Мемлекеттік және кооперативтік ұжымдар арқылы салынған тұрғын үйлердің жалпы көлемі (мың шаршы метр)
|
Қала мен қала типіндегі жерлерде өз есебінен және мемлекеттік кредит есебінен салынған үйлер (мың шаршы метр)
|
1950
|
10 мың
|
-
|
1955
|
69
|
22
|
1960
|
145
|
66
|
1965
|
181
|
33
|
1966
|
164,3
|
36
|
1959-1964 жылдар арасында жеке тұрғын үйлер салу есебінен қаланың тұрғын үй қоры 183 мың шаршы метрге өскен. Әсіресе мемлекет бұл жылдарда тұрғын үй құрылысы мәселесіне ерекше көңіл бөлді. Мысалы, 1964 жылы мемлекеттік тұрғын үй құрылысына 12,8 млн сом ақша бөлініп, соның есебінен қала тұрғындары 103 мың шаршы метр үйді иеленіп, 10 мыңнан астам адам ыңғайлы пәтерлерге қоныстанды. Бірақ мұнымен түпкілікті міндеттер толығымен шешілген жоқ, өйткені ең алдымен басшылық орындар бұл мәселені тек талқылаумен аяқтап отырды, әрі бөлінген құрылыс материалдарының сапасы да нашар болып келді. Нәтижесінде заман талабына сай келетін құрылыс, құрылыс-монтаж жұмыстары, үйлерді көркемдеу жұмыстары тиісті дәрежеде жүрмеді, сапасы төмен болды. Мұндай жағдай тек Орал қаласында ғана емес барлық Қазақстан қалаларына, тіпті Одақтың Свердловск, Минск сияқты қалаларына да тән болды. Сондықтанда бұл мәселеге 1960 жылы Москвада Бүкілодақтық қалалар құрылысы бойынша өткен кеңесте де көп көңіл бөлу керек екендігі атап көрсетілген.
Сондай-ақ 1961 жылы КОКП ХХІІ сьезінде де елдегі күрделі құрылысты өркендетудің жаңа міндеттері қойылды. Құрылыс ұйымдарындағы коммунистер құрылысшылар арасында саяси-мәдени, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, құрылысшыларды еңбекке коммунистік көзқарас үшін қозғалысқа қатысуға шақырды. Сөйтіп 1960 жылдардан бастап үкіметтің жыл сайын күрделі қаржының мөлшерін көбейтуіне орай қалада құрылыс жұмыстары қарқынды дами бастаған. «Жилстрой» құрылыс басқармасының негізінде көрші Ақтөбе қаласындағы «Актюбжилстрой» сияқты «Промстрой» тресі құрылды. Құрылыс материалдарымен қамту үшін 1960 жылдарда кірпіш зауыты іске қосылды. Қала бюджетінен тұрғын үй және мәдени-тұрмыс мекемелерін салуға 2021 млн. сом қаржы бөлінген. Яғни тұрғын үй құрылысымен қатар қалада халыққа қызмет көрсететін мәдени-тұрмыстық обьектілер салу ісі шапшаң қарқынмен жүрді. Мысал ретінде 90 және 140 орындықты балалар бақшасы, саңырау-сақауларлар қоғамының клубтарын атауға болады [47;20]. Сөйтіп қала құрылысында айтарлықтай өзгерістер болып, жақсы жабдықталған тұрғын үйлері бар жаңа ықшам аудандар бой көтере бастады. 1970 жылы қаладағы тұрғын үй қорына келсек, қоғамдастырылған тұрғын үй қоры -14781, оның 677 – жергілікті кеңестерге, 1538 – мемлекеттік және қоғамдық мекемелерге қараған, ал азаматтардың жеке меншігінде -125666 үй болған [48, 148 п.].
1961жылы қаладағы өнеркәсіптік, мәдени-тұрмыстық және тұрғын үй құрылысына 15 млн. 895 мың сом қаржы бөлінген. Қаладағы құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін жоспардан тыс 1457 куб метр жиналмалы темір бетон, 350 мың күйдірілген кірпіш, 890 тонна ізбест алынған. Осындай істердің атқарылғанына қарамастан қала құрылысы бұл кезеңде өте баяу қарқынмен жүрген. Мысалы, 1961 жылы 9600 шаршы метр тұрғын үй салынып, пайдалануға берілуге тиіс болған, бірақ 5600 шаршы метрі ғана берілген. Қаладағы ең ірі құрылыс ұйымы «Уральскпромстрой» өз жоспарын 21% ғана орындаған.
Жалпы 1960-жылдарға дейінгі кезеңдегі құрылыстың баяу жүруі құрылыс техникасының нашар жабдықталуымен, құрылысшы кадрларды даярлау мәселесінің төмендігімен түсіндірілді. Осы кезеңде қалада жұмыс жасаған №11 училище мен №30 құрылыс мектебі бүкіл қала құрылысына қажетті мамандарды даярлауды материалдық-техникалық базасы төмен болғандықтан толық жүзеге асыра алмады. Қала құрылысын жолға қою мақсатында қала құрылысын жоспарлайтын жобалау ұйымы Оралда 1962жылы дүниеге келеді, ол 1975 жылы мемлекеттік құрылыс жұмысының ең қуатты мекемелерінің бірі – «Уральскгорсельпроект» жобалау институты деп аталды (дир. Г.И.Пустобаев). Осы ұйымның басшылығымен жетінші бесжылдық жылдарында қалада 13 обьект салынған. Олар сүт зауыты, мәдени-тұрмыстық обьектілерден 90 және 140 орындықты бала бақшалар, саңыраулар қоғамының клубы, 964 орындықты мектеп үйлері салынған.
