Мектеп физика экспериментінің техникасы пәні:
ЗЕРТХАНАЛЫҚ ЖҰМЫС №1
ДЕМОНСТРАЦИЯЛЫҚ ЭКСПЕРИМЕНТТІҢ ЖАЛПЫ ӘДІСТЕМЕСІ
Оқу экспериментінің физиканы оқытудағы маңызы және орны
Жалпы білім беретін орта мектепте физиканы оқыту экспериментке сүйенетіні белгілі. Сондықтан эксперимент пен теорияның оқу процесіндегі мазмұнын анықтау, орнын тағайындау және ролін көрсету үшін мектепте физика құбылыстарын оқудың негізгі баспалдақтарын анықтаудың маңызы зор. Оларды талдау, әрбір деңгейдегі нақты эксперименттердің қажеттілігін анықтауға мүмкіндік жасайды.
Физика пәні мұғалімінің негізгі міндеті – оқушылармен бірге жұмыс істеу нәтижесінде, олардың физикалық құбылыстар дүниесін танып, алған білімдерін өздерінің келешектегі практикалық қызметтеріне пайдалануды үйрету болып табылады.
Демек, оқушылар үшін оқу процесі - алдымен танымдық процесс.
Сонымен, физикалық құбылыстарды оқыту процесіндегі негізгі танымдық деңгейлер бірқатар басқыштарға бөлшектенеді және олардың қажеттілігі педагогикалық заңдылықтарға байланысты.
Құбылысты бақылау – нақты құбылыс туралы алғашқы түсінікті қалыптастырудағы бірінші қадамы. Құбылысты бақылау талапқа сай, айқын қойылған демонстрациялық тәжірибе барысында жүргізіледі. Егер техникалық себептерге байланысты тәжірибені көрсету мүмкін болмаса, онда құбылысты бақылау үшін арнаулы кино немесе кинофрагментті пайдалануға болады.
Бақылау барысында мұғалім оқушылардың назарын құбылыстың ең қажетті жақтарына аударып отыруы тиіс.
Зерттелетін құбылыстың сапалық талдануы және оның басқа құбылыстармен байланысын анықтау.
Қаралып отырған құбылыстың бақылану фактісінің қаншалықты маңызды болғанымен, оның жан-жақты және терең талдануынсыз, өзіндік құндылығы болмайды.
Мұндай талдаудың алғашқы қадамы сапалық талдау болып саналады және оның барысында: а) берілген құбылыстың бұрыннан зерттелген құбылыстармен байланысы тағайындалады; ә) нақты белгілер мен байланыстардың біртектілігі айқындалады.
Сапалық талдау уақиғаның қалай дамуын алдын-ала дәл айта алмағанымен мәселенің анықталуына негіз бола алады.
Достарыңызбен бөлісу: |