Дістемелік кешені


«Абыржы» романында қазақ даласын тәжірибе, сынақ алаңы ғана еткісі келген кеңестік империялық жүйенің шын сипатына көркем шындықпен бағалаулар жасалған



бет44/73
Дата05.12.2022
өлшемі0.63 Mb.
#466476
түріБілім беру бағдарламасы
1   ...   40   41   42   43   44   45   46   47   ...   73
tzha keshen-2022-2023

«Абыржы» романында қазақ даласын тәжірибе, сынақ алаңы ғана еткісі келген кеңестік империялық жүйенің шын сипатына көркем шындықпен бағалаулар жасалған.
Бас кейіпкер Медет Аралдың қазіргі қасірет декорациясы кейпіндегі қалына кінәлілердің жиынтық тұлғасы өзі секілді сезінеді, сол күйзелісі романның құрылысында тұтастай өрлеген.
Ең асқақ, биік Коммунистік идеалды ұстанушылардың тарихи ұлы өзгерістен кейін өзінен-өзі зым-зия болғанын, сөздері таудай көбікауыздардың ең қор адамдарға айналғаны да тарихи ақиқатпен дәлелденген. Медеттің ұлттық-отаншылдық сезімдерінің орнына Аралдай асылды құртуды, құрғатуды, оның орнына басқа, нәрселер жасауды өмір бойы уағыздап баққан сол ұстазы кеңестік жүйе ыдыраған бойда шетел асып кетеді.
Романның оқиғалары бас кейіпкер Медеттің үнемі ойлануымен, өткені мен қазіргі жағдайын сабақтастыра толғануымен өтіп жатады. Басты кейіпкердің жан әлемімен ортақтасатын, оның ауылдағы анасымен бірге өткізіп жатқан жұпыны тіршілігіне араласатын адамдар жанама кейіпкерлер шоғырын
Жазушы Қуаныш Жиенбайдың «Даңқ түрмесінің тұтқыны» романының идеялық-композициялық желісінде ХХ ғасырдың соңғы онжылдығы ХХІ ғасырдың басындағы қазақ тұрмысының реалистік сипаты қамтылған.
Он төрт тараудан тұратын романның композициясында бірнеше идеялық желілер саралана алынған: біріншісі – экологиялық апатты жағдайға ұшыраған Арал теңізінің, ондағы Барсакелмес аралындағы материалдық және рухани азып-тоза бастаған адамдардың ауыр хал-ахуалы; екіншісі – отарлық ықпалдың, экологиялық апаттың зардаптары тисе де, тектілігі жоғалмаған қазақтың ұлттық ділінің мықтылығын, қанының тазалығын, рухының биіктігін дәлелдеу.
Романның басты кейіпкерлері – ХХ ғасырдың 80–90-жылдары мен ХХІ ғасырдың басындағы қоғамдық-әлеуметтік құрылыс ықпалындағы адамдар. Басты кейіпкерлердің бірі – Баймырза, су шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары. Кеңес Одағы құрамындағы көрнекті республиканың жауапты қызметкері Баймырзаның мансап тұғырындағы кезең, оған деген маңайындағылардың қарым-қатынас сипаты кейіпкердің еске алу-ойланыстарымен суреттеп баяндалады:
«Күллі министрліктің жасы бар, жасамысы бар, әйтеуір бар адамы Баймырзаның төбесі көрінгеннен қоғадай жапырылмаушы ма еді. Жұмысқа келеді, түстікке шығады, кейде әлдебір алқалы жиындарға шақырылады.Қалың кілем төселген биік басқышпен не көтеріліп, не төмен түсіп келе жатады... Сонда, сонда деймін-ау, былайғы қызметкерлер мұның кірер, шығар жолын әдейі тағатсыздана тосып тұра ма, әлде кездейсоқтық па, жалғыз жарылқаушыларымен жаңа кездескендей, бәрінің иіліп-бүгіліп сәлемдесіп жатқаны» [153, 84 б].
Арал теңізі жағалауындағы ауылдағы балықшынының отбасында дүниеге келген Баймырзаның табиғи болмысы алға ұмтылған табандылықпен, оқумен, қызмет баспалдақтарымен өсумен келе жатқан жолы кеңес заманының шындығымен берілген. Оның жастайынан тағдыр тауқыметімен арпалысып өзінің көздеген мақсатына ұмтылуы да адамға тән жігерлілік, қайсарлық рухының болмысын айқын байқатқандай. Романның композициясындағы сюжеттік бөліктерді құрап тұрған желі – басты кейіпкер Баймырзаның тағдыр жолы. Романның бастапқы бөліктерінде биік лауазымды билік қызметіндегі кейіпкердің жары Салтанатқа деген құбылмалы қылықтары, Мәскеу мен Алматы, сонымен бірге Аралдағы Барсакелмес арасында шапқылап жүрген қызметі, адамдардың біреулерімен тату, кейбіреулерімен аңдысып жүрген қақтығысты-қайшылықты жағдайы – бәрі де тіршілік қозғалыстары заңдылығына сәйкес суреттелген. Авторлық баяндаулар кейіпкердің замандастарымен ортақ тағдырлы жолын реалистік сипатымен көз алдымызға елестетеді:
«Бірде алдын, бірде артын беретін аласапыран тіршілікпен аз арпалысты ма Баймырза. Күресті, бір адамдай-ақ күресті. Ащы теңіздің тұзды суымен буын бекіткен балаң жігіттің шынымен арқа сүйер ағайыны жоқ-ты. Орта мектепті бітірер жылы әке-шешеден бірдей айрылып, тұлдыр жетім атанды! Ата-ананың демдері осыған ғана жетті. Есік алдындағы көк теңіз ұлтанға қашып, басынан бағы тая бастаған балықшы ауылға дәл осы Баймырза секілді бой-сойы келіскен тұлғалы жігіттер керек-ақ еді. Ойпыр-ай, мектеп бітірген он жеті жігіт пен он бес қыздың Кеңес Одағына шын берілген сондағы патриоттық сезімдерінің шектен тыс мықтылығын қайтерсің?! Үгіт солай ма, әлде солақай тәрбиенің әсері ме, айналасы бір айға жетер-жетпес уақытта «ауылда қаламыз, туған жерді түлетеміз» деп табан астынан ұран көтеріп, ақиланып шыға келмесі бар ма әлгі мән жубастардың. Оу, бұл қайдан шыққан батырлық?! Және не себепті көнебөгендіктер ғана бастама көтеруге тиіс» [153, 125-126 бб].
Бұл – уақыттың ащы шындығы. Реалистік сипатты шығармада мемлекеттегі саяси-идеологиялық тәлім-тәрбие ықпалының қандай болатыны романның осы жеріндегі бастамашыл жастардың тағдырынан танылады. Ал, жалаң ұранмен халықтың басын айналдырып, барлық құлдық психологиямен тұмшалаған озбыр саясатқа қарсы шыға алатын адамдардың да болатыны – өмір шындығы. Баймырзаның құрдастарының бастамасына елікпей өзіндік ұстанымын жазушы табиғи болмысымен бейнелеген.
«Баймырзаның кезудесінде жаны бар, тірі ғой. Бала да, шаға да, бұйдасынан жетектеп жүре беретін колхоздың сары атаны бұл емес. Адам секілді өмір сүргісі келеді Баймырзаның. Біреулердің сыртынан билеп-төстегендігін кешірмейді, кешіре алмайды. Баймырза үндеу-сүндеу дегеніңді білмейді...» [153, 126 б].
Басты кейіпкердің адам құқығын шектеген озборлыққа қарсы тұра алатын қайсарлығы шынайылығымен баурайды. Баймырзаның әке-шешесінің басына барып, кешірім сұрағаны, мектеп директорының кабинетінен аттестатын ұрлап алғаны, пойызға ұрланып мінгені, жол бойы милициясының Жамбылға түсіріп тастағаны, сол қаладағы мелиорация және су шаруашылығы институтына оқуға қабылданғаны – сол кезеңнің шындығы екендігіне кәміл сенеміз. Себебі, жан әлеміндегі алға бағытталған ұмтылыстары, бұлқыныстары бар қазақ жастарының осындай әрі романтикалық, әрі реалистік болмысы тұтасқан іс-әрекеттерінің осылайша жүзеге асқандығы да ақиқат.
Роман композициясындағы әр кезең оқиғаларынан құралған сюжеттік бөліктерде Баймырза тағдырынан туындаған екі желілі сала егізделе өріліп отырады: біріншісі – әйелі Салтанат пен одан туған баласы Ғафизге байланысты оқиғалар; екіншісі – Барсакелмес аралына барған кезекті іс сапарында сондағы көңіл қосқан келіншек Ұмытхан мен содан туған баласы Қабыл-Қабылан тағдыры.
Басты кейіпкер Баймырзаның тағдыр жолындағы, қызметте жүрген кезіндегі өзгелерден дараландырып тұратын жақсы қасиеті – туған атамекені Арал теңізін, оның атырабын, табиғатын, Сырдария өзенін сол өлкенің азып-тозбауын ойлаған алаңжар көңілінің азаматтық-перзенттік көңіл тазалығымен дараланатыны да анық. Бұл – шығарманың көркемдік шешімі. Басты кейіпкер Баймырзаға дәуіріне тән ықпалдардың кемшіліктерін туындатқанын көрсете отырып, бірақ туған топырағын, атамекенін, тартылып бара жатқан Аралын ойлаған азаматтық ойлылығы жоғалмаған діл тазалығы шынайылығына оқырман назарына ұсынып отырады. Үлкен лауазым иесі Баймырзаны аса зор дайындықпен қарсы алған жерлестерінің қошеметтерін (арнайы аспаздық қызметі, қаладан аулақ ғимаратты қонақ үй ету, дайындығы мықты асабаны табу, қонаққа арнап мадақ термесін толғаған жырауды жырлату) артықтау көргенмен, көңіліндегі ризалық толы сезімін білдіреді.
Баймырзаның бойындағы жақсы қасиеттерінің қатарында оның табиғаттағы аң-құстарды аң аулау сылтауымен орынсыз аттырмайтынын, арақ-шараппен де шамадан тыс әуестенбейтіндігін айтуға болады. Оның жалпы халыққа, оның ішінде қыз-келіншектерге де ұнайтыны осы жақтарынан болуы керек. Мұндай қасиеттері әсіресе, Барсакелмеске барғанда, Ұмытхан аруға көңілі ауған кезде анық байқалады.
Көркем шығармалардағы кейіпкерлер – өмірдегі сан алуан адамдардың өнердегі көріністері. Өнер туындысындағы кейіпкердің өмір шындығынан алынған деректілік негізі сақталады. Сол деректер де адамдардың кескін-келбеттеріндегі, қимыл-әрекеттеріндегі, мінез-құлық ерекшеліктеріндегі тектес, ұқсас ерекшеліктер жиынтығынан құралған жағдайымен сұрыпталады. Шығармадағы идеялық-композициялық желіні құрайтын сюжеттік бөліктерде автор негізге алған шындық деректері кейіпкерлердің оқырмандарға өте таныс болып қабылданатыны да сол оқырмандардың туындылардағы тұлғалармен кескін-келбеттерімен де, жан дүние әлемі жақындықтарымен де үндес болып сезілетіндігінен көрінеді.
Баймырза – күрделі қайшылықтары мол кезеңдегі жауапты қызмет атқарған адамдар тағдырын реалистік шындығымен, сыншылдықпен бейнелеудің үлгісі. Мысалы, Қорқыт бабаның кесенесіне түнеп, ата-баба аруағына дұға бағыштауды ойлап тұрса да, соны орындамайды. Байқоңыр төңірегіндегі жер асты суларының нүктелері бегіленген картаны әуелде сұраған сұғанақ жерлестеріне көнбесе де, кейіннен сол құпиялы жерлердің сатылуына өзі де қатысады.
«Аса құпия картадағы белгісіз нүктелердің сыры тек Баймырзаға ғана белгілі-тін. Осы төңіректің жерасты суы бір-екі жылға жарайды деген тұсқа ертең қада қағылады. Арғы аптада ұңғы түседі. Баймырзаға тиесілі қомақты қаржыны су шыққан заматта-ақ осындағы жігіттер жеткізіп беруге келіскен» [153, 179-180 бб].
Бұл – қазақтың өз замандарына тән қасиет көрінісі. Жан әлемінде туған атамекенін, Отанын ойлаған азаматтық-ұлттық сезім сілемдері сақталғанмен, жеме-жемге келгенде қу құлқынының құлы болып кеткендердің кесірінен қазақтың жерінің, кең-байтақ өлкесінің жат жұрттықтардың олжасына айнала бастағаны да уақыт шындығы.
Романның идеялық-композициялық желісінде қазақ даласындағы ХХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХІ ғасырдың басындағы қоғамдық-әлеуметтік, саяси-экономикалық жағдайлар ұлттық сана, отаншылдық дүниетаным аясында реалистік сипатымен алынған басты кейіпкер Баймырзаның қызметі лауазымы, туған жері, Отаны, отбасы әлеуметтік ортасы және т.б. сан алуан мәселелермен қарым-қатынастары, көзқарастары арқылы сол тектес қазақ қызметкерлерінің тұлғалары айқындалған. Жақсылығы да, жамандығы да араласып кеткен қасиеттерінен қандай адам екендігін айырып болмайтын адамдар жайлап бара жатқан әлеуметтік дамудың жалпы экологиялық ауқымын аңғарамыз.
Баймырза – өмір шындығы аясындағы қайшылықтары, кемшіліктері жеке басында кездесетін көп пенделердің бірі ретінде де танылатын кейіпкер. Үлкен лауазым иелерінің біразында кездесетін өзіндік көңіл көтеру, пендешілік қылық-дағдыларының да бар екенін оқимыз:
«Пендесің, кейде түннің бір уағында ыстық бумен шабынып, бір танысыңның саяжайында саунаға түсіп жатуың мүмкін. Беліңіздің құяңын үзіп берейін деп әл-әдемі келіншектер есіктен сығалайды. Әне, сондайда ғой ішкен-жегеніңнің тас төбеңнен шығатыны. Шофер жігіттің иіс сезгіштігіне қайрансың: «Баймырза Нұртаевич, Мәскеу шақырады». Ақ телефон. Ақ телефон қорқынышты. Ақ телефон анау-мынау шаруаға арам тер болмайды. Баймырзаны шұғыл шаруа күтіп тұр ендеше. Самайдан аққан теріңді жол-жөнекей сүрткіштеп, есіктен сығалаған сұлу келіншектің тамағынан бір иіскеп, бір бөтелке сыраны бір-ақ қылғытып, сүріне-қабына жосып бара жатқаны» [153, 92-93 бб].
Бұл – Баймырза тектес пенделерге ортақ дағдылардың көрінісі. Сүйіп қосылған жарының көзіне шөп салуда осындай әрекеттерімен әбден танымал болған еркектердің басым бөлігі осындай іс-әрекеттерімен жүргендерін де автор Баймырзаның қылығымен дәлелдейді. Романда Баймырзаның Барсакелмес қорығындағы Ұмытхан аруға көңілі ауған, әйелдің де ықыласы еркектің нәпсісіне бейімделген сюжеттік бөліктегі авторлық баяндаудың да реалистік сыншыл сипаты айқын:
«Бетіне күле қарасаң, көйлегіне жамау сұрайтың еркектен еркектің асып тұрған қай жері бар. Бұлардың есебі түгел, ермек керек. Шаруасын тындырып алған соң, шалбарының ауын жүре түймелеп, бұған дейін үйіп-төккен уәдесінен табанда айнып, бейнебір етегінен жабысып қалмай қоятындай, жалтақ-жалтақ артына қарайды да тайып отырады. Көбісінің көкейін тескен жалғыз арманы сол... Ал жазатайым көшеде кездесе қалсаң, жанарын ала қашады. Әйелімен келе жатса, тіпті бейшара. Екі көзі алақтап, май басқан мойны бырш-бырш терлеп, кімнің астына кіріп кетерін білмей, жандары тырнақ ұшына тіреледі. Еркек емес, телпек!» [153, 140-141 бб].
Реализм – адамдардың өмір қозғалыстары ағынындағы ішкі және сыртқы жағдайларда байқалатын қасиеттерін, құбылыстарын толық қамтитын күрделі көркемдік әдіс. Әсіресе, қазақ даналығы айтқан «Адамның аласы ішінде, малдың аласы сыртында» деп бағаланатын жан әлеміне тән болмыс қайшлықтарын көркем шындықпен бейнелеу реализм әдісімен игеріледі.
