Мазмұны түсінік хаты


Ілияс Есенберлин шығармашылығы



бет28/78
Дата06.09.2024
өлшемі6.35 Mb.
#503432
1   ...   24   25   26   27   28   29   30   31   ...   78
Қазақ әдебиеті тапсырмалар (2) (копия)

Ілияс Есенберлин шығармашылығы
І лияс Есенберлин 1915 жылы қазіргі Ақмола облысы, Атбасар қаласында туған. Әкесі Есенберлі мен шешесі ерте қайтыс болған Ілияс бауыры Раунақпен бірге жетімдер үйінде өсті. 1940 жылы Қазақ тау-кен институтын бітіріп, Жезқазған рудниктерінде инженер болып істеп жүргенде дүниежүзілік екінші соғысқа қатысты. Соғыстан қайтып келгеннен кейін Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің нұсқаушысы болып жұмыс істей бастады. Кейін бұл жұмыстан босатылады. Оған себеп үйленген жары Диляраның әкесінің 1937 жылғы репрессия кезінде атылған Хамза Жүсіпбеков болуы еді.
Соғыстан кейін бірнеше поэма жариялап, өлеңдер жинағын шығарған Есенберлин сөйтіп қуғынға ұшырап, 1950-жылдары жазған шығармаларын ешбір баспа, газет және журнал қабылдамайтын болды. Оның қайтадан әдебиет саласында бой көрсетуі, өзіне атақ-данқ әкелетін еңбектеріне баспалардың есігінің ашылуы Қазақстан Компартиясы І. Хатшысы Дінмұхамед Қонаев есімімен тікелей байланысты. Негізгі мамандығы тау-кен инженері болған және жазушыны жас кезінен білетін Қонаев 1966 жылы кездейсоқ бір жерде көріп қалып оның мүшкіл халін білгеннен кейін араша түсіп, “Жазушы” баспасына директор етіп тағайындайды да, оның алғашқы шығармаларына қолдау көрсетіп отырады.
Осындай қамқорлықтың арқасында Ілияс Есенберлин «Көшпенділер» және «Алтын Орда» трилогияларын баспадан шығарды. Әсіресе оның 1960- жылдардың соңы мен 1970- жылдардың басында жарық көрген “Алмас қылыш”, “Жанталас” және “Қаһар” романдарынан тұратын “Көшпенділер” үштігі Кеңестік кезеңде қазақ халқынын ұлттық санасын оянуына түрткі болған маңызды шығармалар еді. Бұл еңбектерінде ол Қазақ хандығының құрылуын, Абылай хан заманын және Кенесары Қасымұлының Патшалық Ресейден тәуелсіздік алу жолындағы күресін сомдауда еді.
Ол кезде мұндай тарихи тақырыптарға баруға ешкімнің батылы жетпейтін. Әсіресе Кенесары туралы роман жазу әр жазушының қалам сілтей алатын тақырыбы емес еді. Өйткені одан 20 жылдай бұрын ғылыми тұрғыдан зерттеп докторлық диссертация қорғаған тарихшы ғалым Ермұхан Бекмаханов 25 жылға сотталған еді. Міне осыдан кейін Қазақстанда ешбір ғалымның Кеңестік идеология белгілеген тарихи тақырыптардың тысына шығып, қандай да бір тақырыпты зерттеуге ұмтылуы өз өзіне қол жұмсаумен парапар еді. Сондықтан тарихшылар ұлттық тарихтың орнына Компартия тарихын жазуға бейім тұрды. Міне осындай тар кезеңде жас ұрпақтарға шынайы тарихты үйрету мақсатында Есенберлиннің Кенесары тақырыбында роман жазуы үлкен ерлік еді.
Сонымен қатар Есенберлин мұны асқан шеберлік және шыншылдықпен де іске асыра білді. Ол романды қызықты ету үшін тарихи шындықтарға қайшы келетін қияли суреттеулерге барған жоқ. Сонымен қатар романдарын жазу барысында ғылыми еңбекке дайындалғандай терең зерттеулер жүргізіп, архивтерге үңіліп, көптеген деректерді қарап шыққан. Кейбір мамандар Есенберлиннің осы жинаған деректерімен егер роман орнына диссертация жазуды көздесе, 3-4 диссертация жазуға татитын дерек жинағынын атап өтуде. Еңбектің арадан жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де құнын жоғалтпай келе жатқан болуы, сондай-ақ 30 рет қайта басылып тиражының үш миллионнан асып түсуі де осыдан.
Есенберлин романдарын жазғанда қалай жұмыс істегенін былай деп түсіндіруде: «Мен алдыменен материал жинаймын. Деректер іздеймін. Айғақты уақиғаларды қараймын. Халық фольклорына сүйенемін. Жазба бетінде қандай шығармалар бар, соның барлығын қолым жеткен жерге дейін зерттеймін, оқимын, бірімен бірін салыстырамын. Осылай дайындаймын. Материал дайындалғаннан кейін алдымен ойға салып, бір жыл өте ме, көп жыл өте ме, миыма өзім жазамын. Не туралы болу керек, асыл арманың не еді осы кітапты жазғанда, нені көтергің, нені ашып айтқың келеді? …Тереңдеп ізденіп, өз ақылымның жеткен жеріне шейін жазамын.»
Есенберлинді осынау құнды еңбектерімен жойылу алдындағы бір ұлттың тағдырын қайта жаңғыртып өзгерте алған әлемдегі некен саяқ жазушылар қатарында атап өте аламыз. Бұл еңбектер тарихи сана мен ұлттық рух тұрғысынан қараңғы кезең болған Кеңес Одағы тұсында қазақ халқы үшін ұлттық тарихтың күні мен шабыт бұлағы болып табылады. Қазақ хандығының 550 жылдығы аталған 2015 жылдың жазушының 100 жылдығына тұспа тұс келуі де бекер емес сыяқты. Өйткені оның 17 романынан алтауы Қазақ хандығы мен Алтын Ордаға қатысты. 2015 жылы Есенберлиннің 100 жылдығы ЮНЕСКО-ның қолдауымен әлем бойынша аталып өтілді. Осы орайда Түркияда жазушының «Көшпенділер» үштігі түрік тілінде жарық көріп, Ыстамбұлда халықаралық ғылыми практикалық конференция өткізілді.
1983 жылы өмірден озған Есенберлиннің мәдени мұрасына ғалымдар жоғары баға беруде. Әйгілі ғалым, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, академик Сейіт Қасқабасов «Есенберлиннің тарихи романдары Кеңес Одағы кезінде халқымыздың тарихи санасының оянуына өлшеусіз үлес қосты» десе, Қазақстанның халық жазушысы және жазушымен көптеген жылдар бірге жұмыс істеген Қабдеш Жұмаділов болса «Ілияс Есенберлин қазақ әдебиетіне үлкен жаңалық, бетбұрыс әкелген, өз алдына жеке тарихи мектептің негізін қалаған ұлы тұлға» дейді.
Жазған тарихи романдары арқылы қазақ халқының ұлттық санасының жаңғыруына ерен еңбек еткен Ілияс Есенберлин туралы сұхбатымызды, жазушыны өзінің рухани ұстазы ретінде көретін белгілі ғалым профессор Тұрсын Жұртбайдың мына сөздерімен аяқтаймыз:
«1960 жылдардың екінші жартысынан бастап 1986 жылға дейін ұлттық ойдың, ұлттық пікірдің, ұлттық намыстың қайта жанданып, үлкен санаға жетуіне, тіпті Желтоқсан оқиғасына жетектеген қозғаушы күш Ілияс Есенберлиннің романдары болатын. Сондықтан да біздің бүгінгі тәуелсіздігіміздің негізін қалаған, соған бүкіл қазақ қауымын дайындаған – Ілияс Есенберлин және ол ашқан қақпа арқылы өткен тарихи көркем шығармалар».




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   24   25   26   27   28   29   30   31   ...   78




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет