Бауыржан Момышұлының сөздері:
Әділдікті мойындау– адал кісінің ісі.
Өз ұлтын сыйламау, оны мақтаныш етпеу – сатқындық.
Ерлік – елдің қасиеті, жүректілік – жігіттің қасиеті.
Ешкім іштен батыр болып тумайды: батырлық та мінез секілді – өскен
орта, көрген тәрбиеге байланысты қалыптасады.
Ата-ана қадірін біле алмаған – халық қадірін біле алмас.
Тіл – ұлт қасиетін айқындайтын белгі, ұлттық салт-сана өзегі.
85
Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған ана тілімізді ұмыту – бүкіл
ата-бабамызды, бар тарихымызды ұмыту.
Әке, адамның жасы ұлғайған сайын жүрегің де жұмсара бере ме деп
қалдым. Оны сенен де байқадым ғой. Шешем туралы мына эссені 2007
жылы қыста жазыппын. Шешемді машина қағып, аяғынан қиналып жатқан
кезі еді ғой. Шындығында біз екеумізге қарағанда шешем мықты екен.
Құдай сақтасын аяғы бес жерден, қолы екі жерден сынып, қирап жатқанда
көрсеткен шыдамдылығы енді Ұлы Отан соғыстағы жауынгерлердің ерлігі
сияқты. Соғыс кезі болса құрғанда медаль беруге болар еді, шешеме осы
шығармам арқылы марапаттау жасадым.
Менің анам
«
Ана» деген үш дыбыстан тұрған сөз тау арқалап тұр. Сонда
жүзінде қиналыстың, реніштің көлеңкесі де жоқ. Жаңа дүниеге келген
бөпесін көтеріп тұрғандай. Көзінде мейірім, жүзінде бақыт нұры. Анашым,
сенің мұхитыңнан жүзіп өту маған қаншалықты қиын екенін сезсең-ау. Он-
он екі жасыңнан қыш құйып, үй салғаныңды, отын тасып, масақ тергеніңді
айтқанда жас күнімде ертегідей көруші едім. Ол менің қиындықпен бетпе-
бет кездеспеген кезім еді ғой. Ал қазір сенің тағдырыңды ойласам,
«жаным-ау, анашым-ау, қандай мықтысың» демеске шарам да жоқ. Келін
болып келгеннен соң да, сен әкем екеуің өз бақыттарыңның кішкентай
ұясын өздерің соқтыңдар ғой. Сен колхоздың қырманына да,
қызылшасына да шығып, жазда шаңқайған ыстықтың астында шаң
жұттың, ерте көктемнен бастап қызылшаның жұмысы, кетпендеген, шөбін
жұлған деген түк емес-ау, күздің қара суығында, аяғыңнан сыз өтіп,
резеңке етігіңді мұз кесіп, қызылша тердік дегеніңді ойласам, денем сені
тоңдырған суықтан тоңады. Сол еңбектің кейін зейнетін көремін дедің-ау,
ол саған зейнет емес, денсаулығыңды ұрлатқан нағыз тажал болды емес
пе? Кеңес заманы әйелдерді ерлермен теңестіреміз деп, аспанға да
ұшырды, қой да баққызды, тракторға да отырғызды да, екіқабат әйелдерді
туғанша жұмыс жасатып, туғаннан соң екі-ақ ай демалыс берді емес пе?
Екі айлық баланы бақшаға беріп, қара жұмысқа белі қатпаған аналарымыз
қайта шығатын еді. Кіп-кішкентай сәбиді егістіктің басына анасына
емізуге апарады. Менен кейінгі сіңлім Сұлушашты солай анама егістікке
апара жатқанда, машинаның кабинасында отырған бала күтушінің
қолында бір құндақтағы сәби болады да, тоғыз айлық Сұлушашты шопыр
екеуінің ортасына отырғызып қояды. Машина арықтан өткен кезде
кішкентай Сұлушаш құлап, машинаның жылдамдығын өзгертетін темірге
қабырғасын сындырады. Басқа жері де майып болған шығар? Бірақ баланы
құлатып алдық деп анама айтпайды, кешке үйге алып келеді, ертеңіне бала
көз жұмады. Анашым-ау, момыным-ау, балаңды өлтіргендерді де
кешіріпсің. «Ол қыздың тағдырын ойладым, ата-анасының көз жасынан
қорықтым» дейсің, «өлген бала өлді, ол әдейі өлтірген жоқ қой, ол қызды
86
соттатып, мен жақсы болар ма едім?» – дейсің. Жан анам-ау, сенің
парасатыңа мен бойлай алмаспын. Кейін біздің ауылда тағы бір сондай
қайғылы оқиға болды. Төлеу атаның екі немересі күндіз көршінің үлкен
машинасының арт жағында көлеңкеде ойнап отырады. Үйінен шаруасына
асығып шыққан көрші жігіт, машинасын тез оталдырып, артында отырған
екі баланы байқамай, артқа жүреді. Не керек ағайынды екі жігіттің
балалары қайтыс болады. Ауылды күңіренткен қайғы болды. Ауданның
бүкіл заң қызметкерлері біздің Күреңбелде. Сонда Төлеу ата шопыр жігітті
соттатуға қарсы болды. Атаның осы әрекетімен сенің әрекетің ұқсайды. Ел
ағасы Төлеу атаның сол ісі менің жүрегімде мәңгі қалып қойды. Сөйтсем,
бұл қасиет бабалардан дарыған кие екен.
Дария, дархан анашым! Аллаға шексіз алғысым бар, менің анамды
мейірімді, дана, ақылды етіп бергені үшін. Анашым, жаным, сенің бар
болғаның қандай бақыт! Сен өте мықты адамсың. Мықтылық деген
қаншама бейнет көрсе де, мехнат көрсе де, айналасына, адамдарға мейірімі
бар, жақсы көре алатын, жақсылық жасай алатын адамдар. Сен сондайсың.
Мұңлығым-ау, мен сені ойлағанда осы «мұңлық» деген сөз көкейімде
тұрады. Сенің бойыңды жайлап алған сағыныштың кемерінен асқаны
сонша, сен кейде оңашада жылап-жылап аласың. Мен оны білемін.
Жүзіңнен байқаймын. Жан анам-ау, әйел баласы жасы ұлғайғанда өзінің
төркін жұртын көп ойлайды екен. Сен де қой аузынан шөп алмайтын
момақан анаң Қызбала апамды ойлап, сағынып, бала кезіңді есіңе
түсіресің. Ардақтаған ағаң Сиқымбекті ойлағанда өзегің өртеніп, ендігі тірі
болса биыл жетпіс тоғызда болар еді ғой, «ағатайым-ау, жағатайым-ау, сен
де алды-артыңа қарамай кете бардың-ау» дейсің. Бәріне сабырмен қараған
сабырлым-ау, сенің қасиетіңді айтып тауыса алмаспын. Мен сенің қазіргі
қайратыңа, сабырыңа да қайран қаламын, сені авто көлікпен қағып,
аяғыңды бес жерден, қолыңды, қабырғаңды қиратқан балаларға да кешірім
еттің. «Олар әдейі қаққан жоқ, Алланың ісі болар» дедің. Әрине анашым,
бәрі бір Алланың қолында. Сен алты ай төсекте жатып та, күнде Аллаға
шүкірлік етіп, тәубе деп жатырсың. Сондықтан да, анашым, Алланың
үлкен сыйы, құрметі болады. Мейірімді Алла өзіңе мейірімін төгетін де
күн туады, Алла сабыр берсін.
Анашым – періштем. Сен менің періштемсің, сен мені
омырауыңнан бұлақтай аққан ақ сүтіңмен қоректендірдің, сен маған ата-
бабамның аманаты ана тілімді үйреттің, сен мені суықта тоңдырмадың,
ыстықта күйдірмедің, сен мені оттан, судан сақтадың. Сен маған
бабаларымнан қалған ата дәстүрді үйреттің, сен маған үлкенді сыйлауды,
кішіге құрмет көрсетуді үйреттің. Қарашы, біз деген кішкентай кезімізден
үйге келген үлкен кісілердің киімін шешкізіп, іліп қоюға, қолына су құюға,
астына жақсы көрпе төсеп, қолтығына жастық беріп, ол кісілер шай ішіп
болғанша аяқ киімі балшық болып тұрса, оны жуып, кептіріп қоюға
асығушы едік қой. Соның бәрін өзің үйреткенсің. Ең бастысы сен маған
туған жерге тағзым етуді, сүюді үйреттің. Анашым, әкем екеуің Жуалының
87
қай жайлауын, қай қыстауын көрмедіңдер. Сонда көшіп барған жерге сен
ылғи да тәу етуші едің ғой. Сенің Жерді сүюің расында ерекше болатын.
Жер Ананы айналып-толғанып жүретінсің, рақметіңді айтып жүретінсің.
Жерді тазалап, күрекпен аударып жіберіп, жемістің неше түрін егетінсің.
Сенің қарауыңнан ба екен, әлде сенің мейіріміңе мейірленген Жердің,
оның үсітінде Алланың сыйы ма екен, сенің еккен жемісің мол жеміс
беруші еді. Анашым, айналып толғанып тоғайдан бүлдірген тергенде,
таудың шиесін тергенде, сасырдың түбінде өскен ет табақтай
қозықұйрықтарды тергенде сен бақыттан басың айналған жандай, даланы
әнге бөлеп, ән шырқайтынсың. Сен судағы балықты қалай жақсы көруші
едің, әкем екеуің сылқ-сылқ күліп, мәз болып, тау өзені Сүңгінің суынан
балық аулаушы едіңдер ғой... Ана, сенің қасиеттерің көп қой, соның
ішіндегі ең керемет қасиетің: сенің үйге қонақ келгенде қуанатының, сенің
тамақ жасаудан алдыңа жан салмайтының, сенің керемет наның. Мен сені
«Наубайшы» деп мазақтайтыным есіңде ме? Қазір ойласам, үйден жаңа
піскен нанның исі шығып тұрған қандай керемет. Ол ыстық нанды турап,
маймен мыжып беретінің қандай еді. Анашым-ау, сен қуана алатын
қасиетің қандай жақсы! Ең алғаш піскен жемісті жұлып алып келгенде
балаша мәз боп қуанатынсың, жаңа піскен жүгеріні қайнатып бергенің,
оны өзің сүйсініп жеп, бізді қызықтыратының әлі есімде. Сен ауылдың
ешбір әйелі жасамайтын тамақтар жасаушы едің. Мысалы, ұнды сары
майға қуырып, быламық жасаушы едің ғой. Қазіргі кішкентай сәбилердің
дүкенде сататын ұнтақ сүтінің дәмі сияқты болатын. Сол быламықты
балалар біздер де, ауылдың ақсақалдары, жасы келген әжелері мақтап-
мақтап ішуші еді ғой. Анашым, біз қазір көгерсек, көктесек, сенің сол
үлкендерден алған батаңмен көгеріп жатқан шығармыз. Қадіріңді айтып
жеткізе алмас, анашым, сен жомарттықтың үлгісін көрсеткен жансың.
Сендей жомарт адамды мен бүгінге дейін көрмедім. Анашым, мен ес
білгелі сенің біреулермен ұрсысқаныңды, қатты сөз айтқаныңды көрмедім
де, естімедім де. Жан анашым сенің ішің қандай кең еді. Ана өзің айтып
берген аңыз мені аналыққа тәрбиелеген еді. Жауапкершілікті сезіндірген
еді. Ол мынадай аңыз еді ғой.
«Ана құрсағында бала пайда болып, өсіп, жетіледі. Дүние жұмағы сол
жер болады, тоңып көрпе іздемейді, ыстықтап, салқын жер іздемейді,
тамағы тоқ, қайғысы жоқ, қайда жүзіп барамын десе де өзі біледі. Ол
сайран салып ойнайды, сықылықтап күледі. Ол жерді мәңгілік тұрақ
мекенім деп ойлайды. Күндердің бір күні оған Алла Тағала: «Сен
дайындала бер, жақын күндерде бұл жұмағыңмен қоштасасың, жаңа ортаға
барасың» дейді. «Неге?» дейді бала. «Маған басқа ортаның қажеті жоқ,
мен ешқайда барғым келмейді». «Білемін, бірақ солай болады» дейді Алла.
Күндер өте береді. Алланың мейірленіп отырған бір күнінде бала Аллаға:
«Мен бармасам қайтеді, мен ол жақтың өмірін де, олардың тілдерін де
білмеймін ғой» дейді.
88
Алла шуағын шашып, өзінің тура сөйлейтін, бір-ақ рет сөйлейтін
мінезімен: «Сен жалғыз болмайсың, қасыңда бір періште болады» дейді.
Алланың екі сөйлемейтінін білген бала: «жарайды, періште бірге барса,
барайын» деп қала береді. Күндердің бір күнінде бала Алладан періштенің
атын сұрауды ұмытып кетіп: «Ол періштенің аты кім?» деп айғайлаған
кезде, басқа дүниенің есігі ашылып кетіп, байқаусызда ашық тұрған
есіктен сыртқа шыға келеді. Арт жақтан дауыс естіледі «Оның аты –АНА»
деген. Бала өзін айналып, толғанып, еміреніп жатқан адамды айнытпай
таниды. Сен періштені мен танимын деп жымяды. Ана-періште мәңгі
баласымен бірге болады. Жылдар жылжып өте береді. Сәби ержетеді, ол
жалғызсырамасын, бірге ойнайтын, қамын ойлайтын бауыры болсын деп,
Алла оған іні, қарындас жібереді. Уақыт бір замандарда қартайған анасын
Аллаға қайта тапсырады. Сонда баласы жылайды. Анасының соңғы сөзін
есіне алады. «Балам, менің арманым жоқ, менің уақытым келді, менің бұ
дүниедегі қызметім аяқталды, енді менің кетуім керек» деген.
Анашым, Періштем, сен де маған, менің бауырларыма адал қызмет
жасадың. Алланың аманатына адал болуды үйреттің. Ана болудың
жауапкершілігін, балаларымызды қалай тәрбиелеудің өнегесін көрсеттің.
Сенің үлгіңмен келе жатырмыз.
Ана, егер сен оқып, білім алған болсаң қандай болар еді? Сен оқымай-
ақ, ауыз әдебиетін, оның талай жанрларын жатқа айтушы едің ғой. Біздің
әулетте қанша бала болса, солардың бәрі сенің айтқан батырлар жырының,
ғашықтық жырлардың, ертегілердің рухымен ер жетті, бой жетті.
Анашым, дария дастаным, қарашы біз сенің аузыңнан: «Көрде туған
Көрұғылыны», «Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр», «Ер Тарғын»,
«Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш Баян сұлу» жырын, «Рүстем-Дастанды» және
жүзден астам ертегі, аңыздарды есітіп өстік. «Мұңлық пен Зарлықты»
айтқанда анасы Қаншайымның балаларын сағынғандағы зарын тыңдап
жатып, көз жасымызды көрсетуге ұялып, көрпенің астында солқ-солқ
жылайтынбыз.
Анашым, сен бізге жасандылығы жоқ өмір заңдарын, өмір сүрудің
ғылымын терең үйреттің. Сенің әкем екеуіңнің өмірің бізге мәңгілік
бағдаршам болды. Ер азамат кейде қырда, кейде сайда жүреді. Сонда сен
қырда жүріп, қыр асып кеткен әкемді жерден-алып жерге салып
жатпайтынсың, әкем қайдан келсе де, қалай келсе де күлімсіреп қарсы
алатын едің. Әкеме әйел болып дауыс көтеріп көрген емессің. Әкем сенің
тұңғыш балаңдай еркеледі. Айтпай-ақ, ескертпей-ақ үйге көп достарын,
сыйлы қонақтарды көп әкелетін. Сонда әкем саған сенетін, сенің
жомарттығыңа, сенің адамгершілігіңе сенетін. Сен сонда сол кісілерді ғана
күтіп отырғандай жайраңдап күліп, бір шайыңды бергенше етің пісіп, етті
жеп болғанша сыбағаларың деп, қойды сойдырып жіберіп «ащы қуырдақ»
деп дайындап қоятынсың. Қона жатқан достарына да, олардың көңіл
көтерген даурыққан даусына да кейістік танытпаушы едің ғой. Сонда өзің
89
өміріңде аузыңа шарап ұрттап көрмеген жансың. Бірақ қуана алушы едің,
қызмет көрсеткеніңді шаршау емес, бақытым деп сезінуші едің.
Ардақтым-ау, сенің анда–санда мұңайып, көзіңнің жасын төгіп
алатыныңды көретінмін. Сонда сен «Шіркін-ай, бір ұл перзентіміз болса
ғой» дейтінсің. «Сайынның ұлы» деген сөзді естігенді армандап-ақ өттің.
Әкеме: «Сен екінші бір әйел ал, ұл тауып беретін болса, ол әйеліңді
мойныма отырғызамын. Баласын өзім бағамын» деп талай айттың. Бірақ
әкем біздің көңілімізге қарады: «Әй, Тоты, (сені еркелетіп «Бикеш»,
«Тоты» дейді) сен олай деме. Қыз түгіл қызыл жүнге зар болған нешеме
адамдар жүр. Мен мысалы, Гүлтасымды елдің он ұлына
айырбастамаймын. Төрт қызым Құдай қаласа, төрт күйеубала әкеледі, олар
ұлымдай болады, одан кейін Алла көрсетсе, немерелеріміз болады,
солардың бәрі екеуміздің ұрпағымыз болады емес пе? Сен енді ондай
сөзіңді маған айтушы болма» деп, саған бір жола жауап қайтарған
болатын. Әкем екеулерінің ақ армандарың орындалды. Дәл әкем айтқандай
күйеубалаларың ұлдарыңдай, жиендерің тәттілерің, қызықтарың,
өмірлеріңнің жалғасы болды.
Сенің сыйласқан адамдарыңның шапағатын біздер де көрдік.
Достарыңның тәлімін алдық. Сенің достарың Дәнекүл мен Наршан
анамызды дәл өзіңдей көрдік. Олар да бізге өз балаларындай қарым-
қатынас жасады. Әкемнің достары әкеміздей болды.
Анашым, сен менің ғана емес біздің әулеттің анасысың. Сені жақсы
көрмейтін адамдар, сенің қасиетіңді көреалмайтын адамдар жоқ шығар?
Себебі сенің өмір бойғы ұстанымың: «Таспен атқанды аспен ат» деген
болатын.
Аман бол, анашым! Сені маған, менің бауырларыма ана-періште етіп
жіберген Аллаға болсын мадағым!
Достарыңызбен бөлісу: |