Баймырзаның тағдырында тіршіліктегі барлық адамдарда кездесетін бірнеше қайшылықты жағдайлар да бар: біріншісі – өзінің отбасына (әйелі Салтанатқа, баласы Ғафизге) шынайы қалпымен қарым-қатынас жасай алмайтын кемшілігі; екіншісі – Барсакелмес қорығына барғанда көрікті келіншек Ұмытханмен көңіл қосып, одан туған баласынан бас тартып безінгені, өмір бойы хабарласпай кеткені.
Өзінің отбасына, жарына жалған сөйлеп, бірақ көзінше шынайы секілді болып жүретін Баймырзаның сол мінез кемшілігі, әрине, қызмет лауазымының, әлеуметтік орта әсерінің зардабы тұрғысында түсінеміз.
Қайда жүргенін, не істеп жүргенін өзіне шынайы берілген жары Салтанатқа білдірмей («Кессе қан шықпастың нағыз өзі ғой бұл Баймырза. Қара теңіз жағалауына да әйелін бір апармады») жүретіні де Баймырза бойында заманы жұқтырған кеселдердің бірі. Ал, қызмет сапарымен барып, Барсакелмес қорығында дәрігер болып жүрген Ұмытханмен көңіл қосып, одан туылған баладан безіне бас тартуы да кейіпкердің шынайы өмірдегі осындай адамдармен де ортақ қасиеттерін дәлелдей түскендей.
Соншалықты кемшіліктері, қайшылықтары бола тұра, Баймырзаның туған жерді, халқын ардақтайтын азаматтық отаншыл діліне беріктігі де романның құрылысынан үнемі кездесіп отырады. Мысалы, Сырдария өзені суының Арал теңізіне мол мөлшерлі көлемін сақтай жетуі үшін жанталаса әрекет ететіні, теңіздің жоғалмауы үшін бөгет салуды қолдағаны, Байқоңыр айлағы жерасты суларының жобасы сызылған картаны космодромның Ресейлік басшыларына сатпағаны, Кіші теңізді қалпына келтіру, сақтау үшін арпалысқан әлекеттер ортасына арнайы келгені, теңіз дауылының кезінде бөгетті сақтау үшін күрескен жерлестерімен бірге жүргені, содан ауырып қалғаны – бәрі де кейіпкердің өмірлік шындықпен өрілген болмысын танытады.
Атамекеніндегі жерлестерінің дуылдаған қошеметінің ортасында жүріп, туған өлкесiнiң қазiргi заманғы өзекті мәселелерін ойлаған толғаныстарының шынайылығын сезінеміз. Жазушы басты кейіпкерінің атқарып жүрген қызметінің туған жерге, халық тағдырына қатысты өзекті сабақтастығын реалистік сипатымен өре білген. Мысалы, жерлестерінің қаумалаған қошеметтері арасында жақын жерде ағып жатқан Сырдарияның жағалауына барып, толғанып тұрған сәтіндегі ой өрілімдері кейіпкердің уақыт шындығын бойына жинақтаған замандастарына тән азаматтық болмысын аңғартады:
«Қайран, дария! Осы дарияның көктем мезгіліндегі бір тамшы суы үшін Баймырзалардың қырықпышақ айтысып жатқандығын мыналардың біразы білетін болар-ау. Дария басын таудан алады. Туысқан елдің суға жауап беретін азаматтары әрнені алға тартып, қиғылықты салады-ай дейсің!» [153, 174 б].
Жазушы қазақ тарихындағы аса бір қайшылықты, қақтығысты оқиғалар ортасында ұлттық және жалпыадамзаттық мүдделер тоғысуы жүріп жатқанына назар аудартады.
Жазушы Қ. Жиенбайдың романындағы басты кейіпкер Баймырзаның республика су шаруашылығы министрінің орынбасары, одан кейінгі лауазымды қызметтерде де жүріп, туған жеріне, атамекені Арал теңізіне ондағы Барсакелмес аралына, Сырдариясына өз әлінше қамқорлық жасау ниетінде жүргенін көреміз.
Романда ХХ ғасырдың қазақ халқын азып-тозуға ұшыратқан тағы бір қырсық арақ ішу кеселінің орын алғанына да назар аударылады: «Осы бір жиіркенішті жаман әдет қазақ байғұстың соңынан бір елі қалмай-ақ қойды-ау. Қайда барсаң да аткөпір арақ. Қазір қазақтың арақсыз таңы атпайды. Ішті ғой, сүрініп ішті, жығылып ішті, шекелеріне тиюдей-ақ тиген, бірақ әзірге ішуден бас тартар емес» [153, 147 б].
Романның реалистік сипатын айқындап тұрған басты ерекшеліктердің бірі – Баймырзаның заңды әйелі Салтанаттан туылған ұлы Ғафиз бен Барсакелместегі көңілдесі Ұмытханнан туылған ұлы Қабыл екеуінің тағдыр жолдары.
Романның реалистік сипаты мен ондағы көркемдік қиял тұтасуының көрінісі осы екі бейнеге байланысты оқиғалар желісінде анығырақ байқалады.
Ғафиз – Баймырза мен Салтанаттың жалғыз перзенті, ұлы. Әкесінің биік лауазымды қызметінің арқасында ішкені алдында, ішпегені артында болып өскен Ғафиз кинорежиссерлік мамандықты қалады. Роман композициясына Ғафиз бейнесі келіп қосылатын тұста оның кино түсіру саласындағы бастамалы жұмыстарының ылғи сәтсіз болып жүргенін оқимыз. Тіпті, жап-жақсы түсірілген дүниелерін де қайталап қарағанда өзі жаратпай жүрген Ғафиздің кино өнері саласындағы жаңашыл ізденісі де уақыт шындығына сәйкес. Романның негізгі идеялық желісіндегі қазақтың жаңа дәуірдегі жаңашыл тұлғасын даралау мақсатындағы авторлық баяндаулар да Ғафиздің жан әлемін түсінуге бағдар береді. Шетелдік компанияның жаңа кино түсіру үшін Ғафизді таңдауы да талант иесінің құлшына еңбек етуіне мүмкіндік туғыза алатын қазіргі кезең шындығын көз алдымызға әкеледі:
«Жан-дүниенің ішкі сұлулығынан гөрі сыртқы, әпербақан «жаушап-тылықты» алдымен дәріптейтін батыстық стильге еліктеместен, қазақы тірліктің ыстық-суығына бірдей көніп жүрген кейіпкер ешбір боямасыз, қарапайым қимыл-әрекетімен есте қалса екен дейді. ... Қоғамның жүрек соғысы белгілі, ендеше өзін сол қоғамның белді мүшесімін деп санайтын біздің геройымыз қалай дегенде де баяғы өсекаяңмен көш соңында салпақтап жүре алмайды ғой. Алысады, жұлысады, басын бәйгеге тігеді. Жер жүзіндегі күллі жақсылық атаулының бәрін шамасының жеткенінше кеудесіне сыйғызуға тырысатын, кейде аңқау, кейде шарболаттай шымыр қазақ дейтін халықтың бүгінгі жиынтық бейнесі әлгі Ғафиз түсіретін фильмнің басты темірқазығына айналса екен дейді. Ғафиздің кейіпкері бұрын-соңды жасалған бейнелердің біріне де ұқсамаса екен дейді» [153, 113 б].
Кейіпкерді даралау, мінездеу барысында эпикалық баяндаулар мен ішкі монологтар кезектесе қолданылады. Кейіпкердің әлемдік кино өнеріне жаңалық болып қосылатын тың идеясын тапқан сәттегі авторлық баяндаумен кейіпкер жан әлемі толғаныстарының қосыла өрілген болмысынан романтикалық көтеріңкі көңіл-күй, шындық пен қиял тоғысуы сарыны аңғарылады. Кинорежиссер Ғафиздің қиялынан туындаған ой желісінде әлемнің атақты мамандарының, дәрігерлерінің құпия тәжірибелерінен алынған тың нәтижені өнер шығармасы арқылы жеткізуді ойлаған автор мен кейіпкер қиялының тұтасқан сымбаты оқырманды да еліктіреді:
«Қан ... қазақтың қаны сапалылығы мен тазалығы жөнінен бірінші орынға шығыпты! Ал керек болса!.. Енді жеті атаға дейін қан араластырмай, жазатайым жаза басқандарды дала сотының үкімімен соттап, осы бір қадірлі де қасиетті қағиданы қаншама ықылым замандар өтсе де көздің қарашығындай сақтаған және сол бір күймелі көштің жасау-жабдығын орта жолда аударып алмай, бүгінгі ұрпағының қолына аман-есен табыстаған ата-баба аруағына ақсарыбас атамай көріңіз!» [153, 114 б].
Ғафиз – 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі кезінде сол оқиғаның қалың ортасында болған жас жігіт. Өкініші «Желтоқсан кезінде жанын жалдап, қызыл жағалылардың ізінен ит қосып қуалағанына қарамай алаңның қуыс-қолтығында болған оқиғаларды түгел қамтып түсіруге тырысқан таспасын аюдай ақырған орган күштеп тартып алды. Әлі де үмітті. Әлдекімнің үстел тартпасында ұмыт қалмасын дейді» [153, 109 б].
Ғафиз – қазіргі қазақ жастарына тән еркін ойлы пікірін айта білетіндігімен де көрінеді. Мысалы, «Оңшең шөпке тышарлар қоныстанған элиталы аудан» [153, 115 б]. Орталығындағы сырты түгел қоршаулы алты қабатты ақ кірпіш үйдің есігі алдын күзетіп отырған мінездері дөрекі екі милиционерлерге айтқан сөздерді де қазіргі қазақ жастарының еркін ойлы көзқарастарымен сәйкес айтылғандай сезіледі:
«Сіздер тәуелсіздігімізді мойындағысы келмейтін іштен шыққан жаусыңдар!», «КГБ-нің баяғы қызыл жағалы киімдерін әлі күнге дейін не үшін иықтарыңыздан тастамай жүрсіңдер?», «Түймелеріңде СССР-дің гербі және оны жалтыратып күнде сүрткілейсіздер», «Айдың-күннің аманында жау алатындай, кез-келгеннен үрейленіп, күзетші жалдап, үйлерінің айналасын темір тормен қоршатып не көрінді?!» [153, 117 б].
Жазушы Ғафиз бейнесі арқылы ХХ ғасырдың 80-жылдары болған ұлттық- азаттық жолындағы сілкіністерден санасы оянған жаңа көзқарастағы қазақ жігітінің тұлғасын даралау.
Ғафиздің «кемшілігі» – өзін өсірген, оқытқан, аспирантурасын бітірткен, сөйтіп ғалым немесе әкім болуын ойлаған әкесі Баймырзаның ойындағыдай бола алмаған. Тағы бір кемшілігі – әкесімен жездесіндей қалжындасатыны. Әкесімен «Реті келсін-келмесін, сөз ілгіш қармақты тауып ала қояды». Әкесі Баймырза баласының өзімен тәжікелескен осы қылығын қойдыра алмай, я ұрып-соға алмай, баласы екеуінің арасындағы осы қарым-қатынастардан іштей күйзелген Баймырзаның пұшайман хал-ахуалын психологиялық тұрғыда айқын елестеді. Баласының өзімен жағаласып сөйлегеніне күйінгенмен, оны ұрып-соғуға да көңілі дауаламаған Баймырзаның оңашадағы ой – толғаныс сәттеріндегі ішкі дауыстары да оның баласының жан дүние әлемін, талантын түсінетіндігін дәлелдейді:
«Ал сіздің балаңыздың, Ғафиздың білмейтіні жоқ, білімі ұшан-теңіз. Таза. Анаған да, мынаған да тұмсығын тығып, орынсыз жерге киліге кетпейді. Тұла бойынан зиялылықтың иісі аңқиды...
Әкім болғысы келмеді. Талантты жігіт тек әкім болуды мақсат тұтса, оны әлдеқашан-ақ тастай тындырар еді ғой. Өмірін өнерге арнады. Мына заманда өнер адамының маңдайы қайтіп бірден жарқырай қойсын. Оның үстіне Ғафиздің ана сүтімен бойға дарыған талғамы қандай! Өте кірпияз. Мөлдір. Иә, таланттың жолы қай кезде оңай болып еді. Ғафиздей кинорежиссер сирек. Желтоқсан оқиғасына бастан-аяқ қатысып, көрген-білгенін түгел таспаға түсіріп үлгірген-ді. Онысын «үш әріп» көзбе-көз күш көрсетіп, тартып алды. Ары-бері бұлтаққа салып еді, иісшіл қарсақтар тіміскілеуін қойды ма, ақыры өміріне қауіп төндірді. Тіпті, айдаладағы кино өнеріне үш қайнаса сорпасы қосылмайтын Сізді де қоңыр үйге талай мәрте сүйрелеген жоқ па-еді?!» [153, 106-107 бб].
Қ. Жиенбайдың романында да басты кейіпкерлердің (Баймырзаның, Ғафиздің, Қабылдың) ішкі монологтары идеялық-композияциялық желіде мол қолданылғанын байқаймыз. Басты кейіпкер Баймырза өзінің балалық шағын, оқуға, қызметке талпыныстарын, әйелі Салтанатқа, баласы Ғафизге, қызмет барысындағы адамдардың мінез-құлық құбылыстарына, туған жері Арал теңізінің, Сырдария өзенінің тағдырына байланысты қарама-қайшлықты жағдайлар кезінде үнемі шкі монологтарымен бейнелеген. Үйінің балконында түн жамылып, бөтелке коньякты тауысқанша ішіп, ішкі дауысының бағалауларын, бағауларын тыңдап, таң ата төсегіне қисайған Баймырзаның хал-ахуалы шығарма кейіпкерінің реалистік сипатын аша түскен. Жан әлеміндегі екі ұдай ойлардың ішкі дауыспен пікір жарыстыруы да кейіпкердің реалистік тұлғасын даралай түскен. Басты кейіпкер Баймырзаның түні бойғы ішкі монологтарының қорытындысы таңата төсегіне қисайып жатып әйелі Салтанат екеуі арасындағы диалогпен түйінделген:
«– Осы Ғафизжанға несіне ренжігенмін, а?!
– Ақылың енді кірді ме?
– Ештен кеш жақсы емес пе?» [153, 107 б].
Барсакелмес қорығын қаңғып келген озбыр браконьерлерден қорғағаны үшін жазықсыз түрмеге қамалған Қабылдың хал-жағдайын Ұмытханның телефон соғуынан естіген Ғафиз кейінірек әкесімен әдеттегісінше еркін сөйлесіп отырып, өмір шындығының қалайда айтылмай қалмайтын құдіретін ауызға алады. Арал жаққа барған сапарынан кейін ауырып қалып, сауығып келген әкесіне қуақылана жымиғаны, өзіне Ұмытханның телефон соққанын, сол әйелмен кездескен-кездеспегенін сұрағаны, шындық туралы бағалауы – бәрі де кейіпкердің реалистік бейнесін таныта түседі:
«– Кездестіңіз бе?
– Кіммен?!
– Білмей қалуын. Мойныма қарыз болмасын, анада бір әйел хабарласқан ел жақтан. Есімі кім еді?... Үміт, Ұмыт, Ұмытхан... Баласының жағдайын айтайын деп едім дейді... Қайдағы бала? Кімнің баласы? Ал, сөйле, жырауым, құлағым сізде... Іні болса аға, ағам болса іні болуға дайынмын. Жасырмай айтыңыз, кәне?!..
– Ұмытхан, Ұмытхан дейді... Апырай, «?! Есімде жоқ... Ал, жалғыз балам – Ғафиз.
– Шал, сиқырланба, ойлан, ойлан. Шындық айтылады түбінде» [153, 216 б].
Бұл – Ғафиз дүниетанымының шынайы сипаты. Әкесінің алыстағы Барсакелмес қорығындағы Ұмытхан келіншекпен аз ғана уақытқа көңіл қосып, одан туған Қабылдың бұл өмірде бар екендігін ешкімге ешқашан тіс жарып айтпаған Баймырзаның сырын баласы Ғафиз телефон соққан Ұмытханның сөзі арқылы есітіп, соны әкесінен сұрап отырғанда, әрине, шындықтың шынайылығын сезіп отыр.
Көркем шығармадағы реалистік сипат пен көркемдік қиял тұтасуы – адамдардың ойлау кеңістігіне лайықты болмысымен ерекшеленеді.
Ғафиздің өмір шындығы әкесінің өзінен басқа да баласы бар екенін біле отырып, әкесін састыра сөйлеуі де өмір шындығына сәйкес.
Осы уақытқа дейін жас толқын өкілі өз баласы Ғафиздің өзінше еркін ойлағанының, сөйлегенінің, белсенді іс-әрекеттерінің барлығы да Баймырзаның өзінен бастау алғанын, өз қасиеттерінің жаңа кезең келбетіне сәйкес өрбіп келе жатқанын жан дүниесімен түйсінгенін осы психологиялық желінің көркемдік шешімінен түсінеміз.
