3. Ежелгі түркі жұртының тарихи санасы.
1. Бітік жазулары. Біздің заманымыздың ҮІ ғасырының орта шенінің жазба деректерінде алғаш рет кездесетін түркі жұртының тарихы ғасырлар тұңғиғына кететіндігі бәрімізге, көшпенділер (номадттар), сақ–скиф тайпалары иран тілінің көне бір диалектісінде сөйлепті, (осетин ғалымы А. Абаев) деген тұжырымды көптеген ғалымдар қолдамайды. Осы жолдың авторларының бірі 1992 жылы алғаш рет сақтардың кейбір тайпалары көне түркі тілдерінде сөйлеуі мүмкін деген пікірді айтқан болатын. Сондықтан, сақ–скиф тайпаларын прототүрік терге жатқызар болсақ түркі әлемінің тарихын біздің заманымызға дейінгі дәуірден бастарымыз заңды сияқты. Ал енді олардың орнына саяси аренаға көтерілген ғұн, қаңғар, үйсін мемлекеттерінің түркі жұртының туын көтергендігі тарихи ақиқат, көптеген ғалымдар мойындаған. Өз тарихын тасқа жазып кеткен түркілер осы күні 250 миллионға жеткен.
2. Көне түркі мәдениетінің пайда болуы. Шартты түрде көне түркі өркениетін екі дәуірге бөлуге болады. Біріншісі – ҮІ–ІХ ал, екіншісі – ІХ–ХІІ ғасырлар арасы. Бірінші кезеңде саяси жағынан бір орталыққа бағынған империя қоластындағы түркілер, рухани жағынан – тәңіріге табынған. Екінші кезең–көшпенді түркілер бірнеше ұсақ мемлекеттер құрады, седентеризация процессін басынан өткізген түркі тайпалары рухани жағынан ислам дініне кіріп, түркілер ислам мәдениетінің озық үлгілерін жасады.
Қай халықтың болмасын рухани мәдениетінің негізінде тіл жатыр. Тіл халық, этнос тұтастығының негізгі белгісі. Тілдің негізінде әдебиет нұсқалары жасалады. Тілдің әсері кезкелген этностың әдет–ғұрпының, мінез–құлқының, ішкі дүниесінің, болмысының, қалыптасуына тиеді. Яғни тіл этнос менталитетінің синонимі іспетті. Жоғарда айтылғандай сақ–скиф заманында түркі тілінің негізгі қаланса, ғұн, қаңғар, үйсін дәуірінде оның пайдалану аясы ұлғайды. Ал түркі дәуірінде тіл өз дамуының көкжиегіне көтеріліп Еуразия құрлығында қуатты да айбарлы тілдердің қатарына енді. Орыс ғалымы В.М. Носилов, қазақ ғалымы С.А. Аманжолов көне түркі тілдерін зерттеп, олардың Орхон–Енисей ескерткіштерімен тығыз байланыстылығын дәлелдеді. Белгілі көне әдебиет зерттеушісі Х. Сүйіншәлиев “тілдік құрылысы жағынан ескерткіш жазуы (Орхон–Енисей ескерткіштерін айтып отыр А.К.) ескі қазақ тіліне мүлде жақын”дейді. Өкінішке орай Карпат пен Алтай таулары арасындағы сайын даланы мекендеген түркі ұлыстарының тіл ерекшеліктері жөнінде толық мағұлымат беретін ғылыми шығармаға әлі де зәру екендігіміз жасырын емес.
Көшпелілер өркениетінің терең зерттелген мәселелерінің бірі олардың жазуы яғни әліпбиі. Көптеген ғалымдардың айтуына қарғанда Орталық Азияның түркі жұрты руна, ұйғыр алфавиті негізіндегі таңбалы ескі жазуларды пайдаланған, ал кейінірек ислам дінін қабылдауға байланысты араб алфавитіне көшкен. Көне Түркі жазуларын ғалымдар үш топқа бөліп қарайды: Енисей ескерткіштері. Талас ескерткіштері. Орхон ескерткіштері. Орналасу жері болмаса таңбаларының қолданылуы арасында елеулі айырмашылық жоқ.
1. Енисей ескерткіштеріне Енисей бойынан және Тува, Хакас, Алтай республикаларының (бәріде Ресей құрамындағы Түркі республикалары) аймағынан және Ресейдің батыс сібірде орналасқан Жаңасібір (Новосибирск) облысы мен Ертіс бойынан табылған жазулар жатады. Оның қолданылған, жазылған жылдары Ү–ҮІІ ғасырлардың аралығы. Бұл аймақтан табылып отырған көне Түркі жазба ескерткіштердің жалпы саны қазіргі кезде шамамен 150–дей.
2. Талас ескерткіштері. Бұл аймақтағы жазулар Оңтүстік Қазақстан, Жетісу, Сыр бойы мен Қырғызстан аймақтарына таралған, соның ішінде көп шоғырланған жері қазіргі Жамбыл облысында. Қолданылған мезгілі бірыңғай ҮІІІ ғасыр. Ескерткіштердің жалпы саны шамамен 20 шақты.
3. Орхон ескерткіштері. Моңғолиядағы Орхон, Селенг, Тола өзендерінің бойынан және Ресейдегі Минусинск ойпатынан табылған ескерткіштер жатады. Қолданылған мезгілі ҮІІ–ҮІІІ ғасырлар. Ескерткіштердің жалпы саны 30 шақты. Алайда ең көлемді, ұзақ мәтінді жазбалар осы топқа жатады. Бұның ішінде тарихи құндылығы жағынан «Құтлығ қаған», «Білге қаған», «Күлтегін», «Тоныкөк», «Күлі Чор» және «Мойын Чор» ескерткіштерінің орны ерекше.
Яғни Көне Түркі жазулары Ү–ҮІІІ ғасырлар аралығында Сібір, Моңғолия, Шыңжаң, Қазақстан, Қырғызстан және Оңтүстік Ресей жерінде кеңінен қолданылғаны туралы қорытынды шығаруға болады. Бұл көрсетіліп отырған тарихи мезгіл (5–8 ғасырлар) мен оның таралған үлкен аймағы Ұлы Түркі қағандығы, одан бөлінген Батыс және Шығыс Түркі, Түргеш, Хазар қағандықтары мен Көк Түркілер (Екінші Түркі қағандығы) мемлекеттерінің аумағы мен өмір сүрген дәуіріне сәйкес келеді. Бұдан басқа қазіргі ғылымға Көне Түркі жазуларының Тибет аймағындағы және Еуропалық даладаларғы нұсқалары белгілі.
Достарыңызбен бөлісу: |