1970-жылдардағы КСРО-ның барлық республикаларындағы құрылыс жұмыстарының өсуіне ықпал еткен «Әр жанұяға жеке пәтер» деген бағдарламаға сай Орал қаласында да тұрғын үй құрылысының қарқынын күшейту мақсатында ірі панельді үй салу комбинатының күш-қуатының арттырылуы болды. Оның көмегімен жылма-жыл қалада 10 мыңға жуық пәтер пайдалануға беріліп отырған. Күрделі құрылыс саласындағы бұл кезеңдегі маңызды жетістіктер жаңадан «Омега», «Металлист», «Союзлакрица», «Коммунзапчасть», Керамика зауыттары сияқты ірі өндіріс орындары мен онкологиялық, өкпе аурулары диспансерлері мен теміржол ауруханасының іске қосылуы болды. Бірақ күрделі күрделі құрылысты дамытуда экономиканы басқарудың әміршіл-әкімшілдік жүйесінің билік жүргізуінен бірсыпыра проблемалар туып отырған еді. Ең алдымен 1970-жылдардағы қаладағы күрделі құрылыстағы негізгі кемшілік оның көлемінің үлкендігі мен оны жүргізуге бөлінген қаржының шектеулігі арасындағы үйлесімсіздік болатын, жобалау ұйымдарының құрылыстың жұмыс жобалары мен сметаларын сапасыз жасауының, технологиялық қателіктердің көптеген фактілері орын алды. Құрылыс экстенсивті негізде өркендеді, обьектілер мен кәсіпорындарды салу мерзімі нормативтен шығып кетіп отырды, аяқталмаған құрылыстардың көлемі жылдан-жылға көбейе берді.
КОКП Орталық Комитетінің және Министрлер Кеңесінің 1969 жылғы 28 мамырдағы №392-ші «Азаматтық тұрғын үй құрылысының сапасын жақсартудың шаралары туралы» қаулысы мен Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің 1969 жылғы 22 шілдедегі №450-ші «Қазақстанда құрылыс ісін дамыту туралы» қаулысына сәйкес тоғызыншы бесжылдықта (1971-1976 жылдарда) қалада бірқатар игі істер атқарылды. 1970 жылдардан бастап Орал қаласы гүлденіп, дами бастайды. Құрылыс ұйымдарының басшылығымен құрылысшылар 1970-жылдарда «таңдап салу» әдісімен қалада бес қабатты үйлер салды. Олар 1975жылы №2,3 ықшамаудандарда (М.Ықсанов-Батурин көшесі, Достық-Ленин даңғылы, Құрманғазы-Фурманов пен М.Маметова-Мир, Евразия-Дзержинский, Мұхит-Октябрь көшелерінің аралығындағы), Транспорт көшесіндегі, «Айгүл» дүкені маңындағы, жөндеу зауыты төңірегіндегі, Зачаганск поселкесіндегі салынған ғимараттар мен бес қабатты үйлер.Осылайша тұрғын үйлер салынып, көшелер саны көбейіп отырған кездегі қаланың көше атаулары қаланың тарихы мен халықтың әлеуметтік-мәдени ахуалын танытуға еш қатысы жоқ жалпылама зат есімдермен, мысалы, Вокзальная, 2-завокзальный тупик, Транспорт көшесі тағы басқаша аталған.
1980-жылдардан қаладағы құрылыс жұмыстарын «Уральскводстрой» тресінің ПМК-115, ПМК-116, «Кушумводстрой» тресінің ПМК-48, «Казстальмонтаж» тресінің ПМК-сының жұмысшылары жүргізді. Бұл кезеңде қалада көп қабатты үйлер құрылысына үлкен көңіл бөлінген, оның жалпы құрылыстағы бесжылдық кезіндегі үлесі 25% болды. 1976 жылы 24 қыркүйекте Дзержинский көшесінде 12 қабатты алғашқы үй бой көтерді. Құрылыс жұмыстарын жүргізуге өндіріс орындары да белсене қатыса бастайды. Мысалы, Гвардия көшесінің батысын тұйықтайтын 96-пәтерлік «Үш жапырақ» (Трилистник) деп аталып кеткен 12-қабатты үйді Омега зауыты, Есенжанов көшесі бойындағы 9-қабатты үйлерді «Уральскводстрой» мекемесі тұрғызған. Осы кезеңдегі қала құрылысы жөнінде 1981 жылы Оралда өткен Қазақстан Архитекторлар Одағының Пленумында «Орал қаласының бет-бейнесі өзгерген, үй құрылысы ерекше көз тартады» деп атап көрсетілген. Бұл кезеңде құрылыс жұмыстарына қажет құрылысшыларды «Промстрой» тресі жанынан ашылған №78 училище даярлады. Бірақ экономика мен мәдениетті көтеруге бағытталған қаржының бөлінуіне қарамастан ХІ бесжылдықта ол толық игерілмеді, тек 85,6% ғана игерілді. Нәтижесінде қалалықтар 63,5 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға ала алмады.Тек 1985 жылдың өзінде төрт мың кв. метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілмеді.Тұрғын үй құрылысын қаржыландыру лимиті жылдан жылға өсіп, ХІ бесжылдықтың соңында 22 млн сомға жеткеніне қарамастан оның жылдық орташа игерілімі 80% құраған. «Тұрғын үй - 91» бағдарламасы бойынша 1987-1991 жылдарда 24549 жанұяны тұрғын жаймен қамтамасыз ету белгіленген. Егер ХІ бесжылдықта қалада 460 мың шаршы метр тұрғын үй құрылысы жүргізілсе, 1987 жылмен 1988 жылдың 11 айында 259,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген [49, 7 п.]. Мұндай бағдарламаны орындау ісіне «Коммунзапчасть», «Казгипроводхоз» институты, СМП-372, Жиһаз фабрикасы сияқты кәсіпорындар белсене қатысуға міндеттеме алғанмен, бағдарламаны орындауда бірқатар кемшіліктер орын алды. 1987 жылы жалпы көлемі 163 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға міндеттеме алынғанмен тек 145 мың шаршы метрі ғана пайдалануға берілген. Жыл тапсырмасы 18 мың шаршы метрге орындалмады. Оның басты себебі «Уральскпромстрой» мекемесінің жоспардан тыс обьектілерде өз бетімен жұмыс жасап, ресурстарды шығындауы мен оның барысында жоспардың бұзылуы болды. Жалпы бұл кезеңде құрылыстың нормативтік мерзімдері көбінесе сақталмаған, құрылыстың орташа ұзақтығының мерзімі 7 айдың көлемінде болса, ол ХІ бесжылдық жылдарында 17 айдан асып отырған. Қаладағы құрылыс жұмыстарына жауапты «Құрылыс пен архитектура ісі жөніндегі бөлім»(Смирнов, Мутагаров), Күрделі құрылыс (С.Д.Демин), Жобалау институты(Н.А.Шестаков) мекемелері мен тапсырыс берушілердің өздері құрылыстың нормативтік мерзімідерінің сақталуына тиісті дәрежеде көңіл бөлмеді. Құрылыс жұмыстарында кемшіліктер, сапасыз жұмыстар орын алып отырды. Мысалы, «Құрылысшы» ықшам ауданындағы 216 пәтерлік №9 тұрғын үй мен Дзержинский көшесіндегі 48 пәтерлік тұрғын үй канализация, газ өткізгіші бойынша сапасыз ақаумен аяқталған. Оның зардабын кейін сол үйлерге қоныстанған тұрғындар көрді. 1989 жылы тұрғын үй- коммуналдық шаруашылық комиссиясының тексеруі нәтижесінде тұрғын үй құрылысының жоспары бойынша құрылыс-монтаж жұмысына 3675 мың сом бөлінсе, оның 3354 мың сомы, яғни 91% ғана орындалған. Оның жеке салалар бойынша қалай орындалғанын 9-кестеден көруге болады [50, 8 п.]:
9-кесте
Салалар
|
Жоспарланғаны (мың сом)
|
орындалғаны
|
Халыққа білім беру
|
420
|
175
|
Мәдениет
|
100
|
162
|
Денсаулық сақтау ісі
|
200
|
15
|
Тұрғын үй көлемі
|
17692шаршы метр
|
15026
|
Мұның өзі тапсырманың орындалмағанын көрсетеді, оның себебі басты құрылыс ұйымы «Оралпромстрой» мекемесінің құрылыс қаржысының жұмсалуына тиісті дәрежеде көңіл аудармауы. Құрылыстың қарқынды жүргеніне қарамастан құрылыс материалдарының тапшылығынан 1990-жылдарда құрылыс жоспары орындалмаған.
Жалпы бұл кезеңдегі қала халқының сұранысын қарайтын болсақ қалаға көп салалы аурухана, емдеу корпусы бар жедел жәрдем станциясы, қалалықтардың спортпен шұғылдануын қамтамасыз ету үшін 3 стадион, 45 спорт залы, 27 футбол алаңы, 25 аула алаңы қажет еді. Бала бақшамен қамтылу деңгейінің өзі тек 61% ғана құрады. Мың жарымнан астам арыз қанағаттандырылмады. 1981-85 жылдарда қала бюджетінің кірісі 8,7 млн. сомға өскенмен жоғарыдан аталған қажеттіліктер қамтамасыз етілмеді. Өйткені бюджетті артық шығындау мәселелері орын алған. 1985 жылы қаладағы 231 кәсіпорын мен ұйымдардың штаттық-сметалық тәртібін тексерген кезде оның 10-да тәртіп бұзушылықтың орын алғаны анықталған, яғни өндіріс қызметкерлерінің есебінен басқару аппаратында 249 штаттық бірлік артық жұмыс істеген, 66 млн. артық ақша алған, 26 лимиттен тыс қызмет және арнайы жеңіл машиналардың ұсталғаны анықталды. Жалпы 1985 жылы жалпы сомасы 711 мың заңсыз, артық қаржыландыру ісі анықталып, ол толықтай бюджетке қайтарылды [51, 158 п.].
Соғыстан кейінгі кезеңде Одақ тапсырмаларын орындау барысындағы қала экономикасының дамуы халықтың әлеуметтік-тұрмыстық дәрежесінің көтерілуіне азды-көпті ықпал етті. Халықтың өзі де өздерінің әл-ауқатын жақсарту үшін аянбай еңбек етіп, ат салысты. Әсіресе 1947 жылы желтоқсанда ақша реформасының жүргізілуі мен карточка жүйесінің, яғни азық-түлік пен өнеркәсіп тауарларын нормалап қамтамасыз етудің жойылуы халықтың тұрмыс-тіршілігінің артуында маңызды роль атқарды. Соғыс жылдарында құнсызданған ескі ақшаны онға бір арақатынасымен жаңа ақшамен ауыстыру ақша системасын және шаруашылық қызметін қалпына келтірді. Төртінші бесжылдықта жаппай тұтынатын тамақ және өнеркәсіп тауарларының бағасы үш есеге төмендетіліп, соның нәтижесінде халық бір жылға шаққанда үлкен пайда келтірді. Бағаның төмендеуі сауда айналымының өсуіне әсер етті. Мысалы, 1948 жылы сауда айналымы 1947 жылмен салыстырғанда 29 млн. сомға өсті. Халыққа қызмет көрсету мақсатында қалада 45 сауда нүктесі, 6 дүкен, 9 дүңгіршек, 2 асхана, 5 дәмхана ашылған. Олардың ірілері №11 гастроном, №54 даяр көйлектер дүкені, №10,53 дүкендер болған. Мұндай қызмет көрсету жүйесінің кеңеюі барысында қаладағы сауда айналымының өсуі қарқынды жүрді. Мысалы, 1950 жылы қаладағы 279 сауда мекемесі тексерілген кезде олардың сауда айналымы мынадай деңгейді көрсеткен: І кварталда – 94,5%, ІІ кварталда -97,9%, ІІІ кварталда -102,1%, ІҮ кварталда -98,3% болды. Сауда қызметінің мекемелерімен қатар бұл кезеңде қалада 12 қоғамдық тамақтандыру мекемесі халыққа қызмет көрсетті. Бұл уақытта КСРО-ның ұлттық табысы да жылдан жылға көбейді. Төртінші бесжылдық соңында ол 1940 жылмен салыстырғанда 64%-ке өсті. Ұлттық табыстың өсуі азаматтардың жеке табысының өсіп отыруына жағдай жасады. Мысалы, 1947 жылы Ворошилов зауытындағы орташа еңбек ақы 1946 жылмен салыстырғанда 25% -ке өскен. Мұндай өсім басқа да өндіріс орындарында да болды [52, 21 п.].
Республика, қала экономикасының дамуы бюджеттің кірісінің өсуіне де мүмкіндік берді. 1948 жылы бюджет кірісі 1945 жылмен салыстырғанда 707 млн. сомға, яғни 40%-ке өскен. Бюджеттің өсуіне сай бұл кезеңде мемлекеттің әлеуметтік-мәдени шараларға жұмсайтын қаржысы да жылдан жылға өсе түсті. ҚКСР-ның мемлекеттік бюджеті бойынша әлеуметтік-мәдени мақсаттарға жұмсалған шығын соғыс жылдарындағы 441,4 млн. сомнан 4 бесжылдықта 930,5 млн. сомға (58,8%) дейін немесе екі еседен астам өскен.
Мұның өзі республика еңбекшілерінің материалдық әл-ауқатын арттыруға одақтық бюджеттен де қаржы бөле бастады. Бұл қаржыдан Орал қаласы да белгілі бір үлес алды. 1947 жылы ҚазКСР-ның Жоғарғы Кеңесінің 9 сессиясы бекіткен облыстың жергілікті бюджеті-77,536 мың сом болды, кейін Министрлер кеңесі кіріс-шығыс есебінен оны 83,387 мың сомға өсірді. Бірақ қалалық қаржы бөлімінің басшысы А.К. Махмудов қала бюджетінің тиісті дәрежеде орындалуын дұрыс бақыламаған. Бөлінген қаражат тиісті дәрежеде пайдаланылмаған. Мысалы, халыққа білім беру ісіне бөлінген-58 млн. сомның тек 34,140 сомы орындалған. Оның ішінде балалар үйіне-8 млн., бала бақшаға-3 млн., кітапхана, клуб, оқу үйлерін дамытуға -2,811 мың сом, денсаулық сақтау ісіне-21,242 мың сом жұмсалған [43]. Дегенмен қаржының толық жұмсалмағанына қарамастан бар жұмсалған қаржының өзі қаланың әлеуметтік-мәдени жағдайының едәуір дәрежеде дамуына ықпал етті.
Кәсіпорындар тез дамып, тұрғын үйлері мен халқының саны көбейіп, қала территориясы еріксіз кеңейіп отырған кезеңде Қалалық Кеңес коммуналдық шаруашылыққа 1950-жылдардан бастап ерекше көңіл бөлді. Қала тұрғындарын сумен, жылумен, жарықпен қамтамасыз ету күн тәртібіндегі кезек күттірмейтін мәселеге айналды. Қалалық партия комитеттері, қалалық атқару комитеттері қала шаруашылығының жағдайы мен оның материалдық-техникалық базасын нығайту шаралары туралы мәселелерді үнемі талқылап отырды. Мысалы,1955-жылы маусымда өткен қалалық кеңестің 5 сессиясы мен қалалық атқару комитетінің жиналысында қаралған 12 мәселенің 7-і қала құрылысы мен коммуналдық шаруашылық мекемелерінің жағдайына байланысты талданған мәселелер болған.
Соғыстан кейінгі жылдары республикада халық шаруашылығының дамуы транспорттың барлық түрлерін дамытуды талап етті. Қала халқына қызмет етудің бір түрі жолаушы тасымалы болса, 1954 жылы 79086 халыққа 17 автобус қызмет еткен. Қазақстанның пайдаланылуындағы теміржол желісінің ұзындығы 1945 жылы 8112 шақырымнан 1970 жылы 13669 шақырымға дейін өсті. Темір жол транспортымен қатар автомобиль, әуе және су жолы транспорты да дамыды. Қатты табанды автомобиль жолдарының ұзындығы 1960 жылғы 11,2 мың шақырымнан 1970 жылы 41,1 мың шақырымға дейін ұзартылды, яғни 3,7 есеге өсті. Цемент-асфальт-бетон жабылған жетілдірілген жолдың және қара шоссенің ұзындығы 5 есе, яғни 1960 жылғы 4,1 мың шақырымнан 1970 жылы 21,2 мың шақырымға дейін өсті [54, 31 п.]. Осының арқасында қалалардың ауыл-селолармен байланысы жақсарды. Жаңа автовокзалдар мен автостанциялар салынды. Мысалы, 1970 жылы Қазақстанда салынған төрт автовокзалдың біреуі Орал қаласында салынды. Автопарктер шапшаң қарқынмен өсті. Жөндеу зауыттары іске қосылды. 1960-жылдар Қазақстанда біртұтас транспорт жүйесін жасау кезеңі болды.
Қаланы көркейтумен қатар көгалдандыру ісі де кеңінен жүрді 1021 ағаш, шыбық отырғызылып, 3043 мың шаршы метр жерге гүлзарлар мен газондар жасалған. Көгалдандыру ісіне қаланың кәсіпорындары да үлес қосқан. Олардың көмегімен жол жөндеу, тротуар салу жұмыстары жүзеге асырылған.
Халықтың материалдық әл-ауқатын арттыруда халыққа төленген төлемдер мен берілген жеңілдіктердің зор маңызы болды. Бұл кезеңде бір айдағы әртүрлі төлемдер мен жұмыс істейтін әр адамға берілетін әр алуан жеңілдіктер 1940 жылғы 7,5 сом орнына 1950 жылы орташа есеппен 18,2 сомға өскен. Соның нәтижесінде нақты еңбек ақы көбейді. Қоғамдық қорлардан берілген төлемдер мен жеңілдіктерді қосып алғанда жұмысшылар мен қызметшілердің айлық орташа еңбек ақысы 1940 жылғы 40,6 сомнан 1950 жылы 82,4 сомға дейін көтерілді. Еңбек ақы мөлшерінің өсуімен қатар әлеуметтік қамсыздандыруға жұмсалатын қаржы көлемі де 1940 жылы 4,5 млн сом орнына, 1950 жылы 16,8 млн сомға өсті [54, 31 п.].
Соғыстан кейінгі уақыттағы бұл қаржы есебінен Отан соғысының мүгедектері, қаза тапқандардың семьялары пенсиялар алып, қартаюына байланысты, асыраушысынан айрылған жағдайдағы, еңбекке уақытша жарамай қалғандарға берілетін пенсиялар тағайындалып, көп балалы жалғыз аналар мен балалар жәрдем алды. 1946 жылдың қаңтарынан Ұлы Отан соғысының І топ мүгедектерінің материалдық жағдайын көтеру мақсатында арнайы жәрдемақылар тағайындалды. Жәрдемақының көлемі 250-300 сом болды. Бұл мүгедектердің мүгедектік зейнетақыларына 20% көлемінде қосымша қаражат қосылды. 1947 жылы қалада Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен 1952 қаза болған жауынгерлердің жанұялары болған. Осы жылдың тамызы мен желтоқсаны аралығында қалалық Кеңестің ұйымдастыруымен 880 мүгедек жұмысқа оргаластырылып, қаза болған жауынгерлер жанұяларына көмек беру үшін 3 жалпы қалалық жексенбілік ұйымдастырылып, жиналған жарты миллионнан астам ақшаға 336 пәтер жөнделіп, 123 пәтер берілген. Ал 1948 жылы әлеуметтік қамту органдары бойынша Орал қаласындағы Ұлы Отан соғысы мүгедектеріне 7,5 млн. сом пенсия, майданда қаза болғандардың жанұяларына 13 млн. сомдай, әскери қызметкерлер жанұяларына 360 мың сом, көп балалы аналарға 3 млн. сомдай жәрдем ақы төленген [54, 13 п.].
1950-1960 жылдардағы әлеуметтік жағдайдағы басты өзгеріс 1956 жылғы 14 шілдедегі КСРО Жоғарғы Кеңесінің «Пенсия туралы заңы» болды. Бұл заң барлық кеңес адамдары сияқты Орал қаласы зейнеткерлерінің де жағдайының жақсаруына айтарлықтай әсерін тигізді. Осы заңды жүзеге асыру мақсатында қалалық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімі 1956 жылы қазанда зейнеткердің құжаттарын қайта қарап, зейнетақының жаңа мөлшерін тағайындаған. Зейнеткерлермен қатар қаладағы тұрмысы төмен адамдар жағдайы да үкімет назарынан тыс қалмайды. Оларға арнайы ақшалай көмек белгіленіп, беріліп отырған. Мысалы,1966 жылы тұрмысы төмендерге берілетін ақшалай көмек мөлшері -161,6 мың сомға жеткен.
Экономиканың өсуіне орай еңбекшілердің де жалақысы өсіп отырды. Бесінші бесжылдық жылдарында еңбекшілер жалақысы 39%-ке өскен. Халықтың тұрмыстық жағдайын жақсартуда КОКП ОК мен КСРО Министрлер Кеңесінің «Қоғамдық тамақтандыруды одан әрі дамыту және жақсарту туралы» 1959 жылы 20 ақпандағы қаулысының үлкен маңызы болды. Бұл қаулы қоғамдық тамақтандыру ісін еңбекшілер үшін қолайлы да, тиімді ету міндеттерін алға қойды. Осы қаулыны жүзеге асыру үшін қалада қоғамдық тамақтандыру кәсіпорындарының саны көбейтіліп, олардың материалдық-техникалық базасын нығайту шаралары жүргізіліп, қызмет көрстеу саласы жақсартылады. Мысалы 1954 жылы қалада 35 қоғамдық тамақтандыру мекемесі, 19 асхана, мейрамхана, шайхана, 97 дүкен, 28 тұрмыстық қызмет көрсету шеберханасы болған.Қоғамдық тамақтандыру орындарының саны 1960 жылы 152-ге жетеді, оның 117-сі қоғамдық тамақтандыру мекемелері, 33-асхана, 2-мейрамхана. Одан басқа 142 –дүкен, 15-тұрмыстық қызмет көрсету шеберханасы болған [55, 14 п.]. Осындай істердің атқарылғанына қарамастан бұл еңбекшілер мен қаланың сұранысын толық қамтамасыз ете алмады. Себебі коммуналдық мекемелер, әсіресе санитарлық тазалық конторасы, электрстанциясы, көгалдандыру мекемесі, аурухана тағы басқалары өте төмен деңгейде жұмыс жасаған. Қалада тұрмыстық қызмет көрсетудің материалдық-техникалық базасын жақсарту, тұрмыстық қызмет көрсету мекемелерінің жүйесін дамыту және халыққа қызмет көрсету мәдениетін көтеру шаралары кейінгі жылдарда жүргізілген.
Х бесжылдықта қаланың барлық қаржыландыру көздерінен тұрмыстық-коммунальдық шаруашылық пен мәдени-тұрмыстық құрылысқа 85 млн. сом қаржы бөлінген. Нәтижесінде қаланың тұрғын үй қоры 4 жылда 363 мың кв. метрге өскен. Бұл кезеңде қаланың тұрғын үй қорының 52% су құбырымен, канализациямен, орталықтан жылыту көзімен қамтылып, 54%-і газдандырылған.
ХІ бесжылдықта 313 млн. сом күрделі қаржы игеріліп, жалпы көлемі 455 мың шаршы метр тұрғын үй, 1176 оқушыға арналған мектеп, 2120 орындықты 11 бала бақша, перзентхана, облыстық аурухананың операциялық блогы, кинотеатр, вокзал салынған. Сондай-ақ ХІ бесжылдықта тұрмыстық қызмет көрсету көлемі Х бесжылдықпен салыстырғанда 1,5 есеге өскен және жоспардан тыс 400 мың сомға тұрмыстық қызмет көрсетілген. Тұрмыстық қызмет көрсету саласына 3,5 млн. сом қаржының бөлінуі нәтижесінде тұрмыстық қызмет көрсету мекемелерінің қатары 51-ге өсті [55, 9-10 пп.]. Дегенмен бұл кезеңдегі тұрмыстық қызмет көрсету саласындағы басты кемшіліктер қала тұрғындарының тұрғын үйлерін жөндеу мен салу ісінен, жөндеу қызметтерінен, әсіресе тұрмыстық техникалар мен радиоаппаратураларды, жиһаздарды жөндеу істерінен көрініс алды.
Халыққа тұрмыстық көрсетудің бір түрі – сауда саласы, дүкендер болып есептелетін болса, 1970-1980 жылдарда «Мелодия», «Трикотаж» сияқты өнеркәсіп тауарларының дүкендері мен «Колос», «Рахат», «Көктем» сияқты азық-түлік дүкендері жаңадан ашылған. Осы уақыт ішінде халыққа 762 млн сомның тауарлары сатылған, бұл жоспарланған мөлшерден 5,2 млн сомға артық болып шыққан. Бөлшек сауда айналымы ХІ бесжылдықта 1,4 есеге өскен. 1985 жылы жоспар 101,4%-ке орындалған. Сауда саласында өзіне өзі қызмет ету әдісі енгізіліп, бұл әдіс арқылы сауда сату үлесі 60%-ке жеткен. Осы жылдарда халық сұранысын қамтамасыз ету мақсатында қаланың 9 өнеркәсіп кәсіпорынында азық-түлік товарларына алдын ала сұраныс қабылдау столдары ашылған.
ХІ бесжылдық жылдарында коммуналдық шаруашылықты дамыту мен қаланы көркейтуге жергілікті кеңестер арқылы 15,5 млн қаржы аударылған. Бұл қаржы жаңа суқұбырының құрылысын іске қосуға, 360 орындықты қонақүй мен алты жер асты жолдарын салуға, 11 шақырымдық жылу жүйесін салуға мүмкіндік берді. ХІ бесжылдықта 92 км қатты жол мен 326 мың шаршы метр тротуар жөнделіп, жасалған. Күрделі жөндеуден кейін жалпы көлемі 28 мың шаршы метр 25 үй пайдалануға берілді. Әсіресе ағарту, білім беру саласындағы қызметкерлердің еңбек жағдайларына көңіл бөлу мәселесі де көтеріліп отырды. 1985 жылы қала мұғалімдері 34 пәтер алды. Сондай-ақ медициналық кадрларды тұрақтандыру үшін атқару комитеті дәрігерлерге 1985 жылы 19 пәтер мен жатақханадан 7 орын бөлген. Бюджеттің қаржыландыруы 1985 жылы -9,3 млн сом болса, 1986 жылы-11,2 млн сомға өсті [56, 6 п.].
Әлеуметтік-экономикалық міндеттерді шешуде ерекше роль алатын транспорт пен байланыс мәселесі. Х бесжылдықтың төрт жылында қаланың транспорт қызметінің дамуы үшін 20 млн. сом бөлініп, күн сайын қоғамдық транспорт арқылы 140 мың жолаушы тасымалданған. Ал ХІ бесжылдықта түнгі кезектегі жұмысшыларды тасымалдау үшін бұрынғы екі маршрутқа қосымша жаңадан үш маршрут ашылып, жұмысшылар мен қызметкерлерді тасымалдау үшін 36 арнайы маршрут қосылған.Жалпы қала бойынша 87 маршруттық бірлік жұмыс жасаған. Бұл кезеңде жолаушы тасымалында «мурманск әдісі» деген қолданылған, яғни «қарбалас» сағаттарында қалалық жолаушы тасымалына көмек ретінде ведомстволық автобустар шығарылып отырды. Ведомстволар мен автобасқарма автобустардың қозғалыс схемаларын жасап осы арқылы қаладағы жолаушы тасымалын едәуір жақсартқан.
Қызмет көрсетуде байланыстың барлық түрі де маңызды орын алатыны сөзсіз. 1980-жылдарда қала халқына 32 байланыс бөлімі қызмет көрсетіп, қалалықтарға күніне 85 мың дана газет пен журналдар, 10 мыңнан астам жеделхаттар мен хаттар тапсырылып отырды. Телефон-телеграф станциясының қызметі жақсартылды. 1985 жылы байланыс көлемі 100,3%-ке 1984 жылмен салыстырғанда еңбек өнімділігі 11%-ке орындалған. Тек 1983-1985 жылдардың ішінде 1700 жаңа нөмір орнатылған, оның 550-і –Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен мүгедектеріне берілді [47, 9 п.].
1985 жылы қалалық атқару комитетіне әлеуметтік-тұрмыстық мәселе бойынша қала еңбекшілерінен 10400 арыз түскен. Оның 3856 - тұрғын үй мәселесі, 24-коммуналдық, 12- транспорт, 55-байланыс, қалғандары әртүрлі мәселелер бойынша болған. Олардың 2172-і қанағаттандырылып, 2107-і түсіндіріліп, қалғандары кері қайтарылған. 1985 жылы 1 қаңтарына дейін кезекте тұрған 648 жанұяның 283-не пәтер берілген.
1970 жылдарға дейін әлеуметтік салада алға жылжушылық болғанмен, 1980- жылдардағы экономикалық дағдарыстан бұл сала да шет қалмады. Халықтың әл-ауқатын көтеру мәселесі мемлекеттің әлеуметтік саясатының ең басты мәселесінің бірі болса да, ол жүзеге аса қоймады. 1971-1985 жылдары ең аз еңбекақы мөлшері 50,7%-ке, яғни 123,7 сомнан 186,5 сомға, соның ішінде жұмысшылардың жалақысы 133,9-дан 210,5 сомға (57,2%-ке) көтерілген. Зейнеткерлердің орташа айлық зейнетақысы жасына қарай 52,1-ден 81,2-ге көтерілген. Бірақ бұл шаралар жағдайды түзей алмады, себебі 1985 жылы сомның құны 1960 жылғы құнынан төмен болды. Көптеген товарлар қымбаттады, әрі тапшы болып жетіспеді. Талондық жүйе енгізілді. Тұрғындардың бірнеше сағаттар бойы кезекке тұруы әдетке айналды.
Әрине мұндай жағдайлар тек қарапайым тұрғындардың ғана басынан өтті, ал партия-кеңес қызметкерлерінің арнаулы дүкендері, ауруханасы, ательесі, санаториялары мен саяжайлары, бақтары болды. Халыққа арналған дүкендерде сапасыз товарлар, іріктелініп қалған көкөністер мен жемістер, су қосылған сүт-айрандар сатылды. Сөйтіп саудада талан-тараждық, қоғамда енжарлық, қылмыс пен маскүнемдік орын алды.
Халықтың тұрмыс дәрежесін арттыруда медициналық қызмет көрсетуді жақсарту маңызды орын алды. Соғыстан кейінгі жылдарда денсаулық сақтау саласы қиын жағдайда болды. Арнаулы медициналық қызметкер мамандар жетіспеді.Мысалы, 1946 жылы қала халқын қамтамасыз ету үшін 107 дәрігер қажет болған, оның тек 47 ғана қамтамасыз етілген, 60 штаттық бірлік жетіспеген. Мұның өзі халыққа толық түрде дәрігерлік көмектің көрсетілмеуіне, аурулардың алдын алуға толық мүмкіндіктердің болмауына әкелді. Сондықтан жоғарыда аталған мекемелер толық түрде жұмыс жасау үшін республикалық басшылық органдардың қолдауы керек болды. Осыған орай Кеңестік кезеңде емдеу орындарының, стационарлық аурухана, амбулаториялық емхана, санаториялық-профилакториялық мекемелер жүйесі кеңейтіледі. Егер 1916 жылы қалада небары 12 дәрігер, 4 фельдшер болса, 1952 жылы қалада 375 кереуеттік 3 аурухана, 75 кереуеттік инфекциялық аурухана, 60 кереуеттік өкпе ауруларына қарсы диспансер, 100 кереуеттік 1 перзентхана, 40 кереуеттік 1 тері ауруларының диспансері жұмыс жасаған. 1954 жылы денсаулық сақтау жүйесінде 144 дәрігер, 341 орта білімді медициналық қызметкерлер жұмыс жасаса, 1967 жылы 410 дәрігер мен мыңнан астам орта білімді медицина қызметкерлері жұмыс жасаған. Дегенмен денсаулық сақтау саласында да едәуір кемшіліктер орын алған. Соның бірі жас мамандарды тұрғын үймен қамтамасыз етпеу. Бұл жас мамандардың тұрақтамауына, кетіп қалуына әкелді. Мысалы 1959 жылы жұмысқа қабылданған 25 дәрігердің 19-ы осындай себеппен кетіп қалған. Үкіметтің халыққа жасаған қамқорлығының бірі КОКП ОК мен КСРО Министрлер Кеңесінің 1960 жылғы 14 қаңтардағы №58 «КСРО тұрғындарының денсаулығын сақтау және оларға медициналық қызмет көрсетуді одан әрі жетілдіру шаралары туралы» қаулысы болды. Осыған орай денсаулық сақтау ісін қаржыландыр- ісін қалалық партия ұйымы өз тарапынан бақылауға алады. Егер 1966 жылы денсаулық сақтау ісіне 2 миллион 739 мың сом жұмсалса, 1967 жылы 2 млн. 921 мың 200 сом, яғни 182 мың сом артық жұмсалған. Бұл қаржыларға осы кезеңде қалада 100 кереуеттік инфекциялық аурухана, 100 кереуеттік 2-ші қалалық аурухана, 200 кереуеттік жүйке-неврологиялық аурулар ауруханасы салынып, балалар ауруханасы 50 кереуетке, облыстық аурухана -100 кереуетке кеңейтіледі [57].
Жалпы 1950-1970 жылдардағы қаладағы денсаулық сақтау ісінің даму деңгейін А6-қосымшадағы мәліметтерден көруге болады. Бұл мәліметтер денсаулық сақтау ісінің баяу да болса даму деңгейінің көтерілгенін көрсетті. Денсаулық сақтау қызметі біртіндеп санитарлық-профилактикалық бағыт алып, ауруларды анықтау, диагностика жасау үшін халықты диспансерлік тексеруден өткізу істері жүргізіледі және ол кейінгі жылдар да жалғасын табады. Бұл атқарылған істердің барлығы соғыстан кейінгі қырық жылдан астам уақыт ішінде қала өмірінің жаңабағытқа қарай өзгергенінің дәлелі болып табылады. Қала халқы жақсы өмір сүруге, өз тұрмысына игі жаңалықтарды енгізугеұмтылып отырды.
Сонымен соғыстан кейінгі уақыттан 1990 жылдарға дейінгі уақыттаға қала халқының әлеуметтік-тұрмыс жағдайындағы өзгерістерді былайша қорытуға болады.
1950 жылдардан басталған құрылыс индустриясының дамуы негізінде қала келбеті толықтай өзгерді. Қала құрылысының дамуының барысында қала территориясы ұлғайды, 1946-50 жылдарда қала келбетін берген жатаған үйлер қатарында және жаңадан әсем де биік ғимараттар мен көпқабатты үйлер бой көтерді, жаңа ықшам аудандар қалыптасты;
Коммуналдық шаруашылықтың жолға қойылуы, көгалдандыру, аббаттандыру жұмыстарының барысында қала қарапайым қалашықтан көрікті ірі орталыққа айналды;
Қала халқының тұрмыстық қамтылу жағдайы 1946-1950 жылдар мен 1970-1989 жылдарда төменгі көрсеткіште болып, халық көптеген мұқтаждықтарды бастан кешсе, 1950-1970 жылдар арасында тұрмыстық жағдайда бірқатар оң өзгерістер болды.
Достарыңызбен бөлісу: |