Ғафиз – Баймырза тектес әкелердің негізгі табиғи жаратылыс қасиеттерін жаңа уақыттың еркін кеңістігінде жүзеге асыруға ұмтылған жас буынның өкілі.
Романның идеялық - композициялық желісін құрап тұрған басты кейіп-керлердің бірі – Қабыл. Ол – Баймырзаның Барсакелмес қорығына барғанда көңілдесі болған келіншек Ұмытханнан туылған ұлы. Санаулы ғана адамдар мекендейтін Барсакелмес қорығы мекенінде уақытша көңілдес болған Баймырза мен Ұмытхан екеуінің баласы екендігі шығарма желісі арқылы белгілі болып отырады. Қабыл – Ұмытхан арудың сөніп бара жатқан аналық сезімін тұтатқан перзенті. Әуелгі отасқан күйеуі Ұмытханды бала тумағаны үшін тастап кетсе, Барсакелмес қорығына іссапармен келген Баймырзамен төсек қатынасындағы көңілдестігінен дүниеге келген Қабыл тағдырының әуелден осылай айрықша болып басталғанын көреміз.
Қабыл – әке мен шешенің жұптасқан отбасылық одағы аясында өспеген, тек қана анасының жүрек жылуымен өскен жігіт. Роман композициясында анасының жатырында пайда болуынан бастап, фәнидегі сәбилік, балалық, жігіттік кезеңдерінің бәрінде де оның өзіндік ерекшелігімен дараланып қалыптасқанын көреміз. Қабыл – жазушының туған халқы, қазақ ұлты туралы азаматтық-перзенттік махаббатын жинақтап көрсеткісі келген көркемдік шешімінің көрсеткіші.
«Қорықта дүниеге келген, балалық, жастық шағын осында өткізген жалғыз адам – ол – Қабыл... Өмірі арақ, темекі деген кесапатыңды аузына алмаған Қабылдың...» [153, 163 б] – роман құрылысындағы сюжеттік бөліктердегі адалдығын, мәрттігін, дене қайратын танытатын тұстары кейіпкердің өзіндік даралығын танытады.
Роман композициясындағы сюжеттерде Қабылдың көркем әдеби тұлғасын даралап танытатын бірнеше оқиғалық-дәлелдемелер бар: біріншісі – табиғат – Ананың шынайы жанашыры ретінде Барсакелмес қорығының аң-құстарын (Екі қабан, екі қарақұйрықтың текесін, он бес үйрек, бес-алты қаз атып алмайынша бұл арадан кетпейміз!») ату жоспарымен келген браконьерлерді мылтық атып қуып жіберген жанкешті-қайсарлығы; екіншісі – төс сүйегінен алынған қан аралас кемік майын Бруней сұлтандығындағы ауқатты адамның тұңғыш баласының тамырына жіберіп, бүлдіршіннің жанын алып қалған азаматтық ерлігі.
Романдағы басты кейіпкер осы Қабылдың мінез-құлық ерекшелігін, дене қайратын, адамгершілік қасиетін, төс сүйегінен бұрғылау әдісімен алынған кемік майын ауру бүлдіршінге құйып, аман алып қалуын арқау ету арқылы – автордың қазақтың халықтық физиономиялық-психологиялық бітім болмысын жаңаша дәлелдегісі келгендігі байқалады.
Қабылдың туған жерін, атақонысын, өзі дүниеге келген, туып-өскен Барсакелмес қорығын жан-тәнімен жақсы көрген көзқарасын жазушы бірнеше оқиғалар арқылы дәлелдеген: біріншісі – БҰҰ-ның табиғи ортаны қорғау жөнендегі әлемдік атлас каталогіне кірген Барсакелместі сақтауға арналған акционерлік қоғам ыңғайындағы ұжымның төрағасы болып сайланғаны; екіншісі – қорыққа келіп аң-құстарды (екі қабан, екі қарақұйрықтың текесі, он бес үйрек, бес-алты қаз) атып алуға келген браконьерлердің алтыатар мылтығын тартып алып, өздеріне қарай атып, қорқытып, қуып жібергені; үшіншісі – түрмеде дене күш-қайратымен танылып, Қабыл-Қабылан атанғаны; төртіншісі – түрменің бас дәрігері Санжар Биахметовичтің таңдауымен арнаулы медициналық бақылауға алынғаны, қорытындысында ең таза қанды адам екендігі дәлелденгені.
Романдағы көркемдік шешімнің негізгі арнасы – қазақтың ұлттық діл болмысын шындық пен қиял тоғысуында бейнелеу. Шындық пен қиял тұтасуы – көркем әдебиет туындысындағы романтикалық және реалистік көзқарастар тұтасуын бейнелейді. Қабыл-Қабылан – радиация мен тұзды ауа зардаптары торлап тұрса да, қазақтың ата-бабалық кескін-келбетін, қан тазалығын, адамгершілік-имандылықты, туған жерді қорғаудағы, сақтаудағы ұлттық-отаншылдық биік рух парасатын ұлықтаған ұрпақтың көркем жинақталған тұлғасы.
Романда оның кескін-келбеті де, өзіндік дағдылары да айрықша даралығымен бейнеленген. Мысалы:
1 «Екі жұдырығы гүрзідей. Бір адамның тақиясына тар келмейтін қара күштен бұл да құралақан емес. Күрес өнерінің әжептәуір әдіс-тәсілін біледі. Шығыс жекпе-жегі туралы талай кітабыңды шекілдеуікше шаққан. Бұлшық еттері білем-білем, желкесі жұмыр. Кеудесі аяққаптай. Және қимылына көз ілеспейді. Қандай биіктен лақтырсаң да төрт тағандап, аяғымен тік түсетін тарғыл мысық кәдімгі. Өмір бойы құс етімен қоректенді. Жөргекте жатып ішкені ешкінің қою сүті. Қысы-жазы теңіздің тұзды суына жуынды» [153, 209 б].
2 «Тастан қашағандай келісті дене бітіміне сұқтана қарайтындар жетерлік» [153, 210 б].
3 «Құлақ шымшылайтын аязға қарамастан беліне дейін шешінеді де, дереу білем-білем бұлшық еттерін қатқан қармен ысқылай бастайды. Рақат-ай, рақат! Мұз үстіне жүгіре шығып, терең тұсқа келгенде кісі сиятындай ойық ойып, Қапшағайдың мұздай суына бір сүңгіп шығарма еді, әттең-ай! Жалаң аяғымен қар кешпелегелі қай заман» [153, 203 б].
Барсакелмес қорығындағы аңдарды аулауға келген браконьерлер – жергілікті билік басындағылардың біреуі баласы, біреуі жандайшаптары болғандықтан, Қабылдың олардың өзіне кезенген мылтықты тартып алғанын, қорқыту үшін сол мылтықты атқаны үшін түрмеге қаматқаны – қоғамдағы әділетсіздіктің шынайы көрінісі. Билік жүйесіндегі әділетсіздіктің нақты осы көрінісі арқылы адамзат тарихының осындай әділетсіздік жайлаған сипаты дәлелденеді.
Қабылды арнайы тексеріске алып, оның қанының тазалығын анықтаған түрме бас дәрігерінің қуанышын да автор оның көтеріңкі көңіл-күйімен жеткізген: «Ойда – жоқта тағдыр бұған Қабылды табыстырды. Айтатыны жоқ, олжа, олжа! Күллі түрмедегілерден күдер үзген еді. Міне, денсаушылық деп осыны айтыңыз! Қан құрамы тап-таза» [153, 221 б].
Роман композициясының басынан аяғына дейінгі идеялық желі – қазақ халқының, даласының, оның ішінде Арал теңізінің, Сырдария өзенінің, Барсакелмес қорығының су жетімсіздігінен құрып бара жатқанына алаңдау.
Алаңдау – басты кейіпкерлердің көзқарастарымен, іс-әрекеттерімен әлеуметтік-психологиялық хал-ахуал жағдайында айқындалған ерекшелік. Адамдарды, олар өмір сүріп отырған ата мекеніндерді сақтау – авторлық идея бағдары.
Романның идеялық-композициялық желісіндегі қазақтың әлем өркениеті кеңістігіндегі дара қасиетін дәлелдеу, дәйектеу мұратының авторлық эпикалық баяндаумен де, кейіпкерлердің монологтарымен де, диалогтарымен де жүзеге асқанын байқаймыз.
Мысалы, түрменің бас дәрігері Санжар Биахметовичтің Қабылды мұз құрсанған Қапшағай айдынына балық аулауға апарып отырып, өзінше шағын дастархан жайып құрметтеп, сөйлеп отырғандағы қалпын да қазақтың ұлттық діліне, табиғи жаратылысына деген азаматтық-перзенттік махаббат сезімінің көрінісіндей қабылдаймыз:
«Үлкен кісі түрмедегі тұтқынның алдында иіліп-бүгіледі. Тәтті тоқаш тіл үйіреді, қызыл термостағы қалампыр қосылған ыстық шай бой шымырлатады...
– Осы отырысымызды шампан атып, атап өтуге болар-ақ еді, бірақ сен ішпейсің. Дұрысы – саған әзірге ішуге болмайды. Дегенмен ырымын жасайық, – екеуі күрешкі соғыстырды, – Қазақ деген халықтың әлем мойындаған асыл тегі үшін. Аталарымыз білген ғой бір нәрсені. Қан тазылығы жөнінен қазақтар бірінші орында!» [153, 222 б].
Ал, төс сүйегі тұсынан алынған кемік майды радиация сәулесін қабылдаған ауру бүлдіршінге құю үшін Қабылдың келісімін алғаннан кейін, жасалған төрт сағаттық операция, одан кейін Бруней сұлтандығындағы ауқатты кісінің сол баласының сауығып кеткені, баласының сауыққанына қуанған әкесінің Қазақстанның дүниежүзіне мәлім болған сапалы мұнайына арналған халықаралық симпозиумға шақырылып, осы сапарында Қабылға мол сый-сияпат жасағысы келіп, ұшақ үстінде қуанып келе жатқаны баяндалған. Осы сәтте бүкіл ғаламдық байланыстар жүйесі интернеттен компьютер экранында жарияланған мәтін де қазақтың ұлттық жаратылысын, бітімін әлемге әйгілейді:
«Төс сүйектің тұсынан бұрғылау әдісімен кемік май алынды... Кемік май – таза қанның тұнбасы. Алты-жеті атаға дейін қан араластырмауды көрегендікпен ойлап-пішкен көшпенді халық ұлы даладай данышпандығын әлем жұртшылығына тағы да табандылықпен мойындатты!.. Асығыс айтылған пікірталастар бір байламға тірелді... Қаны таза қазақ халқы енді ойлау қабілетімен де алға шығатын болды-ау, деп қауіптенген жапон ғылым академиясы кезектен тыс шұғыл отырыс өткізіпті-міс» [153, 225 б].
Қазақтың жеті атаға дейін қыз алыспайтын – қыз беріспейтін туыстық қатынастар заңдылығы – ата-бабалық ұлттық әдет-ғұрыптар, салт-дәстүрлер жолы.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   40   41   42   43   44   45   46   47   ...   73




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет