақтаныс рефлексін қалыптастыру әдісін пайдалануға болады.

4. Экстраполяциялық әдістер - жануарлардың туа біткен үстіртін байымды мінез-құлығын тексеретін тәсіл. Экстраполяциялық рефлексте жануарлар өзінің сезімтал мүшелерінен ғайып болған, жылжитын таспа бойымен астаушадағы тағамның кеткен бағытын болжап табады (Д.В. Крушинский).

5. Амалдау (оперант) әдісі - жануарлардың біркелкі фигуралармен амалдау қабілетін тексереді. Оларға таңдап алу үшін, тағамды жасыруға болатын, сыйымдылығы екі түрлі: көлемді немесе жайпақ ыдыстар береді. Бұл қабілеттер маймылдар мен дельфиндерде толық жетілген.

Адамның жоғары жүйке қызметін зерттеудің өз ерекшеліктері бар. Оларда белгілі шартсыз рефлекстің негізінде бірнеше шартты бейнелістер қалыптасады. Бұлар көбінесе тіл және сана арқылы ұйымдастырылады.

Мидың қызметін зерттеу тәсілдері жалпы түрде морфологиялық, биохимиялық және физиологиялық болып бөлінеді.

6. Морфологиялық әдістер - қазіргі кезде нейроморфология саласында кеңінен тараған әртүрлі микроскопиялық, гистохимиялық тәсілдерден тұрады.

7. Клиникалық әдіс - медицинада, физиологияда жиі қолданып жүрген тәсілдердің бірі. Бұл наукастарда байқалған аурудың сипаттамаларына талдау жасап, қайтыс болған адамдардың миындағы өзгерістермен салыстыру жолы. Ал оны жануардарда тәжірибе жүзінде жоғары жүйке жүйесінде әрекеттік бұзылыстан (невроз жасап) бақылайды.

8. Физиологиялық әдістер - бірнеше тәжірибелерден құралады: Алып тастау (экстирпация) әдісі - хирургиялық жолмен немесе мидың белгілі аумақтарын бүлдірмей істен шығару. Ол үшін стереотаксис құралы арқылы микроэлектродтарды енгізу пайдаланылады.

Тітіркендіру әдісі (электро-, термо-, хемостимуляция) - мінездік өсерленісті немесе ойлағыштық қабілетті (адамда) жүзеге асыруда бүтін мидың әртүрлі құрылымының әрекетін тексеруге мүмкіндік туғызады. Мұнда да миға енгізілген микроэлектродтар қолдануға бола­ды. Мәселен, жануар мен адам миының лимбиялық жүйесіне енгізілген электрод арқылы өзін-өзі тітіркендіру қабілеті тексерілді (Дж. Олдз). Әсіресе гипоталамустың "ләззәт табу" орталығы.

Электрофизиологиялық әдіс - адамның мінездік әсерленісі мен шар­тты рефлекстер қалыптасқанда ми нейрондарында пайда болатын электр құбылыстарын анықтайды.

Қазіргі кезде, шартты рефлекстердің қалыптасу тетігін зерттегенде, мидың әртүрлі құрылымында тітіркендіру әсерінен туатын электр құбылыстарын тіркеудің (нейрография, электроэнцефалография) маңызы өте зор. Электр белсенділігін тіркеу үшін үлкен ми қыртысының әртүрлі аймақтарына және қабаттарына алдын-ала енгізілген электродтар қолданылады. Оларды таламустың арнамалы және бейарнамалы нейрондарына, торлы құрылымға, гипокамп және мидың басқа бөлімдеріне жасауға болады.

9. Биохимиялық әдіс - көбінесе мидағы уақытша байланыстың қалыптасуы мен нығаюы кезінде түзілетін әртүрлі макромолекулалар мен физиологиялық белсенді заттар мөлшерін талдайды.

10. Кибернетикалық әдіс - организмдегі меңгерумен байланысты жалпы заңдылықтарға (ақпаратты қабылдау, өткізу, өндеу, кері байланыс т. б.) негізделген.

Жоғары жүйке ісәрекетін тексеретін кибернетикалық әдістің бір түрі моделдеу, ол үшін жануар мен адамның кейбір мінездік әсерленісіне еліктеу үлгісін жасайды. Моделдеу әдісі жоғары жүйке ісәрекетіне физиологиялық талдау жасай алмайды, дегенмен осы үрдістерді тексеруге қосымша және келешегі мол әдіс болып есептеледі.

Сонымен мидың ісәрекетін шартты рефлекс арқылы зерттеумен қатар бірнеше тәсілдер (ангиография, реография, томография т.б.) қолданылса дұрыс нәтиже шығады.

Адамның психикалық іс-әрекеті

Осы күнгі физиология ғылымының өзекті мәселелерінің бірі - адамның психикалық (психо-жан) іс-әрекетінің негіздерін анықтау. Қазіргі кезде үлкен мидың оң және сол жарты шарларының әрекеттік айырмашылығы, сезім жүйелерінің, таным, түйсік, тіл, сана үрдістерінің, ұйқы, сезініс, мотивация іспетті психикалық әсерленістердің физиологиялық тетіктері кеңінен зерттеліп, айтарлықтай нәтиже алынды.

Адамның психикалық әсерленісінің физиологиялық негіздері мен заңдылықтары И.М. Сеченов пен И.П. Павловтың ұғыну ілімі арқылы айқындалады. Психикалық әсерленістер физиологиялық құбылыстармен тығыз байланысты дербестігі бар үрдістер. Психикалық және физиологиялық құбылыстардың өзара қатынастары (психофизиоло­гия сауалы) бейнелеу теориясының маңызды саласы. Ол материя мен санаға байланысты философияның негізгі мәселесі.

Психикалық әрекеттің қалыптасу заңдылықтарын психология ғылымы зерттейді. Ол психиканы мидың ақиқат болмысты бейне­леу ретінде қарайды.

Психикалық әрекет жалпы психикалық құбылыстардан, күйлерден және кісілік қасиеттерден тұрады. Бұлардың біртұтастығы организмнің тіршіліктік іс-әрекетін қамтамасыз етеді. Психикалық әрекеттерге ықылас, түйсік, зерде, эмоция (сезініс), ойлау, сөйлеу, сана жатады.

Эволюциялық даму кезінде адам мен жануарлардың психикасы биологиялық мұқтаждығынан, қоршаған ортаның жағдайларына икемделуі арқасында қалыптасты. Ол мінездің қарапайым түрінен күрделі көріністеріне алмасып дамыды. Адам бейімделудің және өзгергіштіктің өте ерекше танымдық дәрежесіне жетті. Өйткені оның миы өзгеше жетіліп, бүкіл адамзаттың тарихи-қоғамдық тәжірибесін иеленді.

Адамның психикалық күйлері: абыржу, қажу, шаршау, жабығу, шабыт, белсенділік түрінде болады.

Адамның психикалық қасиеттері: қабілеті, типтік ерекшеліктері, мінезі, темпераменті, әлеуметтік бағдары, талаптары, оның санасы арқылы ұйымдастырылады.

Психикалық әрекеттің негізі - қоршаған ортамен организмнің ақиқат арақатынасын сипаттайтын жеке физиологиялық көріністер. Олар біртұтас бірлестірілген өзіндік бейне құрайды (А.А. Ухтомский).

П.К. Анохиннің әрекеттік жүйе туралы ілімі физиология мен пси­хология арасындағы тұүжырымды байланысты ашты. Бұл жүйе бойынша, "жағдайлық әсерлер" сатысы адамға кездескен ахуалдың әралуан ықпалдарының жиынтығын көрсетеді. Олардың көбісі бағдарлау әсерленісін тудыруы мүмкін. Ол "қозғаушы түрткі" ретінде белгіленеді. Бұлар сезу және түйсік арқылы бұрынғы тәжірибесі (зерде мен меселі) негізінде адамның өзіндік бейнеленісін жасайды. Содан болашақ мінездік әрекеттің бірнеше нұсқасының саналы түрде жоспары мен бағдарламасы өрнектеледі. Мақсат-тілектің орындалуы ырықтың қатысуымен түзіледі.

Орталық жүйке жүйесінде болашақ әрекет нәтижесін салыстырғыш (акцептор), кері байланыс арқылы жеткен оның көрсеткіштерін, белгіленген нышандармен сәйкестігін анықтайды. Мақсаттың орындалған нәтижесіне қарай, жағымды немесе жағымсыз эмоция қалыптасады. Осыған орай әрекет тиылады немесе жаңа шешімдер қабылданады.

Психикалық әрекетті бірнеше әдістер арқылы зерттейді. Олар физиологиялық, психологиялық, социологиялық, кибернетикалық, моделдеу, электрофизиологиялық әдістер. Сонымен бірге пікірлесу, ауызша жауап, бақылау, тәжірибе, әртүрлі техникалық (радио-, видео-, кино-, ЭЕМ) аспаптар, психологиялық сынамалар жиі қолданылады. Адамның психикалық әрекеттері мен кейбір күйлері алдыңғы тарауларда талданды. Сондықтан ықылас, ой, тіл, сана іспетті психикалық үрдістердің әрекеттік негізін анықтаған дұрыс.



Ықылас - зейін, көңілдің белгілі нәрселерге қажетті мәлімет алу үшін бағытталып, оған қадалуы. Басқаша айтқанда, организмнің тітіркенуге жауап беру даярлығын көрсететін оның сергектік белсенді күйі.

Ықылас ерікті және еріксіз болып екі түрге бөлінеді. Еріксіз ықылас - туа біткен жүйке тетіктері арқылы жүзеге асырылатын құбылыс. Ерікті ықылас адам психикасын мақсатты жұмылдыратын және жанама түрде болатын әлеуметтік дамудың жемісі. Ықылас қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді болуы ықтимал. Ол сыртқы әлем заттары мен құбылыстарына, не адамның ішкі күйіне, ойына, сезіміне бағыттылады. Ықыластың толықтығынан, тұрақтылығынан, көлемінен адамның іс-әрекеті, сезуі, түйсігі, зердесі, ақыл-ойы, тіпті санасы тәуелді келеді.

Ықыластың әртүрлі көріністері бағдарлау рефлексіне, мидың жергілікті қозу және тежелу үрдістеріне, сезім мүшелерінің әсерленісі мен организмнің табиғи мұқтаждықтарына байланысты. Сондықтан ықыластың физиологиялық қасиетін ұғыну үшін И.П. Павловтың шартты рефлекс, ми қыртысының ішкі тежелуі, талдау-синтез әрекеті туралы ілімін арқау етеді.

Сонымен қатар, А.А. Ухтомскийдің доминанта туралы еңбектері бойынша, ықылас кезіндегі үстемді қозу ошағы теріс индукция (кезеліс) үрдістері арқылы оның шоғырлануына жағдай жасайды. Көптеген деректер бойынша, ықылас пен сергектіктің шығу тегі ұқсас. Оларға да торлы құрылым, шашыраңқы таламус жүйесі, оның қыртыстық жобаланысы және гипоталамус жауапты. Торлы құрылымның белсендіруші ықпалы әуелі ілмек (лемниск) жолдарымен келетін арнама­лы серпіністерді ми қыртысына тікелей экстраталамустық жолдар (ішкі капсула немесе субталамус) арқылы жеткізеді.

Торлы құрылымның белсендіруші әрекеті әртүрлі сезім мүшелері қозғанда немесе ми қыртысының (ұласқан) аймақтарының құлдыраушы ықпалдарынан пайда болады.

Таламустың бейарнамалы жүйесі ми қыртысына берілетін мәліметті іріктеп, ықыласты бір тітіркенуден басқасына ауыстырады.

Торлы құрылым ұзақ және жалпылама сергектікті, ал таламустың арнамалы жүйесі зейін пен сергектіктің қысқамерзімді өзгерістерін қамтамасыз етеді.

Ми қыртысы және оның ұласқан аймақтары ықылас қасиетінің негізгі орталық бөлімі болып саналады. Мұнда ақпаратты іріктеп алу арқылы түйсік, ықылас және сананың талғамыс түрлері жүзеге асырылады.

Ми қыртысы мен торлы құрылым тетіктері ерікті ықыласты, оның шоғырлануын жіті кадағалайды. Еріксіз ықылас тетіктері қыртысасты құрылымдарда қалыптасады.

Соңғы жылдары ерікті ықыластың ерекше "парасатты ықылас" деп аталатын түрі айтылып жүр. Ықыластың бұл түрі ми қыртысының маңдай бөлігінің арнамалы нейрондары мен олардың өзара байланыстары арқылы іске қосылады. Сөйтіп ықыластың әркелкі құбылыстарына жау­апты құрылымдардың иерархиялық (көп сатылы) құрылысы байқалады (торлы құрылым-таламус - гипоталамус-лимбия жүйесі-ми қыртысы).

Ықыластың сапасы бірнеше физиологиялық көріністер арқылы сипатталады. Оның белсенділігі, бағыттанушылығы, тереңдігі, орнықтылығы, қарқындылығы, аударақосушылығы болады.

Ықыластың белсенділігі ерікті және еріксіз болып жіктеледі. Ерікті ықылас адамның санасы, өз ырқы арқылы туады. Ол адамның танымгершілігі, ақыл-ойы және ісәрекеті үшін жетекші орын алады. Еріксіз ықылас кездейсоқ төтенше тітіркендірістерге шартсыз бағдарлау реф­лексі ретінде пайда болады.



Орнықтылығы деп ықыластың белгілі нысанға шоғырлануын айтады. Ол тұрақты және тұрақсыз ықылас болып бөлінеді. Дені сау адамның өзінде де ықыластың орнықтылығы құбылмалы келеді.

Ықыластың тереңдігі оның көлемі және таратылуы арқылы анықталады. Оның көлемін ықылас қамтитын нәрселердің саны сипаттайды. Мұнда ықыластың шашырауы немесе шоғырлануы өте маңызды.

Сонымен қатар ықылас адамның ішкі әлеміне немесе сыртқы төңірекке бағытталады. Ықылас аударақосу кезінде басқа нәрселерге оңай не қиын ауысады. Ал ықыластың қарқындылығы, жоғары неме­се темен түрінде болады.

Адамдардың тынымды ықыласымен қатар ықылассыздығы байқалады. Ықылассыздықтың бірінші түрі зейін шашыраудан, қажудан кейін білінеді. Бұл көбінесе мектеп жасына дейінгі балаларда, торыққыш адамдарда кездеседі. Ықылассыздықтың екінші түрі, керісінше, жоғары қарқынды, қиын ауыстырылатын және ішке бағытталған бо­лады. Мұны өз ойына терең берілетін "оқымыстының ықылассыздығы" деп те атайды. Ықылассыздықтың үшінші түрінде әлсіз қарқын, шала ауыстырылатын, селқос жағдай туады.

Ықыластың сапасын арнайы тестілер мен санамалар арқылы тексереді.

Эмоция

Адам мен жануарлар психикасының ерекше көріністерінің бірі-эмоция (лат. emavere — күйзелу, қобалжу). Эмоция мінезді бағыттау және жүзеге асыру амалдарын жасайтын мотивацияның құрамында маңызды орын алады. Ол сыртқы әсерлерден, ретсіз ұйымдастырылмаған түрде пайда болады.

Эмоцияның бірнеше түрі бар. Биологиялық эмоция - әртүрлі тіршілік (ашығу, шөлдеу т.б.) мұқтаждықтарын қанағаттандыру не­месе өтей алмау әрекеттерімен байланысты болады. Жоғары эмоция - әралуан рухани (әлеуметтік, танымдық, әсемдік) әрекеттерінен туа­ды. Кідірген эмоция - жеке адамның кейбір себептерімен, эмоциялық көріністерін тежеуі нәтижесінде байқалады. Жаәымсыз эмоция - қандай болса да бір қажеттілік қанағаттандырылмаған жағдайда ұнамсыз күйзеліс түрінде кездеседі. Жағымды эмоция - мұқтаждық қанағаттандырылған кезде болатын сүйкімді әсерленушілік.

Эмоция құбылыстары аффект (долданыс), нағыз эмоция және сезім түрінде кездеседі. Аффект - айқын қимылдар ағза көріністерімен қоса жүретін күшті және біршама қысқа мерзімді эмоциялық күйзеліс күйі. Ол жүріп жатқан тіршілік немесе әлеуметтік жағдайда кездеседі.



Нағыз эмоция ұзақ уақыт және әлсіз түрде білінеді. Ол бастан кешкен немесе болашақты елестету арқылы туады. Эмоцияның үшінші түрі - заттық сезімдер. Олар кейбір белгілі немесе дәйексіз нәрселерді (мәселен, махаббат, отанды сүю, өшпенділік т. б.) елестету не­месе ойлау арқылы пайда болады.

Заттық сезімдер тиянақты эмоциялық қатынасты көрсетеді. Эмоциялық көтеріңкілік сәтте адамды шабыт, нұрлану, жаңалық ашу, шығармашылық қуанышы билейді. Мұндай сезініс күйі - адамның рухани және дене күшінің ең жоғары көтеріңкі сатысы.

Организмнің эмоциялық күйі эмоциялық күйзеліс және эмоциялық, көрініс іспетті әсерленістерден тұрады. Эмоциялық күйзеліс деп организмнің өзін және қоршаған әлемді бейнелейтін өзіндік сезінісін айтады. Организмнің дене сезу және ағза жүйелерінде байқалатын өзгерістерді эмоциялық көрініс деп атайды. Эмоциялық көрініс әртүрлі: симпатикалық жүйке қатты қозғағандықтан жүректің қызметі жеделдейді, қанның қысымы көтеріледі, газ алмасу өседі, тыныс кеңейеді, организмде тотығу және энергия құбылыстарының қарқыны артады. Қанда, сілекейде, несепте катехоламин, пептидтер жене глюкоза мөлшері көбейеді.

Бұлшықет тонусы өсіп, көз қимылы жиіленеді, терінің түктері үрпиеді, эмоциялық қозу кезінде организмнің бүкіл қосалқы мүмкіндіктері жедел жұмылдырылады. Сонымен қатар тіпті қарқынды ісәрекеттің өзінде, оның әлі де зор пәрменді мүмкіншіліктері сақталады. Бұлар тек төтенше жағдайларда, эмоциялық зорлану кезінде тұтынылады.

Эмоция кезінде адамның өзіндік күйі өзгереді. Оның парасаттық қабілеті, зердесі сезімтал, қоршаған орта әсерлерін жіті қабылдайды.

Эмоциялық күйзелістің тіршіліктегі негізгі мәні адам мен жануарларға өзінің ішкі жағдайын, пайда болған мұқтаждығын, тез бағалауға, оны толық қанағаттандыруға мүмкіндік жасайды. Сөйтіп, ол организмдегі бейнелеуші (бағалаушы), ізденуші, нығайтушы, реттеуші, байланыстырушы әрекеттерді ұйымдастырады.

Эмоцияның бейнелеуші әрекеті оқиғаларға жалпы баға береді. Орга­низм өзінің бүкіл әрекетін бірлестіру арқасында, оған әсер етуші тітіркендіргіштің жағымды немесе жағымсыз жақтарын тез анықтайды. Адамның сезініс қабілеті дара күйзеліспен қатар, өзара қоса әсерленушілік арқылы қалыптасады.

Эмоцияның ізденуші түрі мақсат пен ниетке байланысты білінеді. Ол жетекші және жағдайлық болып екіге бөлінеді. Жетекші эмоциялық күйзеліс - мұқтаждықты қанағаттандыратын мінездік мақсатқа бығытталады. Жағдайлық эмоциялық күйзеліс мінездің кейбір кезеңдерін бағалаудан туады. Ол нәтижеге қарай мақсатқа жету үшін мінез-құлықты не жалғастырады, не өзгертеді.

Эмоцияның нығайтушы әрекеті арқылы тәлім және зерде үрдістеріне қатысады. Эмоциялық әсерленістер тудыратын маңызды уақиғалар тез және ұзақ уақытқа зердеде сақталады. Мұны әрбір шартты рефлекс қалыптасар кезде байқауға болады. Оның алғашқы жалпылама сатысын - эмоциялық сатысы дейді. Дәл осы кезде организмнің вегетативтік саласы ерекше жұмылдырылады. Өйткені белгісіз жайларда үстемді әсерлену тиімді келеді.

Эмоцияның реттеуші немесе аударақосушы әрекеті үстемді мұқтаждықты анықтайтын себептердің бәсекесінде айқын көрінеді. Ол үрей мен міндет, қорқу мен ұяттық сезімдер таласында байқалады. Мүның ақыры ниеттің күшіне адамның тілегіне және еркіне бай­ланысты болады.

Эмоцияның байланыстырушы әрекеті ымдау, қол сермеу, дене қимылы, кейпі, мәнерлі күрсіну, дауыс ырғағын өзгерту арқылы серіктеріне сезініс түрін білдіреді. Мұның айғағын эмоциялық күйлердің ирасындағы қарама-қарсылықтан байқауға болады. Мәселен, қуаныш пен қайғы, ашу мен үрей, ынта мен жеркену, ұят пен жек көру, сүйсіну мем күйіну сезімдері белгілі сипаттармен айқындалады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   17




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет