Мұратханқызы Райхан, Алматы қаласындағы №161 гимназия директорының орынбасары, Білім беру ісінің озық қызметкері: – Жаппай орта білім беру дәуірін бәріміз басымыздан өткердік. Бір кезде нашар оқушыларды бір сыныпта екі жыл отырғызуға немесе мектептен шығарып жіберуге болатын еді. Мұның бәріне кейін тыйым салынды. Жоғары жақтан келетін өктем нұсқаудан қорыққан мектеп аттестаттары шәкірттің бәріне берілетін болды. Бұл шара 20-жылдардағы ликбезден айырмашылығы шамалы ғана еді. Сол жылдары Үкімет қателескен үстіне қателесе береді. Аттестаттағы пәндердің орта бағасы оқуға түскен кезде қоса есептеу дегенді ойлап тапты. Бұл жағдай білімнің емес, мұғалімнің «беделін» өсірді. Сол секілді медальдар мен мақтау қағаздары да сан алуан «құйтырқыларды» өмірге алып келді. Әйтеуір, сол дәуірдегі білім алған жастардан Нобель сыйлығын алған ешкім болмады, ал басқаларының бәрі қолдан жасалды. Міне, осындай салдардан құтылу үшін қазіргі күннің талабына сай арнаулы мектептер, лицейлер, гимназиялар ашылды. Мұнда негізінен саралап оқыту алынып, әр баланың дара ерекшелігі ескеріледі, өз қабілетіне қарай білім алу мүмкіндігі туып отыр.
– Қазіргі оқудан нені аламыз, нені жоғалттық, оң-теріс бағыттар қайсы? Әбілақұлы Әбжаппар: – Қазіргі таңдағы оқыту мәселесінде балалардың ынтасын көтеру болып отыр. Озат оқушыларды материалдық жағынан көтермелеу керек. Егер мұғалім өз кәсібін толық меңгерсе, оқушыны өзіне тарта білсе, сабақ сапалы болар еді де, сол маман нағыз айтулы ұстазға айналар еді. Бүгінгі студент ертеңгі мұғалім ғой. Бізде тест деген ойлап табылды. Оның жетістігі, біріншіден, емтиханды соза бермей, бір мезгілде уақыт ұттырмай бітіру мәселесі. Кемшілігі – мұғалімнің жеке көзқарасы түсіп қалады, балалардың терең, кең ойлауына белгілі дәрежеде тұсау салады, бұл тұста жауаптағы кездейсоқтық та рөл атқарады.
– Алматы қаласында үш бірдей білім жетілдіру институты жұмыс істейді, осыны біріктірсе қайтеді? – Облыстағы білім жетілдіру институттарын қысқартып, аймақтық етіп қайта құрған дұрыс. Ал Алматыдағы үш бірдей институт қазір керек емес, үшеуінің басын біріктіру керек-ақ. Одан түсер қыруар қаржыны мектепке беру мәселесі келіп шығады.