Абай Құнанбаев – қазақ халқының ұлы классик ақыны, ағартушы демократы, ұлтымыздың рухани мақтанышы. Абай өзінің өлең-жырларында ел ішіндегі ұрлық, зорлықты, алтыбақан алауыздықты, күштілікті, жатып ішер жалқаулықты өлтіре сынап, жастарды адал еңбекке, отырықшылыққа, егіншілікке, өнер-білімге шақырады.Абай сана-сезімді тәрбиелеудегі қоғамдық ортаның рөлін материалистік тұрғыдан түсіндіре білді. Адамның жақсы-жаман болуы, ақылды-ақылсыз болуы генетикалық негізге байланысты, ақ сүйек тұқымынан шыққандар ақылды, батыр, алғыр болады деген нәсілдік, идеалистік көзқарасқа қарама-қарсы болды. Абайдың поэтикалық шығармалары мен қара сөздері пәлсапалық, этикалық, эстетикалық, психологиялық және педагогикалық ой-пікірлерге толы. Абай түсінігінше, табиғат біздің санамыздан тыс және бізге тәуелсіз өмір сүреді. Біздің түйсігіміз бен қабылдауымыз, түсінігіміз айналадағы ақиқат шындық өмірдің сәулесі ғана.Ұлы ағартушы өз айналасын қоршаған әділетсіздік қазақ халқын аздырып бара жатқанын, жас ұрпақты тәрбиелеуге теріс ықпалын тигізетіндігін байқап, халықты, әсіресе, жастарды, адамгершілікке тәрбиелеуге ерекше көңіл аударды.Ал жастар бойына дарытуға тиісті жоғары адамгершілік қасиеттер ретінде туған елге деген сүйіспеншілік пен ерлік, табандылық пен адалдық, парасаттылық пен сыпайылық, адамдарға қайырымдылықпен қарау, еңбек сүйгіштік, жарқын өмірге ұмтылушылық т.б. атап айтты. Гуманист – ақын Абайдың ХІХ ғ.орта шенінде халқымыздың бойындағы жағымсыз қасиеттерді қатты сынға ала отырып, айтқан ойларының, көтерген өзекті мәселелерінің бүгін де маңызды, күн тәртібінен түспей отырғандығын атап ашуға болады. Абайдың айтқан ойлары бүгінгі білім беру жүйесінің гумандық бағытына үндесіп жатыр.
1995 жылы бүкіл еліміз Абайдың 150 жылдық мерекесін ЮНЕСКО шешімі бойынша әлем болып тойлады. Ұлтымыздың рухани мақтанышы, ұлы гуманист, ақын-ағартушы Абайдың ғылыми-педагогикалық мұрасының зерттелу жайы туралы және Қазақстанда төңкеріске дейінгі педагогикалық ой-пікірдің даму тарихында алатын орны туралы айтқанымызда ұлы ғұлама ойшылдың педагогикалық мұрасын алғашқы зерттеушілер, педагогика тарихы саласындағы көрнекті қазақстандық ғалымдар, педагогика ғылымдарының докторлары, профессорлар Т.Т.Тәжібаев, Қ.Б.Бержанов, Ә.У.Сембаев, Қ.Б.Жарықбаев, С.Қ.Қалиев және т.б. ғалымдардың еңбектерін ерекше атап өткен жөн.Ұлы гуманист-ақынның педагогикалық, тағылымдық мұраларының мәні мен маңызы бүгінгі таңда да өміршең, өзекті екендігін дәлелдейді.
Достарыңызбен бөлісу: |