Әбу Абдаллаһ Абдоллах Мұхаммед әл–Идриси (1100, Марокко, Сеута – 1161 немесе 1165, сонда) – араб географы, саяхатшы. Мароккодағы Идриси әулетінің атақты әмірлер ұрпағынан шыққан. Кордовада білім алған. Франция, Англияға саяхат жасаған. 1116 жылы Кіші Азияда болған. 1138 жылы Палермоға келіп, әуелі Сицилия королі Роджер ІІ (1130–54), кейін Вильгельм І(1154–66) сарайында тұрды. Қартайған шағында Сеутаға қайтып оралды. 1154 ж. ұзақ жылғы жинаған тарихи–географиялық деректерінің негізінде “Сурат әл–ард” (“Жер бейнесі”) атты атласын жасап шығарды. Картада тарихи–географиялық 2500 атау енгізіліп, бұларға қоса 7000 атауға қосымша түсінік берілген. Әл–Идриси картасы – 11-12ғ. қарлұқ, оғыз, қимақ, тоғыз оғыз т.б. тайпалар мен түрлі халықтардың орналасуы жөніндегі аса құнды дерек. Бұл еңбекте, әсіресе, қыпшақтар жөнінде толық мәлімет берілген.
Әл–Идрисидің бұдан басқа “Нұзхат әл–мұштақ фихтирақ әл–афақ” (“Жиһанкездіктен торыққан адамның көңіл көтеруі”) атты тарихи–географиялық шығармасында Қазақстан жерін мекендеген түркі тайпаларының, Еуропа мен Африка елдерінің тарихы баяндалған. Әл–Идрисидің географиялық жол жазбаларында Шу–Іле таулары, Сырдария өзенінің төменгі бөлігі, Арал бойы туралы мәліметтер, сонымен қатар осы өңірдегі темір, алтын, күміс, асыл тастар жайлы деректер берілген.
ХIII ғасырда «Елдер тізімі» (Муджам ал–булдан) деген атпен толық географиялық түсіндірме сөздігі жарыққа шықты. Оның авторы Йакут, Ибн Абдал–лах ар–Руми аль–Хамави Абу Абдаллах Шихаб–ад-дин (1178 және 1180 аралығында –1229) – араб ғалымы, жазушы, филолог, тарихшы және географ. Шыққан тегі Кіші Азиядағы грек болуы мүмкін. Жасында бағдаттың саудагері сатып алып өзіне қызметші қылған. Арабша хат танып, мұсылманша білім алады. Сирия саудагерінің көмекшісі ретінде көптеген мемлекеттерді аралайды. Дін істеріне де араласып ақырында 1216 жылы Дамашық қаласынан қашып кетуге мәжбүр болады. Қазіргі түркімен жеріндегі Мерв қаласын келіп, оны 4 жылға жақын паналайды. Бұл жерде де ұзақ мекендей алмайды. Орталық Азияны Шыңғысхан әскері жаулап алған кезде ол Ирак жеріне қоныс аударады. 1229 жылы Халеб (Алеппо) қаласында дүние салды.
Йакут, бірнеше кітаптардың авторы. Ол өзінің шығармалары үшін материалды өмір бойы жинады. Еңбек жазуды 1218 жылы Мерв қаласында бастады «Әдебиетшілер сөздігі" ("Иршад аль–ариб ил-я Марифат аль–адиб"), араб әдебиетшілері мен ғалымдарының өмірбаянына арналған. Оған 1100–адамның өмірбаяны кірді. Екінші еңбегі "Елдер тізімінде" ("Мудж–ам аль–бул–дан") 16 000 мақала бар. Ғалым өз кітаптрына көшпелі түркі тайпалары туралы да мақалаларын кіргізген. Моңғол әскерінің қазақ жеріндегі әрекеті, қыпшақтар, аландар, бұлғырлар және Саксин өңірі туралы ақпараттары бүгінгі күнде де маңызын жойған жоқ.
Достарыңызбен бөлісу: |