Екі соқа
Бір зауыттан екі соқа қатар істеліп шықты. Біреуі егіншінің қолына түсті. Егінші онымен жер жырта бастады. Екінші соқа еш қимылсыз аулада жатты.
Арада бірнеше ай уақыт өткен соң, екі соқа кездесіп қалды. Жұмыс істеген соқа күмістей жалтырап тұр. Ал қимылсыз жатқан соқа тот басып, қарайып кеткен.
Тот басқан соқа жалтырап тұрған соқадан:
Сен неге мұнша жалтырап, әдеміленіп кеткенсің? – деп сұрады.
Мен еңбек еттім. Еңбек кімнің де болса шырайын кіргізбей ме? – деп жауап берді анау.
Ы. Алтынсарин
Тақтаға жазылатын сөздер: қимылсыз, күмістей, тот басып, әдеміленіп, шырайын.
Сұрақтар:
1. бірінші соқа кімнің қолына түсті? Екінші соқа ше?
2. Кездескенде соқалар қандай болды? Екі соқаны салыстыр.
3. Тот басқан соқа не деп сұрады?
4. Егіншінің соқасы не деп жауап берді?
Жоспары:
Екі соқа
Бірнеше уақыттан кейінгі кездесу
Тот басқан соқаның сұрағы
Егіншінің соқасының жауабы
Екі әтеш
(халық ертегісі)
Ертеде бір кемпір-шалдың екі әтеші болған екен. Олар қолдарына түскен жемдерін сол әтештерге беріпті. Бір күні кемпір құстарына жем шашады. Қарындары ашқан әтештер жүгіріп келді. Шұбар әтеш досынан жемді қызғанып, бергісі келмейді. Сөйтіп, әтеш досын қайта-қайта шоқып, жем жегізбей мазасын алады. Ақырында екі әтеш төбелесе кетеді. Екеуінің үсті-басы жұлым-жұлым болады. Бұлар таласып жатқанда, көрші үйдегі тауықтың балапандары келіп, жемді түгін қалдырмай жеп кетеді.
Сұрақтар:
Ертегі не туралы?
Әтештер неге төбелесті?
Әтештер қандай болды?
Жемді кім жеп кетті?
Жоспары:
Екі әтеш
Қызғаншақ әтеш
Әтештердің төбелесі
Жемсіз қалған әтештер
Достарыңызбен бөлісу: |