ОңТҮстiк қазақстан мемлекеттiк


Тақырыбы: Ж. Аймауытов - дарынды жазушы, аудармашы



бет13/24
Дата27.12.2023
өлшемі383.21 Kb.
#488165
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   24
дәрістер БӘ

Тақырыбы: Ж. Аймауытов - дарынды жазушы, аудармашы.
Жоспар:

  1. Ж. Аймауытов - дарынды жазушы, аудармашы. Балалар әдебиетіндегі Қартқожа образы.

  2. Сейфуллин өмірі мен қоғамдық қызметі, шығармалары

Дәрістің мақсаты:

  1. Ж. Аймауытовтың балалар әдебиетіндегі рөлі.

  2. Сәкен Сейфуллин қазақ кеңес әдебиетіне сіңірген еңбегіне тоқталу.


Жүсiпбек Аймауытов 1889 жылы Семей губерниясының Павлодар уезiнде Қызылтау болысының бiрiншi ауылында туған. Арғы аталары ауқатты болған деседi. Бiрақ Жүсiпбектiң өз әкесi Аймауыт та, оның әкесi Дәндібай да шағын шаруалы адамдар екен. Руы-Сүйiндiк. Бұл жағынан келгенде, Сүйiндiк iшiнде Айдабол, Көлiктен шыққан атақты ақындар С.Торайғыров, М.Ж.Көпеевтермен Жүсiпбек әрi жерлес, әрi аталас. Жүсiпбектiң 15-жасқа дейiнгi өмiрi ауылында өтедi. Ол ауыл молдасынан оқып сауатын ашады.Тиiп-қашып, әр қилы молдалардың, өз айтуынша, Жүнiс Қожа, Шаймерден Қожа, Қожаахмет Қожа, Қапар Қожа, Мұхамеджанның алдын көрiп, ескiше едәуiр бiлiм алады. Содан кейiнгi бiраз уақыт өзi де молдалық құрып, бала оқытады. “Қартқожа» романында Жүсiпбек Аймауытов бала молда ретiнде өз өмiрiнiң осы тұсын суреттеген.


1907 жылы Жүсiпбек молдалықты тастап, Баянауылға барып орыс мектебiне түседi. «Оспанның (Аймауыттың iнiсi) Серебрянников дейтiн тiлмашы менi тәуiр көрушi едi. Баянда соның үйiнде жаттым. Баянда бiр қыс оқып, екi бөлiмiн бiтiрiп, келер жылы Керекудегi қазыналық ауыл шаруашылық школiне барып емтихан ұстадым» - дейдi ол.
Бiрақ ауыл шаруашылық мектебiнде ұзақ оқи алмайды. Бiр айдай ауыл шаруашылық жұмысына қатысып, одан кейiнгi екi ғана оқуға мүмкiндiк алған, Жүсiпбек мектеп режимi мен әдiлетсiздiкке қарсы бой көтерген балалардың қатарында оқудан шығып қалады. Осыдан кейiн бiраз уақытын ол ауылда бала оқытумен, Баяндағы мектептiң үшiншi класында оқуын жалғастырумен өткiзедi. Содан 1911 жылы Керекуге келiп, екi класты орыс-қазақ мектебiне орналасады. Әуелi сол мектепте , кейiн интернатта бiлiм алып, 1914 жылы Семейдегi мүғалiмдер семинариясына түседi, оны 1919 жылы бiтiредi. Семейде ол «Абай» журналын шығарысады. Аймауытовтың саяси-әлеуметтiк қызмет сапары 1919 жылдан басталады.
1919 жылы Жүсiпбек Алашордадан бөлiнiп, Кеңес үкiметi жағына шығады. Коммунисттiк партияның қатарына өтедi. Семейде, Павлодарда партия, кеңес жұмыстарын атқарады. 1920 жылы Қазақстан кеңестерiнiң съезiне делегат болып қатысады, сол жылы қаңтар айында Жүсiпбек партия қатарына кiредi. Содан кейiн Қазақ АССР Халық ағарту комиссариятында басшылық қызметте (комиссардың орынбасары болып) қалады. 1921 жылы Семей губерниялық оқу бөлiмiнiң меңгерушiсi, кейiн «Қазақ тiлi» газетiнiң редакторы болып iстейдi. 1922-1924 жылдары Қарқаралыда мектеп мұғалiмi, ал, 1924-1926 жылдары Ташкентте шығатын «Ақ жол» газетiнiң редакциясында қызмет атқарады. Бұдан кейiн 1926-1929 жылдары Шымкент педагогтiк техникумының директоры болады. Ара-тұра сол кездегi саяси науқандарға араласады. Торғай уезiнiң ашықққан халқына жәрдем ұйымдастырып, жиналған малды «өзi пайдаланып кеттi» деген жаламен жауапқа тартылып, артынан ақталады. Содан 1929 жылы «Қазақстандағы ұлтшылдық ұйыммен байланысы бар» деген сылтаумен қайта тұтқынға алынады.
1931жылы Жүсiпбек Аймауытов 42 жасында, нағыз шығармашылық толысқан кезiнде қыршынынан қиылды.
Алғаш өлең жазумен әуестенуi 13 жастан басталған. «Дұғалық жазатын кiшкене қара шолақ кiтапшама тiленшi шалға есiгiн ашпаған бiр кемпiрдi, көшкенде байталға мiнбеймiн деп әкесiн ренжiткен қызды өлең қып жазып қойғанымды әкем көрiп, маңдайымнан иiскегенi әлi есiмде. Содан соңғы өлең жазғаным 19-20 жастар кезiмде болса керек. Бiр бала молдамен айтысып, өлең жазғаным бар. 1912 жылы жазған өлеңдерiм ескi дәптерiмде әлi сақтаулы. Абайға елiктеппiн. Ең алғаш басылған сөзiм – 1913 жылы болса керек, бiр ақылық алыпсатардың болыс болам деп, елге бiр месте шай апарып, елдiң қулары болыс қоямыз деп, шайларын алдап алып, бос қайтқаның жазып едiм. Бұл хабар «Қазақ» газетiнде басылды. Сол хабардың басылуы қалам ұстауыма үлкен себеп болды. 1916 жылы қазақтан жұмысшы алудың артынан пьеса жаза бастадым.Алғаш жазған 5 перделi пьесам жарыққа шықпады» -деп жазған.
Оқуы мен қызмет бабына байланысты, 1914 жылдан бастап, он жылдай Семейде болған кезiнде Жүсiпбектiң жақсы қарым-қатынас жасасқан, көңiлі жакын, достас адамдары, Шәкәрiм, Көкпай, Сұлтанмахмұт, Сәбит Дөнентаев, Иса Байзақов, Жұмат Шанин, Майра, Әмiре сияқты әдебиет, өнер қайраткерлерi.
Жүсiпбектен қалған мұра аса бай. Оның iшiнде «Қартқожа», «Ақбiлек» романдары, «Күнiкейдiң жазығы» повесi мен көптеген әңгiмелер, «Рабиға», «Мансапқорлар», «Сылаң қыз», «Ел қорғаны», «Қанапия-Шарбану»,«Шернияз» атты пьесалар, өлеңдер мен «Нұр күйi» поэмасы, балаларға арналған ертегi кiтапшалар, сын мақалалар мен көптеген аударма кiтаптар, оқулықтар бар. Өз кезiндегi газет-журналдар бетiнде Жүсiпбек жазған мақалалар да бiрсыпыра.
Әлеуметтiк төңкерiстер заманында өмiр сүрген Аймауытов өзiнiң қысқа ғұмырында артына аса бай әдеби, ғылыми мұра қалдырды. Ол В.Шекспир, В.Гюго, Г.Мопассан, А.Дюма, А.С.Пушкин, Р.Тагор, Н.В.Гоголь, Л.Н.Толстой, Дж.Лондон шығармаларын, «Интернационалды», бiрқатар ғылыми еңбектердi қазақ тiлiне аударды. Педогогикалық психология, методика, эстетикалық тәрбие туралы зерттеулер жазды, әдебиет, эстетика, сын саласына қатысты, сан алуан публицист мақалалар жазды.
1918-1919 жылдары М.Әуезовпен бiрге Семейде «Абай» журналын шығарып, «Екеу» деген біркеншiк атпен, Әуезовпен бiрлесiп, «Абайдың өмiрi және қызметi» (1918 №2), «Абайдан кейiнгi ақындар» (1918 №3) деген мақалалар жазды.
Жүсiпбектiң «Қартқожа» романы 1926 жылы тұңғыш рет Қызылорда қаласында жеке кiтап болып шыққан. Бұл- ауылдағы қарапайым қазақ азаматының өмiрiн, оның әлеуметтiк арпалыстар кезiндегi күрделi тағдырын этикалық үлгiде көркем бейнелеуге арналған қазақ әдебиетiнiң алғашқы көлемдi шығармасы. Онда қазақ ауылының революция алдындағы және әлеуметтiк қақтығыстар кезiндегi тiршiлiгi, азаттық жолындағы күрестен кейiнгi жаңаша ұмтылысы шыншылдықпен бейнеленедi. 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысының басталуы мен оның 1917 жылғы ақпан революциясына ұласуы, қазақтарын ел iшiндегi әлеуметтiк күрестерге араласуы, «Алашорданың» құрылуы, Октябрь революциясы мен азамат соғысының оқиғалары роман сюжетiне желi боп кiредi. Шығарма қаһарманы Қартқожа да, оның елi, жұрты да осы оқиғалар фонындағы тартыста есейiп, есiн жинап, iлгерi басады, болашаққа қарайды.
Романда айрықша көзге түсетiн нәрсе – көшпелi қазақ аулы өмiрiнiң жүдеулiгi, қоғамдық әдiлетсiздiк. Мұны бiз Қартқожа туып-өскен ортаның отбасылық тiршiлiктiң, ескi ауылдағы әлдiнiң әлсiзге жасаған зорлығы фактілерінен, осы негiздегi қақтығыстардан танимыз.
Шығарма қаһарманы жайындағы жазушы толғанысында бүкiл романның пафосы жатыр. Автор қазақ ортасынан шыққан жас Қартқожаны «елi үшiн күйген, еңбектi сүйген, ер жүректi, жұртшылық көсемi- жалынды жастардың» қатарынан көргiсi келедi. Оның халықтың ойлары Қартқожа бейнесi арқылы өрбiп дамиды.
Шығармадағы басты кейіпкер Қартқожа есімді, өте жуас, момын, әлсіз кедей бала. Роман осы баланың бастан кешкен оқиғалары бойынша өрбиді. Қартқожа кішкене кезінен бай балаларының әлімжеттігін, өз әкесі Жұманға байлардың жасап отырған әділетсіздіктерін көріп өседі. Осы қорлық пен зорлықтан құтылудың жолы деп ол бала кезінен діни білім алып, молдалар жасайтын бар қылықты жасап, намаз оқып, құдайға жалбарынады. Бірақ қанша жерден діни білім алса да оның ешқайсысы не өзін, не әкесін кедейліктен құтқаруға жетпейді. Осылай үлкен езгіге шыдай жүрген кезінде, Қартқожа орысша терең білімі бар тілмаштардың, перуіатшіктердің ешкімнен қаймықпайтынын, өздерін биік ұстайтынын, оларды ешкім де қорламайтын байқайды. Тілмаштардың құдіреттілігі өте жоғары деп түсінген Қартқожа олар сияқты болғысы келгені соншалық, Әбдібек деген тілмашты түсінде де көреді. Әбдібектер алған орысша білімді алғысы келгенімен, өзін школға алмайтынын, жасының өтіп кеткенін көріп күрсінеді. Бар қиындық шешімі орысша оқып, хат тану екенін түсінген Қартқожа Жүніс деген өзі секілді шәкірттен кітап алып орысша әріп таниды. Оның үстіне кедейлігі қатты қысып, жұт әсерінен малы қырылған әкесі, үйіне байдікінен ұн әкелемін деп қаза тапты. Енді-енді көзі ашыла бастағанда Қартқожаны болыстар солдат болуға жазып қояды. Жасы жетпесе де болыстар Қартқожаны өздерінің балаларының орнына жаза салған. Мұндай зорлыққа шыдамаған Қартқожа секілді кедейлер көтеріліс жасайды. Қартқожа көтерілістегілермен бірге болып, мұндағылардың мінездеріне үңіледі. Дәрмен, Имақан және тағы сол сияқты адамдармен де жүздесіп, олардың да армандары теңдік екенін түсінеді. Алайда, мылтықпен қаруланған орыс әскеріне мына көтеріліс адамдары мүлде төтеп бере алмайды. Қартқожа амалсыздан соғысқа кетеді. Бірақ, солдат өмірі Қартқожаның көзін ашады. Ол Андрей деген жігітпен танысып, одан орысша үйреніп, дамыған заман туралы әңгімелер естиді. Одан әрі Қартқожа оқу жолына түседі.


Қартқожаны жазушы бірден озық идеялы жаңа қаһарман етіп жібермейді. Бар тіршілігі теңсіздікте, жоқшылықта өткен қазақ кедейінің баласы өмір талқысына түсіп, біртіндеп көзін ашады, өмірден сабақ ала отырып өседі. Оның бәріне себеп - ХХ ғасыр басында туған әлеуметтік революциялар дәуірі. Егер ол болмаса, Қарқожа да әкесі Жұман тәрізді шағын шағын шаруасын күйттеген момын шаруаның бірі болып қалар еді. Қартқожаның шындықты, әділдікті тануы жолында 1916 жыл оқиғаларының маңызы бар. Әуелде патшаға, болысқа қарсы топты көріп қызықтаған ол бірте-бірте сол іске өзі де араласады. Көтерілісшілермен болған күндер Қартқожа үшін үлкен мектеп болады. Көп ішінде жүріп, халықтың әр қилы тобын, олардың мінездерін, тіршілігін таниды. Болыстың елге жасап отырған әділетсіздігін, зорлығын көреді. Соған қарсы қол көтерген Дәрмен сияқты азамат жігіттер де ел ішінде барын біледі. "Дүниеде болыстан жауыз жан жоқ... Дәрмен біліп жүр екен. Өлтірер ме еді!" деген ой Қартқожа басына сонда келеді. Көтеріліс басылған соң, өзі солдатқа алынып кете барады. Баласының көтеріліске қатысқаны үшін сорлы әке бар малынан айрылып, жылап қала береді.
Қартқожаның рухани өсуіне жол ашқан - солдат өмірі. Бұл кезде ол тыс жерде, көрмеген жаңа ортада өмір кешеді, қараңғылықтан жарыққа шыққандай сезінеді. Оның көзін ашып, оң мен солын тануына себеп болған Андрейді ол өле-өлгенше есінде сақтайды. Патшаның тақтан құлауынан кейін елге қайтқан Қартқожа ендігі жерде оқусыз білімсіз өмір сүру мүмкін емес екенін ұғынады.
Роман соңында Омбыдан елге оралған Қартқожа ел алдында жігерлі сөз сөйлеп, елді еңбекке, аңсаған, армандаған Қартқожаның халықты надандыққа қарсы, қара бастың қамын ойлауға қарсы шақыруы - оның жаңа заман рухын қабылдағанының белгісі. Жүсіпбек Қартқожаның өмір талқысынан өтіп, әділдік жағын тауып, жаңа дүниеге шығуын суреттеу арқылы жас қазақ совет әдебиетіне жаңа қаһарман қосты. Оның істейтін ісі әлі алда еді. Шығарма қаһарманы жайындағы жазушы толғанысында бүкіл романның пафосы жатыр. Автор кедейлер ортасынан шыққан жас Қартқожаны "елі үшін күйген, еңбекті сүйген, ер жүректі, жұртшылық көсемі - жалынды жастардың" қатарынан көргісі келеді. Оның халықтық ойлары Қартқожа бейнесі арқылы өрбіп дамиды. Бұл - "Қартқожаның" жалпы қазақ романының тарихындағы маңызына қоса тақырыптық, идеялық жаңалығын да көрсетеді.
Шығарманың шұрайлы тiлi – жазушы шеберлiгiнiң айқын көрiнiсi. Ондағы суреттер ел өмiрiн, дала тiршiлiгiн, ондағы адамдар ұғым- түсiнiгiн оқырманның көз алдына жайып салып отырады.
Бұл « Қартқожаның» жалпы идеялық, тақырыптық маңызына қоса қазақ романының тарихындағы көркемдiк ролiнде, жаңалығын да аша түседi.
«Ақбiлек» - жеке кiтап болып басылып үлгермеген шығарма. Ол кезiнде «Әйел теңдiгi» журналының 1927-1928 жылдар iшiндегi бiрнеше санында жарияланған. Бiрiншi рет 1989 жылы Жүсiпбектiң таңдамалы шығармалары iшiнде жарық көрдi.
«Ақбiлек» тақырыбы жағынан «Қартқожа» романымен үндес. Егер «Қартқожада» жазушы ескi қоғамдық құрылыс жағдайында теңсiздiкте өмiр кешкен қазақ жiгiтiнiң құлдықтан құтылып, азаттық күрес жолына шыққан суреттесе, «Ақбiлектеде» осы идеяны жалғастырады. Мұнда феодалдық- рушылдық ортада жiкшiлдiк тартыстардан қорлық көрген қазақ қызының жаңа заман шындығын пайдаланып, өз бағытын табу, тең құқылы азамат болуы бейнеленедi.
Жазушы халықтық көзқарасы романдағы байлар мен кедейлер өмiрiн, олардың ара қатынасын, рушылдық, жiкшiлдiк, пендешiлiк ұсақ мiнездерден туған кикiлжiңге әлеуметтiк сипат бере бейнелеуiнен көрiнедi. Ол тұрмыс – салттың ұнамсыз жақтарын да көңiл аударады. Әлдiлердiң тарапынан әлсiздерге жасалып жатқан зорлықы көре бiледi.

Жалпы алғанда «Ақбiлек»- бiр қыздың тағдыры негiзiнде әлеуметтiк революциялар дәуiрiндегi қазақ ауылының жанаруын суреттейтiн алғашқы қазақ романының бiрi.


«Күнекейдiң жазығы» повесi 1928 жылы «Жаңа әдебиет» журналында жарияланған. Мұның да тақырыбы әйел тағдыры.
Жүсiпбектен қалған бiрталай әңгiме бар. Олар «Бетiм-ау, құдағи ғой» (1918), «Өмiр деген осы ма», «Мысыққа ойын, тышқанға өлiм» (1923), «Елес», «Оралдан поезд өткенде», «Қойшы Тастамақ», «Жаңа өмiрге аяқ басты», «Жидебайдың баяндамасы» (1924), «Жетi азбан», «Жол үстiнде», «Көшпелi көжебай», «Әншi» (1925), «Боранды болжағыш әулие» (1926) т.б. Бұлардың көбi сол кездегi газет-журналдар беттерiнде жарияланған. Әңгiмелермен қатар баспасөз беттерiнде Жүсiпбек қолынан шыққан өлеңдер, публицистикалық мақалалар, фельетондар аз емес.
Жүсiпбек әңгiмелерi, негiзiнен, жазушы өмiр сүрген дәуiрдiң шындығын суреттеуге арналады. Оларда ел тұрмысындағы өзгерiстер, адам психологиясындағы жаңалық, әлеуметтiк теңсiздiк пен оған қарсы күрес, өнер тақарыбы, уақыт, заман туралы толғаныс, т.б. мәселелер сөз болады.
Жүсiпбектiң драматург есебiнде көзге түсуi де тым ерте басталған. Ол Семейде оқыған жылдары жастардың ойын-сауық кештерiне қатысып, домбыра тартып, ән салып, спектакьлдер қойған, өзi басты рольдерде ойнаған. 1917 жылы 17 желтоқсанда Семейде оқитын жастардың әдеби кешi болып, онда Жүсiпбектiң «Ескi тәртiппен бала оқыту»,«Рабиға» атты бiр перделi пьесалары қойылған. Ол жөнiндегi хабар кезiнде жергiлiктк баспасөзде жарияланған. Кейiн «Ел қорғаны» (1925), «Мансапқорлар» (1925), «Қанапия мен Шарбану» (1926), «Шернияз» (1926) атты драмалар жазған.
Жүсiпбек –әдеби шығармашылығын ақындықтан бастаған адам. Бiрақ өлендерi жиналып басылмай, кезiнде жарық көрген күнделiктi баспасөз бетiнде қалған. Қазiр бiзге белгiлi Жүсiпбектiң поэзиялық туындыларының iшiнде «СарыАрканың сәлемi», «Ах-ха-хау», «Көшу», «Әскер марсельезасы», «Тұңғиық, түпсiз астында» тағы да басқа өлендер мен «Нұр күйi» атты поэмасы бар. «Нұр күйi» атты поэмасы 1929 жылы Қызылордада жеке кiтап болып басылған. Оны автор «Күйлi сөз» деп атаған. Поэма уақиғасы Жiбек анананың жаңа туған нәрестесiне толғанып айтқан жырымен басталады. Бiрақ ана қуанышы баласының соқыр екенiн бiлiп тез басылады. Алайда бала өнерпаз, күйшi болып өседi. Өнерiмен, жұртты таң қалдырады. Кейiн орыс дәрiгерлерiнiң көмегiмен көзi жазылып ол қуаныш шаттық күйiн тартады. Автордың «Нұр күйi» дейтiнi сол. Ақын сол арқылы өнерпаз бала көрген, оның келешегiн айқындаған нұрдын, жарық сәуленiң шатты сезiмдерiн жырға қосады. Поэма жастарды өмiрдi сүйюге, қиыншылыққа мойымай, онымен күресе бiлуге тарбиелейдi. Едiгенiң орыс дәрiгерiнен көмек алуы арқылы автор халықтар туысқандығының да проблемасын өзiнше шешуге ұмтылады. Поэманың жазылу үлгiсiнде де ақ өлең көбiрек қолданылады.
Жүсiпбек көп шығармаларын жаңа, жас ұрпаққа арнады. Соларды жаңа рухта, күрескерлiкке, адамгешiлiкке тәрбиелейтiн кiтаптар жазды. Оның балаларға арнап жазған «Жаман тымақ», «Шал мен кемпiр», «Көк өгiз», «Үш қыз» сияқты ертегiлерi бар. Олар суреттi кiтапша үлгiсiнде жазылған.
Жүсiпбек көптеген сын мақалалар да жазған. Олардың iшiнде М.Әуезовпен бiрiгiп жазған «Мағжанның ақындығы туралы» (1923), «Аударма туралы» (1925), «Сұңқар жыры» (1925) атты еңбектерi автордың әдебиет жөнiндегi, оның ерекшелiктерi туралы, жазушы шығармашылығын түсiнудiң принциптерi жайындағы ұғым-түсiнiгiн, көз қарасын көрсете алатын елеулi туындылар.
Аударма еңбектерi бiр төбе. «Интернационалды» қазақ тiлiне асқан шеберлiкпен аударуының өзi-ақ Жүсiпбектiң аударма өнерiнiң өрен жүйрiгi екенiн айнытпай танытады. Пушкиннiң «Сараң серi» ( Скупой рыцарь), «Тас мейман» Каменный гост), Гогольдың «Бақылаушы» (Ревизор) пьесаларын аударған. Джек Лондоннан аударған «Теңiз телегей аттаныс» (Всеобщий поход) шығармасы 1926 жылы «Жаңа мектеп» журналының 4,5 сандарында басылған.
Оның артында бiрталай ғылыми мұра да қалды. Ол халыұ ағарту комиссариатында педагогикалық оқу орындарында қызмет iстей жүрiп, жас ұрпақты жаңа рухта тәрбиелеуге, олардың ғылымның әр саласында жан жақты бiлiм алуын көздеген еңбектер оқу құралдарын жазды. Олардың iшiнде «Тәрбиеге жетекшi» (1924) «Психология» (1926), «Жан жүйесi және өнер тандау»/1926/ атты елеулi кiтаптары бар. Бұлар, әрине, бүгiнгi педагогика мен психологияның методология тұрғысынан әлсiз көрiнсе де, өз дәуiрi үшiн аса пайдалы қызмет атқарды.
Ендi бiр ең елеулi тарихи еңбегiн атап айтуымыз керек. Сұлтанмахмұт алдында айтып кеткенде Жүсiпбекке туыс болып келедi. Сұлтанмахмұт өлген соң 1920 жылы оның шығармаларын он жыл бойы жинап-терiп баспаға әзiрлеп, өмiр тарихын жазған Жүсiпбек едi. Жүсiпбек Аймауытов - қазақ әдеби тiлiнiң жүлде бермес жүйрiгi, терең ойлы, нәзiк сезiмдi, ұшқыр қялды, кен құлашты, нағыз классик жазушы.
Жүсiпбек музыканы – ән мен күйдi жанындай жақсы көрген адам. Атақты композитор Александр Затаевич Жүсiпбектен Қазақтың оннан астам әнiн жазып алып, оны «Қазақтың 1000 әнi» деген кiтабына енгiзген. Жүсiпбек өзi де ән шырқаған.
«Психология» кiтабы 12 тарау, 102 параграфтан тұратын оқу құралы үлгiсiнде жазылған, бұл зерттеу қазақ тiлiндегі, осы бағыттағы алғашқы жемiстiiзденiстердiң, олжалы табыстардың қатарына жатпақ.
Ғалым тарихына, пәлсапа тарихына терең бойлай отырып, көптеген мысалдар, деректер келтiрiп, сан алуан оқымыстылар туындыларына сүйенiп, кейде келiсiп, кейде келiспей, психология ғылымының пәнiн зерттеу обьектiсiн анықтайды, жан, сана, ой, ақыл, сезiм, қиял, түйсiк, қайрат, серпiлiс, ынта, қабiлет т.б. ұғымдардың мәнiн ашады.
2.Сәкен (Сәдуақас) Сейфуллин 1894 жылы бұрынғы Ақмола облысына қарасты Ақмола уезіндегі Нілді болысының І-ші ауылында (қазіргі Қарғанды облысының Жаңаарқа ауданы) туған. Сәкеннің әкесі Сейфолла орта шарулы өз еңбегімен күн көрген дам болған. Сәкен өзі: «Әкем саятшы, аң аулағыш, домбырашы, ақ жарқын адам, шешем әңгімеші еді», - дейді. Сәкен жасынан ел ішінде ақын-жыршылардың, әншілердің өлең-жырларын қызыға тыңдап, соған құмартып өскен.
Сәкен әуелі ауыл молдасынан оқып, хат таниды. 1905 жылы ол Нілді мыс қорыту зауытына келіп, кісі қолында жұмыс істеп жүріп, орысша үйренеді. Келесі жылы (1906) осындағы орыс-қазақ мектебіне түсіп, екі жылдай оқиды. 1905 жылы желтоқсанда болған Нілді мыс қорыту зауытындағы жұмысшылардың патша өкіметіне қарсы ереуілін көреді. Жұмысшылар ереуіл кезінде жалақыны арттыруды, еңбек пен жұмыс жағдайларын жақсартуды талап етеді. Жұмысшылар ереуілі болашақ жазушының ой дүниесінде із қалдырады.
1908 жылы С.Сейфуллин Ақмола (қазіргі Астана) қаласына барып, Приходская школаға түсіп оқиды. Онда екі жыл оқып, кейін үш сыныптық училищеге түседі. Мұны ол 1913 жылы бітіреді. Бұл жылдары Сәкен орысша білімін жетілдіре түсіп, орыс әдебиеті кітаптарымен танысады. Алыс аудандардан келіп оқып жатқан қазақ балаларына біраз уақыт орыс тілінен сабақ та береді.
1913-1916 жылдары С.Сейфуллин Омбы қаласындағы оқытушылар семинариясында оқиды. Бұл кезде болашақ ақынның саяси-қоғамдық көзқарасы қалыптаса бастайды. Ол қараңғы халық ішіне мәдениет тарату мақсатын көздейтін «Бірлік» атты үйірмесінің жұмысына белсене қатысады. Үйірме мүшелері саясат мәселелеріне де араласып отырған.
1916 жылы жазда Ақмола маңында халықтың патша өкіметіне қарсы ұлт-азаттық көтерілісін қарсы алады. Көтерілісті қуаттап өлең жазады. Сол жылы күзден 1917 жылдың ақпанына дейін ол Ақмола уезіндегі Сілеті-Бұғылы деген жерде ауылдық мектепте мұғалім болып қызмет істейді.
С.Сейфуллин қазақ әдебиеті нұсқаларын жинаушы және зерттеуші есебінде де елеулі қызмет атқарады. Орта және жоғары мектепке арнап әдебиеттен оқулықтар жазуға қатысты.
ХХ ғасырдың І жартысындағы қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, С.Сейфуллин кеңес әдебиетінің іргетасын қаласқан көшбасшы қаламгер. Алғашқы жинағы «Өткен күндер» 1914 жылы жарық көрді.Алғашқы өлеңдерінің демократтық, ағартушылық сарындар және оның Абай дәстүрімен жалғастығы айқын көрінеді. С.Сейфуллиннің «Асау тұлпар» (1922) атты екінші жинағында жаңа заман, зымыран уақыт тынысы асау тұпар образы арқылы бейнеленеді. Оның өзіне тән ақындық стилі де осы кезде қалыптаса бастады.
С.Сейфуллин төңкеріске белсене араласты. Сол кезеңдегі көңіл-күйі, сезім құбылыстары «Асығып тез аттандық», «Кел, жігіттер», Жас қазақ марсельезасы», «Кім де кімнің тасқын судай қайраты», Біз» және т.б. өлеңдерінде кең көрініс тапты. Уақыт өте келе Сәкен поэзиясы тақырып, жанр жағынан байи түсіп, ол өз туындыларында еңбек адамының сүйкімді бейнесін қоғамның тыныс-тіршілігімен байланыстыра суреттеді. «Жұмыскерлерге», «Қара айғыр», Бұлшық ет», Маржан», «Біздің Сәуле» өлеңдерінде еңбек адамдары дәріптеледі. Ақын поэзиясында махаббат, табиғат, көңіл-күй лирикасы айрықша орын алады. Осы тақырып «Күз», Жазғытұры», «Жазғы дала», «Қарлы аязда», «Тау ішінде», «Сағындым», «Шейіт болған досыма», «Сыр сандық» сияқты көптеген өлеңдерінде сипатталған. Сәкен «Қаралы күн», «Қайғылы хабар», «Қызыл жұлдыз» өлеңдерінде сол заманның идеологиясына орай Ленин образын бейнеледі. «Альбатрос» поэмасы да кеңестік идеологияның ықпалымен жазылды. Ақын поэмаларының ішінде өршіл романтикалық махаббат сарынымен жазылған «Аққудың айырылуы», «Лашын әңгімесі» туындыларының орны бөлек. «Советстан» поэмасында ақын өмір құбылыстарына таптық, социалистік идеология тұрғысынан қарап, жалаң үгіт-насихатқа ұрынған. «Қызыл ат» поэмасында Қазақстандағы «кіші октябрьдің» авторы Голощекиннің қазақ халқын ашаршылыққа, босқындыққа ұшыратқан қанқұйлы саясатын символдық образдар арқылы ишарамен білдіреді. Поэмадағы Қызыл ат еңбекші шаруаның образы. Дастанда ақын бейнесі де сәтті сомдалған. Атты сипаттауда Сәкеннің өзіндік жаңалығы бар.
«Көкшетау» (1929) поэмасының оқиғасы ел аузындағы аңыз-әңгімелермен сабақтас құрылған. Бірақ автор Абылай хан образын сомдауға тек таптық тұрғыдан келіп, оны қатыгез, жексұрын етіп суреттеді. Тұтқындағы қалмақ қызының, Адақ батырдың образдары арқылы гуманистік идеяларды туғызады.
Сәкеннің «Бақыт жолына» (1917), «Қызыл сұңқарлар» (1920) пьесаларының қазақ драматургиясының туып, қалыптасуына ықпалы зор болды. Бұл пьесаларда таптық, топтық күрес пен әйел теңдігі мәселелері көтерілді. Алайда бұл шығармаларда тартысты нанымды құруда кейбір олқылықтар да кездеседі.
1927 жылы жазыған «Тар жол, тайғақ кешу» мемуарлық романының шежірелік, өмірбаяндық, публицистикалық сипаттары мол. Автордың сол кездегі «Үш жүз», «Алаш» партияларының көсемдеріне деген біржақты көзқарасы аңғарылады. Романда табиғат, этнография, тұрмыс көріністері шынайы бейнеленген. Роман авторының өз бейнесі орта, заман, уақыт құбылыстарына сай диалектикалық бірлікте көрсетілген. «Айша повесінде махаббат, ар-ұждан бостандығы мәселелері қозғалады. Айша бейнесі сол кезеңде жазылған туындылардағы әйелдер образынан белсенділігімен, батылдығымен ерекшеленеді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   24




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет