Жекеше ІІ жақтық қатынастың ауыспалы мәндері. Жалпылама жақпен сәйкес келуі: Адам қалай тәрбиелесең де көне бере ме? Көнетiн болса‚ қандай шарт көндiредi? Көндiрмейтiн не нәрсе? Мiне‚ бұл мәселе талайдың миын тауысқан‚ талай талас шығарған мәселе (Ж.Аймауытұлы, Шығ.). Әр ауылдың, әр үйдің бір қазан бұзары, бір биі болады ғой. Ана үйді, мына үйді көрсең де, не нешіге, не киімге, не тамаққа таласып, бірінің тілін бірі алмай, ұрыс-жанжал болып жатады ғой (Ж.Аймауытұлы, Шығ.). Дарбазаның айбыны да содан бір кейін емес, жоғарыдағы сонау заңғар маңдайшаға, шұрық, шұрық тесіктерге, діңгектей жұмырлап сұққан алып босағаға, оның ішкі беттеріндегі көлденең сорайған дөңбектерге, қақ төбедегі түймедей салбыраған қола допқа еріксіз қарайсың, еріксіз бір айбын бойыңды билейді (Ж.Аймауытұлы, Шығ.).
Форманың жалпыланған жақтық мәндері абстрактілі денотативті жағдаятта (мақал-мәтел, жалпы тұжырымдар мен сентенцияларда т.б.) пайда болады: Жақсымен жолдас болсаң, жетерсің мұратқа, Жаманмен жолдас болсаң, қаларсың ұятқа (Мақал). Түстік өмірің болса, кештік асыңды жи (Мақал). Көз ауырса – қолыңды тый,Іш ауырса – аузыңды тый (Мәтел).
Еңбек етсең ерінбей,
Тояды қарның тіленбей (Абай).
Азат басың болсын құл
Қолдан келмес іске ұмтыл (Абай).
Дерексіз (жалпыланған) мәнде жұмсалуы көбінесе ән-жырларда, өлеңдерде қолданылады да жалпыланған лирикалық кейіпкер ретінде жұмсалады:
Сен жыладың, жігітім,
Көп көрдім деп тұрмыстың тапшылығын
Қайтпады деп жұртқа еткен жақсылығым,
Сен жыладың.
Сезімің жасып, ағып,
Кіп-кішкентай балаңды қасыңа алып,
Қырмызы күнім өтті деп,
Сенгенім сатып кетті деп,
Сен жыладың... (М.Шаханов, «Жігерлендіру»).
Қайда жүрсің сен,
Асыл сәулем, ғашық сәулем,
Достарыңызбен бөлісу: |