ӘОЖ 81̉ 371 Қолжазба құқығында
КӘРІПЖАНОВА АЙНҰР ОРАЛҚЫЗЫ
Фразеологиялық коннотацияның прагмастилистикасы
(Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы шығармалары бойынша)
10.02.02 – қазақ тілі
Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның
АВТОРЕФЕРАТЫ
Қазақстан Республикасы
Алматы, 2010
Жұмыс С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Қазақ филологиясы кафедрасында орындалды
Ғылыми жетекші: филология ғылымдарының докторы,
профессор Тұрышев А.Қ.
Ресми оппоненттер: филология ғылымдарының докторы,
профессор Қасым Б.Қ.
филология ғылымдарының кандидаты,
доцент Исаева Ж.Т.
Жетекші ұйым: А.Байтұрсынұлы атындағы
Тіл білімі институты
Диссертация 2010 жылы 3 наурызды сағат 14.00-де Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде (050010, Алматы қаласы, Достық даңғылы, 13, кіші конференцзал) филология, педагогика ғылымдарының докторы (кандидаты) ғылыми дәрежесін беру жөніндегі Д 14.09.04 диссертациялық кеңестің мәжілісінде қорғалады.
Диссертациямен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің кітапханасында танысуға болады (050010, Алматы қаласы, Қазыбек би көшесі, 30)
Автореферат 2010 жылы «2»наурызда таратылды.
Диссертациялық кеңестің
ғалым хатшысы, филология
ғылымдарының докторы, профессор Қосымова Г.С.
КІРІСПЕ
Зерттеудің өзектілігі. Фразеологизмдер – барлық тілдерге тән құбылыс. Сондықтан да осы бейнелі сөз орамдары әлем тілдерінде кеңінен зерттеліп келеді. Соның ішінде қазақ тіл біліміндегі зерттеулердің негізінде бұл құбылыс жан-жақты қарастырылуда. Алайда, фразеологизмдердің өзіне тән тілдік табиғаты, көркемдік нақышы, коннотациясы, бағалауыштық сипаты әлі де нақтылауды қажет етеді.
Фразеологизмдер коннотациясын зерттеудің лингвомәдени, прагматикалық, стилистикалық аспектілері, фразеологизмдердің тілдік бірлік ретіндегі ерекшеліктерін түсінуге және олардың концепті жасауға қатыса алуына мүмкіндік береді.
ХХІ ғасырда жаңа теориялық-танымдық әдістемеге сәйкес тілді ой-санамен, мәдениетпен және адамның тұрмыс-тәжірибелік қызметімен тығыз байланыста қарастыру қажеттілігі туындады. Мұндай қажеттілік тіл білімінде жаңа ғылыми бағыттың және оның негізінде қалыптасқан антропоцентристік парадигманың дамуын талап етті. Осы орайда прагмастилистика қазіргі тіл білімінде және фразеологияда жаңа бағыт ретінде өзінің қалыптасу кезеңінде тұр. Оның зерттеу нысаны, теориялық принциптері мен ғылыми әдістері фразеологизмдерді жан-жақты зерттеуді талап ететін сан-салалы мәселелерді көтереді. Себебі прагмастилистика өзінің зерттеу объектісінің көп қырлы аспектісіне байланысты прагматика, коммуникативтік лингвистика, психолингвистика, мәтін лингвистикасы, лингвистикалық поэтика, логика, когнитивтік лингвистика сияқты тіл білімі салаларының зерттеу мәселелерін өзара байланыстырады. Фразеологизмдер өмір, қоғам, адамның әр алуан қасиеттерін танымдық тұрғыда тұжырымдауға негіздейді. Олардың көркем әдебиеттегі қолданысы әр ақын-жазушының халықтық тіл байлығын пайдаланудағы өзіндік қолтаңбасына байланысты болса, екіншіден, сол дәуір, кезең, қоғам тынысын, адамдардың әлеуметтік жағдайын көрсетумен жиі қолданысқа түседі. Осы тұрғыда фразеологизмдер поэтикалық құрал ретінде автордың шығармашылық даралығын, дүниетанымын, көркемдік әлемін көрсетеді. Фразеологизмдердің бейнелілік қуаты, стилистикалық әсері, прагматикалық ықпалы күшті тілдік тәсіл болғандықтан кез келген мәтінде стилистикалық категориялардың жиынтығын құрайды. Фразеологизмдер сөзді жандандырып, тілге өткірлік сипат береді.
Көркем шығарма авторлары жалпы халықтық тілдің фразеологиялық құрамынан қажеттісін ала отырып, оларды мүмкіндігінше түрлендіріп пайдаланады, өзіндік қолтаңбаларын да жасайды. Сондықтан Мәшһүр Жүсіп шығармаларындағы фразеологизмдерді, яғни қазақ тілі фразеологиялық қорына қосылуға толық әлеуеті жететін рухани құндылыққа ие мағыналық бірліктерді стилистикалық, бағалауыштық, экспрессиялық, эмоциялық мән туғызу қасиеттерін танымдық тұрғыда анықтау, Мәшһүр Жүсіп шығармаларындағы фразеологизмдерді тіл білімінің жаңа бағыттары – прагмастилистика, когнитивтік лингвистикамен ұштастырып қарастыру аталған жұмыстың өзектілігін құрайды.
Достарыңызбен бөлісу: |