Кіріспе І тарау. М. Мақатаев өлеңдеріндегі лексикалық анафора мен эпифора



бет19/24
Дата19.12.2022
өлшемі279.01 Kb.
#467466
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   24
Кіріспе І тарау. М. Мақатаев өлеңдеріндегі лексикалық анафора ме-dereksiz.org

Мен тірімін.

Тірімін!

Көресің бе!!!

Мен деген — тірі жанмын, Сен елессің.

...Бірақ та сен — елессің, Сен — елессің!

Бұл жерде "тірі жан" — тірі, өмір сүретін адам мәнін білдірсе, "елес" - өлген кісі, қара көлеңке ұғымында берілген антонимдер. Автор өлең тармақтарында сөз соңында "елес пен тірі" антонимдерін қайталап, эпифора түрін жасаған. Бұл антонимдік-эпифоралық қайталама әкелік махаббатты, сүйіспеншілікті, қайтыс болған қызы Майгүлге арнаған сезімдерін, жүрек лүпілдерін толық ашады.

Антоним сөздер арқылы сөз мағынасы әр жақты, шебер айқыңдалады. Әсіресе, сөздердің толып жатқан нәзік қолданыстары нақты ашылады.

"Тірі адамдар өлмесін" өлеңінде есімшеден жасалған "өлген" сөзі сын есімді "тірі" сөзіне антоним болып келеді.

Өлім, өлім, өлім деп,

Неғыламыз күрсініп.



Өлген адам көмілмек,

Тірі адамға — тіршілік.

Өлім, өлім, өлімдеп,

Өкінеміз несіне.



Өлген адам көмілмек.

Тірі адамға — несібе.

Өмір мен өлім. Өмір — адамның тіршілік етуі, сол тірлікте басынан өткендерін суреттесе, өлім — адам өмірінің шегі, тынымсыз тірліктің аяқталуы. Қарама-қарсы мағыналы сөздер микромәтінде параллель құрылған. Өлеңнің екі шумақтағы анафоралық (өлген адам, тірі жан) және контактілі (өлім, өлім, өлім деп) қайталамалардың біріктірілуі антоним сөздердің бейнелілігін, ерекше бояуын айқындауға қызмет етеді. "Өлген мен тірі" антонимдерінің қайталануы өлеңнің көркем экспрессиясын күшейтеді.



Қысқа өлең сияқтанып қысқа болар,

Деп ойлап ем,



Ұзын болдың, өмірім.

Мұндағы "қысқа мен ұзын" сын есімді антонимдердің қайталануы арқылы ақын оқырманына біраз ойды аңғартады және ойлануға мәжбүр етеді. Осы келтірілген антонимдер - өмір қайшылығы, өмірдегі оқиғаларды кереғар ұғыммен берілунің көрінісі.

Мұқағали өлендерінде есімдіктен жасалған антонимдік қайталамалар да кездесіп отырады. Әсіресе, жіктеу есімдікті антонимдер жиі қайталанып отырады. Осыған орай, салыстырма "лирикалық кейіпкер - лирикалық адресат" оппозициясының негізінде қалыптастырады. Мысалы:
Сен шақырсаң, мен бармай,
Мен шақырсам, сен келмей,
Төбелескен жандардай,
Ерегескен елдердей.
Ренжіттің сен мені, Ренжіттім мен сені.

Өлеңнің мазмұнындағы "мен — сен" антонимдері қарама-қайшылықтықты нығайтады. Антонимдердің қайталануы арқылы авторлық баяндауды лирикалық монологтан аяулы, сүйікті, жақсы көретін адамға үндеу сөздеріне айналдырылады. "Мен" сөзінің поэтикалық мәні "сен" есімдігімен кеңейеді. Анафоралық қайталамалар /"шақырсаң", "ренжіттім"/ ақынның айтпақ ойын терендетеді, өлеңге айрықша мән береді.

Ақын өмірінің соңғы кездерінде қатты ауырып жатқанда, жүдеу тартқан күйін көріп, Лашын күрсінеді, оның нәзік те жаралы жанын жұбата алмай, шарасыз күй кешеді. Сол уақытта Мұқағали "Күрсінбеші" өлеңін жазған.

Мен түн болсам, сен таң болдың жаңа атқан,

Мені қола, сені шойын жаратқан.

Мен ашу да, сен ақылсың нәрі аққан,

Сен Адамсың, мен — аждаһа зәр атқан.

Мұнда "мен — сен" екі антитезалық бейне ретінде берілген антонимдер мәтіндегі бөлінбейтін біртұтастықтың бөліктері болып келеді. Өлеңнің шумағында "мен" сөзінің 1-ші жолдан 3-ші жолға дейін қайталануы, анафора болады. Сонымен бірге қайталамалар шумақтың ортасында да кездеседі.

Ал Мұқағалидың "Мұңлық" өлеңінің құрылысы, компоненттері "мен — сен" жіктеу есімдігіне, анафораға, лексикалық қайталамаға негізделгендігін анық көреміз. Өлеңдегі сөздердің, сөз тіркестерінің бәрі бейнелердің бір жүйесіне қосылған. Яғни, өлеңнің сюжеті екі лирикалық кейіпкердің көңіл-күйлерін сипаттаумен құрылған.

Сен мұңайып,

Мен қалай күн көремін.

Сенімен тағдырым бірге менің.

Сен оқыстан келгенде мына өмірге,
Болатынын осылай білген едім...

Шумақтың стилистикалық бояуына көңіл аударсақ, мұнда "сен", "сенімен" сөздері анафоралар болады.

М.Балақаев "Қазақ тілінің стилистикасы" еңбегінде: "Антонимдердің көркем әдебиеттегі стильдік қызметі де айрықша. Өйткені тіліміздегі осы сияқты мәндегі сөздерді ақын-жазушылар өзара қарама-қарсы қойып, шығарма тілінің көркемдігін шындай түседі", - деп жазған. [7,74]

Әсіресе, ақын' өлендеріндегі етістік тұлғалы антонимдер әр түрлі формада келіп, баяндауға, суреттеуге қызмет етеді, поэтикалық бейнені айқындай түседі.

Ақынның "Мейлі, мені шығарсын шірік қылып" деп басталатын жырында зерек көңіл, зерделі ой тасқынымен зор шабытпен жүрек тебірентерлік пафоста жазылып, айтар идеясы өте тереңде жатқандығымен оқырманның туған жерге, Отанға деген патриоттық ыстық сезімін оятады.
Отанымды сүйемін күліп тұрып,
Отанымды сүйемін жылап тұрып.
Мейлі, мені қайғыртсын, қуантсын да,
Мейлі, менің басыма бақ бермесін.
Мейлі, мейлі, жылатсын, жұбатсын да,
Мені, әйтеуір, Отаным жат көрмесін.
Отанымды сүйемін күліп тұрып,
Отанымды сүйемін жылап тұрып.

Автор "қайғыртсын-қуантсын", "жылатсын — жұбатсын", "күліп — жылап" сияқты етістіктен жасалған антонимдерді қайталап, туған жердің көрінісін әсерлі сөзбен суреттейді, өзінің поэтикалық шеберлігін, өлең мазмұнының терендігін, көркемдік ерекшелігін көрсетеді. Сонымен қатар "мейлі" сөзі мен "Отанымды сүйемін күліп тұрып", "Отанымды сүйемін жылап тұрып" сөйлемдерінен анафоралық қайталама жасап, өлеңнің қуатын жандандыра түседі.

Етістіктен болған антоним сөздер қимыл-әрекет динамикалығын әсерлі жеткізеді, сөз ойнақылығын тудырады. Мысалы:

Өледі кімдер, туады кімдер,

Батады күндер, шығады күндер.

Семеді гүлдер, өседі гүлдер,

Келеді күндер, көшеді күндер.

Мұндағы "өледі — туады", "батады — шығады", "семеді - өседі", "келеді — көшеді" антонимдері арқылы ақынның ойы нақты және тез айтылады. Жеке-жеке мысалы, "өледі, батады, семеді, келеді" деп алғанда бұл етістіктерде ешқандай да рең жоқ, ал антоним түрінде жұмсағанда ғана, экспрессивті реңге ие болып тұр.



Бір адам өлсе,

Бір жұлдыз қоса сөнеді, -

Бір кезде біреу, осылай маған деп еді.

Есімде әлі біреудің былай дегені:



Бір адам туса,

Бір жұлдыз бірге келеді.

Осы бір шумақтағы "өлсе — туса", "қоса сөнеді — бірге келеді" секілді антонимдерде қоғамдық өмірдің заңын, қарама-қайшылықтарын байқаймыз. "Бір адам өледі, оның орнына басқа адам келеді" деген сөйлеммен ақын "өмірдегі бүкіл құбылыс өзгереді" деген ойды айтады. Сондықтан Мұқағали философ ақын. Ол өзінің күнделікгерінде: "Қазіргі нағыз ақын алдымен ойшыл, яғни философ болуы қажет. Поэзияда философ болу деген сөз - өзін қоршаған әлемді ұғыну, әр заттың мәнін білу. Алайда салқын қанды, ақылгөй философ болу жарамайды, ақырына дейін "адам жанының инженері" болып қалуы керек...", - деп жазған. [9,4т.,397] Бұл айтылғандар ақын поэзиясындағы философиялық ойдың тереңдігін, ақынның асқақ талантын, ұлағатты парасаттылығын биік тұрғыдан аңғартатын ерекше белгілер болып табылады.


Антонимдер - өлеңдеріңдегі ең таратылған поэтикалық құралдардың бірі. Ол арқылы шындықтағы әр түрлі құбылыстарды бір-бірімен қарама-қарсы мәнінде, контраст түрінде салыстыруға болады. Контрастық доминант жасауда қайталама жоғары, белсенді рөл атқарады, қайталамалар екі бейне қарама-қарсы түру үшін композициялық құрылымда елеулі қызмет етеді.
Ақын жырларындағы үстеулерден, көмекші есімдерден болған антонимдер де қайталанып отырады. Мысалы:
Мен әуремін өз сырымды білумен,


Кеше бұзып, өкінемін бүгін мен...

...Ертең басқа бүгін жақсы көргенім,


Өз көзіме өзім

Сенбедім.

Мұнда "кеше — бүгін", "ертең - бүгін" — мерзімді, уақытты көрсету үшін қолданылған мезгіл антонимдер. Ақын оларды қайталап, мезгілдік ұғымды салыстыра жұмсап, мәтіннің мазмұнын ашады.

Аспан астын, жер үстін шиырлаған,


Бақыт жүр біреуге бұйырмаған.

... Аспан асты, жер үстін мекендеген,

Біреулер бақыт іздеп тепеңдеген.

/Бақыт іздеп/



Жер асты — көгілдір тау, құлама жар,

Жер үсті - көк тіреген мұнаралар.

...Астыңнан да, үстіңнен бұлақ аққан,

/Жездіде/

Осы өлеңдердің үзінділерінде "асты - үсті" деген екі көмекші есім сөз қайталанып отырады. Автор бұларды белгілі бір заттың, нәрсенің

орнын, бағытын білдіру үшін қолданады. Бірінші шумақта аспан мен жердің, екінші шумақта жердің асты мен үстінің арасындағы өзгешеліктерін көрсетеді, бұл өлең үзінділерінде ерекше әсер беріп тұрғандығы көрінеді.

Сөйтіп біз Мұқағали жырларында антонимдік қайталамалар да бар екендігін анық көреміз. Олар адам өміріндегі құбылыстарды салыстыра, шендестіре отырып, оқырманға ой салады, қарама-қайшылықты ашады. М.Мақатаев жұмсауындағы антоним сөздер морфологиялық тұлғасы жағынан көбінесе, зат есім /қас — дос, қуаныш-қайғы, жақсылық-жамандық/, сын есім /жаман-жақсы, адал-арам, тірі-өлі/, етістік /қуану-қайғыру, жылату-жұбату, өлу-туу, бату-шығу/, үстеу /кеше-бүгін, ертең-бүгін/ және көмекші есім түрінде /асты-үсті/ қайталанып отырады.





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   24




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет